ОЙ ТАМШЫЛАР - 4

17.05.2017 7109

ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ

Шебердің ісі - оймақтай ойды тарының қауызына сидырып, оған шексіз әлем дарыту...

* * * * *

Ақынның жыры көргенін жырламай, көрмегенін жырласа аса аруақты болар ма еді... Тегі, көргенің керемет емес - кермек болған соң ғана жақсы Жыршы шығарсың...

* * * * *

Мәселені Ақын шешпес: Ақын - айтар жеткізіп Арызыңды... Ақын - кетсең салғырт, еске салар Парызыңды... Ақын - арағайын боп, қайтарысар Қарызыңды... Ақын - бірге жоқтар таяқ ұстап, Қазақ деген шер маңдай Жалғызыңды...

* * * * *

Соноу бір ертеде қалам ұстауға құмартып жүрген кезімде бір ағамыз айтып еді: Егер жазбай-ақ күнелте алсаң, жазбай-ақ қой. Ал, жазбасаң өмірің тұл көрінсе жаза ғой деп. Егер: Сенің жазғандарың бұдан былай кемінде елу жылдан соң ғана бағасын алады. Бұл жалғанда жүріп жарылқанамын деме десе, талай қалам ұстағыштар құмарларын өзгертер ме еді. Оқырманды бездіріп, руханиятты аздырып бара жатқан бір кесепат бар. Мұқабасы жарқ-жұрқ кітаптардың сыңсығанынан не пайда, ішінде дәм-тұз болмаса. 
Бетіне ешкімді қаратпайтын палуан да шынығады, сұрайды,Мен қалаймын? деп жаттықтырушысынан. Ал қаламға үйір кей туысқандардың ондай ғадеті жоқ. Түрткенінің барлығы ғаламат! Әсіресе шығармашыл жұрт өзіне еш күдіксіз болса ол - не аса талантты немесе әумесір! Әр сөзіңе сауысқаннан асқан сақтықпен қарамасаң - қас масқараңды шығарар...

* * * * *

Шеберліктің ең шырқауы - не жасасаң да әркімнің қолынан келетін сияқты оп-оңайлығы... Ал, оны неге шеберлік дер болсақ - оны әркімнің жасай алмауы...

* * * * *

Егер кісі шығарған өнімінен қандайда пайда көруді көздесе ол - тауар деп есептелінеді. Киім-кешек өндіресің бе әлде шығарма жазасың ба түпкі мақсатың осыдан атақ алсаң да, үлде мен бүлдеге бөленсең де әйтеу бір парқадар табу. Әрине тек, тауарың өтімді болып, сұранысқа ие болып жатса ғана...

Мүмкін бұндай теңеу біреуге тұрпайы да көрінер. Бүгінгі сатып

алушысы жоқ тауар уақытынан оза шығарылған өнімге сайылып, келешектен ғана орын табар ма... Рухани қазына - Ұлт болмысы.

Осыдан барып: Сенің шығарған Рухани азығың өзіңді асырай алмаса, кімді жарылқар?! деген де ой келеді...

* * * * *

Пікірдің де сынның да басты міндеті немесе көздегені намысқа тию емес - намысты ояту болса ғана: арба да аман, өгіз де сау...

Жеке басымыздағы уайым-қайғы аз болғандай, бізге жалпымызды сарсытар Жұт қажет сияқты. Жамандық - жаман кісі секілді есік қақпай кіре берер, ал жақсыны шақырып келтіре алмассың...

Несібең де ниетіңе сай, сондықтан әр таңды мен тірімін деп қуана қарсы алайық. Себебі, бұл жалғанды бар кезіңде өзің қадірлемесең, төңірегін түгел сөккіш пенде - о дүниеден де сүйкім таппас...

* * * * *Начало формы

Осындағы бір Достың: Ойымды аяқтайын десем, бірінен соң бірі шығып, түгесілетін түрі жоқ деп ағынан жарылғанын оқып өзім де ойға қалдым. Баяғыда Қожакең қонағына: Ботқаны тауыссаң астында палау бар дегеніндей, қазіргінің оқырманына әдемі тостаққа салған палауды дереу ұсынбасаң, торғай сияқты пыр ете түсері хақ.

Келе-келе әңгіме бір парақ, хикаят екі парақ, ал роман үш парақтан аспас... Бұл оқырманның талғамынан гөрі - уақытының сығымдалған қаттығынан туындар. Сөйтіп, осылай кете берсек: бір-бірімізбен көз қысысып, ыммен ғана ұғынысар кез де алыс емес-ау...

* * * * *

Әдебиет туралы соноу ықылым заманнан - талай тұжырымдар айтылып келе жатқанымен, әлі күнге тағы бір қыры ашылып, соны соқпақтар жөңкілуде. Әрине, бұл - зерттеушілер мен сыншылардың үлесіндегі іс.

Мені ойландыратын нәрсе – өткен ғасырдың жылымық тұсындағы қанат жайған қазақ әдебиетінен гөрі ғасырдың бастауындағы әдебиетке деген ынтызарлық. Оның себебін уақыт ұқсастығына балағым келеді. Өткен ғасыр бастауында да жаңа өмірге қадам басқан арманшыл сәт тұрды емес пе? Бұл ғасырдың басы да сол арманды үкілейтін тәрізді.

Елшілдік, жершілдік деген мешел ұғымдардан ада ұлт азаматтары осындай кезеңде қалыптасар. Тек солар ғана халықты жұмылған жұдырыққа айналдырар. Санасы саяси уытпен уланбаған ұлттық идеология да осыдан осылай етек алар.

Шөре-шөре күй кешкен кезеңнің сарқытын ішпеген, тың ойлы, өжет пікірлі, аталы сөз айтар азаматтарды көзім көрген соң ғана - осы пікір ойға келді.

* * * * *

Терезесі теңнің Сыны - теңдесі жоқ Сыбаға, терезесіз Түннің сыны - апарар сені Жыраға...

* * * * *

Жеке шығармашылық мектебі дегенімізді бір тұлғаның рухани кеңістігі ретінде қабылдау келтелік тәрізді. Ол да осы дәрежеге жеткенше талай тағлым алды. Соның арқасында өзіндік пәлсапасы, сөзбен ой түзу техникасы қалыптасты. Бұны мектеп дегеннен гөрі - шығармашылық ерекшелігі деген орынды ма? Ақын яки жазушы деген атақты да тек, өзінің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен ерек ойына ғана қарап таңған абзал болар. Ал, мен соның мектебіненмін дегенді - біреудің жүріс-тұрысын салған балаға балау керектей. Бұндай пікірді өз мектептері қалыптасқан он үздік ақынды таңдау деген жобаға байланысты айтып жатырмын. Ерте ме кеш пе мойындалған ақындармен қатар өз үнімен түңдікті түрген жастарды да ескерген жөн.

* * * * *

Қазақта Ымды түсінбеген дымды түсінбейді деген әдемі нақыл бар. Әмісе бәрін шәйнап беріп, жұтуға ғана үйренген сана Астар дегенді аңғармауы мүмкін. Жаман орыс әңгіме айтса ішкен жегенін, ..генін ...қанын тәптіштеп айтар. Хат таныған соң, оқи да білу керек. Ал басыңа торғайдыкінен көбірек мый берсе, сәл пәл ойлан... ары қарай тарат, мүмкін ақиқатын сен айтарсың. Өйткені оп-оңай сияқты жазылған дүние оп-оңай жетеге жете бермейді...

* * * * *

Сөз туралы қанша сөз айтылды десеңізші. Десек те сол Сөздің байыбына әлі күнге жете алмай келеміз... Сөзді құрал деп есептеудің кесірінен оның бойындағы Жанды сезбей жататын сияқтымыз. Бізше: күрек пен аша не, Сөз не - бір тектес болып кетті ме...

Сөз жеке тұрғандағы өзінің өңі мен ішкі мағынасын екінші бір Сөзбен жанасқанда қалай өзгертетін сиқырды меңгеру - шын шебердің ісі деп білемін. Сөзден заңдылықтарын сақтап, сөйлем құрай алу білімдінің шаруасы. Ал Сөзден Ой түзу ол, ол...

* * * * *

Көркем дүние: сурет пе өлең бе, ол қолдан ұрықтандырғандай жасанды әдіспен жаратылмас сірә, ол - соноу бір тылсымнан туған асыл сынды емес пе...Ондай дүниенің мүшелейтін қаңқасы да болмас, өйткені ол жұмыр тастай бітік жаратылар, егер жаратылса...

* * * * *

Өз ісінің шебері қателік жібермеуі тиіс. Шеберді сынаған кінәлі емес, сынға ұшыраған шебер кінәлі.

* * * * *

Исі Қазақ сөз зергерін Ақын деп ардақтады емес пе?! Осы қасиетін әркім әрқалай ұғатын асыл атаудың Отауы - күллі жазу дарыған Азаматтарға ортақ деп санаймын...

* * * * *

Сүрген өміріңді айта алған да бір өнер, адам айта алмайтын өмірді өткерген де бір өнер...

* * * * *

Ақын болар бала - о бастан сотақар келер, оның күндігіне шығаратын он айқасына сау адам төзе бермес, сондықтан оларды өз бетімен жіберген жөн. Себебі: олар сеңді бұзған Мұзжарғыш кемедей жамандықты тарқатып, жақсылықтың жолын төсейтін Жанкештілер іспетті...

* * * * *

Бір ақылсыз қыздың газетке жазған хатында: Я хочу прожить жизнь, как Сергей Есенин... деген тілек бар еді. Шынайы ақынның шығармасы болмаса - өмірі адам қызығарлықтай бола бермес. Сондықтан оның өмірін сүруге ұмытылғанша - өлеңін оқып танысай...

* * * * *

Бір талантты да танымал ақынға жазылған алғысөзді оқып ойға қалдым. Анаған ана жері ұқсайды, мына жерінен мынауды шырамытамын деген сияқты теңеулерден аяқ алып жүре алмадым. Баласы - не нағашысына, не өз жұртына ұқсамаса көршісінен көретін қазақтың харакеті сияқтанды маған, бұл... Ал көршісіне де ұқсамаса бұны Тәңірдің өзі берген деп ерекше есіркер... 
Сол сияқты ешкімді елестетпейтін көркем дүниені Құбылыс деп атау орынды болар... Құбылыс дегенімізді - тыңнан жаралған тылсымдық оралым десек, ол жұққан ақынның шығармасы қатардағы талдауға жатпас...

* * * * *

Начало формы

Начало формы

Аударма дегеніміз - бір нәрсені теріс қаратпа деген ұғым сияқты...

* * * * *

Аударма жасау дегеніміз - сірә, өсіп тұрған терек пе, қайың ба соны түбірімен қазып алып, өз бақшаңа қондырумен тең сияқты ма... әлде оны иіп, бұрап өзің қалаған ағаштың ұсқынын жасауға далбас па... тегі, байқағаным: кей шығарма аударылды дегеннің өзінде ішкі діңі туыстықпен майыспай, екі жаққа да жат тілмен сөйлейді...

* * * * *

Қазақта қоспа деген сөз - мал қосқанды айтады: біреуге мал қоссаң, одан кейде өз малыңды қайта ала алмайтын жағдай да болады... Сол сияқты аударма дегенді қалай десек екен... сынын бұзбай аудара жатсаң - Аудардым деп марқаясың... ал кейде кейбір аудармаларды оқып отырып, түсіну үшін оның түпнұсқасын іздеуге тура келеді. Сондықтан: Аудара алсаң Аудар, аудара алмасаң Аударма дейміз бе...

* * * * *

Шығарманың құндылығы мен оқырманның алғырлығы қабаттасып жатса - таң шапағымен ояна сала сүйіктісіне күнде ғашық болатындай ғажап күйді кешер ме едің. Әр бетін қайта аударған сайын, жаңа сыр мен нұрды танып, мағынадан мағына тудыра берер ме едің... Ой мен Сұлулықтың шексіздігіне қайран қалар ма едің...

Баршаңызға тілерім, осы ләззатты түйсіну...

* * * * *

 Біреудің сөз саптауы мен ой түзу сарыны ескіліктің нышанындай тереңнен қозғалып, кеше мен бүгінді ұштастырар... Ал енді біреу - бүгіннен алабөтен тартып, өзінің оқырманын келешектен көрер... Сосынғы бірдің тағдыры бүгінмен ғана астасып, иі қанбаған, жайдақ баянның ауылынан аспас...
Осы үшеуін де зерделеп, жігін ажырата түсінуге ұмтылған оқырман ғана Заманына сай келер... Себебі, жікке бөлінгенмен бәрі бір тұтас - Руханият...

* * * * *

Көзінің тірісінде өз өнерінің қызығын көріп, дүниеге белшесінен батқан Эмиль Золяның дәулетіне тамсана тұрып, оның әрекідік киім-кешегін кепілдікке өткізіп, үстіне ақ кебін сияқты дәке жамылып, прован майын жаққан қара нан мен қара суды қорек етіп, өзінің атақты шығармаларын шатырдың қуысында отырып жазғанын еске ала бермейміз... Сосын өзіміз бірдеңе жаза қалсақ, алдымен атақ пен дәулетті ғана мансұқ етіп, ал оның бейнетін өзгенің маңдайынан оқығанды тәуір көреміз...

* * * * *

Классик (танымал, белгілі, көрнекті т.т) болу деген жаңғырық қабылдамайтын жартасқа айналып қатып қалу емес шығар, әсте. Шынайы ғаламат шығарма әр оқыған, тыңдаған не көрген сайын жаңа қырдан танылып, ашылары хақ... Сондықтан жорта қолпашпен жасанды классик атанғандар жаңашылдықтан жұрдай келеді де өзгелердің ізденістерін түсіне бермейді... Баяғыдағы бетон бағыт соцреализм әлі бардай көретін сияқты ма, қалай?..

Бөлісу: