«Алашорда» фотоальбомы таныстырылды.

10.01.2019 5531

Бүгін қазақ руханиятындағы ерекше күн болды. Оған себеп кітапханамызда Алашорда үкіметі мен  Алаш автономиясының 100 жылдығына орай  «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған  ғалым, жазушы-алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Движение Алаш» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен белді журналист Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының  таныстырылымы өтті.

 

Әлеуметтік маңызы бар қос жобаға қаржылық қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Лима Диас, тарих ғылымдарының докторы, Түркияның Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақал Қара, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саяясаттану ғылымдарының докторы Берік Әбдіғали, Гүлнар Қара, Сағымбай Жұмағұлов және «Ел-Шежіре», «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау» қоғамдық қорларының қызметкерлері мен отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері және БАҚ  өкілдері қатысты. 

 

Мақсаты – Алаш қайраткерлерінің өмірі мен  қызметін ұлықтау, ұлт-азаттық жолындағы қозғалыстың мәні мен маңызын көрсету, Алаш арыстарының еңбегін насихаттау және мәңгілікке қалдыру. 

 

Алаш қозғалысы – Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс екені белгілі. Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазақ елінің өзін-өзі басқаруы, дербес мемлекеттік жүйе құру, шаруашылық пен өнеркәсіпті өркендету, демократиялық қағидаларды ұстану, білім мен мәдениетті дамыту болатын. «Алаш» қозғалысының мақсат-мүдделері бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік және рухани-мәдени даму бағдарларына толық сәйкес келеді.

 

Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомында Алаш арыстарының өмірі мен қызметі фотодеректер арқылы көрсетіліп, мұрағаттарда сақталған 390 қоғамға тансық түрлі суреттер берілген. Тұрсын Жұртбайдың «Движение Алаш» атты 3 томдық жинағы архивтегі құпия құжаттар мен сот материалдары негізінде құрастырылған. 

 

Сондай-ақ, кітаптың тираж санының көп болғанын және мектеп бағдарламасына қосу қажеттіліктері де талқыланды.

Бөлісу: