Blogs
Ұрланып ұшқан ұшқындар
Сенім.
Тағдыр қатал деп жүрегім қуарма,
Қайғы келсе, бақыт күтіп тұр алда.
Жығылуың жығуыңа бір себеп,
Қазіргі сәт ертең қайта туар ма?
Ел жаныңды езілгенмен ұғар ма?
Қыңсылама, дауысыңды шығарма.
Алма-кезек сәттен тұрар бұл фәни,
Көздің жасы көңіл кірін жуар ма?
Көтеріл де амалын тап жүр алға,
Ала тұрғын бір ғибрат тұрарда.
Нағыз палуан шыңдалады күресте,
Жығам деп сен, белді бекем буарда.
Сенім – досың, сенің күнің туарда,
Күшті өлше, тәуекелді қыларда.
Мейірім ғой, бұның бәрі – мейірім,
Шақырады сені биік шың алда...
БІЗДІҢ ҚЫЗДАР!
Біздің қыздар – сұлулардың сұлуы,
Сұлулығы – ар мен ұят, қылығы.
Ғасырлардан жалғас алып келеді,
Жан дүние тазалығы, тұнығы.
Біздің қыздар – сұлулардың сұлуы,
Білектейін жотасында бұрымы.
Ұрпақтарын жоғалудан сақтаған,
Аналардың, асылдардың сынығы.
Біздің қыздар – сұлулардың сұлуы,
Елі үшін төккен мейірім, жылыны.
Ұлт – шаңырақ, ер босаға болғанда,
Қызы болсын шаңыраққа уығы.
Ұлы менен қызы елдің азбасын,
Айтқан сөзім жүрегіңді қозғасын.
Тұман басқан аума-төкпе уақытта,
Құдай басқа азғындықты жазбасын.
ШЫН МЕН ӨТІРІК
Бұлқынды біреу, бұлқынды,
Ішінен бір күш итеріп.
Шындықты іздеп, ұмтылды,
Өзінен мүлде, жиіркеніп.
Бұрынғы қылған қылығы,
Симай қойды санаға.
Жүректің терең тұнығы,
Жетелейді тазаға.
Бір тазалық бар есте,
Әлмисақтан қалған ба?
Шындық үшін күрес пе?!
Шындық деген арман ба?!
Ойымен кетті алысып,
Не болса да ой ұшқыр.
Ақ пен қара жарысып,
Табу үшін салыстыр.
Негізгі ШЫН – ұшында,
Қалған шындар – қырлары.
Оның шыны қасында,
Нақты шынның тырнағы.
Деп шешті енді көнейін,
Нақты шынның ырқына.
Жанымды бұған берейін,
Бар ынтаммен ынтыға.
Сөйтсе, жалған жабысты,
Нақты шынды бүркемек.
Өз сөзінде қарысты,
Соңына дейін сілтемек.
Шындық шынмен жүрмекті,
Өтірікті қоспайды.
Бақиға дейін жетпекті,
Шындықтан ары аспайды.
Өтірік болса бейшара,
Тапқанын айта береді.
Ел иланбақ, не шара?
Уақытында көреді...
Фәни – жалған, бақи – шын,
Сабыр қыл да, іштен тын...
ТУЫСТАР!!!
Оралман дейміз, оралман дейміз, оралман!
Оралман кімдер? Еліне қайтып оралған.
Оралман кеше жеріне Жоңғар ен көшкен,
Оралман –өзің, өзіңнен аумай жаралған.
Бұл тағдыр бізге сынынан берді біраз мұң,
Оны айтсам енді сен де, мен де жылармын.
Таршылық қылсам, тағдыры тайқы бауырға,
Тозақтың сонау төрінен бірақ шығармын.
Кеткені де бар, атасы асып тауыңнан,
Қарсылау келіп, қысастық көріп, жауынан.
Жеді деп ақым, қысады тақым, тарылып,
Мысық пен итті құшақтап сүйген бауырлар.
Аң менен құсқа аңқылдағыш ағайын,
Бұ қылығыңды жақсылыққа қай, балайын?
Мейірім қылған мысық пен итке жүрегің,
Адам да сүйер, бауырға иер деп санайын.
Жанкешті олар тіршілік етер жан қиып,
Еліне келген ет жүрегімен шын сүйіп.
Пайдасы не деп, паңдық қылма, қазағым,
Жеріңе мынау, жарты әлем бірақ тұр сыйып.
Оралман кім деп, өзекке теппе, қуатым,
Оралман әке, тәуекел күнде қылатын.
Өлшеп-тамап сен үш бала таптырсаң,
Оралман ана бес-ондап бала туатын.
Неге кеттің деп, сұрай көрме қазбалап,
Адамның басы – Алланың добы біл қарақ!
Таласып таңмен төсектен тұрған солардан,
Барлап жүріп, өзім де алдым көп сабақ...
Орнына оның өзіңді бір сәт қойдың ба?!
Аштықтан өліп, қалдырып тәнің, ой-құмға.
Қасқыр да қаппас жаралы ұяластарын,
Адамдық арын дүниең үшін жойдың ба?
Оларды өзің асырардай боп жылайсың,
Жүректі тас қып, еш рақым қылмайсың.
Жаратқан Алла, сүймесең егер адамын,
Ей, туыс сонда, Аллаңа қайтіп ұнайсың?
БҮГІН...
Бір естіні бір естіге айдап салып,
Шайтан жүр, қуаныштан айғай салып.
Санасыз жүр, түймедейді түйедей ғып,
Жала жауып, ол жаласы, майдай жағып.
Шикі ұғып, ақпарды таратуда,
Таңқалдырмақ, таң қылып, қаратуға.
Пәленбай біледі екен дегенге мәз,
Даурығады деседеп, шала туған...
Бірлік пен берекені көре алмайды-ау,
Елім байтақ жерінде желе алмайды-ау.
Ел тынышта дос боп жүрген, күнкөрерлер,
Қан майданда сенімен бір, өле алмайды-ау.
Жан досымды жалғаннан табамын ба?
Жаны жайсаң жан қайда қазағымда?
Бір бармағы бүгулі дос көбейді,
Беріп қана досыма жағамын ба?
Байқасам, бұған енді мен кінәлі.
Көңілің күпті болар сен кінәлі.
Өкпені өкпеге жалғастырған,
Құдайынан теріс айналған ел кінәлі.
Төртеу түгел бола қалса, төбе келер,
Талабыңды тыңдар да көне берер.
Алтау ала, ауыздағыдан айрылады,
Бөлінгенді, бөлшектеп, бөрі жеңер...
ӨМІР – КҮРЕС
Төсек пе едің жайылар кімге болсын,
Есептегін, болашақ болмас тосын.
Жаман десе, жаман боп қалмайсың ғой,
Өсекте кім, қалмайды айтшы досым?
Ақылды берді ғой, Аллаң саған,
Өкінішті терді ғой, жалған саған.
Өміріңде өтпеліге есе берме,
Турада бол, толыссын ардан санаң.
Кезіксе де алдыңнан қанша сұмдық,
Әр сәтіңде, күресте, алып ұр, жық.
Қиындықтың соңынан қайыр келер,
Қарсы малты, ағынға қасарысып.
Соққанша соңғы сәтің берілмегін,
Жығылғанда күрес қайта, егілмегін.
Арманның ақ жолында өлген артық,
Мазағы боп қалғанша көрінгеннің.
Жаның барда кеудеңде жеңілмегін,
Бір соққыға морт сынып, сөгілмегін.
Алла да қабыл етпес, біл, бауырым,
Ниетін күрессіз-ақ берілгеннің...
САБЫР НЕ?
Сабыр – мырза, сабыр – құл, сабыр – ұстам,
Сабырды іздеп талай жан уайым жұтқан.
Әр сәтте де, есін бермеу – сабыр ісі,
Алқымдап тұрса дағы неше дұшпан...
Сақтықпен іс қылар сауысқанша,
Айбатын жасырған арландарша.
Сұсымен сұм зәлімнің құтын алып,
Батырлар көп, байыпты, жүрген қанша.
Қорқау деп, кей парықсыз, жала жауып,
Сөз етер, неше сан, айдар тағып.
Қанден ит, жау жоқта, үргіш келер,
Сәті келсе, балтырдан кетер қауып...
Арзан сөзді, қарын қамды, көше батыр
Кеуде керіп, білгішсіп, лағып-шатыр.
Бес күндік, ұтыс үшін, өмір зая,
Бес теңгеге, бермексің бе, жаныңды ақыр?
Көк қағазға, құл болған, қайран ерім,
Қорғасын оқ, болмай ма, құның сенің?
Десін деп, жан беруге тайсалмайсың,
Демесін деп, төксеңші арам терің...
Махамбеттей, Сырымдай, Әлихандай,.
Қызығын құрбан еткен, ерлер қандай,
Елің сүйсең, елірмес ең, Еңірер ең,
Тілің тартып, артық ауыз сөзге бармай.
Сындардан сытылдырған сені сабыр,
Қиындардан құтылдырған сені сабыр,
Тыйымдарды, тындырған да өзі сабыр,
Сабыр қылмас адамда қалмас қадыр...
Әр істі бітірмекке сабыр керек,
Сабырменен қылған ісің болар бөлек.
БІЗ...
Қадірін уақыттың білмейміз,
Айтқанды құлаққа ілмейміз,
Жоғалтып алып алтынды,
Келмеске кетсе іздейміз...
Тазаны алмай, кір дейміз,
Бақытты шаң деп үрлейміз.
Жанын берсе жан досың,
Сенбеймін, әрмен жүр дейміз...
Қалауымызды да білмейміз,
Ласты тауып кірлейміз.
Шынды көрсек шалқақтап,
Шын жүрекпен кірмейміз.
Терлейміз босқа, терлейміз,
Өзімнен-ау деп, көрмейміз.
Басқа келген бақытты,
Сезбейміз, желден іздейміз...
Сезбейміз көңіл, бөлмейміз,
Адасып, көкке өрлейміз.
Таппай барып түбінде,
Өзді-өзімізді жерлейміз...
ТҮСІНЕСІҢ БЕ?
Түсіне білу адамды ақылдың шегі,
Бұл күнде қайда? Сөз ұғар «пенденің бегі»,
Алаңдап тыңдар сөзіңді, сырласың дағы,
Тыңдаудың шартын білмеген, түсінсін нені?
Дос таппай жерден ұғысар, доп болды жаным,
Тамырды керіп барады, тасыған қаным...
Тынымсыз көңіл, тіміскі, іздене берер,
Сәуледей болып көрінер, көңілге сағым...
Ойнақы көз, ортеке, ойнақы көңіл,
Көрінер саған айтқаным, мамықтай жеңіл.
Қияли сөз жазбаймын, аңыздан алып,
Сенің де күнің келеді ойланар НЕБІР...
Жақыным ба деп, сыр айтсаң, жақындарыңа,
Уәж айтып кетер, жүгініп ақылдарына.
Өзіңді оның, орнына қойғызар жүрек,
ЖҮРЕКПЕН болар, әр іске жақындауға...
Жүрекпен болар әр істі тақымдауға,
Жүрекпен қылар ерлікті батырлар да...
Асығыс болсаң, дабырлап, ұқпассың тілін,
Ақылды болсаң, дамылдап жүрекке жүгін...