Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Халықтың құрметі мен ықыласына бөленген әнші

Blogs

30.11.2017
6312

Халықтың құрметі мен ықыласына бөленген әнші

 

 

Ән айтқанда бүкіл әлемді ұмытатын. Өзінің ішкі арманын қоса шырқаған соң ба, тыңдағандардың құлақ құрышы қанып, риза болатын. Бала күннен гармонь, баян тартып,  домбыра шертіп, ән  салу — оның сүйікті ісі еді. Ән айтуға құмар, күміс көмей Сұлупанды ауылдағы мәдениет үйінің директоры оркестрмен бірге облыс орталығындағы телестудияда түсірілетін хабарға алып барады.

8 сыныпта оқитын кезі болатын. 12 адам оркестрмен телестудияға келді. Бірінші болып, Ғарифолла Құрманғалиевтің  «Ақ кербез» әнін орындады да,  басқаларының орындап болғанын  күтіп отырған. Есік ашылып, ақ шалбар, қара галстук таққан, домаланған  кісі кіріп келеді. «Жаңа домбырамен ән айтқан қыз қайда?» деп сұрады. Орнынан тұрған қызға қарап,  «оқығың келе ме» деп сұрады. Содан кейін оркестрді басқарып апарған Гаухар апайға: «ертең сағат 9-да кабинетіме келіңдер» деп, шығып кетті. Ертесі апайы Сұлупанды ертіп, алып барады. Сәлден соң  екеуі есігінің сырты дермантинмен қапталған  кабинеттің ішінде отырды.  

— 1 курста оқисың ба, әлде 2 курсқа бірден барасың барасың ба? Не деп жауап берерін білмей тосылып қалды. Қыркүйектің  тоғызы, сабақ басталған кез. 2 курс тұрмақ,1 курста оқу үшін де емтихан тапсыратын уақыт емес.

— Бірінші курс, — деді Сұлупан  сасқалақтап. Қолынан жетектеп, бірден аудиторияға апарып:

— Мына қыз осында оқитын болады, — деп шығып кетті. Аудиториядағы 30 бала Сұлупанның қасына үймелеп қалды.

— Емтихансыз қалай түстің? Директор сенің туысың ба? – деп жауған сұрақтарға не деп жауап берерін білмей абдырағаны Сұлупан апаның әлі күнге есінен кетпейді. Осылай мәдени-ағарту училищесінің студенті атанады. Сұлупан апа:

— Бірінші курста оқып жүргенде, съезге баратын делегаттар алдында концерт қойдық. Бүкіл әншілер арасынан мені байқап қалған Геннадий Шульга «дайын әртіссің» деп, филармонияға шақыртып алды. Сол кезде Геннадий Шульганың «Арайлы Ақтөбе» әншілер тобын құрып, жер-жерге гастрольдік концертке шығып жүрген кезі болатын.  12 адам бір іссапарда жүргенде күніне 3 реттен, 70-75  концерт беретінбіз. Автобус астымызда. Жер-жерді аралап келгенде, халық деген бізді ханша күтетін, — деп  сол бір шақты қимастықпен еске алды.

 

Ғарекеңнің батасы

Содан сахнадан түспейді. Ғарифолла Құрманғалиевке барып, 1 ай дәрісін алып келеді.  Сол кезде атақты Ғарекеңнің өзі:

— Мына қыз ертерек туғанда менің орнымды тартып алады екен. Кеш туғаны жақсы болды, — деп айналасындағыларды күлдіртетін. Кейін Алматыдағы Ленин сарайында берілген концерте Ғарекеңнің «Үлкен Айдайы» мен «кіші Айдайын» әуелете орындап шыққанда, риза болған, Рашид Абдулиннің өзі Сұлупанның маңдайынан сүйеді. 

Бұл ер адамның дауысы жетіп, орындай алмайтын қиын әндердің бірі еді. Халық сахнадан жібермей, бірнеше әндерді орындатады. Осылай жұлдызы жарқырап жанып келе жатқанда, Сұлупан  2 курстың аяғында оқуын тастауға мәжбүр болады. Ауылға қайтып,  қатты сырқаттанып қалған анасын қарайды. Содан бері өнерді серік қылып, аудандық мәдениет үйінде қызмет етеді. Сол жерден зейнеткерлікке шығады. Сұлупан апа тағы бір қызық жәйтті есіне алды.

Бірде Орынборға Людмила Зыкина келетін болады. Ақтөбеден шыққан жалғыз термеші қыз, дауыс диапазоны кең, басқасыныкі құр айқай деп, кездесуге Сұлупанды жібереді. Ондай алыс жолға шығып, анадай үлкен қалаға барып көрген жоқпын деп қорқасоқтаса да, жібереді. «Қорықпа, пойыздан қарсы алады»дейді.

— Пойыздан түскен қарақұрым адам, аузымды ашып тұрғанда әп-сәтте жоқ болды. Бұлар қайда кетті деп аңырып тұрмын.  Қайда барарымды білмеймін. Бір кезде радио саңқылдап, аты-жөнімді айтып жатыр. Мені қарсы алуға келгендер іздеп жатыр екен. Ал адамдар жер асты жолына тсүіп, тарап кеткен екен ғой. Ертесі концертке бардым. Зыкина қалып, келмеді. Зыкинаны көре алмай, арманда қайттым. Есесіне оның ансамбілінің концертін тамашаладым. Өзім де домбырамен 2 термені айтып, отырғандардың қошеметіне бөлендім. Мен өнерімнің арқасында, Геннадий Шульганың бригадасы құрамында бармаған жерім жоқ. Егер әрі қарай оқығанымда, ауылда қалмас едім. 2 курсты аяқтаған кезімде, ауырып қалған шешемді бағамын деп, ауылға кеттім.

Геннадий Шульга гастрольге Кеңқияққа келгенде: «Осы залда құмырсқа бел ақ балдызым отыр» деп сахнаға шығартып, маған ән айттыратын. Бірде маған күшті ән тауып қойшы деп тапсырыс берді. Бір келгенде жастардың көше әнін баянда ойнап, айтып бердім. Әуенін бірден қағып алды, 2 рет қайталады. Кешкісін клубта «Сұлупанның үйреткені» деп сол әнді жұртқа айып берді.  40 жыл өтіп кетті ғой. Соның қандай ән екені есімде жоқ. «Әдемі қыз дегенде, әдемі қыз, Біз сізден әлі күнге дәмеліміз» деп қалжыңдап қоятын, ерекше жақсы адам еді.  

— Бір ұстазым – Ғарифолла Құрманғалиев болса, екінші рухани ұстазым — Геннадий Шульга болды. «Маусымжан», «Көкем-ай», «Қызылқұмда ауылым», «16 қыз» әндерін құлағыңның құрышын қандыра, тамылжытып орындайтын.  Сол кезді сағынамын.  Биыл сол өз уақытында халқының сүйікті әншісі болған Геннадий Шульганың туғанына 80 жыл. Жаз болса өнер ұжымын құрып ауыл аралайтын, қазақтың әнін дәріптеген, жиын-тойдың көркі болып, қалжыңдарымен адамды күлдіріп жүретін, талай жақсылығын көрген Геннадий Шульганың 80 жылдығының өз деңгейінде тойланса деймін. Еңбегі сіңді ғой. Ырғызда ескерткішін орнатса, артықтық етпейді. Аты Геннадий Шульга болғанмен, қаны қазақ оның. Аты Марат болатын. Шешесі неміс еді. Әкесі соғысқа кетіп, хабар-ошарсыз кеткеннен кейін  шешесі неміске тиген. Өгей әкесі өз атына жаздырып алған. Генадан соң туған бауырлары бар. Ырғызда тұрады. Олар қазақтан қатын алып, қазақ  болып кеткен, — деп Сұлупан апай өнердегі ұстазы туралы сыр шертті, ойын айтты.

Сырлы аяқты сыры кетсе де, сыны кетпейді дегендей Сұлупан апа ән айтқанда айбынданып кетеді екен. Екінің бірі айта алмас  Ғарифолланың асқақ әндерін нақышына келтіре шырқағанда, танымай қаласың. Аяғы ақсап, шаршап жүрген әже емес, сол баяғы сахнаға шығып, елді табынып, тамсандырған, аузына қаратқан Сұлупан әнші. Қасында отырып, ән тыңдап, сыр шертісіп отыра бергің келеді. Тыңдаған адамға айтары да жетерлік, арасында әдемі  қалжыңдап, күлдіріп алады, жалықпайсың. Өнерімнің арқасында кем болмадым деп, ұстаздарын да ұмытпай, дәріптеуден жаңылмайтын Сұлупан апайдың өзінде  небір айтылмаған сырлар мен әндер бар. Оның ішіндегісін, білгенін, дауысын жазып алып қалған дұрыс. Болашақ ұрпақ үшін керек.

Бақыт Жаншаева


Share:      
Leave a comment: