Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Жауыз адам

Blogs

09.01.2020
7446

Жауыз адам

(Асхад Мұхтордың әңгімесі)

 

Міне – Африка.

 

Кемеміз тоқтаған жер – теңіздің жағасы, шоқтай қызып жатқан ұсақ тастармен қапталған көңілсіз кеңістік. Бұл жер бөтен атпен – «Француз сомалисі» деп аталады.

 

Мен жас достарыма міне осы жерде естіген бір оқиғаны хикая етпекпін.

 

Бізге Джибути қаласын көрсетуі керек болған жігіт донакил ұлтынан болса да, ана тілі араб тілі екен. Есімі де арабша – Абу Диб. Өзі ұялшаң, ашық мінезді. Сол үшін де оған жәй ғана «Диб» деп ат қойып алдық.

 

Диб ақ-сары, қою бұйра шашты, қыр мұрынды, арық жігіт. Тереңге біткен жанарында қандайда бір мұң жатқан тәрізді. Енді ғана жиырмаға толған болса да, таяқ сүйеніп жүретін ақсақ еді.

 

Біз бұл жердегі ең алғашқы Кеңес саяхатшылары едік.

 

– Мұндайларды енді көруім, – деді Диб менің мектеп, балалар өміріне қызыққаныма таң қалып. – Бізге келген саяхатшылар «теңіз түбінен маржан іздейтіндерді көрсет», «жабайы тайпалар бар ма?» деп сұрайтын.

 

Бұл қалада мектептер аз екен. Олардың өзі кейбір дәулетті адамдардың қайыр-садақасының арқасында амалдап күн көріп отыр. Диб бізге осындай мектептердің бірін көрсетуді уәде етті.

 

Біз француздар тұратын даңғыл көшелерден, қып-қызыл болып гүлдеген акация бақтарынан өтіп, «отырықшылар» елді мекеніне бардық. Бұл елді мекенде ең алдымен екі нәрсе көзге түседі екен. Бірі аптап ыстық. Теңгедей көлеңке жоқ. Көшедегі топырақтан да, қабырғалардан да ыстық леп еседі. Бейне бір ауа лапылдап жанып тұрғандай. Жаңбыр да ыстық, ағып тұрған су да ыстық. Ал, екіншісі балалардың көптігі. Қаланың еуропаша салынған көшелерінде, жаңағы салқын саябақтарда бірде бір бала көрмеп ек, ал бұл жерде... мұнша көп бұлар! Жүздеп, мыңдап... Не деген шу! Олардың шуынан ауа дыңылдап тұрғандай. Үстерінде киім деген нәрсе жоқ. Кеуделеріндегіні киім ба, көше топырағы ма айырып болмайды. Мойындары мойылдай қара, денелері терден жылт-жылт етеді.

 

Біз мектеп деп кірген ғимарат үш бөлмелі ғана шағын үй екен. Тап-таза, тып-тыныш. Бәрі бірдей, жап-жақсы киінген балалар. Жаңағы көшедегі балаларға мүлде ұқсамайды. Неге екені белгісіз, үлкендер сияқты салмақты, жай қимылдап, бір ауыз сөйлемей, ары-бері жүріп жүр. Бұл жерде жиырма алты бала оқиды екен. Бізді көргенде бәрі қызыға аңтарылып қалды. Олардың көбісі жетімдер, қалғандары кедей-кепшіктің балалары. Олар маған қуануды, ойнап-күлуді білмейтіндей, бала кезден-ақ қартайып қалғандай көрінді. Жүздері солғын еді. Жанарларында балалық тентектіктен тамшы да жоқ.

 

Бүгін мұнда мектептің демеушісі, осы балалардың оқуына, киіміне, тамағына неше жылдардан бері қайырымдылық жасап жүрген Деладье мырза келетін күн екен. Бұл салтанатты, қандайда бір сыпайы, әдепті тыныштықтың себебі осы болса керек.

 

Күтпеген жерден қайырымды Деладьені біз де көретін болдық. Тәрбиешілер алаңдап, аяқтары жерге тимей, демеушіні күтуге даярланып жүр. Олардың бірі – басына қатырылған үлкен ақ қалпақ, үстіне қап-қара ұзын көйлек киген кәрі араб әйел демеуші Деладье мырза жайлы аузының суы құрып әңгіме бастады...

 

– Мьсе Делаьде? О-о-о!.. Ол кісінің қайырымды істері...

 

Тәрбиешінің айтуына қарағанда мсье бұл елге өткен ғасырда миссионер болып келіп, мектеп ашқан. Парижден арнайы миссионерлік мектептері үшін оқулықтар алып келген. Ол кітаптарда қызық-қызық библия аңыздары болып, балаларды білім мен ілімге қызықтырған екен. Ол өмір бойы мектептермен шұғылданған, тек ашаршылық жылдары ғана басқа кәсіппен айналысыпты. Дәулетті, әрі қайырымды адам екен.

 

– Ажриһу Биссавоба! – деп арабша қосып қойды ақ қалпақты тәрбиеші.

 

Мсье Деладье ат арбада келді. Ол шынында да өткен ғасырдың адамына ұқсайтын. Өте кәрі, бастан аяқ қара киінген, тек аяқтары ғана қардай аппақ. Желкесіне түскен ұзын шаштары да ақ, жүзі солғын. Басында қара цилиндр, қолында таяқ. Тәрбиешілер оған аса құрметпен сәлем беріп, қолтығынан ұстап арбадан түсуге көмектесті. Кәрі мсье көктамырлары бөртіп шыққан қолын кеудесіне қойып, христиан діндарларына тән әдетпен көз қарашығымен сәлемдескендей түр танытып, аман-есен жетіп келгеніне шүкіршілік білдірді.

 

Мсье мектепке кіргенде тізіліп тұрған балалар «гүп-п» етіп тізерлей шөгіп, маңдайларын жерге тигізді. Қайырымды демеуші оларды бір-бірлеп тұрғызып, маңдайларынан сүйді. Ол шынында да қайырымды қарт еді. Балаларға банан таратты. Олардың қуанғанын көріп, жасарып кеткендей болды. Бөлмелерді аралады, жағдайларын сұрастырып, көңілі толғандай болды. Мен оған назар сала қарадым. Ол маған оншалықты кәріге ұқсамады. Діндәрларға тән қара киімі мен қимыл-қозғалысы ғана оны кәрі етіп көрсетеді екен. Өзі әлі қуатты болса да, өзін бес күндік өмірі қалған қарттай етіп көрсетуге тырысады, шамамда...

 

Ол басындағы цилиндр қалпағын шешіп, шашын екі қолдап сипап, өзі келгенде отыратын арнайы жұмсақ креслоға отырды. Жанына жақындаған баланың бірін алдына алып, біріне аппақ қант берді.

 

Мектепті көруге келгенімізді біліп бізге құрмет көрсетті. Бұл адамның біреуге ұнамауы мүмкін емес еді. Аса қуанып, балалармен кешке дейін бірге отыратындай көрінді.

 

Бірақ, бізді ертіп келген Дибке көзі түсті де қарттың жүзі бірден өзгеріп сала берді. Жанарындағы жаңағы қуаныш пен мейірім нұры әп-сәтте жоғалып, солғын жүзі бетер қуарып кетті. Енді тіпті қауқарсыз қарттай еңкіш тартып қалды. Дір-дір етіп орнынан әрең тұрып, таяғын сұрады. Диб те оны сезді де, өзін қоярға жер таппай, абдырап қалды. 

 

Қызық, бұл мсьеге не болды? Тәрбиешілер де алаңдап, мазасыздана бастады.

 

Диб бізді кетуге асықтырып, өзі алдын жол бастап шығып кетті. Біз өліктей қуарған мырзамен үнсіз ғана бас изеп қоштасып шығып кетуге мәжбүр болдық.

 

Не болды өзі? Мұны білу керек. Мен қатты қызықтым. Мұны тек қана Дибтен сұрап білу мүмкін. Ал, ол болса тым үнсіз. Тұйық. 

 

– Білмеймін, – дейді.

 

Бірақ, сезіп тұрмын, бұл жігіт бір нәрсені біледі. Күнде сұрап, ақыры бұл жігітті айтуға көндірдім. 

 

– Күмәнім бар, сізге бәрін айтсам, бірақ, бұл мсье ол адам болмай шықса. Жақсы адамға тәумет еткен боламын, – деді Диб қиналып.

 

– Сен айта бер, – дедім мен. – Арамызда қалады. 

 

– Ол мені тануы мүмкін емес, – деп бастады Диб әңгімесін. – Ақсақтығымнан қорықты.  Бізді бұл жерде «дурагайлар» деп атайды. Анамыз әдетте қара нәсілді болады, әкеміз – «ақ». Ал, біз оларды танымаймыз. Туылуымыздың өзі – кездейсоқтық. Ал, тірі қалуымыз енді ғажаптың өзі. Бізді қара нәсілділер де, ақ нәсілділер де қатарына қоспайды. «Дурагай» дегеннен артық қорлық жоқ шығар.

 

Мен бір кемпірдің үйінде әткеншекте жатып есімді білдім. Адам ес білгенше әткеншекте жата ма дерсіз? Иә, мен сондай әлсіз болатынмын. Кемпір мені бес-алты жасымда да әткеншекке байлап бағатын.  Біз төрт-бес бала болатынбыз. Кемпір бізге шайналған нанды дәкіге орап емізетін. Таңнан қара кешке дейін қарғайтын.

 

– О тоба-я, өлмейді бұлар. Не деген жаның қатты, жер жұтқыр, дурагай! - деп қарғанатын бетімізге қарап тұрып.

 

Біз күн-түн жылайтын едік. Кемпір бізге өлім тілеп, дәкіні тағы да аузымызға тығындайтын. Дәкедегі нанның сорыла-сорыла дәмі кетіп, бір кесек лайға айналатын. Мен кейін түсіндім. Кемпір бізге өлім тілесе де, өлтірмейді екен. Ол біздің арқамызда күн көретін. Егер өліп қалатын болсақ, біздің көзге көрінбес әкелеріміз оған ақша төлемей қояды екен. Біз әйтеуір бір кезге дейін өлмеуіміз керек. Себебі, әлі кішкентай екенбіз – кемпірдің жеп отырған несібесіміз. Бірақ, бір кезде өлуіміз керек. Себебі, ол кезде біз өсіп, кемпірге пайда әкелмей қоямыз. Кемпір ол кезде біздің орнымызға дурагайлардың  кішілерін, нан шайнауға көнетіндерін әкеліп бағады. Сол себепті де, кемпірдің сол бір нан оралған дәкісі біздің өмір шырағданымызды өзі қалағанша басқаратын. Қаласа жандырады, қаласа сөндіріп қоя қояды.

 

Сөйтіп, мен алты жасқа ма, әлде жетіге ме толдым. Енді ешкімге керек болмай қалған сәтімде бағым ашылып сала берді.

 

Кемпірдің лашығына бастан-аяқ аппақ киінген бір джентельмен келді. Ол өте қуатты, жүзі аппақ, көзі өткір мсье еді.

 

Мен сізге мұны айтуға қорқып тұрмын. Егер ол адам мсье Деладье  болмаса, онда менің әңгімем оған тәумет еткенім болады...

 

Абу Диб таяғымен жер сызып, ойланып қалды. Біз қызыл теңіз жағасында Король тастағында отыр едік. Әріректе беліне бір жапырақ мата байлаған қатқан шайырдай арық адамдар теңіз табанынан тұз күреп, қырман үйіп жатқан. Аппақ тұз қырмандарының арасынан олардың қара түсті тәні, сорлап жарылып кеткен балтырлары күнмен шағылысып, жылтырап көрінетін.

 

Диб әңгімесін жалғастырды.

 

– Мсьеге бала керек екен. Кемпір саудагердей тауарларын мақтай кетті. Бірақ, мсье ол мақтаған балалардың алдына бармай, менің қасыма келді. Мен кемпірдің ойын түсініп тұрмын. «Мсье мені қайтеді? Мен балалардың ішіндегі ең әлсізі болсам, оның үстіне тума ақсақпын».

 

Жоқ. Мсье мені таңдады. Міне, содан кейін менің жаңа өмірім басталды.

 

Мсьенің үйі де қаланың бір шетінде, қараңғы, сыз еді. Бірақ, казармадай үлкен, кең екен. Бұл жерде біз көпшілік екенбіз, жиырмадан артық бала. Қарнымыз тоқ, мсье әсіресе маған жақсы қарады. Күш жиып, қуаттанып алдым. Құрғақшылық, аштық жылдарында мұндай сәттілік әркімге де нәсіп ете бермейді. Мсье маған қандай жұмыс берсе де бәрін істеуге әзір едім. Ол болса маған үнемі жеңіл-желпі жұмыстарды тапсыратын.  «Пәлен кварталға барып, пәлен ательенің қиылысында қолтық таяғыңа сүйеніп, қалпағыңды жерге төңкеріп қойып кешке дейін тұр». Бұдан оңай жұмыс бар ма деймін өзіме өзім. Қарным тойса болды да! Әлі қайыршының не екенін білмейтін баламын да...

 

Сөйтіп, бұл іске де үйреніп алдым. Мсьеге күнде кешке бір қалпақ шақа алып келемін. Түнде қарынымызды тойдырып, рахаттанып ұйықтап аламыз. Таңертең тағы жұмыс.

 

Әуелде мен бұл жердегі басқа балалардың немен шұғылданатынын білмеуші едім. Кейін білдім, олар да мен секілді басқа кварталдарда қайыр тілейді екен. Кейін мен тағы көп нәрселерді аңғаратын болдым. Байқап қарасам, достарымның барлығы дерлік мен сияқты майып екен. Не мен сияқты ақсақ, не қолы жоқ, немесе бүкір, мойны қисық...

 

Мен қорқайын дедім. Бұлардың бәрі қайдан келген? Арасында түрі қорқынышты, соқыр, қалтырауықтары да бар еді. Мен қорыққанымнан жаман түстер көре бастадым. Бір күні түсімде бастырылып қалып, шыңғырып жіберіппін. Оянсам, балалардың бәрі менің даусымнан оянып, қоршап алыпты. Бұл көрініс ең қорқынышты түстен де қорқынышты көрініс еді. Олардың бәрі түнгі көйлекте, бірінің сүйегі түртиіп шығып кеткен, бірінің аяғы салбырап асылып қалған, бірі қалтырап-селкілдеп, аузынан көбік ағып тұр. Бәрі маған қарайды. Мен олардан қорқып бұрышқа тығыла бердім.

 

– Сендер... кімсіңдер?.. Қайдан келдіңдер?.. – дедім әрең тілге келіп. Олар үндемейді. Сау екеніме көз жеткізген секілді, орындарына тарап кетті.

 

Сол түннен кейін ұйықтай алмайтын болдым. Ательенің қиылысында қолымдағы таяққа сүйеніп күндіз кішкене көз шырымын аламын. Сол себепті де кей күндері қалпақ толмайтын болды. Мсьенің өте жаман адам екенін мен сол кезде ғана білдім.

 

– Ақшаның қалғаны қайда? – деді ол бірде кешкісін. Күнімен жиған ақшамызды кешкісін өз бөлмесінде санап алатын еді. Бұл бөлмеге басқа кезде кіруге рұқсат жоқ. Оның бөлмесі де тура біздің бөлмедей қараңғы, сыз. Бірақ, сәл кішілеу. Ол жерде мсьенің өзі тұра ма, жоқ па білмеймін, бірақ ақшаны қабылдайтын кезде ол үнемі өз бөлмесінен табылатын.

 

– Қалғаны қайда деймін, иттің баласы?! – деп сөзін қайталады ол көздері қанталап. Отырған креслосының жанынан қолына ағаш алды да менің майып аяғыма салып қалды. Көз ілеспес шапшаңдықпен ұрғаны сондай мен тіпті аңғармай қалдым.

 

– Айт! – деді тістерінің арасынан ысылдап. Аяғымның ауырғаны жүрегіме барып қадалды. Денем бір демде терлеп кетті. Кейін бірден ауру басылды, бірақ мені қорқыныш биледі. Егер бұл ауру тағы қайталанса, өліп кететінімді түсіндім.

 

Қиылыста ұйықтап қалғанымды айтып, айыбымды мойындадым. Мсьенің қан толған жанарынан түсінгенім енді бұлай ұйықтап қалу менің ажалыма тең еді.

 

Түн баласы бәрібір ұйықтай алмайтын болдым. Көзім ілінбей, ағаштай қақиып жатқаным жатқан. Бір күні түн ортасында кішкентай баланың ыңырсығаны құлағыма шалынды. Есім ауысқан болар деп ойладым. Сол ыңырсу бірнеше рет қайталанды. Тіпті, шыңғырған дауыстар келетін болды. Бірте бірте бұл шыңғырған дауыстың елес екеніне күмәндана бастадым. Себебі, әлі ақылым жайында, ауру емес едім.

 

Күндер өте берді. Біздің тобымызға жаңадан мүгедектер қосылатын болды. Біз қаланың көшелерін, алаң, бөлімдерін жоспармен бөлісіп алған едік. Маған мұны талып, қалшылдап қалатын ауруы бар бала айтқан. Мсье болса күшті, абыройлы, дәулетті адам екен. Қалада бізден басқа қайыршылардың бәрінің көзін жойыпты. Бүкіл қала біздікі екен. Менің кейбір қайыршы серіктерім мұнымен мақтанатын да. Олардың арасында мсьенің құлақтары да бар көрінеді. Тек жаңағы ұстамасы бар бала екеуміз ғана бір-біріміздің көңіліміздегіні жанарымыздан түсініп, бұл қасірет фабрикасына, оның жауыз қожайынына іштей кек сақтап жүруші едік. Бірақ, біз ішіміздегіні бір-бірімізге де айта алмаушы едік.

 

Бір күні түнде әлігі ащы дауыс тағы естілді. Мен шыдай алмай орнымнан тұрып, алаңдай бастадым. Кенет әлгі ұстамасы бар баланың жабысқақ қолы иығымнан басты. Тердің иісі мүңк етті. Мен орныма жаттым.

 

– Бұл не дауыс? – деп сұрадым сыбырлап, оған дауыс шыққан жақты нұсқап.

 

– Мсье ақсақ дайындап жатыр... – деді ол да сыбырлап. Дереу алақанымен аузымды баса қойды. Сірә, мені шыңғырып жібереді деп ойласа керек. Досым жағдайымды түсінгендей қолдарымнан қысып ұстады. «Өзіңді бас, есіңді жи» демекші болды шамамда. 

 

– Бұл жерден қашып кетемін деп ойлаушы болма, қайдан болса да тауып алады. Ондайлар болған, – деді  сақтандырып.

 

Мен ажалдан қорықпайтын болдым. Тек сол күнгі дауысты қайта естуден қорқатын едім. Біреу сап-сау баланы әкеліп, көз алдыңда аяғын, не қолын сындырып, майып етіп жатса, бұған адам баласы құлақ түріп, шыдап жата ала ма, жолдас? Өзіңіз айтыңызшы?..

 

Абу-Дибтің жүзі қуарып кетті. Қолындағы бамбук таяғы шорт сынды. Еріндері дірілдеп, тамырлары шығып кетті. Мен оның бұл тозақтан қалай құтылғанын білгім-ақ келді, бірақ, сұрай алмадым. Себебі, оның «жолдас» деген сөзінде, жанарында тілмен айтып жеткізбес қасірет жатыр еді.

 

Екінші күні де Дибті мазасыз күйде кездестіріп қалдым. Түнімен ұйықтамағанға ұқсайды. Мен оның мсье Деладьемен кездесіп қалуына себепші болғаныма өкіндім. Себебі, оның ұмытылып бара жатқан бақытсыз балалық шағын қайта есіне түсірдім. Бұдан кейін ол енді ол кезді сірә ұмыта алмайтындай көрінді. Бұл қорқынышты естеліктер оның кіп-кішкентай жүрегін өмір бойы қинап өтетіндей сезілді.

 

– Сол, – деді Диб сеніммен, – енді сізге айтамын. Айтпасам, көңілім орнына түспейтін сияқты. Бұл сол мсье Деладье! Енді ол әр бір ақсақты, әрбір мүгедекті  көрген сайын осылай әруақтай қуарып мазаланса керек. Мектепке қайырымдылық көрсетіп, садақа беруі – қартайғанда ар азабынан құтылудың шарасын іздегені. Бұл дүниеде балалардың жаны мен азабының рахатын көріп еді, енді ол дүниеде де балалардың дұғасының арқасында күнәсін жумақшы.  О дүниенің қамын жеп жатқаны.

 

Мен қара шапан, ақ жаға, жылтыр сайтан терісімен қапталған цилиндр қалпақ киген, көкке сауап тілеп көз тастаған пірәдәр Деладье мырзаны көз алдыма елестеттім.

 

Жауыз адам...

 

Аударған: Бақтыгүл АУДАНОВА


Share:      
Leave a comment: