Blogs
Ұстаз дауысы ( өмір жолындағы аманат)
-Алло, балапа-а-а-н, Шəпшəта-а-ай !- деген нəзік, сырбаз, байсалды дауыс естілді ұялы телефонымның ар жағынан. -Алло! Сəлеметсіз бе?- деймін мен, телефон номері таныс болмаған соң сəл ойлана.
- Қалың қалай? Елге келдің бе? Қайдасың?- дей бергенде,
- Мұғал-ііі-іі-м! - Айжан мұғаліі-мм! - Айжан Кəкенқы-зы-ы-ы! - деп, отырған орнымнан аспанға ұшып кете жаздадым қуанғанымнан. (Семей өңірінде еліміздің басқа аймақтарындағыдай ұстаздарды ағай, апай деп емес, мұғалім деп немесе есіміне əкесінің есімін қосып атау қалыптасқан)
Артымда қалған балалық шағым осы дауыспен бірге оралғандай болды.
- Сені қазір Арай Қанапияқызы деп атайды ғой, мен сені оқушы кезіндегі еркелеткен есіміңмен атамасам, бөтен біреуге сөйлесіп тұрғандай боламын-дей бергенде,
- Ол не дегеніңіз, Айжан Кəкенқызы, мен сол оқушыңызбын ғой. Менің ғана мұғалімім болып қала беріңізші, - дедім, баяғы бұртиып, еркелейтін əдетіме басып. Сыңғырлай күліп алды. Денсаулығын сұрадым (Кейінгі кезде сырқаттанып жүргенін естігенмін).Жақсы екенін айтты.Көп əңгімелестік.
Сен сияқты алғыр, үздік оқитын оқушылар тұрмақ, айтқан сөзіңді қайталап айтып беретіндер де азайып кетті.Сабақ беріп отырғанда, сен есіме жиі түсесің...
Анықтап неге есіне түсетінімді айтпады. Бұрынғы əдеті: ишарамен, емеурінмен білдіре салатын. Себебін мен де сұрамадым. Олимпиада, ғылыми жоба, мүшəйра т.б. сансыз тізілген жарыс түрлерінен алынған жүлделі бірінші орындар мен Бас бəйгелердің маған талай рет осы ұстазымның баптауымен бұйырғанын, сол жарыс кездеріндегі ұйқысыз дайындық кездері мен жол сапарларын қалай ғана ұмытайын.
Жиі хабарласып тұрсақ та, мен оны жүрегіммен қатты сағынушы едім.Қайда жүрсең де, аман бол, алтыным! Сен биіктерге шығасың! Алар биіктерің алда болып, еліміздің мақтан етер азаматшасы боласың!Сенемін саған!Мен сенің əркез тілекшің екенімді ұмытпа!Жарай ма?-деді жылы жымиған дауыспен. Иə, анық осылай деді, жарайды деген сөзді менің де аузымнан есітіп, нық бекіткендей. Сынған аяғымды гипске тапсырып қойып, үйде кезексіз демалысты бастан өткеріп жатқан менің көңілімнің қуаныштан бал-бұл жанған сəтін көрсеңіз ғой сондағы. Сол айтылған биіктерге шығып кеткендей күй кешкенімді қалай ғана жасырайын.Ұстазымның сөзі қанат бітірді маған...
Денсаулығын күтіп, аман болуын тілеп, ұстазымның дауысын қимай-қимай, өзім де телефонымды əрең дегенде қойдым.
Осыдан он жылдық болсыншы, Сізді бір қуантатын тосын сый жасамасам ба? дедім ішімнен, ұстазымның: қараңдар, міне, осындай оқушы қайсысың да бар?!.- деп, мұғалімдер бөлмесіне жымия кіріп келе жататын мейірбан жүзін елестетіп өзімше...
... Ұялы телефонымның əуені ойнады. Əпкемнің үні.
Телефонымның əуені қандай көңілді болса, өзім де сондай көңілді едім. Жағдай сұрасып жатырмыз.
Айжан мұғалімің қайтпас сапарға аттаныпты. Кеше жер қойнына тапсырған екен деген сөзден кейін-ақ, мөлдір тамшылар бетімді жуып, еркімнен тыс үнсіз қалғанымды сездім. Алло, алло!-дейді əпкем, сірə, естілмей кетті деп ойласа керек.Аздан кейін менің жылап тұрғанымды сезіп, өткен оқушылық тəтті кезеңін еске алғанда бөгет жасамайын дегені ме, телефон түймешесін басып қойды.
Менің ұстазым үлкен өмірге сапар шегіпті...
Ұялымдағы кіру қоңырауларынан қарасам, сəуірдің жиырма бірінші күні екен соңғы тілдесуіміз.
Асыл ұстазым-ау, неге сол кезде Сізді қалай жақсы көретінімді ішімде сақтамай, ашыла айтпадым екен...
Сізге ойлаған тосын сыйымды да ұсынып үлгере алмадым-ау...
Əп-сəтте сұрықсыз күрең күзге айналған сынық көңілім енді міне, соңғы айтқан ыстық тілегіңізді алтын аманатқа балап, тағы да алыс өмір жолына аттанбақ...
Арай Жундибаева,
Семей қаласы