Blogs
Үміт
(Әңгіме-ертегі)
Кең даланы бетке өрлей бір бозбала келе жатыр. Жалғыз емес, жанында жолдастары бар. Жолдастары – серкелері. Мұның сылаң қағып, селтеңдеген серкелердің серігіне айналғанына табаны жалпақ жеті жылдың жүзі болды.
Қимылы аз, қиялы көп қыр тұрмысынан құтылар күн бар ма екен? Құрып кеткір күйбің тіршілік, тепкілей -тепкілей тірідей өлтірдің ғой мен бейбақты. Тұқырта-тұқырта тозақтың тұмшаланған торыңа түсірдің бе ақыры. Дегеніңе жетіп, қуанышың қойныңа сыймай жатқан болар, албасты... Жүрегім, мына менің жараланған жүрегімнің жылап жатқанын, сен безбүйрек, білемісің?! Өй, бәлекет, сен мені тыңдап тұрсың ба өзі?! – шекесіне бағзы шибарқыт бөрікті бастырған, бұтқа шұрық-шұрық бықсыған бөз шалбарды жабыстырған жалшы жігіт өрісте өріп жүрген жолдастарына жекіп жіберді.
Әй, осы менің бар ғой, есім кіресілі-шығысылы шығар-ау деймін, ә? Қалай деп ойлайсың, қалқанқұлақ?! – деп айғай салды Тазша тастан-тасқа секіріп, сеңделген серкемен сырласқысы келгендей. Ал сақалы сапсыйған бұл бұйра басты серкенің жалшының жүрекжарды жолдауларында жұмысы жоқ, Керек десеңіз, тіптен, пысқырып та қарамайды.
Кешкі құрым. Күнделікті әдетінше серкелерін санап жатып, екеуінің жетіспейтінін аңғарған жалшы жігіт құйын құсап ана жақта бір, мына жақта бір аптыға алас ұрды. Кенет жақын маңайдан әлдебіреудің дауысын естіді:
Аууу, барсыңдар ма? Қардай борап жатқан бұл неғылған серкелер...
Қойларым қайда? Ол менің қойларым, менікі! – деді жалма-жан жүгіріп жеткен жалшы.
Е, мына әбден тойынған тоңмойыңдар сенікі ме еді?!
Қайтар, дереу қайтар!
Қояр шартым бар.
Шарт дейді? Сен – сорлы, өзіңнің зыңданда жатқан мүсәпір күйіңе қарамастан маған талап қоймақпысың? Өзің бір жүрген ынсапсыз екенсің, атын өшкір алаяқ неме?! – Кейқуат құдыққа қаршығадай түйіле түсті. Табиғатынан қисық сөзді суқаны сүймейтін Алпамысқа Тазшаның мына шалыс сөздері шоқтай тиді:
Әй, әумесер, сен өзі қалай-қалай сөйлейсің, Анау тоңмойын текелеріңнен асқан тырық екеніңе қарамастан, мені қайтіп кемсітпексің?! Бос сөзді қой да, маған қол ұшын беретін бол! Күн сайын серкелеріңді маған азық ет. Ал мен кезі келгенде, сені мақсатыңа жеткізермін.
Тәйірі, ойың қара пәленің. Армандапсың... Оттай бермей, тыныш қана өлем қат! – деді де, жанында жатқан зілдей жуан қара тасты құдыққа қойып қалды.
Кенет жүйіткіген қара тас жанартаудан атқылаған лава сықылды сыртқа шығып, ағып келіп Кейқуаттың қасына құлады. Тазша төбесінен жай түскендей көгеріп кетті. Қара жердей боп түтігіп, ықылық атты. Содан екеуі бүгіндікке жөн сұрасып, білісіп, бір-біріне көмектьеспекке сөз берісіп, тарқасты. Тазша бала уәделескендей жау қолында жатқан жаңа жолдасына жалмауыз кемпірдің қарамағындағы қырық қыздың серкелерінен азыққа күндегісін күнде әкеп тұрды. Уақыт жылжыпжатты, серкелер таусыла түсті. Бірде Алпамысқа салымы суға кеткен Кейқуат келді. Жолдасына азық етер түк қалмағанын айтып, қайтпек керек екенін білмекке бекінді:
Кіндік қаным тамған жерден жыраққа кетіп, жау қолына түсіп, жапанда жалғыз қалғандай күй кешкен мына менің жабырқаған шағымда көмек қолын созған сенімді серігім, жан-жолдасым – Кейқуат! Маған сенің езілген еңсеңді көргенде ет-жүрегім езіледі... Тәйірі, қара уайымға салынудың ешқандай да қажеті жоқ! Менде жаңа жоспар бар, соны жүзеге асырсақ біз бағындырмайтын белес, ала алмайтын асу қалмайды. Айтпақшы, Кейқуат, еліңде сені қалай атайды деп едің?
Оданда қалай атамайды десеңші!
Қиқу бала, Қияли бала, Таз бала, Жал бала... Ал неге Бал бала демейді екен?
Е, енді мазақ қыла бастадың ба?
Жоға, оның не?! Дегенмен, қызық екен... – деп Алпамыс жерге жата-жастанып, шілекшесі қатқанша қарқ-қарқ күлді.
Күлгені күн күркіргенмен теңгерілген, қаһарланғаны көктен қан жауғанмен теңескен Алпамыс батыр! Мен сен сықылды текті, ауқатты атаның баласы емеспін. Ауылымда менің азан шақырып қойған есімімді түзу айтатын жан жоқ. Ауызға келгендерін айтады, қарсылық қыла алмаймын. Өйткені, мен ешкім емеспін. Оған салса, жалаң аяқ, жалаң бұт, көңілі жетім, тегі жетім, нақ тұл жетімнің өзімін! Жеті жыл бұрын мені асырап алған ұстазым о дүниелік болып, адам атаулыға қажетсіз болып қалдым. Көше қаңғып кеткен кезімде қара суын ұсынар тірі жан табылмағанын білемісің?!
Аққа Құдай жақ демеуші ме еді, Кейқуат? Мейірбандылыққа деген құлшынысын мұқалмасын... Арманыңа адал болсаң, бәрі болады дейді ғой.
Менде қайдағы арман дейсің... Жұбатқан түрін қарашы мынының?
Бола берсің, қайткенде де, күреспей, беріле салғанша, әзірге кер үміттің кемесіне жармасып жүре тұрғанын әлдеқайда тәуір емес пе? Ендігәрә ескінің аузын тырнай бермеші, Кейқуат! Құрсын, жұбатам деп отырып жылатып қоймайыншы. Т-у-у, қолымнан қолпаштау да келмейді екен, ә?.. Жә, жоспардың жайына көшенлік. Айтпақшы, мен мынау он жеті қоңыраулы серкелердің мүйізі мен қабырға сүйегінен саз сырнай істеп қойдым. Оны сылаңдаған сарай қыздарының келер жолына барып тартарсың. Олар келіп сырнайға көз тігер, кім қылды дер, сонда хан қызынан басқаға сыр алдырмағын.
Бейуақ... Қызыл іңір жайлаған беймаза шақ. Жетімек бұлттар жер ауып, беймәлім жаққа көшіп жатыр. Жай-жапсарды жөнге салысымен Жалшы баламенен берен батыр екеуі еріксіз қоштасты. Ертесіне бәрі Алпамыс батыр айтқандай болды. Бірақ, көкірегін кеңінен керген Кейқуат ешкімге ештене демеді, қасындағы көбелектей шыр айнала шошаңдаған, қылмың қаққан қырық қызға тіптен атымен тіл қатпады. Кенет арқасы күнге күймеген, табаны жерге тимеген кер маралдай керіліп, танадай көзі күлімдеп Қаракөзайым келді. Жалшы жігіттің аузы ашылып, аңтарылды да қалды. Қарашығы қарауытып, қыздың назды үніне елігіп, бір бөлекше шыр-пыр күйге енді. Ішінде дауылды боран басталып кетті... Қылықты қыздың қолқасына қас-қағымда қайтіп көнбестік қылғанын өзі де аңдамады.
Жөл-жөнекей Қаракөзайыммен екеу ара сөз алыспады. Жалшы жігіт биязылығымен қатар байсалдылығы басым керім қыздан көз алмады:
Қара түнмен таласқа түскен қап-қара найзадай кірпіктері қандай қайратты, құлпынай шырынындай балбыраған балғын еріндерін айтсаңшы?! Құмырадай қиылған қыпша белі дәлме-дәл қазір үзіліп кетердей. Омырауға құлаған жылқы жалындай сүмбіл шаштары желмен жарысып жатқандай. Ал жарты ай қалпындағы қиылған қабақтары қиял қуып кеткендей ме қалай?
Аяқ асты Тазшаның көздері қарғаның тұяғындай қошқыл тартқан күс-күс қолдарына түсіп кетті. Өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі-құсқы көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқы қалың күртеше. Мұның өзі бай баласынан қалған-құтқан қалдық қой. Іліп киер киімі жоқ бишараның бозғылт күпәйкесі жырым-жырым, бет-аузының айналасы қырық тілінген жарық-жарық. Кейқуат солғын тартып, түсі темірдей суып сала берді:
Аспандағы айды алмақ – ақымақтың ісі. Мен кіммін, ол кім? Есіңді жи, есалаң! – деп өзін іштей сыбап алды.
Ақыры діттеген жерге де жетті. Ханның қызы аузы сыбызғыдай тар қазулы орға сәбиін алғаш көрген анадай ынтығып, ентелей жүгірді:
Сайыпқыраным, сізді көруден әбден үмітімді үзген болатынмын... Есен екенсіз ғой, қалың Қоңырат еліне бек болған хас батырым! Білем сіз, шапса қылыш кеспейтін, атса мылтық өтпейтін сайдауыл сабазым, өзіңізді бір көрмекке ынтызар болып өлермен күйде қыз ғұмырым өткенін.
Қалқа бала, олай демегің. Жап-жас уыздай үлбіреген қыздың бүйтіп үмітсіздікке бой алдырғаны әбестік болар. Бастысы, бүгін біз бірге емеспіз бе? – деді жүзі жарқырап сала берген Алпамыс.
Жаны жайсаң жылқы жолдасымен толықтай толықтай келісетінін білдірмекке басын изеп ишарат жасады. Мұны тамашалап тұрған Кейқуат пен Қаракөзайым еріксіз езу тартты. Бір-біріне елден ерек бауыр басқан бұл үш жан және бір жомарт жылқы ауқаттанып алмаққа жалшы жігіттің лашығына жол тартты.
Күңіренген қу дала. Шөлдеп шалдыққан бауырын жерге басқан азалы аспан. Бір топ бұлт болса, адасқан керуендей беймаза күйде жылжып келеді. Бүгін хан ордасы жер-дүниені басына көтеріп думандатып жатыр. Таңсәріде қалмақ халқының тұтқасы болған Тайшық айтарлықтай жағымды, таң-тамаша түс көріпті. Содан жұртын жиып, бір жақсылап көңіл көтермекке бел байлапты. Мінекей, дәл қазір ханнын ақ шаңырағында шат-шадыман күйде той дүркіреп өтуде. Патша тағының сол жағында тікірейген тікенектей болып тапжылмастан Бабыр деген сарай ақыны қақиып тұр. Қолдарын біресе анда, біресе мында сермеп, әлдеқандай мадақтама жырды бірінен соң бірін жатқа тақылдатып, қонақтардың құлақ етін жеп қойды. Жиылған жұрттың құтын қашырып, есін алды. Доғар десе де болмай ара-арасындаыұшқынып, ыңқылдап қойып, дес берместен болар-болмас бірдеңелерді бажылдатып жатыр әйтеуір. Тақтың оң жағынан орын тепкен бас уәзір Бабырдың дарақылығын құп көрмей, ала көздерімен атып, жаратпай отыр. Оны елей қоятын Бабыр ақынның сиқы байқалмады. Уәзір ұшып тұрып, жалма-жан жасыл желекті шапанын желбіретіп жыршынын жанына жетіп барды.
Әй, сен сұңқылдай бермей, бір мезгіл деміңді бассайшы. Менің де аса қадірменді ханыма айтар біраз лебізім, дұғай-дұғай, таудай-таудай тілектерім бар дегендей... – Сарай ақыны енді сөз ала бергенінде қайдан шыққаны белгісіз қастарына биіктеу төртбұрышты табаны бар биікөкше киген мәстек кемпір келе қалғаны. Аузы үлкен ошақтай, азу тісі пышақтай, сеңгердей иегі бар. Аттың құйрығынан да қайратты адамның дақ түскен арынан артық кірлеген қап-қара қою шаштарын екі жаққа өріп қойыпты. Жылтарағы басым күміс көйлегі батып бара жатқан күннен асқан қызыл, бейне бір жаңа туған нәрестенің қанына боялғандай...
Сара тілді сайдауыл ақыным, менің бүгінгі келбетім қалай?! 20 жасқа жасарып қалғандаймын ба, ә? Ә, ә, естілмейді, не қыл дейсің? – деді мыстан тай құлындай тебіскен Бабыр құрдасына.
Ойбай, әрине, оған дау бар ма, ханымым!
Есің дұрыс па, ханымы нес? Бұл қай сасқаның! – деп әузір жекініп қаһарына мінді. Жоқ жерден ақ сайтаны ұстап көпке дейін өз-өзіне келе алмай әлекке түсті.
Иә, иә мен негізі кемпірдің күштісі, жалмауыздың жақсысымын. Кей-кейде жауыздығым ұстап қалатыны бар енді... Онымды сендер сықылды жуып-шәйіп, жоққа шығармаймын. Өзімді адам атаулыдан тәуір көретінім тағы рас. Өйткені, мына мен ұдайы барды бар, жоқты жоқ деп боямасыз, бүкпесіз тек ақиқатын айтамын. Бет перде киіп алып, көздеріңді бақырайтып қойып, бетсіздікке бармаймын.
Әділін айтып жатырсыз, данагөйім! Десек те, турасын ғана, тіке ғана айтам деп жүріп, артықтау, қаттылау кететін тұстарыңыз да жоқ емес енді... Сол шырылдап шындық айту деген дүние түкке де қажет емес сияқты. Ханға айтып, алғызып тастайтын екен өзін?
Жә, кемшілігімді бетіме баспай, әрмен кетші. Адамдар деген сол ғой, өз мініне қарамай қасындағыларды өзінше кемсітіп, кекетіп жүретін. Масқара, масқара, айтарға сөзім жоқ!
Жоға, ханшайымым, олай дегім келмеп еді, ғафу өтінемін, айыптымын... Айыбымды өтемекке сізді биге шақырамын. Жүріңізші, жүріңізші, жарқыраған жақұтым?.. Айтпақшы, сіз көп күттірмей ордабасы Тайшықпен құда болады екенсіздер ғой, иә?! Сол сәтте мені ұмытып кетпегейсің, жан құрбым!
Кім біліпті?! Бұйырғаны болар.
Дүрсілдеген дауылпаздың жаңғырығы шаһарды түгел дерлік жалмады. Құйқылжыта қиқулаған қызу әуен шартарапты шырқыратып, әуелетіп жіберді. Сәнді көйлек киіп, боянып-сыланған Мыстан кемпір сарай ақыны-Бабырмен баса-баса билеп, сексеннің сенгіріндегі кемпірдей емес он сегізде бір гүлі ашылмаған ыңқылдақ қыздай секіріп, секендеп жүр. Арасында ақ шұнақ аязды күндері болатын ызғар желдің гуіліндей дауысымен әнге айқайлай қосылып қояды. Оған ақыннын күннің күркірегеніндей болып шығатын дауысы қосылғанда тіптен қорқынышты. Бұлардың бұ жүгенсіз қылықтарына басу айтып, уәзір зыр жүгіріп жүр:
Әй, Бабыр, қойсаңшы. Мынау қылығың ақынға лайық па? Ұят бар ма өзі сенде?
Қылқылдап қоймадың ғой сен дағы. Мазамды алмай, менен аулақ жүрші. Әбден берекемді қашырдың, алжыған қақпас неме! Қазіргі заманда ұяттың кімге керегі бар? Оған дәнеңе де сатып ала алмайсың. - Бас уәзір бұларға қырын қарады да, буырқанып, бұрсанып кетіп қалды. Тағат таппай тістеніп отырып, ханға таянды:
Көрмеймісіз, Сіздің есер соқ ақынсымағыңыз қайтып жүргенін? Жалмаңдаған жалмауыз кемпірмен тарсылдатып билеп жүр. Тақсыр... – дей беріп еді:
Доғар! Сапсыңдай бермей, көпке сен де қосыл, бар биле.
Тақсырым сөзімді бұрмалаудың қажеті қанша? Мен сарайдағы тәртіп мәселесін қадағалайтындықтан, мұны сізге жеткізу парызым деп білдім!
Сен өзі атағы айдай, есімі күллі әлемге мәшһүр хандардың ханы-Тайшықпен қайтып сөйлесесін? Бері таман кел, беремен жақында деймін саған...
Біруақытта кіреберіс жақтан бақырып, қоян қуған иттей сілекпесі шығып әбден ентіккен шабарман жүгіріп келді:
Ойбай, ойбай -а -у, аттан қалмақ, аттан! Жау шапты, ж-а-у.
Сол түні арыстан жүректі Алпамыс Тайшық ханның сарайына ойран салып, қалмақ жұртымен қоса ойбайлатып, әбден есін шығарды. Қаланын аузын қан қылып, қақпанның аузын шаң қылды. Бет-жүзге қарамастан жан-жағын жайпап, жермен жексен етті. Жанары жал-жұлт етіп, ойқастап, ойнақ қылған шұбар аты болса:
Сендерге сол керек! Өздерің тілеп алдыңдар. Енді Алпамысымның ашуға мінгендегі сыйқын бағып жадыларыңа тоқып, мәңгіге жаттап алыңдар. Сабақ болсын!!! – деді маңындағыларға маңғаздана. Ал жауды көріп жан-жаққа жамырай зыр жүгіріскен қала тұрғындары оның сөзін құлаққа да ілмеді, жануардың тілін түсінбеді:
Әй, мынау қайтеді?!
Қалмақ көрмеген қан сорғыштай тесірейе қадалып қалғанын қарашы?
Сүзеген бұқа құсап бадырайған көздерін бақырайтып қайтеді?
Жаудың жылқысы да жаулығын жасап тұрған жоқ па?!
Амал нешік, мынау қабағынан қар жауған қатулы қазақ бәрімізді үрім-бұтағымызбен бірге бауыздап, қырып салатын сыңай танытып-ақ тұр. О, шірікін, бес күндік жалған дүние-ай, әй шәйға қарамай қайда кетіп барасың... Зуылдатып... Зымырап... – десті жиылған жамағат тұлпардың төресі Байшұбарх мен оның иесі хақында.
Аласапыран шақ. Алпамыс хан Тайшықтың ордасына тұлпарымен бірақ кірді. Хан не өңі, не түсі екенін айыра алмай, ойы сан-саққа жүгіріп, састы. Елес көргендей дидары солып, аппақ қудай болды да қалды. Бағанадан бері секем алған киіктей анда бір, мында бір көз жүгіртіп қайтерін білмей сандалған сарай ақыны жанұшыра үлтелдің астына жасырынса, уәзірлердің уәзірі бас сауғалап сыртқа қашты. Бір кез шерек бойы бар, адам таппас ойы бар мәстек кемпір өз кезегінде кеудесі кепедей, таңауы төбедей, күрек тісі кетпендей болған дәу ұлын әрең дегенде сыпырғышына отырғаза салысымен, көзден үштікүйлі ғайып болды. Жолшыбай жалмауыздың ұлы сыпырғышқа сыймай жерге құлап қазаға ұшырапты. Бұл уақта патшаның алты қанатты ақ ордасында абыр-сабыр, у да шу белең алған тұғын. Берен батыр аттан түсіп Тайшықтың қасына келді:
Армысың, Тайшық! Тойыңа шақырусыз келгеніме айып етпегін. А, иә, сен мені өліктер санатына қосып қойған екенсің ғой. Кешір...
Жо-жоқ, тақсырым, ханымым тіфу, не деп кеттім, ақымақ басым... Батырым, иә батырым, кешіре гөр мен бейбақты! Шалыс басқан екенмін. Ойбай-ау, тыныш жатқан арыстанға тиісіп нем бар еді? О, Тәңірім! Кешірім қыла гөр-ш-і... Батырым, жүрегіңде иненің ұшындай, тозаңның шанындай иманың болса, босатшы. Құдіретті Құдай үшін, жалбарынамын!!! – деп батырдың аяғына сұм жыландай оратылды.
Құдай дейсің бе?! Сенің де аузыңнан небір сөздер шығады екен ғой, қ-ы-зық. Күтпеген ем, күтпегем. Бір кездері Құдайдың құдіреттілігінде жұмысың жоқ сықылды еді. Керісінше, өзіңді дөңгеленген дүниенің иесі санайтын жексұрын әдетің бар тұғын. Солай ма? Енді не қып жалма-жан көзқарасыңды өзгерте салғансың, ә?
Тайшық қызыл кілемге етпетінен жата кетіп, талықсып, жас балаша еңкілдеп жылап жатыр.
Тақсыр, қулыққа салудың қажеті жоқ. Біле білсеңіз, жалғанды жалпағынан басып, ешкім ешқашан мәңгі жүрмейді. Енді сөзімді шығындамай, басыңды алайын! Тым құрмаса лайықты өлсеңші...
Әлдеқайдан хан қызының ашынған ащы үні естілді:
Алпамысым-арысым, ашуыңа ауыздық салсаңшы! Сен менің әкемді қайтып өлтірмексің? Дәтің қалай барады. Тірі қалдыр оны, тым құрмағанда мен үшін... Егер маған деген сезімің көкейіңді кернеген кектен күшті болса, әкемді қоя бер. – мұны естіген Тайшық құс бегіден құтылған лашындай масайрап, бір мезетке қуанып қалды.
Жігіттердің төресі атанған Алпамыс Қаракөзайымның суық сөздеріне бас қатырып жатпады:
Қалқатай, мен сізге ғұмырлыққа қарыздармын... Сіздің сөзіңізді жерге тастай алман әкеңізді алып кетсеңіз болады. – деп қана тіл қатты.
Батырым, өзіңізге деген алғысым шексіз. Ғафу етіңіз! – Қас-қағым сәтте қыздың жүрегі жібіп, жүзі жылып сала берді.
Қапыда әкесін жерден көтеріп жатқанында Кейқуат келіп көмек қолын созды. Екеулеп асығыс есеңгіреген Тайшықты табыт пішінді қап-қара күймеге салып жіберді. Шығаберісте дамылдап отырған бет-аузын көнектей кір шауып, басындағы селдіреген көне бөкебайдың жұрнағынан басқасы тіптен айтуға да келмейтін ескі құсқы бірдеңелерді жабыстырған малшы шалды қасына қинап, мәжбүрлі түрде қосып жіберді. Керегіне жарап қалар дегені ғой қызының. Бұл малай бағанадан бері мыстанға көз тігіп, есіктен сығалап тұрған тұғын. Өзінің жалмауыз кемпірге көзі түскелі де көп болыпты. Талайдан көңілі кетіп, жан-тәнімен сүйердей хәлге жеткен жайы бар. Тек бірбеткей, қыңыр мыстанға маңайлауға бата алмайтын сыңайлы. Себебі, сылқым қаққан мәстек кемпір мұны менсінбейді, керек десеңіз, көзіне де ілмейді.Тіптен, кей-кейде түрпі тигендей жыны келіп, жиіркенеді. Бірде тіпті, өзінен өзі ілік іздеп:
Мәселе не кигеніңде емес, оны қайтып кигеніңде. Тым болмағанда тазаланып жүрмеймісің, сүйкімсіз неме! Сұрықсыз киім кисең де, тым құрмағанда, таза болсын да... Осы қажып, әбден мүжілген, мыжырайған сен шалды көрсең, кәдімгідей өмір сүргім келмей кетеді. – деп күңкілдеп кеткені бар бұған көкірегі басым кемпірдің.
Мінекей, бүгінде бұрын патша түгілі мыстанның қасына баруға, бармақ түгілі қашықтықтан қарауға да қауқары жетпейтін малшы еңіреп, егілген ханмен күңірейген күймеде етене жақындасып, іші бауырына кірісіп, құшақтасып келеді. Ара-арасында қария тізесінде жатқан сусыны жоқ жолаушыдай кезерген, баз кешкен Тайшыққа басу айтып, балаша уатып қояды.
Содан бері күз кетіп, қыс келді. Тілі кесілген мылқаудай дүние тыңды. Қу тірлік құлазып қалды. Хан мен оның малайы адам аяқ баспас ессіз ен даладағы аңшыларға арналған үйшіктен пана тапты. Жалмаңдаған жалмауыздың ұлының өліміне өзін кінәлі тауып, жазғырып, тиісінше жазаламақ ниетте Құдайдың құтты күнінде түрліше жаза ойластырып, жанын жеп, шаштарын бір талдап жұлып жүрген жайы бар. Ал Алпамыс батырымыз басына күн туғанда қасынан табылған жан жолдасы Кейқуатқа қалмақ жұртын басқаруды тапсырып, бастапқыда жалаң аяқ, жалаң бұт болған жетімекті әуелде берген сертінде тұрып, ақыры мұратына жеткізді. Өзі болса, Қаракөзайымды алып, туған жері, тұғыры қазақ еліне жүріп кетті.
Астана, 2012 жыл.