Сәулетшi Бақытжан ӘШIРБАЕВ:«Бiздiң идеямызды өзгелер ұрлап жатыр»
Түркiстанда мәселелер сол сәтiнде шешiлетiн
— Мен облыс әкiмiнiң орынбасары болып келгенiмде әкiмшiлiкте не көп, бағдарлама көп екен, осыған таң қалдым. Әр салада бiр-бiр үлкен бағдарлама. Бiрақ, шындап келгенде iстелiнiп жатқаны шамалы-ақ.
— Себеп?
— Себеп — кез-келген бағдарламаның арқасын ақшаға тiреп қоймасаңыз нәтиже шықпайды! Кезiнде мен «Мәдени мұра» деген сөз Президенттiң Жолдауында айтылысымен облыстық бағдарламаны iстеп қойдым. Неге? Өз уақытысында компартияның мектебiнен өттiк қой — партия съезiнде бiр ұран тасталды дегенше тиiстi қаулы шығатынын бiлетiнбiз. Жолдауда мәдени мұра жайлы тектен-текке айтылмағанын түсiндiм. Ертең бiреулерге бұл жайлы тапсырма берiледi, олар қиналады... Мен облыстың бас сәулетшiсiмiн, бұл тақырып маған тiкелей қатысты болмаса да өз ойымша iстеп, әкiмге апардым. Әкiм «Карл Байпақовты да, Дүйсен Қасейiновтi де танисың, өзiң бастадың ба, өзiң аяқта» дедi де, мәдениет департаментiнiң құзырынан алып, маған бердi. Мен кiмнiң не жұмыс атқаратынын, орындалу мерзiмiн, қанша қаржы керектiгiн, бәрiн көрсетiп Мемлекеттiк хатшы Иманғали Тасмағамбетовте өткен кеңеске апардым. Тiзiмде орысша жазылған ба, бiздiң облысты ең соңында шақырды. Тасмағамбетов оқып болды да орысшалап, «оңтүстiк тағы да елдiң алдында — бiз сiздерге тапсырма берiп жатырмыз, бұл кiсiлер бәрiн бiтiрiп әкептi» дедi. Бiз жасаған жобаның тең жартысы республикалық бағдарламаға ендi!
Ал, ендi сол бағдарламаны мен облыстық мәслихатта өткiзе алмадым!.. Кедергi дегенiң керемет көп қой бiзде! Таң қаламын. Миллиардтап ана жаққа, миллиардтап мына жаққа жiбередi, ал, мәдени мұраға деген 300 миллиондай теңгенi таба алмады! Былайша айтқанда, дәлiзде-ақ шешiлетiн нәрсе, бiрақ шешiлмейдi! Мен ұлтқа бөлмеймiн, бiрақ бiздiң облыста қаржының үстiнде бiзге онша жаны аши қоймайтын жан отыр. Анау-мынау дейдi, алдап-сулап шығарып салады. Мен олардың «технологиясын» кейiн түсiндiм. «Облыстық мәслихаттың жұмысшы комиссиясынан өткiзiп әкелiңдер» дейдi. Ал, комиссия облыстық қаржы комитетiнен «иә, бiзде осы мақсатқа бөлуге ақша бар» деген анықтама сұрайды. Осы екi ортада сандалып жүргенiңде сессияның уақыты келiп қалды, «қазiр ақша жоқ» дедi, бiттi сонымен. Сол сессияның төрағасы Қалыбек Атжан болатын, ол да бiраз әрекет жасады, бiрақ бюрократияның алдында ол да дәрменсiз едi. Бәрiнен де «бағдарламаны елден бұрын жасаған» еңбек босқа кеткенiн айтсаңызшы!
—Ол кiсiлердi ақтамасақ та түсiнуге болар, қазақтың мәдени мұрасын түсiнбейдi ғой! Ал, өзiмiздiң қазақтың жiгiттерi ше, олар не бiтiрiп отыр?
— Билiк бұтағында ұлттың мүддесiне бейғам қарайтын, дәлiрегi, өз мүддесiн ғана ойлайтын жандардың отыруы, менiңше бiздiң ең үлкен сорымыз. Өздерiнiң қалтасына ақша түспейтiн жерде олар саусағының ұшын қимылдатпайды.
—Қимылдамайтынын көрген соң «жiгiттер, «үлестерiңдi» осының iшiнен кейiн шығарып алыңдар, ал, қазiр ақшаны бөлiңдер» деп айтпадыңыз да?
—Айтпадым, өйткенi мәдениеттен ешнәрсе «шығарып ала алмайсың».
—Сiз бен бiз солай ойлаймыз, ал, қаржыгерлер осы iстiң мамандары, басқаны бiлмесе де қалай «шығаруды» бiлсе керек.
—Олар «шығара алмайтынын» бiледi, сол себептi де қаржы бөлуге құлықсыз, мәселе сонда ғой. Бизнесмендермен «бөлiсуге» болар, ал, өнер адамдары айқай-шу көтеруi мүмкiн, бұлармен байланыспай-ақ тыныш жүрейiк дейдi. Облыс әкiмiне орынбасар болғанда да қолымнан келмедi! Менiң құзырыма құрылыс, көлiк, газ, су, жылу сияқты салалар берiлген болатын. «Мәдени мұра» мен «электронды үкiмет» жобасын ендiрудi өзiм сұрап алдым. Тағы да тырысып көрдiм, бiрақ нәтиже шықпады. Оның үстiне тұрғын үй мәселесi қызу қолға алынды. Осыдан екi-үш жыл бұрын Президенттiң кезектi Жолдауында бұл жайлы сөз болысымен «Мәдени мұра» секiлдi оны да тез қолға алып, тоқтап қалған құрылыстар бар, басқасы бар, бәрiн сұрыптап, облыстық бағдарламаны 10 күн iшiнде жасадық. Оны сарапшылардан өткiзiп, бiр ай дегенде дайын болды. Астанаға кеңеске әкiм менi өзiмен бiрге ала кеттi. Әдеттегiдей сөз соңынан берiлдi. Бiзге дейiн сөйлегеннiң бәрi, әсiресе алматылықтар мен астаналықтар «шаршы метрiн 350 доллардан асырмау мүмкiн емес» деумен болды. Бiздiң әкiм сөйлеп, бағдарламаны Премьер-министрдiң алдына қойды. Ол оқып отырды да «бәрi түсiнiктi, оңтүстiктегiлерде бәрi дайын, 3 миллиард ақшаны алдымен сол жаққа жiберемiз» дедi. Сөйтiп, бiрiншi транш бiзге келген болатын.
— Осы жерде бiр сұрақ. Тұрғын үй құрылысы шын мәнiнде бiздiң экономикамыздың локомотивi бола ала ма? Мен өз басым осыған сенбеймiн!
— Қазiр бiзде мұнай бағасының қымбаттауына байланысты адамның түсiне кiрмейтiн мол ақша пайда болды. Бұл туралы билiктегiлер ауыз ашпайды. Оның қанша екенiн ешкiм бiлмейдi-ау деймiн. Қалтаға кетiп жатқаны да аз болмаса керек, бiрақ қазынаға да көп түсiп жатыр. Ендi осы ақшаны қайда жiберу керек? Халықтың бәрi бiрдей өндiрiсте, айталық машина жасау саласында iстей алмайды. Дәл сол сияқты бәрi бiрдей студент бола алмайды. Ұшақ жасау екiнiң бiрiнiң қолынан келмейдi, үй салу барлық адамның қолынан келедi. Әрi баспана елдiң бәрiне керек. Яғни, бұл бағдарлама өте әдемi ойлап табылған дүние. Ал, жұмыс дұрыс бағытта жүрiп жатыр ма, жоқ па, бұл екiншi мәселе. Менiңше, бiз қателiктерге жол бердiк. Құрылыс министрлiгi жойылып кеттi. Әлемнiң көп елiнде бюджеттiң үлкен бөлiгiн құрайтын осы сала. Жұмыссыздықтан құтылудың бiрiншi жолы — құрылыс жүргiзу. Бiз Түркiстанда кезiнде әкiм Өмiрзақ Әметұлы екеумiз жәрдемақы алғысы келетiн жұмыссыздарды қоғамдық жұмысқа тартып, қыш құйдыртып, соның арқасында оралмандарға арналған тұтас бiр ауыл салып бердiк. Сол үйдiң әрқайсысының өзiндiк құны 2,5 мың доллар ғана болды.
— Бұл идея кiмнiң ойына келдi?
— Екеумiздiң де. Бiр мезгiлде. Жалпы, сол уақытта бiзде бiр тамаша жасампаздық кезең болды. Әкiм де отбасысыз бiр өзi, мен де. Бас архитектор Еркiн Жүсiп бар, үшеумiз күнде кешке «планерка» өткiземiз. Картоп қуыру секiлдi бойдақтардың тамағын iстеймiз, соны iше отырып небiр идеяларды ортаға саламыз, талдаймыз, талқылаймыз.
—Осы жерге келгенде оқырмандарымыз «әкiмнiң тамақ iстеп беретiн күтушiсi жоқ па екен, журналист қосыңқырап жiберiптi» дейтiн шығар?
— Иә, көп адам сенбеуi де мүмкiн. Мен оған дейiн Шымкентте қызметтен алып тасталғаннан кейiн бес-алты жыл жұмыссыз жүрдiм де Түркiстанға кеттiм. Жәй архитектор болып орналастым. 1996 жыл едi. Жертөледе тұрдым. Құлайын деп тұрған балабақшаның бiр бөлмесiнде. Теледидарым, магнитофоным болды. Артымнан келген жолдастарым таңқалатын. Қолым бос, күнде кешке қаланы суретке, киноға түсiремiн. Айтып отырмын ғой, нағыз шығармашылық жағдай болды сол кезде. Кеше мысалы, Президент келетiн болған соң менi ол кiсiнi күтудiң бағдарламасын жасауға шақырды. Қай нысанға қашан апару деген сияқты. Шаршап кеттiм. Облыстың, қаланың әкiмiнiң орынбасарымен келiсу керек, анамен, мынамен келiсу керек, қиын болып кеткен бәрi. Ал, Түркiстанда қарапайым едi, барлық мәселенi бiз 3-ақ адам — әкiм, архитектор және мен жиналатынбыз да шешiп тастайтынбыз. 1500 жылдық мерейтойды өткiзерде солай болды. Онда да Президент келдi. Сценаны қалай жасаймыз деген сұрақ туды. Өмекең бiр жерде бөлшектелiп жатқан құрылыс кранын көргенiн айтты. Дереу үшеумiз сонда бардық. Әкiм «мен қожайындарымен келiсемiн, ал, сендер мынаны апарып, өздерiң ойлағандай сцена жасай берiңдер» дедi. Әдемi сцена шықты. Мiне, Түркiстанда мәселелер осылайша сол сәтiнде шешiлiп отыратын.
— Мерейтойдың алдында Түркiстанға әкiм болып басқа емес, Әметұлы барғаны қала үшiн таптырмас олжа болды деп ойлаймын. Неге? Өйткенi, ол батыр адам.
— Дұрыс айттыңыз, батыр адам.
—Және ол Президенттiң құдасы болғандықтан батыр емес, жаратылысы батыр. Мен өзiм оны танымасам да iстеген iстерiне қарап осылай ой түйдiм. Ал, батырлық бәрiн шешедi. Әсiресе уақыт тығыз кезде.
— Бiр мысал айтайын. Жол салу керек болды. Бастап жiбердiк. Келiсiлген жоба да, бекiтiлген ақша да жоқ. Менi прокуратураға алып барды. «Мына iстерiң - заңсыз» дедi. Сол жерде отырып әкiмге телефон соқтым. Әкiм «прокурорды алып, маған кел» дедi. Ұрысты ғой сосын анаған. «Мынандай үлкен iстер жасалып жатқанда аяққа оралғы болуға әулиенiң киесiнен қорықпайсың ба? Ақша түседi ертең!» дедi...
«Экономика локомотивi» дегенге оралсақ. Тұрғын үй құрылысының арқасында қанша адам жұмысқа тартылды, қанша кiрпiш зауыттары, тас карьерлерi ашылды. Темiрбетон зауыттарына да жан бiте бастады. Яғни, бұл мұнайдың артық ақшасы дұрыс жұмсалып жатыр деген сөз. Ораз Жандосов Қаржы министрi болған кезiнде Үкiмет қаражаттан тарыға бастаса сопаң еткiзiп бiр жерден ақша суырып алатын. Депутаттар шулайтын, «бюджетте қаралмаған едi ғой, қайдан пайда бола қалды» деп... Демек, мұнай бiзге ақшаны ең қажеттi салаға жұмсауға мүмкiндiк берiп отыр. Тек, менiң ойымша бiздiң Үкiмет қаржыны кейiнгi күнге деп көбiрек тығып ұстайтын секiлдi. Ақшаның ақша тауып жатпағаны дұрыс емес қой... Құрылысқа жұмсалған қаржы ертең-ақ қайтады.
—Бәрi дұрыс. Бiрақ, менiң жаныма бататыны бiзде жоғары технология саласына ұмтылу деген жоқ. Ал, қазақ халқы жаратылысынан математикаға, немiстер секiлдi техникаға, жаңалыққа бейiм халық. Бiз сол әлеуеттi пайдаланбай отырмыз.
—Қазақтың жаңалыққа, техникаға бейiм болатын себебi ол жалқау. Әрбiр адам өз жұмысын жеңiлдету үшiн әртүрлi нәрсенi ойлап тапқыш келедi! Дөңгелектi нағыз жалқау адам ойлап тапқан!
—Мынауыңыз техниканың дамуына деген ерекше көзқарас екен... Бiзде электротехника дамымаған. Электроника жайлы тiптi сөз жоқ. Бұл салаларды дамытудың жолы — автомобиль жасау! Барлық жоғары технология сонда. Құрылыстағы қайдағы жоғары технология?..
—Иә, құрылыста жоғары технология жоқ. Бiрақ, пайда болуы мүмкiн. Пенобетон, пенополистирол, т.т. Жаңа құрылыс заттары көп қой.
—Менiң айтып отырғаным құрылыс елiмiздi елу, жүз жыл алға апарып сала алмайды ғой.
—Ол жағынан дұрыс сiздiкi. Үндiстанда компьютер шығаратын арнайы қала бар, мен сонда болғанмын. Жоғары технология қаласы. Ол жерде әлемнiң барлық ұлтының өкiлдерi бар. Тек қазақтар ғана жоқ... Мен сол жерде қалғым келдi. «Жоқ, бiзге техника мамандары керек» дедi. Олар о баста компьютердi құрастырудан бастаған. Кейiн бiрте-бiрте компьютерге арналған бағдарламалар жасауға қол жеткiзген. Қазiр әлемдегi ең қымбат компьютер бағдарламалары сол жерде жасалады.
—Америкадағы бағдарлама жасаушылардың қырық пайызын бүгiнгi күннiң өзiнде сол Үндiстаннан шыққандар құрап отыр екен ғой!
—Иә, ол жағы тағы бар. Бiзге мұндай масштабты жұмысты қолға алу үшiн Үкiметте бұл iстiң маманы отыруы керек. Менiңше ондай адам бiзде әлi жоқ. Ол түгiлi құрылыстың өзiн бiз ескi тәсiлмен жүргiзiп жатырмыз ғой. Тұрғын үй құрылысынан бұрын бiз құрылыс индустриясын жолға қойып алуымыз қажет едi.
—Мiне, мiне!
—Жоғары технологиялы индустрияны. Құрылыс заттары мүлдем артта қалып қойды. Қазiр ендi жiгiттерiмiз шетелдерден түрлi технологиялар әкелуге тырысып жатыр, бiрақ оның бәрi бағдарлама бойынша емес, жүйелi түрде емес. Өзiмiздiң технология жоқ.
—Осы жерде құрылыстың сапасы қаншалықты жақсы деген сұрақ туады?
—Құрылыс затының, құрылыстың өзiнiң сапасына бұл қарқынның зияны жоқ, бiрақ құрылыс технологиясына зияны тиедi, болашаққа жұмыс iстеп жатқан жоқ, ол жөнiнен сiзбен келiсемiн. «Нұрсәтте» асүйдiң аумағы 18 шаршы метр, залдiкi 30 немесе 40 шаршы. Үйдiң жобасы мүлде бөлек. Құрылыс қауiпсiздiгi, технология сапасы, бәрi сақталған. Бiрақ, сол ескi технологияның өзiн сақтау керек пе едi, мiне, әңгiме қайда! Мысалы, ол үйлердiң мықты жасалып жатқаны сондай, жер сiлкiнгенде де, тiптi кейiн ескiрген кезде бұзайын десеңiз де бұза алмайсыз. Сондай тым артық етiп жасау керек пе?
Кәсiпкерлердi қолдау ойдан шығарылған асыра сiлтеушiлiк
— Сiз менiң жоғарыда айтқан локомотив жайлы күдiгiмдi сейiлте аласыз ба?
—Жоқ, қайта қоюлатуым мүмкiн. Жоғарыдағы менi таңқалдырған көп бағдарламаның бiрi — автомобиль жолдарына деген қаражат едi. Жарты милииард теңгеден астам ақшаның бәрi негiзiнен жөндеу жұмыстарын жүргiзуге арналған. Жаңа жол салу деген жоқтың қасы. Сол кезде маған сәулетшi ретiнде мынадай ой келдi. Шымкенттен үш бағытта үлкен күре жол шығады. Бәрiнiң бойын жағалай телефон желiсi тартылған. Көп жерде электр желiсi, бiраз жерде су, бiраз жерде газ желiсi бар. Яғни, инфрақұрылым жаман емес. Ал, сол жолдың бойынан көретiнiмiз — ойдым-ойдым ғана ауылдар. Мiне, осы күре жолдың екi жағына, әр жерге жаңа ауылдар орналастыру керек. Бiр бетiнде үш көше, екiншi бетiнде үш көше. Үлкен жолдың үстi оларға көп жеңiлдiктер әкеледi. Алғашқы кезекте жолға жақын көшелерде кафе, жанармай құю бекетi, мотель, т.с.с. қызмет көрсету нысандарын қолға алу. Екiншi кезекте, жолдан алыстау көшелерде ауыл шаруашылық өнiмдерiн өңдейтiн, құрылыс заттарын, т.б. шығаратын түрлi мини-зауыттар салу. Мен есептеп көрiп едiм, осы үш жолдың бойындағы ауылдарға үш миллиондай адамды орналастыруға болады екен. Бұл бiр облыста ғана. Ең қиын шаруада — коммуникация желiлерiн жүргiзуде қиналмайтын болғандықтан-ақ бiз ауылдарды тез салып ала аламыз. Бiздiң қаладағы бизнесмендердi осыған тарту керек! Бұл жердегi үйлер оларға қаланың сыртындағы коттедж есебiнде болар едi.
—Мен түсiндiм. Тамаша идея! Мұндай ауылдар жол бойынан онсыз да өз-өзiнен пайда болып жатыр. Ендi осыны тек мемлекет тарапынан тез қолдап, реттеп, жолға қойып жiберу ғана керек. Әсiресе, сырттағы 5 миллион қазақты осылай әкеп, жер берiп, басына кiшкене баспана немесе үй салып алуға жетерлiк қаражат бөлсе жетiп жатыр, ар жағын оралмандар ешкiмнен сұрамайды! Жете алмай отыр ғой олар, жете алмай отыр! Кәсiпкерлiктi бiзге үйретедi олар. Бұл идеяңыз қолдау тапты ма жоғары жақтан?
—Мен оны әлi аяғына дейiн сараптап үлгерген жоқпын. Мұндай ауылдардың жоспары әр облыстың бас сәулетшiсiнiң алдында жатуы керек, сол облыстың бас жоспарына кiруi тиiс. Бұл жоспар бәрiнен бұрын ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалардың iшiнде отыруы керек. Мысалы, бiзге әр ауданда бiр iрi зауыттың керегi бар ма?
—Иә, «гигантомания» деген бiздiң кеңес дәуiрiнен қалған ескi ауруымыз ғой.
—Үлкен зауыттың орнына үкiмет пен банктер, бизнес құрылымдар несиенiң орнына әр бес үйге бiр станок, әр он үйге бiр мини-цех, әр ауылға бiр мини-зауыт берсiн. Тек бұлары нағыз бүгiнгi күннiң ең озық техникасы мен технологиясы болатын болсын. Олардың кiрпiштен, есiк-терезеден, құлыптан бастап жасап шығармайтыны болмасын. Станок, қондырғы болса соның бәрiн бiздiң адамдар да iстей алар едi. Бiз қазiр Қытайға жұмыс iстеп жатырмыз. Бәрiн сол жақтан тасимыз. Қытайың да бiз секiлдi екi қолы, екi аяғы, бiр басы бар адам ғой.
—Қазақстандық қалалардың айналасында, тiптi орталық көшелерiнде қазiр жеке меншiк, бiр қабатты, екi-үш қабатты үйлер қаптап кеттi... Әр қаланың өзiне ғана тән болуы тиiс келбетiнен келбет қалмады. Сiздер соған қалай жол бердiңiздер?
—Кеңес үкiметi құлаған соң бей-берекеттiк басталды ғой. Күштi құрылыс индустриясы өлдi. Бiз тiптi қалаларда бұрынғы, ескi жоспардан ауытқымағанның өзiнде де бүгiнгi көңiл құлазытар көрiнiс пайда болмас едi. Сол «өлi маусым» басталған кезде көп қабатты үйлер, мәдениет мекемелерi, т.б. сондай ғимараттар салынуға тиiс жерлердi қазан құлағын ұстаған кiсiлер жекеменшiктерге таратып жiбердi ғой. Себебiн өзiңiз де бiлесiз... Бiздегi Қонаев даңғылын қараңызшы. Қандай әдемi, кең көше, ал, салынып жатқан үйдiң бәрi бiр, екi қабатты коттедждер. Әдемi, сөз жоқ, бiрақ коттедждер. Ол үйлерде кiмдер тұратыны да белгiлi...
Әлеуметтiк мәселенi шешу мақсатында қаланың айналасындағы жерлердi де жекеменшiкке сата бастады. Жеке үйде тұрғысы келген кәсiпкерлерге қаланың iшiнен жер жетпейдi. Қалаға сырттан ағылып келген жұрт тағы бар. Баспана мәселесiн шешудiң ең оңай жолы — адамға жер телiмiн беру. Ол маңайда су бар ма, жарық бар ма, оның бәрiн сол жер алғандардың өз мойнына артып қоя салдық. Инженерлiк құрылымдар ендi-ендi ғана қолға алынып жатыр.
Қаланың келбетi жайлы дұрыс айтып отырсыз. Бiз ең болмағанда биiк ғимараттар түсуi тиiс жерлердi сатпауымыз керек едi. Мен сiзге одан да зорын айтайын. Үкiметiмiз сол кездерде «сәулет мекемесi бизнес құрылымдардың сәулетiне араласа алмайды» деген мағынада қаулы да шығарған!.. Сiз сәулетшi ретiнде iскер мырзаға барып, «үйiңнiң немесе кеңсенiң фасадын өзгерт» деп те айта алмайсыз. Кәсiпкерлердi қолдау деген ойдан шығарылған асыра сiлтеушiлiктiң нағыз өзi!
—Осыдан екi жыл бұрын мен «Шымкент — тойханалар мен «мойкаханалар» қаласына айналуда» деп жазып едiм. Бүгiн соңғыларының көбейгенi сонша, қаланың символына айналып барады. Ертең спортзал салатын бiр шаршы метр бос жер таппаймыз ғой.
—Оның бәрiн уақыт өзi реттейдi. Бiр адамға екi кафеден келгенде екiншiсi жабылуға мәжбүр болады.
—Бәленiң бәрi осында ғой, Бәке! «Рынок, уақыт, өмiр өзi реттейдi» деймiз. Олар емес, мемлекет реттеуi керек! Ленин айтқандай мемлекет үшiн майда-шүйде деген мәселе болмайды, ол бәрiне араласуы тиiс. Тек мемлекет бағдаршамның рөлiн атқару керек деймiн мен. Бар екенi байқалмайды, бiрақ қозғалыстың бәрiн реттеп тұрады. Өшсе бiттi, көшеде хаос басталады. Ертең сол қаптаған кафелердi басқа нәрселерге қайтадан көшiремiз ғой.
—Ия, қайтадан көшiремiз. Басқа амал жоқ, мемлекет реттеушi рөлiн қалай атқаруды әлi үйренген жоқ. Оның экономикалық жолы бар. Бұл да менiң ендiрiп үлгермеген идеямның бiрi. Қаланың орталығын «Қайтпас» ауылының аржағындағы қырға көшiрсек дедiк. Таптырмайтын жер! Бiрақ оны рынок жағдайында қалай iске асыруға болады? Қаланың ортасында әдемi, iрi-iрi коммуналдық меншiктегi облыстық әкiмшiлiктiң ғимараты секiлдi ғимараттар бар. Шашырап орналасқан жоғары оқу орындары мен ауруханалар бар. Осылардың бәрiн банкке кепiлдiкке қойып, несие алып, үкiмет айталық, 10 жыл iшiнде қаланың жаңа орталығын салып шыға алар едi. Сонда ауруханаларымыздың бәрi көп қабатты биiк бiр ғимараттың iшiнде болуы мүмкiн, облыстық, қалалық әкiмдiк пен олардың басқармалары да, ЖОО да сондай. Студенттерiмiз бiр ғана университеттiң жетi оқу корпусының арасында сандалып жүр. Ал, қаланың iшiндегi ғимараттарды кәсiпкерлерге сатсаңыз олар қай мақсатқа қалай жаратудың жолын табар едi. Бәрiнен бұрын қаланың орталығына сәулеттiк жаңа келбет беру мүмкiндiгi пайда болар едi.
Сәулет өнерiнiң өз идеологиясы болуы тиiс
—Келесi сұрақ Әшiрбаев үшiн ең ауыр сұрақ болуы мүмкiн. «Нұрсәт» мөлтекауданының даудан, соттасудан көзi ашылар емес...
—Түсiндiру өте оңай оны. Ол жер қалаға берiлуге тиiстi аумақтың iшiнде едi. Кезiнде кейбiр облыстық билiк құрылымдары ол жердi қалаға әдейi кiргiзбей алып қалған. Қаланың бас жоспарына кiрiп қойған жердi. Қазiр мұның бәрi құжаттармен дәлелденген... Ендi құрылыс сала бастайық деген кезде аудандық жер комитетi дәл сондай аумақты басқа жерден ұсынған ғой. Бiз 5-сәуiр күнi сол жерде мөлтекаудан болады деген шешiм шығарамыз, ал, «олар» 8-сәуiр күнi бұл жердi жекеменшiкке сату туралы өз шешiмдерiн шығарады. Барлық айқай-шу осыдан басталды. Қазiр ол аумақтың бәрiн сот арқылы қалаға қайтарып алдық қой.
—Жер сатып алып қойғандар ше?
—Оларға басқа аймақтан берiледi ендi.
—Ел арасында «жердi оңды-солды сатқан Әшiрбаевты аман алып қалу үшiн облыстық әкiмшiлiкке ауыстырды» деген әңгiме жүр ғой.
—Керiсiнше, мен сол жер қаланiкi деп әлгiлермен талай рет ұстасып қалдым. Сол аумақтың жартысын тұтасымен сатып алып қойған қызметкерлер жүр ғой арамызда. Тереңiрек тексерсе көп былықтың бетi ашылуы мүмкiн.
—Сiз қаланың бас сәулетшiсi болдыңыз емес пе?
—Бас сәулетшiнiң қалада берiлiп жатқан жерлерге ешқандай қатысы болған жоқ! Оларды бөлумен Үкiмет қаулысына сәйкес тiкелей облыстық жер комитетi айналысты.Бұл - бiздiң билiк орындарының тағы бiр қулығы!... Республика Жер ресурстары агенттiгiнiң басшылығы «Жер туралы» Заңға өзiне ыңғайлы өзгерiс енгiздi! Өзiне ыңғайлы.Қазiр онда «жер бөлу мәселелерiмен аумақтық, облыстық және қалалық жер комитеттерi айналысады» деп жазылған. Оған дейiнгi «Сәулет туралы» Заң бойынша жер сәулетшi арқылы ғана берiлетiн едi. Бүгiн мынадай... Мен Индустрия министрлiгiне хат та жазғанмын. Оның құрамындағы Құрылыс және сәулет жөнiндегi комитет осы мәселемен екi рет Үкiмет деңгейiне шығуға тырысты. Жауып тастайды... «Жер туралы» Заң осы агенттiктiң мүддесi үшiн жасалған десе де болады.
—Кез келген заң қашанда алдымен белгiлi бiр топтардың мүддесi үшiн жасалады ғой. Екiншi кезекте барып халық үшiн. «Жер туралы» кодекстiң латифундистер мүддесi үшiн жасалғаны белгiлi. Бұл жөнiнде қаншама рет жазылды.
—Мен әйтеуiр дау-дамайға тап болып жүремiн. Табиғатым солай ма. Түркiстанда жүргенде таудан ағып, Кентау қаласының астына кетiп жатқан суды суағармен (водоводпен) Түркiстанға әкелу деген жобамен айналыстым. Түркiстанда су жоқ қой. Кентау Түркiстаннан 300 метр биiк тұр. Сол себептi судың қатты қарқынын бәсейту үшiн суағардың әр жерiнде иiн жасалады. Мен сол иiндердiң орнына генераторлар қоюды ұсындым. Әрқайсысы 1,5 мегаватт канадалық генераторларды таптым да. Екi қаланың да электр энергиясына, суға деген мәселесi шешiлер едi. Үкiметке бардым. Тоқаев Премьер, оның орынбасары Даниал Ахметовке кiрдiм. Ол кiсi бiраз министрлiктiң басын қосып, талқыладық. Барлығы мақұлдады. Бiрақ сонымен қалды... Кейiн бiлсем, ол кезде Ораз Жандосов басқаратын «КЕГОК» компаниясы Кентаудың астындағы бос шахталарға кетiп жатқан суды насостармен сорып отыру үшiн жылына бюджеттен 800 миллион тенге алады екен! Суды сормаса қаланың асты зәктеп, үйдiң бәрi құлайды деген болжам болған. Кейiн шахталардағы суды сорғанды тоқтатты, қала да құлаған жоқ, тiпә-тiпә, әзiр құлар түрi де жоқ, суағар да салынды. Тек генераторсыз, баяғыдағыдай иiндер жасалынды.
—Негiзi кендi алған кезiнде орнын сумен емес, цемент аралас балшықпен толтырып отырулары керек едi, бiрақ оны iстеген ешкiм болмаған да.
— Жердiң үстiнде де дәл сол жағдай. Үндiлiктердiң жел электрстансасын бiр жерге әкелiп қоя салды. Калмыков деген көрсетiптi. Осындай да тiрлiк бола ма? Алдымен желдiң бағытын, күшiн әбден зерттеп, есептеп алмай ма? Ол станса жұмыс iстеп тұрған жоқ дейдi, өйткенi желi жоқ жерге орнатылған. Мен облыс әкiмiнiң орынбасары болғанда Алматыдағы энергетика институтының мамандарын шақырып, осы мәселенi қолға ала бастап едiм, оны да аяқтап үлгермедiк қой...
— Бiздiң қазақ сәулетi қазiр қандай күйде, қала сәулетi, дала сәулетi, үй мен мекеме ғимараты сәулетi? «Қазақтың сәулетi» дейтiндей қолтаңба бар ма өзi, жоқ па?
— Өмеке, кез келген iстiң алдында идеология жүруi тиiс. Нан пiсiру де идеология. Қазақтың наны бар, орыстың наны бар, өзбектiң наны бар, басқаның наны бар. Бiр-бiрiне ұқсамайды ғой, солай емес пе?
—Әрине, ол нанда әр халықтың жаны бар ғой!
—Ендеше сәулет те солай болуы тиiс. Бiз тәуелсiздiкке келгелi бұл салада да есiгiмiздi айқара ашып тастап, үстiмiзге әркiмдiкiн бiр жапсырудамыз. Қай қала қазақы бейнемен салынып жатыр? Алматы бұрынғы Алматы емес, Еуропаның бiр қаласы. Астананың өзi ше? Маған Стойлов деген болгар сәулетшiсi «Астаналарың 60-жылдардағы Будапешттiң көшiрмесi» дедi. Ертесiне ерiнбей Будапешттiң сол кездегi альбомын тауып алып қарадым. Айнымайды! Астанада ұлттың исi де жоқ, мәдениетi де жоқ. Оннан-мұннан құрастырылған. Оның үстiне бiраз уақыт Лаптев деген орыс бас сәулетшi болды, ал, оның көзқарасында шовинистiк пиғыл да табылып қалатын...
Басқа жақтан пайғамбар iздеудiң қажетi жоқ. Бек Ыбыраев деген жiгiтiмiз ұсынған бас жобада ұлттық идеология бар болатын. Үкiмет үйiн шығып келе жатқан жарты күн бейнесiнде жасап едi... Еркiндiк, кеңiстiк философиясы — бiздiң санамызда. Сәулеттi ұстап тұратын үш тамыр — сана, көзқарас, қоршаған орта. Ыстық Африканың сәулетi мүлде бөлек. Бiз үшiн жақсы нәрсе еуропалықтар үшiн жаман, керiсiнше де солай. Адамның ғасырлар бойы қалыптасқан табиғаты ғой ол. Сәулет идеологиясы осыдан келiп шығуы тиiс. Ал, онымен бiз санаспаймыз. Қытайдың алюкабондына жұмыс iстеп жатырмыз. Киiз үйдiң формасы — ең сұлу сәулеттiк форма.
—Шар секiлдi дейсiз ғой ол да, ал, шардың ең жетiлген геометриялық фигура екенi белгiлi.
—Иә, нағыз идеология — киiз үй. Бiз таза қазақы бiр нәрсе ойлап таппай, мысалы орыс десе ойымызға арақ, немiс десе «мерседес», американдық десе «коко-кола» ойымызға орала кете ме, дәл сол сияқты болмай идеология тумайды. Сәулет идеологиясымен айналысып жатқан жаңағы Бек бар, Сәкен деген жiгiт бар, тағы бiр-екi адам, сонымен болды. Сәулетте идеология — киiз үйдiң формасы дайын тұр. Әзiргi қазақтың символы киiз үй ғана. Басқа бiрде-бiр салада бiздiң ұлттық нышанымыз қалмады. Ең ақыры ыдыс-аяғымыздың өзi қазақы емес.
—Орынды-орынсыз тықпалап, оның қадiрiн түсiрiп, реңiн қашырып алмаймыз ба?
—Ол бiздiң ақылдылығымызға байланысты.
Кинофото — маған ақшаәкелетiн хобби
—Сәулетiмiз қай бағытта дамуы тиiс? Және онң нақты бiр көрiнiсi бар ма?
—Нақты көрiнiсi жоқ...
—Неге? Сiз Түркiстан мерейтойында жақсы мектептен өткен жоқсыз ба?
—Түркiстан — бағыттың бiр қыры ғана. Жұрттың бәрi сәулет десе жаңадан салынған пәленбай қабатты биiк үйлер деп ойлайды. Бiзге де Түркiстанда жаңа ешнәрсе салмапсыңдар ғой деген сөз айтылды. Жоқ, олай емес. Сәулет — ең алдымен орта. Мысалы, бiз тротуарды Түркiстанда асфальттан немесе плиткалардан құйып шықпай, сары табиғи тасты төседiк. Бәйдiбек ауданынан тауып, алып келдiк. Осы жерден бұл тас «өмiрге жолдама» алды. Бiрiншiден, арзан. Екiншiден, табиғи. Үшiншiден, ұлттық, өзiмiздiкi. Төртiншiден, ... Төртiншi қасиетi кейiн ашылды. Қазiр жазды күнi Түркiстанның Арбатымен үлкен де, кiшi де кешке қарай сол тастарды жалаңаяқ басып жүредi екен. Аяқ массажы. Ем. Әрi жылы. Бетi аздап бүдiр ғой, жып-жылтыр емес.
Яғни сәулет дегенiмiз табиғилық. Қазақтың табиғатына биiк үй келмейдi. Байларымыздың өзi жеке коттеджде тұрғанды, сол үйде жүйрiк жылқы, қыран-бүркiт, алғыр тазы ұстағанды артық көредi. Барлық қазақтың арманы бұл!
—Айтпаңыз, аттың бауырында өссек те бәйгеге шабудың ретi келмей арманда кетiп барамыз ғой... Дегенмен, қалада биiк үйлер салу — өмiр талабы шығар?
— Бұл бөлек әңгiме. Созақтағы Ақбикеш, Аякөздегi Қозы мен Баян, осы секiлдi қазақ күмбездерi әлемдегi басқа ешбiр күмбездерге ұқсамайды. Формалары ерекше. Бабаларымыздың тума қолтаңбасы. Дәл сол формамен Лондонның ортасынан Форстер деген сәулетшi биiк ғимарат салды. Фуллер деген американдық киiз үй формасымен әлемдiк көрмеде құрастырмалы ғимарат салды. Көрдiңiз бе, бiздiң идеямызды басқалар ұрлап пайдаланып жатыр. Өзiмiз қашан iске асыратын боламыз? Мен сегiзiншi сыныпты бiтiрген жазда бiр үйдiң кiрпiшiн бiр өзiм құйып шықтым. Сонда ылайды жатқызып қойған кезде ескi дуалдың топырағын қосатынбыз. Неге олай ететiнiн кейiн кәсiби тұрғыдан зерттесем, ескi топырақ ашытқының рөлiн ойнайды екен де, ылай көлемi көбейедi екен! Жұмбақ. Мен жауабын тапқан жоқпын, мүмкiн бар да шығар. Саман кiрпiштен қашамыз, күллi әлем болса саманға қайта оралып жатыр. Ғалымдар 2050 жылдары саман ең жақсы құрылыс заты болады деп болжап отыр. Парижде оны зерттейтiн арнайы институт та бар екен. Олар қатерлi iсiк науқасына ұшырағандарға арнап саман кiрпiштен аурухана салған. Мароккода да бар ондай ғимараттар.
—Олардың қабатының арасы темiрмен құрсалған шығар?
—Ешқандай құрсау жоқ, бес қабат үйлер. Оны айтасыз, тұр ғой Яссауи кесенесi 500 жылдан берi. 13 қабат үйдiң биiктiгiне тең... Бiзде жоғарыдағы Сәкен ғана қам кiрпiштен саманның орнына нейлон жiптi пайдаланып, керемет мықты кiрпiш жасап шығарды.
—Әңгiме әуенiн сәл бұрсақ. Кинофото өнерiмен айналысады екенсiз?
—Бұл — маған ақша әкелетiн хобби. (Күлдi).
—Е, әрi ән салатын, әрi ол өнерi үшiн ақша алатын әншiлер секiлдi болдыңыз ғой?
—Мүмкiн. Менiң нағашы атам сопы болған кiсi едi. Сопы болғанда жасырын сопы болған. Түркiменстаннан кiлем әкелiп сататын. Сол заманның сөзiмен айтсақ, саудагерлiк қылатын. Бiрақ, саудегерлiгi бүркеншiк тiрлiк болатын, негiзiнен кiлемдерге орап, сопылық дiни кiтаптар әкелетiн. Сол кiтаптарда «сенiң айналысатын iсiң Құдай сүйер iс болып қана қоймай, саған нан да тауып беретiн iс болуы керек» деп жазылатын. Нағыз сопы тақуалықпен қатар адам игiлiгiне пайдаланылатын бұйым да жасап, ол iсi үшiн ақы да алуы керек. Қайыр сұрап өмiр сүрмеуi тиiс. Менiң мысалы Яссауи кесенесiнiң «алтын қабырғасын» түсiрген атақты суретiм маған бiрталай қаржы әкелдi. Оның әр данасын мен 500-ден 1000 долларға дейiн саттым. Сурет әкiмдер арқылы Нұрекеңе де жетiптi. Сол кездегi облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев «Негативiн Елбасы сұратып жатыр, ол кiсi өзi шығартып құрметтi қонақтарға бермекшi» дедi. Мен бермедiм... Бердекең «не оттап отырсың» дедi, жолдастарым «жындымысың» деп ұрысты... Бiрақ, ҰҚК тығып қойған жерiмнен тауып алып кетiптi. Қалай тапқандарын... Жарайды, бұл өзi ұзақ, әрi қызық әңгiме, кейiнге қалдырайық.
—Дұрыс айтасыз, өрiстi бiр күнде тауысуға болмайды ғой. Қызметiңiзде де, хоббиiңiзде де табыс тiлеймiз.
Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «ЕВРАЗИЯ-КZ». 2006 ж.
Бөлісу: