Blogs
Тіршілігі ескіше үй
Келес өзенінің теріскей бойындағы ауылда Құлназар деген мал делдалы бар. Өзі де, әйелі Зүбайра да өңдері қараторыдан келген, ескіше киініп жүретін жандар. Жастары әлі елуге жетпесе де жетпісінші жылдардың кемпір-шалдарынша киінеді. Құлназар жазда ауыл арасында ақ көйлек-ақ дамбалмен, кебіспен жүре береді. Ал күн суықта бұтына мақталы шибарқыт шалбар, үстіне мақталы нымша мен шекпен киеді, аяғына мәсі тартады. Ал басында кейде сәлде, ал кейде қолдан тігілген олпы-солпы бөрік болады. Зүбайра да сондай. Ол жап-жас болғанымен жазда етегі жер сызған кең көйлекпен жүреді. Аяғында кебіс, басында орамал.
Олардың тұрмыстары да ескіше. Бір дәліз бен екі бөлмеден тұратын жайдақ тамдары гуәладан (қалыпқа салынған кесек емес, пақса да емес, табақтай-табақтай етіп жай домбаздалған лай) салынған. Оның іші сыланғанымен, сырты гуәла күйінде қалдырылған. Іргетас болса да жоқ, қабырғасы жермен қосылып жатыр. Жайдақ там деген осы: төбесі тегіс етіліп лаймен сыланады. Көктемде төбесіне шөп пен жабайы қызғалдық өсіп, жазда сарғайып қурап жатады. Әйтеуір үйдің сыртқы есігі және екі бөлмесінен шығатын кітаптай-кітаптай кішкене терезелері бар. Үйдің едені кәдімгі жер. Оны кейде лайын айғыздата жуып қояды. Үйдің ішкі қабырғасы сыланған, бірақ әктелейді. Мұнда әк, сыр дегеннің жұрнағы да көрінбейді. Қызыл-жасыл түсті тек қана сіріңкенің сыртындағы суреттен немесе киіздің бетінен, «залдың» төргі қабырғасына тұтылған тықыр алашадан көруіңіз мүмкін. Ал төбеңізден теректің бөренесі мен қамыстың салбыраған қабықтары көрініп тұрады. Бірақ осы үйдің іші жазда салқын, қыста жылы болады. Кіре берістегі пеште қойдың қиы маздап жанып жатады. Жанған қидың жанына тікесінен сүйеп пәтір нан жабады.
Ауласында ағаштар өседі, қорасында он-он бес қой мен бір сиыр тұрады. Көкөнісі пен бау-бақшасы жақсы бапталған. Ауласына үш тарам таптаурын жол түскен. Осының бәрі сырттан кірген бөгде адам үшін аса қызық. Ол үйде газ, жарық деген болмайды. Керосин шырақ жағып отырады, теледидар көрмейді, токплита қолданбайды. Тамақты ошаққа дайындайды, ал шайды самауырынға қайнатады. Айтпақшы үйдің ішінде жиһаз бар. Бірақ олар бұрнағы ғасырдан келе жатқан көне бұйымдар. Ағаштан жасалған жүкаяқ, кебеже және адам бойындай оюлы қоңырқай шкаф ежелгі ұсталардың қолынан шыққан..
Үйде оқитын нәрседен жалғыз «Рүстем-дастан» кітабы ғана жатады. Құлназар соны әр жерінен ежіктеп әйеліне оқып беріп отырады екен. Соның әсері мол болса керек, Зүбайра кейде үй тіршілігінің үстінде дастанның ішіндегі Зал деген кейіпкердің атын атап, басын шайқап отырады.
Бір жақсысы, Зүбайраның тігіншілік өнері бар. Үй шаруасынан босаған сәттерінде арасына мақта салып нымша, шибарқыт шалбар тігеді. Кейде әйелдердің көйлегі мен көрпешенің тысын тігіп отырғаны. Зүбайраның тіккен бұйымдарын көрші-қолаңдары алып пайдаланады. Бірақ олар ұсынған ақшаны бұл алмайды екен. Содан кейін көршілері оған қант-шай, набат, көйлектік мата, әйелдерге керекті тағы басқа нәрселерді сыйға тартуды әдетке айналдырған.
Адамдар Айт мейрамында ғана бас сұғады
Құлназардың үйінде қақпа болмайды, көше жақ ашық тұрады. Соған қарамай бұл үйге былайғы уақытта ешкім бас сұқпайды. Бірер алыстағы ағайын мен көрші-қолаңдар, өзі сияқты делдалдар тек Айт күндері ғана кіріп келеді. Ал ауылдың майда балалары бұл үйден алыс жүреді. Олар мұнда жалмауыз кемпір тұрады деп қорыққандарынан алысырақтан айналып өтеді екен.
Құлназардың әйелі Зүбайра Айттың құрметіне барын сала дайындық жасайды. Ол көне тағамдардың неше алуан түрлерін жасай біледі екен. Айттық жеуге үйіне барғандар аузының суы құрып:
– Ойпырм-мой, күнжітінің дәмдісін-ай! Ойпырм-мой, жұқпасы қандай жұмсақ! Ойпырм-мой, құрт-майы бал тадиды-ау! Қарынға салып булаған пөстірмесінің шірінін-ай! – деп тамсанып отырады.
Құлназар мен Зүбайра ауыл-аймаққа айттап шыққанда міндетті түрде әр үйге арнап буылған жеміс-жидек пен жүзім ала жүреді. Оның бәрі өз бақшасынан. Бір айтарлығы, олар Айттың соңғы күнінде алысыраққа жол жүріп кетеді. Құлназар кейде делдал ретінде малының саудасына қиянаты тиіп кеткен жандарды Айт күні ескеріп, сый-сияпат жасайды деседі. Ондай үйлерге міндетті түрде үш кілә еттен таратып шығады.
Таңғы базарда өзіне ұнаған малды егесіне жамандап, құнын жерге ұрып, өте арзанға алып қалатын. Оны өзінің өзге клиенттеріне екі есе бағасына сатып жібереді. Осыны ешкім байқай да бермейді. Малын арзанға алып қойған адамдарды Айт күні тауып алып, үйіне айттайды. Содан өзінің бойы жеңілдеп, күнәдан құтылдым деп есептесе керек. Айт өткесін сол кәсібін қайтадан жалғастырып жүре береді.
Қуыршаққа оқылған дұғаның күші
Базардағы мал иелері Құлназарға тез көндігіп, не айтса соны мақұл көреді. Себебі таң атысымен оны базарға әйелі үшкіріп шығарып салады. Зүбайра күнібұрын оншақты куыршақ жасайды. Соның біреуін қызыл тілін аузынан шығара тігеді. Қалғандарының тілі болмайды, оларды көздерін бақырайтып шығарады. Ол мүйізін шошайтып екі қара малдың қуыршағын да тігеді. Соларды оқып, үп-сүптеп Құлназардың қойны-қонышына салып береді.
Қызыл тілі салақтаған қуыршақ Құлназардың өзі. Базардағы мал саудасында оның айтқаны – айтқан, дегені – деген. Қалған бақырайған қуыршақтар малын сатуға келген жай адамдар. Ал екі қара мал – пайда: әйелінің күйеуіне «Бір малың екеу болып кел» деп дұға еткенінің көрінісі.
Зүбайраның дұғасы күшті болса керек, делдал күйеуі Құлназардың қолы жүреді. Әр малдың егесін оңай көндіріп, одан да, малды сатып алушыдан да өзіне жақсы үлес алып қалады. Таңғы саудада бір-екі жақсы малды тым арзанға алып қойып, елдің көзін ала бере екі есе бағасына асырып жібереді. Не керек дұғаның арқасында базар тарқағанша екі қалтасы кірес-кірес ақшаға толады. Мал базары аптасына екі күн істейтін болса, сол күндер Құлназар үшін малтабар күндер. Ал базардың алдындағы екі түн Зүбайра үшін малтабар түндер. Себебі ол түнімен әр қуыршақты жасап, оларға таң атқанша дұға оқып шығады.
Құлназар көне заманның адамдарынша өмір сүргенімен, оның ақшасы көп. Бірақ ол тапқан ақшасын Самарқан жақта тұратын бір қарымен бөліседі деп естиміз. Ол қары Зүбайраның бата берген ұстазы көрінеді. Соған жібергеннен қалған ақшаны өзге ауданда ауыл имамы болып қызмет атқаратын ұлына береді екен.