ЕСІҢДІ ЖИ, ЕЛІМНІҢ ЕСТІ БАЛАСЫ (замандасқа хат)
30.10.2017
8336
Зерделі замандасым! Қазақтың қабырғалы үш биінің бірі - Қаз дауысты Қазыбек: «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз» деп берекелі елдігімізді көрсетті емес пе?! Міне, осындай елдің бүгіні мен ертеңі сіз бен біз ғой, замандас!
Тіліміз бен дінімізді құрметтейтін, санасы терең, көкірегі ояу, ұлттық қасиеттерімізді бағалай білетін ұлтжанды елдің баласы емес пе едік? Ардақты атамыз ақ батасын беріп, аяулы анамыз ақ сүтімен өсіріп, тіпті, алғаш «тәй-тәйлап» басқан қадамымызға ақ жол тілеп, түзеу бағыттан таймасын деген ниетпен тұсауымызды ала жіппен кесті емес пе? Иә, игі дәстүрді қасиет тұтқан ата-бабаларымыздың ұрпағы бүгінде қай бағытқа бет бұрып барады?
Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда, теріс ағымға алданған қаракөз бауырларымызды көргенде өзегіңе өрт түскендей өкінішті сезесің. Мұсылмандық адал тірлікті лайлауға тырысып, жастардың жат діни ағымдарға тартылуы, кең етек алуы жүректі қынжылтатыны сөзсіз. Жазушы Сәбит Мұқанов «Сырласу» өлеңінде: «Айтарым замандасқа, ұрпаққа да, Сындырып алма аяқты, сен байқап бас» деп терең ой тастаған болатын. Сау қоғамда азаматтардың санасын улап, сынамалап кірген діни ағымдардың арбауына шырмалып, аяғын шалыс басып жүрген бауырларым осыны ұғынса, шіркін!
Зерделі замандасым! Ақылы бар, есті елдің баласы!
Саналарды жаулаған секталарда сайраңдаған «санасыздарды» арашалап, ұлтымыздың рухани діңгегі - ата дінімізді ардақтауға шақырайық! Пиғылы бөтен, қазақтың болмысына жат ағымдардың жыланша жорғалап, білегімізге, қала берді, жүрегімізге орануы қабырғамызды қайыстырары хақ. Кез-келген халықты құрту үшін оның дінін құртса да, жетеді, ол халықтың тұтастығы кетеді. Ал, дініне мықты болған халықтың әркез санасы сергек, іргесі тұтас болады. Олай болса, ойлан, замандас! Ендеше, тұтастығымызды сақтайық, іргеміз сөгілмесін!
Айта кетерлік жәйт, жат пиғылды ағымдардың жетегінде кеткен адамдардың қоғамға қайта оралуы екіталай, тіпті, кейде мүмкін де емес. Өйткені оларды Отан, отбасы, бірлік сынды қасиетті ұғымдар толғандырмайтындай көрінеді. Сонда бұл қалай болғаны? Адамның ерік-жігерінің әлсіздігі ме? Жоқ, әлде, басқа да себептер ме? Осы сауалдар төңірегінде имам Халықбек Сыдықовпен ой өрбіткен болатынмын. - Қасиетті Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 255- аятында: «Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады» делінген. Мінекей, көрдіңіз бе, адам баласы бір Аллаға сыйынып, жүрегінде иман болуы шарт. Сауалға орай, себептің бірі – жүрегінде иманның жоқтығы, содан соң Құран хадистерін жетік білмегендіктен, яғни, діни білімнің тайыздығының зардабы деп айта аламын. Сондай-ақ, ата-ананың дер кезінде бала тәрбиесіне жауапты қарамауы. Дініміз жөнінде отбасында да мәлімет беріліп, кеңінен түсіндірілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ел ертеңі - жастар деп мол сенім артып отырмыз. Жастарымыз осыны түсінсе игі. Алланың кітабына үңіліп, мешітке келіп, дәрістер тыңдаса, мұндай жат ағымның жетегіне жармаспас болар. Ислам дінін соқыр түсінуге болмайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам болып, жалпақ жамағат болып біріксек ғана, бауырларымызды бұрыс жолдан бұрып, дұрыс жолға түсіре аламыз. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапса» деген, аяғын шалыс басып, кейін иманын келтіріп, бүгінде дұрыс бағытын тапқан жандар да баршылық. Мәселен, ата дініміз жөнінде білімін жетілдіріп, ортамызда жүрген пенделерді көріп, риазшылығымызды білдіріп жатырмыз, - дейді Халықбек Қыдырғалиұлы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз тегіміз - түрік, дініміз - ислам екенін ұмытпауымыз керек»,- деп дінімізді берік сақтауымыз қажет екендігіне айрықша назар аударған. Келешек тірегі - ибалы адам, иманды қоғам болу үшін дініміздің нық берік болуына бірігіп, бір кісідей атсалысайық, ағайын!
Ес білген баладан, еңкейген қарияға дейін, теріс ағымның ағысымен ағып жүргендер бар, солардың бірсыпырасы - жастар. «Иман күшті оларда, Алаш айбынды ұраны, Қасиетті құраны, Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған сөз зергері Мағжан Жұмабаевтың сенімін ақтамағаны ма, сонда, бұл жастар? Осы орайда жастардың ортасында болып біразымен пікірлескен едім. Соның бірі - Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2-курс студенті Ажар Қайырбекованың үніне құлақ түріп көрейік. - Иә, Мағжан атамыз «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деп мына біздерге, жалынды жастарға мол сеніммен қарады. Шүкір, ортамызда белсенді, «Міне, Қазақтың жастары!» деп кеудені керіп тұрып мақтанышпен айта алатын жастарымыз да баршылық. Әйткенмен де, бүгінгі таңда қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналып отырған теріс пиғылды секталарға «сіңіп» кеткен кей құрбыларымыздың хал-ахуалы қуанышымызды су сепкендей басып тастайды. Сөздің реті келгенде айта кетейін, қара көз қыздарымыздың шұбатылған қара түсті жамылғы (хиджаб) киіп, матамен бетін тұмшалауы, әсте дұрыс емес деп ойлаймын. Еліктеушілік пе, қалай өзі? Рас, қазақ қыздары тізеден жоғары, қысқа киім кимеген, киімдері ұзын болған. Бірақ бет-әлпетін жауып, қара матамен қымтанып, тұмшаланған жоқ. Оның үстіне, ертеректе қара түсті жамандықтың, қайғының белгісі деп қараған. Әрине, замандас құрбыларымның осындай жағымсыз «жүріс-тұрыстары» мені қынжылтады. Шынымды айтсам, олардың болашағы қатты толғандырады,- дейді алаңдаушылық танытқан жас студент.
Қазақ халқының кемеңгері Абай Құнанбаев: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі»,- деген ұлағатты сөз айтты. Демек, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру - сіз бен біздің ең басты парызымыз. Тура жолдан тайып, сүрінген бауырларымызды көргенде, әрине, үйде қол қусырып отыра алмайтындығымыз айдананық. Ендеше, көмекке кел, замандас! Өзге дін үшін өз ортасынан, отбасынан, бауырларынан алшақтап, «басқа әлемде» жүрген, жаны жүдеу жандарға, жәрдемдес!
Самал ЖАМЕТ
Бөлісу: