Blogs
ЖАУ ҚАТЫН
Өткен ғасырдың өзін енді – баяғы дейтін болдық қой. Иә, сол баяғыда Қашарбай деген атамыз болған. Шын есімі – Ізтілеу екенін етене ағайындары болмаса, сырт ешкім біле бермейтін. Елге Қашарбай боп танылып, сол Қашарбай боп естерінде қалды. «Сізді неге Қашарбай дейді?» деген сұраққа: «Ой, жау қатын, оны қайтесің? Байдан қашсаң сенде Қашарбай атанарсың!» деп қарқ-қарқ күлетін-ді. Сөйлеген сөзі, істеген іс-қимылы әйелдікінен құдды аумайтын. Еркек, әйел демей бәріне «жау қатын» деуші еді. Қапсағай денелі, бет-пішіні, қол-аяғы кесек пішілген мұндай мұрынды кісіні «байдан қашқан» дегенге таң болып, ақыры тағы бір ел қыдырып келе қалғанда әңгімесін айтқызғанбыз. О кісі құмалақ ашып, алақанға қарап сөйлеп, бақсы-балгерлік те жасайтын-ды. Иесі ұстаған кезде аруақтар жетелеп, мал-жан, бала-шағаның бәрін тастатып, әбден титығы шыққанша ел аралатып, телім-телім ғып үйіне бірақ қайтаратын.
Ырым ғып кейбір қазакеңдер: қыздарын ұлша киіндіріп, өсіріп жатушы еді, о заман да бұ заман, ұлды қызша киіндіргенді осы атамыздың әке-шешесінен көрдік. Нені ырым қылғаны бір өздеріне мәлім. Сөйтіп, Ізтілеу атамызды жастайынан бұрым өргізіп, салпы етек көйлек кигізіп – шал мен кемпір бұлғаңдатып «қыз» орнына өсіреді. Өсе келе «құрбы қыздары» етек астындағы бір пәлені байқап қалып, араздан да жаман суысса, өзі тете жігіт-желең етегі желпілдеген не қыз емес, не теке емес бұның қарасын көрсе қашатын болыпты. Тұрмыс құратыны тұрмыс құрып, үй болатыны үй болып өз қатарлары өмірдін ағымымен орындарын тауып жатса, Ізекең, не анда жоқ, не санда жоқ боп «отырып қалады».Сөйтіп, «ит қайтты-ау» дегенде көрші ауылдың қатыны өлген бір мосқалы араға кісі сап айттырады. Осындай әйелдік сиқы жоқ, пошымсыз біреу тимесе ондай қытымыр сараңға, жібі түзік әйел бара қоймас та еді.
Аласапыран ашаршылықтан есеңгіреген елдің есі енді кіре бастаған кез көрінеді. Бір-жар болса да тұяқты – бар адамның бауырында әйтеуір, тоқшылықта боласың ғой. Қалың малы деп бір қараны атап отыр. Әке-шешесі не дерін білмей сасады. «Бермеймін» десе, «қыздарының» бағын байлаған сияқты. Берейін десе: қос бұрымы желкілдеп, етегі желпілдегені болмаса... «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, «қыздың өзінен сұраңдар» депті әбден абыржыған ата-анасы. Ізекең екі сөзге келмей келісе кетеді. Не бай алмай, не құдай алмай мүлдем зықысы шыққан атамызды әке-шешесі кәдімгідей-ақ жылап тұрып ұзатады. Келін түскен үйге көрші-қолаң жиналып, кәде-сәдесі бар, әжептәуір той-томалақ жасалады. Ел тараған соң «күйеуі» екеуі ғана қалып, шымылдықтың ар жағына кіретін уақыт таяйды. «Қыз» сірә, жүрексіне ме, терезе түбіне отырып-ап, солқылдап көп жылайды. «Күйеу» байқұста ес жоқ: «айналайын, әдемім, сәнім» деп асты-үстіне түсіп, дегбірі кетеді. Атамыз сонда: «Бұ қансапқырдан қалай құтылсам?» деп жоспар жасап, жорта жылап отырған көрінеді. «Сіз жата беріңіз, мен түзге шығып келейін.» дейді анаған біраздан соң жұмсарып. «Сөйте ғой, жеңілденіп келе ғой!» деп «күйеуі» қауқылдап, шымылдық ішіне сүңгіп кетеді. Содан атамыз: «мен саған қатын боп жарытпаспын!» деп, бір ала қапты алады да сол үйдің мәндісі мен дәмдісін істіктеп, иыққа іліп ап «ел қайдасың? деп тартат та кетеді.
Үйіне келе сала қос бұрымын қайшымен күзетіп, басын ұстарамен сыпыртып тастайды да, көйлек-көншегін шешесіне «құрақ құра» деп лақтырады. Ер киімін киіп: екі иығына екі кісі мінгендей, мұрынды жігіт болып шыға келеді.
Дәт деп қалған «күйеуі де» соңынан жетіпті. Шауып алардай түтігіп келген әлгі, ақыры күлкі-мазаққа айналып, қалың мал мен үптелген дүниесін құндамақ түгілі беті күйіп, соноу Шұбартау асып кеткен екен.
Енді ұлды үй қылу керек болады. Бұл ауылда бұған қыз тимесі айдан анық! Әкесі шеттеу бір ауылдағы ежелгі сар сүйек құдасына барып, сүйек жаңғыртпақ болады. Құдасы:
- Менің ұлым үйлі-баранды, қолымда бойжетіп отырған бір қызым ғана
бар - дейді.
- Құдеке, сол қызыңды айттыра келдім.
- Жалғыз қызың бар екенін білемін... ағайын атынан келіп отырсың ба?
- Жо-жоқ! «Қызды» ұзаттық, сіз білмейтін ұл нағашыларында өскен еді,
кісенін сүйретіп үйірін тапты ғой.
Сол атамыз сексеннің сеңгіріне шығып, қыз-ұл өсіріп, немере-шөбере сүйіп, өз пешенесіне бұйырған ғұмырды өзінше сүріп өткен кісі еді. «Жау қатын, байдан қашсаң - сен де Қашарбай атанарсың!» деп селдір сақалын сипай, кеңкілдей күлген күлісі әлі күнге көз алдымда.