ЖАЛҒАН-АЙ - 1

24.05.2017 6739

/Төрт перделі драма/

Қатысушылар:

Самажан - сексенге таяған ақсақал

Мақсат – отыздағы жігіт, Самажанның жалғыз ұлы.

Гүлім – Мақсаттың келіншегі

Жұмагүл – Самажанның бауырына басқан қызы. Жасы елуден асқан.

Желкен – Мақсаттың жолдасы. Жастары тете.

Тайбек  – Мақсаттың сыныптас құрдасы.

Оңай – Мақсаттың қайын енесі. Зейнет жасына енді келген.

Балалар - Мақсат пен Гүлімнің ұлы мен қызы. Бес және үш жастар шамасында.

Бозбала - Жұмагүлдің мектеп бітірген ұлы.

 

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Шағын бөлме. Жалғыз терезені газетпен тұмшалаған. Қарама-қарсы қабырғаларда екі темір кереует. Ортада ас ішетін стол. Оң жақтағы кереуетте ақсақал адам бір қырымен шынтақтап жатыр. Ол қолындағы шиыршықталған газетпен шыбыннан желпініп, маңына қонған қанаттыларды соғып қалады. Оған бетін қаратып, стол басында отыздар шамасындағы өте жүдеу жас жігіт отыр. Арқасыз тәбіреткі ол қозғалған сайын шыйық-шыйық етеді.

Мақсат: Әке, түнімен жүрегім үзіліп, тоқтап қалатындай қиналдым.

Сосын ылғи жаман түс көріп шықтым. Сол жағым әлі ұйып тұр...

Самажан: Күндізгі, ойларың ғой. «Түс - түлкінің боғы» деген,

жамандыққа жорыма. Керісі келсін де...

Мақсат: Бұл тектен тек емес секілді. Жүрегім бір нәрсені сезеді. Жамандыққа жоруға рас, дәтім бармайды, тек...

Самажан: И-и-и балам-ай... Шешеңнен аумай қапсың! О жарықтықтық та өстіп сәуегей боп отырушы еді.

Мақсат: Түсіме анам жиі кіріп жүр. Ол емделген ауруханаға бара жатам да аяқ-асты оны ұмытып кетіп, басым ауған жаққа кетіп қалам.  Сосын анама кіріп хәлін сұрай алмағаным есіме түсіп, өкінемін! Сөйтіп бастырлығып жатып, әрең оянам.

Самажан: Шешең жарықтық, көп бейнет көрді, сен не көрдің? «Түс - түлкінің боғы» дедім ғой!

(Самажан баласының сөзін жақтырмай, қақырынып-түкірініп кереуетін безілдете шыйқылдатып теріс аунайды. Сәлден соң пыс-пыс етіп барып, ұзын-сонар қорылға басады. Жігіт орнынан түрегеліп, үйдің қалқасына шығады. Тапал орындықта бүктісіп отырады. Көше жақтан тіршілік дауысы шығады. Ары-бері жүрген көліктің дүрілі. Адамдардың дабырласқан сөздері. Бұны таныған бір адамның даусы естіледі )

Тайбек: Мәке, сәлем! Бас түзететін бірдеңе бар ма? Кеше әкеміз зейнетақысын алып жатқан сияқты еді, денсаулық үшін дегендей... Әкем үйде ме?

Мақсат: Ұйықтап жатыр. Сен келеді деп бір жартысын алып қойған, оянғанша тос.

Тайбек: Рас па, ей?

Мақсат: Сені қашан алдап едім?! 

Тайбек: Ішім жалап барады! Шайнайтын бірдеме бар ма? Қабыр садақасына берген көк ешкінің басына су құйдың деп - бәйбіше неше күн болды. үйге жолатпайды. Жесір қалатын қатын!..  

(Мақсат айналып барып столдағы табаны, бір-екі жапырақ нан мен әкесінің төсегі астында тұмсығына стақан киілген, басталған шөлмекті ұстап, ана жігіттің қасына келеді. Оған орталай құйып береді. анау көзі алақтап, қолдары қалш-қалш етіп, шашала ішіп, көзінен жас шыға жылап жібереді. Аузына қомағайлана тамақты істіктеп, малжаңдай сөйледі.)

Тайбек: Сенің әкең екеуіңнің жақсылықтарыңды өле-өлгенше ұмытпаспын! Қарымын бір қайтарамын, ант-су ішем! Ынтықи! (Жұдырығымен кеудесін түйеді)

Мақсат: Неше айтқан уәдең ғой! Құдайдан қайтсын...   

Тайбек: Құрдас, сен өмірдің азабын тартқан жоқсың, мен секілді... Өмір деген – күнде бірдеме дәм ету!

Мақсат: Сені азапқа кім салып жүр? Арақты тастасаң бір проблемаң жоқ дей бер.

(Тайбек қатты ойланған сыңай танытып, басын шайқайды.)

Тайбек: Жо-оқ. Олай ете алмаймын! Онда мен бұл өмірдің тәлкегіне төзе алмай, асылып өліп қалам! Мен – шорт адаммын!

Мақсат: Жаныңды сақтап жүрген арақ екен ғой?

Тайбек: Әр адам өмірге бір мақсатты орындау үшін келеді. Мысалы мен арақ ішу үшін келдім...

Мақсат: Өстіп тіленіп пе?

Тайбек: Сілекейімді ағызбай, екі аяқ тең болсын деп құйсай... арақ сенікі емес - әкеңдікі ғой...

Мақсат: Қатының қуатындай жөні бар екен сені. Осылай сұрап ішкенге

арланбайсың ба? Сен бұндай емес едің ғой?

Тайбек: Е сен де бұндай болған жоқсың! Ұшқыштың формасын киіп бір, ана сұлу қатыныңды қолтықтап кеп елді екі талдырған Мақсат қайда?! Қайда деймін? Отырсың міне итіиіп!.. Хәлің менен де жаман!

Мақсат:  (Мақсат басын шайқайды.) Менің тағдырымда сенің шәруаң болмасын!

Тайбек: Иә, оның рас.Тек, тағдыр саған дұрыс жасамады! Сен ауылдың ғана емес, ел мақтанышы болатын адам едің! Нағыз бақытты адам сен

сияқтанғансың! Бәрі алдамшы, қу жалған! Кетер аяқ деп ырым жасасайшы... Әкемнің әруағы үшін, елу грамм!..

(Мақсат жақтырмаған шырай танытып, әкелгендерін жинастыра бастады. Анау жалынышты кейіппен Мақсатқа сұрана, тілене қарайды. Бөлмеден Самажан шығып келе жатады. Жаңағының сөзін құлағы шалады.)

Самажан: Қай әкелеріңнің әруағы үшін ішкелі жатырсыңдар? Мен әлі тірі секілдімін!..

Тайбек: Мыйдан шатасып кеттім әке! Кешіріңіз, өз әкемді ғой, әруағыңнан айналайын талай рет дойыр қамшының астынан алып еді, осы қу арақ үшін!

Самажан: Көрініп тұр, ем болмағаны! Бар, жөнел! Ертең де келетініңді ұмытпа. Менің тіземе жағатынды қалтырдың ба?

Тайбек: Иә, әке! Мақұл, әке, кеттім, кеттім... Көзім ертеңге дейін құрыды дей беріңіз. сіз болмасаңыз жүрегім тоқтап, баяғыда серейіп қалар едім. Рақмет, әке!

(Анау буынын былқылдата серпе басып, сырт айналып кетеді. Мақсат әкесіне орын береді. Самажан аласа орындыққа отыра алмады. Соны байқаған баласы іштен биік тәбіртекі алып шығады.)

Самажан: Үйдің іші қоңырсалқын екен. Жаурап қаппын. Күншуақтың рахатын қарашы. Сүйек ескірген сайын жылыны жақсы сезеді. Ана пәлеңді тастап кет, кішкене тіземе жағайын... Ауа райы бұзылайын деп тұр ма қақсап барады.

Мақсат: Әке, мен ішке кіріп, кішкене дем алайыншы. Жүрегім қағып тұр.

Самажан: Бара ғой, балам... (Ақсақал жалғыз. Өзімен өзі сөйлесіп отыр) Е дүние-ай, десеңші... Үх!.. Көресіңді көрмей көрге түспейсің деген осы екен ғой... Мына шақшадай бастан не өтпеді! Жер төңкеріс, ел төңкерісті де көрді. Қызыл аштық пен қанды қырғын соғыстан да аман өттік. Бейбіт күнге де жетіп, еңбектің ащы тері тілге үйірілді. Құдайдан ұл тіледік. Бетімізді қайтармай Есілбек екеумізге бір-бір ұл берді. Е... Есілбек досым, сенің бағың бар екен, кемпіріңнің алдында осы сұмдықты көрмей, кетіп қалғаныңа қарағанда... Қарғайын десең жалғызың қарғамайын десең – жалмауызың... Өз ұлымның түрі анау қатын-баласын тастап, денсаулықтан да айырылып, далада қалған мені қайда апарарын білмей дал боп жүргені. Тәңіріме не жаздым деп, қанша сұрасам да жауап жоқ. Соноу шиеттей кезімізде ағайынды бесеумізді әке-шешеден жұрдай қылған құдайдың - ала алмай келе жатқан тағы нендей өші бар еді?! Оларды да соңында тірі қалған мен жұтқандай еттің. Бірі аштықтың, бірі сұм соғыстың құрбаны болса да... Таяққа сүйеніп, бел еңкіш тартқанда кемпірден де көз жаздырдың. (Басын шайқап, сәл үнсіз отырады). Береке сенімен кетті Қайнышым!.. Сенің құрсағыңнан шыққан жалғыз қызды жұдырықтайынан бауырыма басып жеткізгенмен - өзің кеткен соң опа таптырмады. Қызылкөз пендешілігі жеңді. Бір қабат төсек-орынмен ғана, өзім төбесін көтеріп, екеуміз түтін түтеткен үйден қуып шықты. Енді міне... әлдекімнің тауық қорасын жарымжан ұл екеуміз паналап жатырмыз, Қайнышым!.. 

(Осы арада ах-үһ деп ыңқылдаған бір адамның даусы естіліп, ілесе басындағы шыты қисайған олпы-солпы киінген Жұмагүл келеді)

Жұмагүл: Аспан айналып жерге түсейін деп тұр ма әдірем қалғыр!? Бір ұрттам су берші, әке.

Самажан: Ішке кіріп іше ғой...

Жұмагүл: Оған шамам жоқ. Осы араға әрең жеттім, қаталап!

Самажан: Мақсат, әу Мақсат! Әпкеңе бір ожау су әкеп берші! (Ожауды басына қотарып, маңдайынан шыққан шып-шып терді шытының етегімен сүртеді. Ақсақал орнынан түрегіп, баласына сыртта қал деп ымдайды.)    

Самажан: Қызым, ішке кірелік, сонда салқын көрінеді. Бір шаруамен келген шығарсың? (Екеуі бөлмеге кіреді)

Жұмагүл: Иә, әке. Мен ел-жұрттың алдында өзімді-өзім қарабет еттім!  

Әлдекімдерге еліктеп, шыдасаң осы, шыдамасаң әні деп сақалыңды бір талдап жұлмақ болдым! Шайтан мені шатастырды! Қайтыңдар үйге.

Самажан: Өзің түгілі бала-шағаңды асырап-жеткіздім деп еңбегімді бетіңе баспай-ақ қояйын. Осының барлығына жынды су кінәлі. Соны қойсаңшы, қалқам! Осының кесірінен бес баланы тірі жетім етіп, күйеуден айырылдың. О байқұсты жабылып сабадық та саған қол тигізді деп...

Жұмагүл: Айтып отырғаныңыздың барлығы рас! Маған кешірім жоқ! Бәрін өз қолыммен бүлідіріп келемін! Қойғым-ақ келеді, қоя алмадым!

Самажан: Жарайды, қызым. Келген шаруаңды айт.

Жұмагүл: Үйде қатқан нанның үгіндісі де қалмады! Балалар аш. Атама барып тамақ алатын ақша сұра деп мені жіберді.

Самажан: Ақша бере алмаймын... Дүкеннен тамақ алып бергізейін.

Жұмагүл: Екі ортаға ыстық күнде жүрем деп ауырып қаларсыз, өзім-ақ!..

Самажан: Саған ренжідім екен деп немерелерімді аш тастамаспын! Менімен бірге жүр, керек-жарағыңды айт. Сосын олардың да иістерін сағынып қаппын! Бір-бір иіскеп қайтайын...

Жұмагүл: Олар ойнап кеткен шығар... Көп емес, ең құрғанда бір жартыға берші, әке!..

Самажан: Соныңды біліп едім... Әне, төсектің астында тұр, шөлің қанғанша іш те қайқай!

Жұмагүл: Қанша жек көргім келсе де осы мырзалығың мені жауырынға түсіре береді, әкетайым! (Арақтан жөпелдете ішіп алады.) Мен бір шіріген жұмыртқамын! Туған әкемді әке дей алмадым! Қанқұйлы соғыстың қай шұқырында қалғанын кім білсін?! Өзіңді көзімді ашқалы әке деп келемін. Осы ниетім үшін бәріне көнуің тиіс еді. Сақалыңды жұлам дегенім үшін мені бала-шағаммен тастап кеттің! Неге? Неге деймін?!

(Ақсақал үн-түнсіз отыр. Әйел адам басын ұстап біраз гөй-гөйлеп сұңқылдады да құмыраның түбіне қарады.)

Самажан: Қарағым, жаман ырым бастама! Елді кіналағанша бір уақыт өзіңнен де сұрасаңшы, мен не қып жүрмін деп.

Жұмагүл: Сенің зейнетақыңа қарап қалды дейсің бе? Бір төл туса, бір жусан артық шығар деген. Өлмеспіз! Өлексе ұлың екеуіңнің өнерлеріңді күн суығанда көрермін! Кімнің артын паналар екенсіңдер!

Самажан: Асылық жасама, қызым! Ел естімесе де құдай естір. Бара ғой жөніңе...

Жұмагүл: Бар сый-сияпатым ашылған бөтелкеден аспады ғой. Кетейін, мен,

кетейін, абыройымның барында. Қазіргілер қадыр-қасиет дегенді білуден қап барады. Көресіңдер әлі, бес балам ер жеткенде есігімнен аттатпаспын ешкіміңді!  (Әйел екі қолымен ауаға сүйеніп, сыртқа бет алады. Шыға сала жаман дауыспен айғай салады.) Ойбай, бауырым-ай! Бір құрсақтан шыққан қарғам-ай! Сені де құдай әкетті ме! Аттан! Аттан! Ел қайда?! (Үйде кереуетте отырған Самажан жаман дауыстан елең етіп, үш ұмтылып тұра алмайды. Кереуеттің аяғында сүйеулі тұрған таяғын алып, қос қолдап жерді ұрғылайды)

Самажан: Мені керексіз қып, маңдайыма біткен жалғызымда нең бар еді о Жаратқан!? Алсаң мына мен отырмын ғой, аттай жарап!  Жалғызымды тастап кетші, артыма! Осынша ғұмырды баламның басына мола тұғызып кетсін деп бердің бе Аллам-ау!? Топырақты содан бұйыртсын деген жалғыз тілегімді қабыл ет, Тәңірім, қабыл ет!!! (Еңкілдеп жылайды.)

 

ШЫМЫЛДЫҚ.

 

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Коммуналдық пәтер. Гүлім бестер шамасындағы ұл мен үштегі қыз баланы стол басында тамақтандырып отыр. Сыртқы есіктің құлыбын өз кілтімен ашып, ұшқыш киімін киген Мақсат кіреді. Екі бала астарын тастап, «Папа келді!» деп жарыса есікке ұмтылады. Олардың соңынан Гүлім де ілеседі. Мақсат балаларын еңкейіп бауырына басады. Сосын екеуін де көтере беріп, ауырсына отыра кетеді.)

Гүлім:  Мақсат саған не болды?!

Мақсат: Ештеңе етпейді. Қазір қояды. (Балалары шошыған сыңаймен әкесінен алшақтайды да өз бөлмелеріне кетеді. Мақсат жүрек тұсын уқалап, диванға жантаяды. Гүлім оған стаканмен су әкеледі.)

Гүлім:  Су ұртташы, жаным! (Мақсат бір ұрттап, қайта жантаяды )    

Мақсат: Отряд командирі отбасылық проблемаңды толық шешкенше демалыс берем деді.

Гүлім:  Басты проблема сенің денсаулығың боп тұр ғой, жаным! Асқынып кетпей тұрғанда жатып қаралсаңшы. Ата далада қалған жоқ қой ел ішінде емес пе?!

Мақсат: Әкем басына шын қиындық түспесе бекерге мазаламас еді. Менің баруым керек.

Гүлім:  Бізді неге ойламайсың? Сен ұзаққа кетсең балалар қайтеді? Ел бізді ажырасып кетті деп шығарар, әуелі!

Мақсат: Елдің сөзі мен үшін маңызды емес! Сендерді біржола тастап бара жатқан жоқпын ғой. Егер анам тірі болса әкем екеуі шүйіркелесіп отырар ма еді, амал қанша!

Гүлім:  Сенің әпкеңді бірге тумаған деп ешқашан ойламаппын! Сол кісі десе ішкен асыңды жерге қоятын едің ғой. Адам таң қалады екен!

Мақсат: Өзім де түсінер емеспін. (Күрсінеді. Осы арада есіктің қоңырау шылдырайды. Гүлім барып ашады.)

Оңай: Түнімен жаман түс көріп, ауырып шықтым. Төс сүйегім шаншып, тынысым тарылып барады! (Кіре сөйлеп келе жатып, диванда жатқан Мақсатты көріп, аңтарыла қарайды.) «Жатқаннан жарылқа!» деп мына жатыстарың жақсы екен! Тапа тал түсте...

Гүлім:  Мама, бос сөйлей бермесеңізші! Мақсат науқастанып қалды.

Оңай: «Сыныққа сылтау» десеңші, жап-жас адамда қайдағы науқас? 

Гүлім:  Жүрегінен ақау табылып, тексеруден өтпей қалды. Енді оған ұшуға мүлдем болмайды!

Оңай: Отызға жетпей мүгедек десеңші! Қолынан енді не келеді? Күзетке тұрмаса.

Мақсат:  Бала-шағамды өзім-ақ асыраймын, ешкімге күнімді салмай...

Оңай: Оған күмәнім жоқ. (Кекесінмен мырс етеді.) Тек менің қызымды жесір қатын қыларың жаныма батып кетті!

Гүлім:  Мама!!!

Оңай: Немене, мама?! Байға тимей тұрғанда айту керек еді мама деп! Енді мамалағаннан не пайда? (Мақсат диваннан тұрып сырт киімін кие бастайды) Қип етсе осы, сөз көтере алмайды! Құлақтарын басып тұра қашады. Шындықтан қашып құтыла алмайсыңдар, бәрібір! Білгем мен, осылай аяқталарын! О сорлатқан құдай!!!

(Мақсат сыртқа шығып кетеді)

Гүлім:  Мама, осы бір жаман ырым бастамасаңыз жүре алмайсыз ба? Болары болды, түгел айтайын. Мақсат ұзақ уақытқа демалыс алып, еліне барады. Әкесі науқас екен.

Оңай: Жетіспегені осы еді! Сексенге келген шалдың ғұмырын ұзартпақшы ма? Өлсе хабарын берер... Кім өлмей жатыр!

Гүлім: Атамыз қараусыз қалыпты.

Оңай:   Ана бір қызы бар еді ғой! Ол да өліп қап па? Әйелдің артында қалған еркек оңбас!

Гүлім: Ол жағын білмедім. Оған шұғыл түрде бару керек.

Оңай:  Сен де ілесіп кетпейсің бе!? Махаббат-сахаббат деп өліп-өшіп тиген байың емес пе? Қайтып келмей қойса қайтесің? Оның басқа ойы бар шығар?

Гүлім: Туу, мама-ай! Жоқтан өзгені қиыстырмашы...

Оңай: Үлкен адамның ақылын тыңдамай, өміріңді өз білгеніңше қиыстырып, енді былыққа батайын деп жатқан мына сенсің! Обалың әкеңе, үстіңе шыбын қондырмай өбектеп, бетіңе жіберген!

Гүлім: Мама, осы күні кеше ғана менің күйеубалам мықты ұшқыш, ананша марапаты бар, өз еңбегімен үй алды деп елге мақтанған сіз емессіз бе? Енді не болды?

Оңай: Мақтанатын кезде мақтанам, даттайтын кезде даттаймын! Мен сондай әділ адаммын! 

(Балалар кірген есік сәл ашылады. Саңлаудан екі бала сығалайды)

Балалар: Мама, әже қашан кетеді? Біздің ішіміз пысты. Шығайықшы.

(Оңай оларға жалт қарап бұлқан-талқан болады)

Оңай: Бұ не масқара!? Немерелеріме құбыжық боп көрінетін болғанбын ба?! Астапыралла! Астапыралла! Бұлардың анасы емес – жауымын, сірә! Қой кетейін!

(Оңай тез жиналып, шығып кетеді. Гүлімнің қасына балалары келіп екі жағына отырады. Ол үнсіз жылап отыр. Екі баласы оның көзін сүртеді.)

Балалар: Мама, жыламашы! Біз де жылаймыз онда.

Гүлім: Айналып кетейін, шырақтарым, менің! Бар ойнай қойыңдар. (Балалар еркінси жүгіріп өз бөлмелеріне қайта кетеді. Есік шылдырайды. Гүлім барып ашады. Мақсаттың жерлесі Желкен кіреді. Ол көзі қызарған Гүлімге таңдана қарайды.)

Желкен: Мен мезгілсіз уақытта келген сияқтымын? Кейінірек келермін...

Гүлім:  Жоға, төрлет! 

Желкен: Дос қайда?

Гүлім:  Досың сыртта жүр еді, ұшыраспаған екенсіңдер ғой?

Желкен: Ренжімесең, сырттан тауып жолығайын. Бір шаруа боп қалды да... Әйелім әне бір сіңлісін стюардесса қып орналастырам деп құлақ етімді жеп болды! Сасқанымнан Мақсатқа келгенім ғой...

Гүлім:  Рүстем, досың медициналық тексеруден өте алмай, ұшуға рұхсат бермеді. Жүрегінен кінарат тауыпты.

Желкен: Не дейд?! Мүмкін емес!

Гүлім:  Солай боп тұр. Оның анасы да осындай дерттен көз жұмған.

Желкен: Ол кезде қазіргідей медицина дамымады. Енді жүрек дерті проблема болудан қалды ғой. Стентирование, шунтирование дейсің бе...

Гүлім:  Иә, оның рас. Мақсаттың папасы тез жет деп хабар салыпты. Сол жағы да қинап тұр. Досың жол жүргелі жатыр.

Желкен: Жұмысын қайтеді? Е, ұшудан шектеген екен ғой. Бала кезден арманы еді! Рас, қиын болған екен!..

Гүлім:  Отряд командирі: «Тасымалдау бөлімінің» бастығы жуырда зейнетке шығады, соның орнына барасың.» депті. «Сен сияқты қадрдан айырылмаймын. Отбасылық шаруаңды қашан реттеп келгенше демалыс берем» деген екен.

Желкен:  Нағыз азамат, командирлері! Мақсат та мақтап отыратын, өте әділ адам деп.

Гүлім: Кешір,  Желкен! Шәй қоюды ұмытып кетіппін ғой! Мақсат та кеп қалар. (Желкеннің көңіл-күйі бұзылып, тез кетуге ыңғай танытып, қипақтай бастайды.)

Желкен: Бекер абыржымашы! Бұйырған шәйді ішіп жүрміз ғой. Тығыз жұмыстарым бар еді, тағы хабарласармыз. Мақсатқа сәлем айт, ұнжырғасы түспесін деп.

Гүлім: Рахмет, Желкен! Мақсатты тоссаңшы... Сені көріп, қуанып қалар еді.

Желкен: Бәрі есептеулі заман ғой, әр минутқа дейін. Саңлау тапсам, соғып кетермін. Ренжіме.

(Желкен Гүліммен қоштасып сыртқа шығады. Гүлім қонағын шығарып салып, жорнал стөліне жайғасады. Оның үстінде жатқан альбомды алып, жайлап ақтара бастайды.)

Гүлім: Күні кеше ғана алаңсыз жүрген жастық шақтың қағаз бетіне тұнып, мәңгілікке сілтідей тынғанын қарашы! Мынау Мақсатым екеуміздің алғаш танысқан кезіміз, саябақта жүріп. Жұмыр жердің бетіндегі сыңарын тапқан тек екеуміз ғана сияқтанған едік-ау, сол бір күндері! Иә, мен саған қарап өзімді танысам, сен мені бақытымсың деп көкке көтеруші едің. (Мамаларының дауыстап сөйлеген сөзін естіп, екі бала қасына келіп, альбомға үңіледі. Дауысы сәл дірілідеп, Гүлім сөзін жалғайды.) Мынау папаң екеуміздің үйлену тойымыз.

Балалар: Тойларыңа бізді неге шақырмағансыздар?

Гүлім: Жандарым-ау, сендер туған жоқсыңдар ғой!

Балалар: Тумасақта шақыру керек еді!..

Гүлім:  Қошақандарым, менің!

(Бұлар өзді-өзі боп отырғанда Мақсат кіреді де ту сырттарынан қызықтап тұрады.)

Мақсат: Рас, бір қателік болыпты! Сендер біздің жүрегімізде жүргенсіңдер, шақыруға ұмытып кетіппіз...

Балалар: Олай емес! Біз апамыз бен атамыздың ауыздарында жүргенбіз. Солар «Ақ!» дегенде түсе қалғанбыз!.. (Балалар күледі. Оларға қосылып әке-шешесі де күледі.)

Гүлім: Жандарым менің! Енді барып ойнай қойыңдар. Папаларың дем алсын. (Балалар өз бөлмелеріне жарыса кетеді. Мақсат диванға жантаяды. Оның бас жағына Гүлім отырып, Мақсаттың басын алдына сап, маңдайынан сипайды.)

Мақсат: Сенің жұп-жұмсақ, аялы алақаныңды сағынатын болдым ғой!

Гүлім: Жаным-ау, біржола кетіп бара жатқандай болмашы! Жүрегімді ауыртып...

Мақсат: Кешір... жаным! Төбеден жәй түскендей ойран-топыр боп кетті ғой...

Гүлім: Ештеңеге алаңдама, жаным! Аман-есен барып, атаны бір жағына шығар. Келем десе орын бар ғой. Немерелеріне бас-көз болады.

Мақсат: Әкем қалаға үйренбеген адам, көнсе жақсы. Алған бетінен қайтпайтын бірбеткей кісі. Барғанда не істерімді білмей, әзірден қажый бастадым!

Гүлім: Алдын-ала сарыуайымға салынба, жаным. Барғасын көрерсің. Айтпақшы Желкен досың келіп кетті. Балдызын стюардесса қып орналастырсам деп жүрген көрінеді.

(Мақсат алғаш рет мырс етіп күледі.)

Мақсат: Оның балдызын алып ұштым дегенше - қосымша екі-үш жолаушы алғаның ұтымды емес пе!

Гүлім: Неғып?!

Мақсат: Ондай жұмысқа қойылатын арнайы талаптар бар ғой. Соған сай болуы керек. Тағы әйелі шығар, сіңлісін тықпалап жүрген.

Гүлім: Сен енді ұшпайды деп едім, түсі бұзылып тұра қашты!

Мақсат: Ол менің ұшпағанымнан емес, әйелінің тапсырмасын орындай алмағанынан түсі бұзылып қашты...

Гүлім: Әйелі расында тым бейпіл, адуынды! Бірақ ер адамды олай қорлауға болмайды ғой! (Мақсат Гүлімнің бетіне бұрылып қарады да жұмбақ пішінде жымиды.)

Мақсат: Менің ешкімге ұқсамайтын ақжүрегім!

Гүлім: Сен арамданбай айт! Неге жымидың, астарланып? Білем! Мамамды меңзегеніңді. Мен папамның қызымын! Әжемнің тәрбиесінде өскем.

Мақсат: Жаным, сен ерекше жаратылған жансың ғой! Соңғы кезде қатты шаршағыш боп кеттім...(Көзін жұмады. Гүлім оның тынши жатқан бетіне көзі мөлт-мөлт жасқа тола қарайды. Әлсін-әлсін саусақтарының ұшымен сүртіп қояды.)

 

ШЫМЫЛДЫҚ

(Жалғасы ЖАЛҒАН-АЙ - 2) 

 

Бөлісу: