Менің ауылым

24.05.2017 9502

Тоқсаныншы жылдардың басы. Менің әпкемнің С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқитын кезі.  Хім, осы жерде менің есіме жақында өзім қатты қадірлейтін ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Шекспирдің қаламдасы» атты мақаласы түсіп отыр. Сонда халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің 1934 жылы Орал пединститутының жанындағы «рабфакта» оқып жүрген кезінде С.М.Кировтың қазасына байланысты жазған:

«Киров сынды көсемді,

Атып дұшпан тастаған.

Қайғысына қамығып,

Жас балапан қақсаған,» -деген өлеңін оқып, көңілім елең ете қалғанын жасырмаймын... Бұл – меніңше, өз дегенінен қайтпайтын қайсар мінезді адамның аузынан шықса керек-ті. Шынында да сол шумақ ағамыздың көркемсөз дүниесіне етене енуіне жол бастаған екен... Ал менің әпкемнің пешенесіне  ағамыздың жолын ашқан көсем Киров атындағы ҚазМУ-ге түсіп, шығыс ғұламасы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіру жазылыпты... Бүгін менің есіме сол жылдардағы ауылым түсіп отыр.

Менің ауылымның тарихы ХХ ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алады. Бұл - тағы да сол көсем Киров атындағы каналды қазу үшін шырайлы Шым шаһарының айналасындағы ауылдардан дүрк көтерілген халықтың шөл далаға көшіп келетін кезі... Обалы нешік, жан-жақтан ағылған қарақұрым халық бірнеше жылдың ішінде қазып бітірген сол каналдың арқасында Мырзашөл гүлденіп, «Ақ алтын» даласына айналды. 1975 жылы өзім дүние есігін ашқан С.Киров атындағы ауданнан қашан Алматыға оқу іздеп аттанғанға дейін  сол «ақ алтынды» өз қолыммен түптеп, арамшөбін отап, мақтасын тердім. Көктемде басталып, желтоқсан айынан дейін созылатын сол науқан бізді – ауыл балаларын еңбекке баулыды. Түске дейін сабақ, түстен кейін мақта даласы. Біздің жастық шағымыз мақта даласындағы қайнаған еңбектің ортасында өтті.   

Тоқсаныншы жылдарға дейін менің ауылым келбетті болатын. Қыс бітпей жатып, ақпан айының ішінде көгеретін ағаштардың жапырақтары самалмен сыбдыр қағып тұрар еді. Ауыл адамдары өздерінің жекеменшік жерлеріне қаласа жоңышқа, қаласа жүгері егетін. Бір қызығы, соның екеуі де көз қуанарлық болып бітік шығатын. Әйтеуір, Жер-Ананың пейілі кең, менің ауылымның адамдары шеттерінен жер емген дихан болатын... Әлі есімде, біздің үйдің ауласын қақ жарып өтетін арықтың екі жағасына әкем әкеп шаншыған ағаштың жас шыбығы біраз уақыт өткенде көктеп тұратын. Тіпті, сол шыбықтарды әкемнің қалай отырғызғаны да есімде ерекше сақталып қалды. Ауладағы жайқалып өсіп тұрған ағаштардың бірінің бұтағын әдемілеп кесіп алып, жапырақтарынан тазартып алатын да арықтың жағасына әкеп отырғызған соң әлгі жас өскіннің басына міндетті түрде балшық жағып қоятын. Сөйтсек, бұл – бұтақ қурап кетпесін деп жасалған «қулық» екен. Шынында да сол шыбықтар уақыт өте келе жапырағын жайған үлкен ағашқа айналды... Сосын, біздің ауылдың мақталық алқабында тұт ағаштары өсіп тұратын. Жердің ащы суын тартып шығаратын дренаждар жұмыс істейтін. Өкінішке орай, тоқсаныншы жылдардың ішінде сол ағаштардың барлығы бей-берекет оталып, отынға айналды. Ауыл тұттай жалаңаштанып шыға келді. Совхоз тарқаған соң күні-түні тоқтаусыз күркүлдеп тұратын дренаждар да қараусыз қалды.  

Екі мыңыншы жылдың жазында туған ауылыма жас маман болып оралдым. Қуанышымда шек жоқ. Бұл кезде өзім мақталық алқаптарында еңбек еткен совхоз тарап, орнына кеңшар деген атау пайда болды. Бірақ, кеңшар басшыларының ретсіз оталып жатқан ағаштар мен жыңғылдарда жұмыстары болған жоқ. Ал, «күнде көгілдір газ келедімен» күн кешкен ауыл адамдарына ілдәлай тұру үшін отын керек еді. Осылайша, отын болуға ауладағы ағаштардың кәрісі де, жасы да ілікті... Кейбір жерлерде ағаш түгілі үйлер қаңырап қалып жатқанда ағашқа аянышпен қараған ешкім болмауы заңдылық па деп те ойлаймын...

Бірақ, тоқсаныншы жылдардың мұнан басқа да қиындықтары толып жатыр еді. Алайда, ауыл адамдары «осылай екен» деп, жарты  ғасыр бұрын өздері көшіп келген Мырзашөлді тастай қашқан жоқ. Ыстығына күйіп, қара суығына тоңып жүріп жатты. Бүгін соның барлығы көрген түстей... Тоқсаныншы жылдардың ішінде менің көз алдымда жалаңаштанған ауыл қайтадан гүлденіп, баяғы көркін қайта тапқан. Бұған дер кезінде іске қосылған «Жасыл ел» бағдарламасының тигізген шапағаты мол. Ең бастысы, менің ауылдастарым жыл сайын көктемде қолдарына күрек алып, аулаларына, үйлерінің жанына ағаш отырғызу үшін базардан көшет іздеуді әдетке айналдырды.

Міне, басынан қилы оқиғаларды кешіріп, тағдырдың небір теперіштерін қайыспай көтерген менің ауылым осындай...  

Бөлісу: