Тасбауыр

01.08.2026 48

ТАСБАУЫР

Жел ұлып тұр.

Оның ащы ысқырығы қара жердің өзін тіліп өтердей. Бұрын-соңды болмаған үскірік аяз адамның денесін ғана емес, жанын да мұздатып жіберетіндей еді. Күні бойы жауған жұмсақ қар түнгі суықтан тас болып қатып қалған. Қар үстімен жүрген адамның ізі де байқалмайды. Тек табан астынан шыққан сықыр-сықыр дыбыс қана тыныштықты бұзады.

Қаһарлы қыс қаланың шетіндегі кішкентай жазғы үйді де аямайтын. Бір бөлмелі ескі баспанаға суық қабырғалардан, саңылаулы есіктен, жұқа шатырдан ызғар кіріп тұрды. Үйдің ішінде төрт ағайынды бір-біріне тығылып, бүрісіп отыратын.

Олардың үлкені — Қарлығаш. Одан кейін арбаға таңылған Сағыныш, сегізінші сыныпта оқитын Асқар және үшінші сыныптағы кішкентай Айым бар.

Сағыныш бес жасқа дейін басқа балалар секілді асыр салып ойнап, аулада жүгіріп жүретін. Бір күні үй маңындағы қазылған орға тайып түсіп, аяғын қатты жарақаттап алды. Бірақ ата-анасы оны дер кезінде дәрігерге апармады. Жарақат асқынып, Сағыныш содан бері аяғынан тұра алмай қалды. Он екі жыл бойы оның бар әлемі ескі арба мен тар бөлменің айналасы еді.

Төрт жыл бұрын әкелері қайтыс болғаннан кейін аналары басқа адамға тұрмысқа шығып кетті. Балаларын тағдырдың қатал қолына тастап, артына қайрылмады.

Әкелерінің інісі мен жеңгесі Сағынышты қамқорлығына алғандай болған. Бірақ олардың ойы баланың жағдайын жасау емес, мүгедектігіне берілетін жәрдемақыны иелену еді. Бір жыл өтпей жатып Сағынышты үйден қуып шығарды. Туу туралы куәлігі мен банк картасын да бермей қойды.

Содан бері төрт баланың бар ауыртпалығын Қарлығаш көтеріп келе жатты.

Жасы жиырма бестен асса да, ол өзінің жеке өмірін ойламады. Тұрмыс құрып, бақыт іздеудің орнына бауырларына әрі ана, әрі әке болуға тырысты. Таңнан қара кешке дейін жұмыс іздеп, табылған жұмыстың ешқайсысынан бас тартпайтын.

Ал үйде қалған балалар суықтан жиі ауыратын. Қараңғы бөлменің тыныштығын олардың булығып жөтелген дауыстары ғана бұзатын.

Жазғы үйдің иесі анда-санда келіп, пәтерақысын талап ететін. Алғашында күн сайын дерлік есікті қағып, дауыс көтеретін. Кейін балалардың жағдайын көріп, біраз уақыт келмей кеткен еді.

Бұл отбасы Астана қаласына осыдан он жыл бұрын ата-аналарымен бірге көшіп келген болатын. Ол кезде бәрі басқаша еді. Әкелері құрылыста жұмыс істеп, тапқанын балаларының аузына тосатын. Өзі шаршап келсе де, балаларына күлімдеп:

— Сендер аман болсаңдар, менің бар байлығым сол, — дейтін.

Қарлығаш колледжде ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алып жүрген. Жақсы оқыды, үлкен армандары болды. Бірақ әкесінің басына түскен қайғы оның оқуын аяқтауына мүмкіндік бермеді.

Бір күні әкелері көпқабатты үйдің құрылысында жұмыс істеп жүргенде, сақтандыру жібі үзіліп кетті. Ол ауыр жарақат алып, бес ай бойы ауруханада жатты. Балалары күн сайын әкесінің сауығып кетуін тілеп, терезеден жол күтетін.

Алайда әкелері үйге қайта оралмады.

Оның қазасы бүкіл отбасының шаңырағын ортасына түсірді.

Әкесінің жылын бермей жатып аналары басқа адамға тұрмысқа шықты. Мүмкін, ол ауыр тұрмыстан қашқысы келген болар. Мүмкін, өзінің жаңа өмірін бастауды қалаған шығар. Бірақ артында қалған төрт баланың тағдыры туралы ойлаған жоқ.

Қарлығаш оқуын тастап, жұмысқа шықты. Мекемелердің еденін жуды, асханада ыдыс тазалады, базарда жүк жинады. Бір күн аш, бір күн тоқ өмір сүрді. Кейде үйге бір үзім нан әкеле алмай қалған күндері де болды.

Балаларды жетімдер үйіне алып кетуге бірнеше рет адамдар келген.

— Бауырларымды ешкімге бермеймін! Өзім асыраймын! — деп Қарлығаш табалдырықты көлденең жатып алатын.

Ол бауырларынан айырылса, өмірінің мәнінен де айырылатындай сезінетін.

Қайырымды көршілерінің арасында анда-санда ыстық тамақ әкелетіндері бар еді. Бірақ көпшілігі өз тіршілігінен аса алмайтын.

Бір күні таңертең Қарлығаш балалардың тоңып отырғанын көріп, қолындағы соңғы екі мың теңгесін алып, көмір іздеуге шықты.

Көмір сататын жерде базардағыдай айқай-шу.

— Шұбаркөл көмірі!

— Екібастұздың көмірі!

— Сапалы көмір алыңыздар!

Қарлығаш сатушылардың біріне жақындады.

— Ағай, көмірдің бағасы қанша?

— Бір тоннасы жиырма екі мың теңге. Қаппен алсаң, үш мың теңге.

— Бір қап көмір үш мың теңге ме? Менің қолымда екі-ақ мың бар еді...

Сатушы иығын қиқаң еткізді.

— Ақшаң жетпесе, алмай-ақ қой. Бәрінің бағасы осы.

Қарлығаш үнсіз қалды. Балалардың көгерген еріндері мен бүрісіп отырған кейпі көз алдына келді.

— Ағай, өтінемін. Екі мың теңгеге бере салыңызшы. Үйде үш бала тоңып отыр.

Сатушы алғашында қабағын түйді. Бірақ қыздың жанарындағы шарасыздықты көргенде, күрсініп:

— Жарайды. Мынаны ала ғой, — деп жарты қаптай көмір өлшеп берді.

Қарлығаш көмірді арқалап, жаяу үйге қарай беттеді. Аяз бет қарып, қолын жансыздандырып барады. Біраз жүрген соң саябақ жанындағы орындыққа отырып, демалмақ болды.

Сол сәтте алдынан ерлі-зайыпты адамдар мен кішкентай бала өтіп бара жатты.

Қарлығаш әйелге ұзақ қарады.

Жүрегі атша тулады.

Ол — өзінің анасы еді.

— Анашым! — деп Қарлығаш орнынан атып тұрды.

Әйел тоқтағандай болды. Бірақ бұрылмады.

Қарлығаш көмір қабын жерге тастап, жүгіріп барып анасының қолынан ұстады.

— Анашым, біз сізді сағындық. Айым күнде сізді сұрайды. Сағыныш ауырып жүр. Үйіміз суық. Бізге қайтыңызшы...

Әйел қолын тез тартып алды.

— Мені жібер.

— Анашым, біз сіздің балаларыңызбыз ғой...

Әйелдің қасындағы ер адам таңғалып:

— Бұл сенің үлкен қызың Қарлығаш емес пе? Неге сөйлеспейсің? — деді.

Әйелдің жүзі суып кетті.

— Менің ондай балам жоқ. Мен өткен өмірмен өмір сүргім келмейді.

Бұл сөз Қарлығаштың жүрегіне мұздай қадалды.

— Анашым, жануардың өзі баласын тастамайды ғой! Біз сізден байлық сұрамаймыз. Бір рет басымыздан сипасаңыз да жетер еді...

Бірақ анасы артына қарамастан кетіп қалды. Қарлығаш оның соңынан ұзақ қарап тұрды. Көзінен аққан жасы бетіне жетпей қатып қалғандай еді.

Ол көмір қабын қайта көтеріп, үйге қарай жүрді.

Сол күні суық үйге Айман тәте келді.

Айман тәте көрші тұратын мейірімді әйел еді. Жолдасы он бес күндік вахтаға кеткенде, балаларға ыстық тамақ пісіріп әкелетін. Өзінің екі баласы болса да, бұл жетімдерді олардан кем көрмейтін.

Айманның өзі де жастай жетім қалған. Бірақ оны бағып-қағып өсірген ата-әжесінен мол мейірім көрген еді. Сондықтан ол жетімдіктің қандай ауыр екенін жақсы түсінетін.

Өкінішке қарай, Айманның күйеуі оның балаларға көмектескенін жақтырмайтын.

— Өз балаларыңа қара! Жұрттың баласын аяй берме! — деп ұрсатын.

Кейде ашуға беріліп, қол көтеретін кездері де бар еді. Сондықтан Айман балаларға күйеуі жоқ кезде ғана жасырын келетін.

Ол есіктен кіргенде, жыртық көрпеге оранып, бір-біріне тығылып отырған балаларды көрді.

— Құлыным-ау, мына суық үйде қалай отырсыңдар? Әпкелерің қайда?

— Қарлығаш әпке көмір әкелуге кетті, — деді Асқар дірілдеген дауыспен.

— Екі күннен бері нан ғана жедік, — деді Айым ақырын.

Айманның көзіне жас келді. Ол әкелген ыстық сорпасын ыдыстарға құйып жатқанда, есік ашылып, үсті-басы қырау болып Қарлығаш кірді.

— Алақай! Көмір келді! Енді жылынамыз! — деп Айым қуана айқайлады.

Қарлығаш Айманды көріп, көңілі босап кетті.

— Айман тәте, келгеніңіз қандай жақсы болды. Үйде ішетін тамақ та, ішетін шай да қалмаған еді. Сіз бізге жебеуші періштедей көмектесіп жүрсіз. Мұндай жақсылықты туған анамыз да жасамады...

Айман оның бетінен сипады.

— Қой, қарағым. Адамдар бір-біріне көмектеспесе, адам болып неге жаралған? Бұл — сендерге келген сынақ. Бірақ әр сынақтың артында бір жақсылық болады.

Ол сәл ойланып:

— Көмірді әзірге жақпаңдар. Жолдасым вахтаға кетті. Он бес күн біздің үйде тұра тұрыңдар. Жылы жерде демаласыңдар. Балалар сабақтан қалмайды.

Төртеуі Айманның үйіне көшіп барды.

Жылы үйдің ауасы да бөлек еді. Сағыныштың өңі кіріп, Асқар мен Айымның жөтелі басыла бастады. Балалар сабақтарына тұрақты барып жүрді.

Қарлығаш та жаңа жұмыс тапты.

Бір мектепке компьютерді жақсы білетін хатшы керек екен. Қарлығаш компьютерді еркін меңгергендіктен, жұмысқа қабылданды. Ол бұл қызметтен үміт күтті. «Еңбектенсем, бір күні жағдайымыз түзелер» деп сенді.

Бірақ мектеп директоры Бақытжан ханым Қарлығашты алғашқы күннен-ақ жақтырмады. Қыздың қолжазуы аса көркем емес еді. Директор соны сылтау етіп, күн сайын кемсітетін.

— Мынаның не жазу? Қиқы-жиқы! Интернеттен құжат шығарып бергеніңе мәз болма. Үйіңде отырсаңшы! — деп ұрысатын.

Қарлығаш бұл сөздердің бәріне үндемей шыдады. Ол өзін емес, үйдегі бауырларын ойлайтын.

Екінші айдың ортасында директор басқа хатшы алды. Қарлығашты тәрбиешінің көмекшісі қызметіне ауыстырды.

Қарлығаш оған да келісті.

Түнде тағы бір мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейтін болды. Таңертең мектепке барады, кешке еден жуады. Үйге кейде түн ортасында ғана келетін.

Қыс болса қаһарын төгіп, бітпейтіндей созыла берді.

Бірақ балалардың жағдайы біртіндеп жақсарып келе жатқан еді. Жазғы үйдің іші бұрынғыдай суық емес. Үйде аз да болса көмір бар. Асқар мен Айым сабақтан қалмайды. Сағыныштың да көңілі көтерілген.

Сол кеште Қарлығаш екі жұмысынан шыға алмай, үйге кешігетінін айтқан еді. Балалар төсектерін салып, ұйықтауға дайындалып жатқан.

Кенет есік қатты тарсылдады.

— Бұл кім? — деді Асқар үрейленіп.

— Үйдің иесімін! Есікті ашыңдар! — деген дөрекі дауыс естілді.

Асқар есікті ашқанда, үй иесі ашулы кейіппен кіріп келді.

— Өткен ай мен осы айдың ақшасы қайда? Неге төлемейсіңдер?

— Қарлығаш әпкеміз жұмыста. Келген соң сөйлесіңізші, — деді Асқар.

— Маған әпкелеріңнің керегі жоқ! Ақша керек!

Сағыныш төсекте жатқан еді. Ол қолымен сүйретіліп, арбасына жетті. Қалтасынан Қарлығаш бірнеше күн бұрын дәрі-дәрмекке деп қалдырған жиырма мың теңгені шығарды.

— Ағай, қолымызда осы ақша ғана бар. Ала тұрыңызшы. Қалғанын әпкеміз жалақы алғанда береді.

Үй иесі ақшаны жұлып алып, қалтасына салды.

— Осы ақшамен мені алдамақсыңдар ма? Жиналыңдар! Бүгіннен бастап бұл үйде тұрмайсыңдар!

— Ағай, дала аяз ғой. Әпкеміз келгенше отыра тұрайықшы, — деді Айым жылап.

— Маған бәрібір! Тез шығыңдар!

Ол балалардың жұқа сырт киімдерін есік алдына лақтырып, үшеуін сыртқа қуып шықты.

Балалардың барар жері болмады.

Қарлығаш жұмыста. Оларға хабарласатын телефон да жоқ. Айман тәте отбасымен ауылдағы туыстарына кеткен еді.

Түн қараңғы. Аяз сүйектен өтеді.

Асқар Сағыныштың арбасын итеріп, көршілердің есігін қақты.

— Апай, таң атқанша кіргізе тұрыңызшы...

— Біз де жалдамалы пәтерде тұрамыз. Үй иесі білсе, өзімізді қуып шығады, — деп бір көрші есігін жапты.

Екінші үйдің жарығы жанып тұрса да, ешкім есік ашпады.

Үшінші көрші перденің арасынан сығалап қарап, шамын өшіріп тастады.

Балалар үйдің қабырғасына ықтап, бір-біріне тығылды. Асқар сырт киімін шешіп, Сағыныштың үстіне жапты. Айымды құшағына алды.

— Қорықпа, Айым. Қарлығаш әпкеміз келеді, — деді ол.

— Әпкеміз бізді таба ма? — деді Айымның даусы дірілдеп.

— Таба­ды. Ол бізді ешқашан тастамайды.

Сағыныш аспанға қарады. Қара көктің арасында бір жұлдыз жылтырап тұр еді.

— Әкеміз де бізді көріп тұрған шығар, — деді ол ақырын.

Үшеуі бір-бірін құшақтап, таңның атуын күтті.

Қарлығаш жұмыстан шыққанда түн ортасы ауып кеткен еді. Үйіне қарай жүгіре басып келе жатқанда, алыстан есіктің ашық тұрғанын көрді.

Жүрегі су ете қалды.

— Асқар! Айым! Сағыныш! — деп айқайлады ол.

Үй іші бос.

Көршілердің есігін қағып, балаларды сұрады. Ешкім дұрыстап жауап бермеді.

Тек бір қария әйел:

— Үй иесі оларды кешке қуып шыққан сияқты, — деді.

Қарлығаш көше бойымен жүгірді. Қараңғылықты жарып, бауырларының атын қайта-қайта шақырды.

Ақыры үйдің тасасында бір-біріне тығылып отырған балаларды көрді.

— Бауырларым! — деп Қарлығаш олардың жанына құлады.

Балалар әлсіреп қалған еді. Бірақ дем алып жатыр.

Қарлығаш айғайлап көмек сұрады. Бұл жолы оның жан даусын естіген бірнеше адам үйлерінен шықты. Бірі жедел жәрдем шақырды, бірі жылы көрпе әкелді, енді бірі балаларды үйіне кіргізді.

Ауруханада дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалды.

Бұл оқиға қала тұрғындарын дүр сілкіндірді. Үй иесінің балаларды аязды түнде далаға қуып шыққаны анықталды. Сағыныштың құжаттары мен жәрдемақысын иемденіп отырған туыстары да жауапқа тартылды.

Айман тәте ауылдан қайтып келген соң, балаларды жалғыз қалдырмауға шешім қабылдады. Қарлығашқа құжаттарын қалпына келтіруге көмектесті. Қайырымды жандар бірігіп, отбасына жылы пәтер жалдап берді. Мектеп ұстаздары балаларға киім мен оқу құралдарын жинады.

Қарлығаш та жұмысын жалғастырып, кешкі бөлімде оқуын қайта бастады.

Бірнеше жылдан кейін ол ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атанды. Асқар оқуын жақсы бітіріп, заңгер болуға талпынды. Айым дәрігер болуды армандады. Ал Сағыныш мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымға жұмысқа орналасты.

Бір күні олар жаңа үйлерінің терезесінен сыртқа қарап отырды. Далада тағы да қар жауып тұр еді.

Бірақ бұл жолы үй іші жылы болатын.

Айым әпкесінің иығына басын қойып:

— Әпке, сол түні бізді сенің даусың құтқарды, — деді.

Қарлығаш бауырларына қарап жымиды.

— Жоқ, сендерді бір-біріңе деген мейірімдерің құтқарды. Адамның жүрегі тасқа айналмаса, дүниенің ешбір аязы оны жеңе алмайды.

Терезенің ар жағында қар баяу жауып тұрды.

Қыстың аязы қатты еді.

Бірақ төрт бауырдың жүрегіндегі жылулық одан да күшті болатын.

 

Leave a comment: