Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
MY OPINION
Жұмекеннің күнделігі. 10-11 тамыз

Blogs

21.02.2019
5025

Жұмекеннің күнделігі. 10-11 тамыз

Жұмекеннің күнделігі. 10-11 тамыз

Август, 10

 

200 м. жүруге рұқсат алдым. Мен бұл өлшемді қате түсініппін. Бір жүргенде 200 м. жүреді екем десем, күні бойына жүретін жолым (балконға шығу, асханаға, т-ке бару т.б.) осы болып шықты. Мен сықылды аяқ-қолы сау кісіге 200 м. не болсын! Әрі телевизор көруім керек. 


Біздің редакцияның кісілері келіпті. Келгендеріне рахмет. Мен бастықпын ғой. Ал, егер қатардағы (өздері сықылды) біреу болсам ше? Сонда өстіп тобымен келер ме еді? Әрине, өзім редакцияның кез-келген қызметкері ауырса – ұйымдастырып алып барам, алып барып жүрдім. Жо-жоқ, бұл өзінен басқаның адамшылығына, адалдық, жолдастық т.б. сезімдеріне күмән келтіру емес. Мен өзімді көз қарасы ескі, түсінігі де әжептәуір көнерген адам санаймын. Ал көз қарасы, түсінігі жаңа жұрт жолдастықтың өзін – керегіне қарай түсінеді, парызының өзін пайдасына шағады. Ауыр, бірақ шындық. Амал қанша. Солай, достарым!

 

Август, 11

 

Кеше кешке қарай Әбіш пен Клара кіріп шықты. Тахауи, Хамит, Естөре, Әбу-шал, Қалтай... бұлар да бір-бірден (ең азы) келіп кетісті. Жалпы, мен ауырсам ... ауырғандағы беделім – мынадай, өлсем, тіпті, мықты болам-ау деймін. Әттең оны тек (өзімді, беделімді) өзім көре алмаймын ғой. Бұ да бір өкінішті жай. Қай қазақ не біліп жүр.


Түнде телевизордан ядролы қарудың қауіптілігі туралы дискуссия болды. Сөйлеушілердің бәрі шешен екен. Әттең, іс жүзінде – тіл емес, қол шешен болса ғой – сол айтылғандар іске асып жатса... Пайдасыз жиналыстың көптігі содан. Сөйлеп кетсе – бәрі дұрыс айта алады, бірақ сөз жүзінде. Біздің Жазушылар Одағының жиналыстары да сондай ғой: ақылды сөз көп, ақылды іс жоқ. Барлық қасірет – қоғамның көзіне түсу, болып көріну т.б. Абай айтады ғой: «...десін, десін деп жүріп, демесіңді ұмытып кетеді». 
Ат-шапаннан кем көрме
Біреу атын қойса қу дейді.

 

Мұны Абай айтады. Күні бүгін Абайдан актуальды ақынды көргем жоқ. Дәл түседі-ау, дәл түседі. Бір құрдасым (менің) терең, өте күрделі, ойшыл кісі боп көрінем деп отырып – ұйықтап қалды. Тентек, шадыр. Сотқар болып көріну – «қаламгерге» кірген көп қаламгердің алдарына қоятын мақсаты сықылды. Шын ақылы бар адамдар анау-мынау ақынды ақымақ етеді. Ерсілеу, есерлеу бірдеңе істесе ештеңе етпейді, ақынның мінезі ғой деп, өп-өтірік кешіре салады. Какая глупость! Ақынның мінезі ең алдымен өлеңіңде, сонсоң өміріңде (іс-әрекетінде) көрінер болар! Жүз грамм ішіп, біреуге жұдырық түю – ақындық емес, ақымақтық.


Неге біздің поэзия орталық аренаға шықпайды? Абай аударылған жоқ. Махамбет аударылған жоқ. Қасым аударылған жоқ. Аударылғандар; С. Сейтхазин, М. Айтхожина, Ж. Молдағалиев (ең мықтысы), Қ. Жұмағалиев, Ө. Күмісбаев, Т. Әбдірахманова, Х. Салыхов, Ә. Жәмішев, Е. Әукебаев т.б. Алдағы жылдары Жазушылар Одағының Басқармасы А. Шамкенов, Г. Сейлжанова, Қ. Баянбаев, Ә. Райымбековтерді аударту үшін Москвадан ақындар шақыртып, жанталасып жатыр дегенді естиміз. Евг. Евтушенко сықылды біреу мұрындық бола қалса, кім біледі, жоғарыда аталғандардың ішінен де біреулер мықты болуы әбден мүмкін. Сондай мұрындықтардың арқасында бізде Олжастың өзіне сынар шекесімен қарайтын ақындар шықты.

 

О, соры қайнаған қазақ жыры! Сенің бағың ешқашан ашылмас. Қазақ өлеңін аудармақ болған орыс ақынының көзіне тек қана ақша елестейтін шығар. Өйткені қазақ өлеңіне жоғарыда аударылған ақындардың деңгейімен қараған кісіге ақшадан басқа не керек? Ал жұртқа бәрібір. Аударуға оңай, тек ақшасы бар өлеңі болса – ондай ел Қазақстан болмағанда кім болады? Кітап оқыған жұрт қайсыбір сөз, сөйлемдердің астын сызып оқиды. Мұндай әдет менде де бар. Бірақ мен кейін бір керегіме жарату, цитатқа алу үшін сызам. Өлеңімді, не мақаламды басқа біреудің (онша дуалы болмаған күннің өзінде) аузымен беркіту, санасы сырғақтау, өзіне-өзінің сенімі жоқтау (аздау) адамға жеткізу, көбіне-көп ойымды шыншылдығына өткізу үшін, цитата алам. Себебі өз талғамы, пікірі жоқ адам – кітап сөзінен /бұ жерде әйтеуір бір кітаптан алынған цитата / басқаға сенбейді. Менің жазып отырғанымның да кітап екенін де шаруасы жоқ. Қайран халқым ай.


Фантастикалық әңгімелер жинағын оқыдым (виток истории) көп беттер сызылыпты. Таң қалдым. Сызған тұстарын қадағалап, не үшін олай еткенін түсінуге тырысып ем – болмады. Ешқандай мақсат-мүдде жоқ сықылды. Әйтеуір сызу үшін сызған сынды. Сызып оқитын жұрт оқымыстылығын көрсету үшін солай етеді деп ойласа керек. Қазақтың психологиясы.

 

Ж.Нәжімеденов


Share:      
Leave a comment: