Шаршаған әже
Басқа ұлтты қайдам, біздің қазақ халқының дүние есігін ашқан сәбиге ырымдап есім таңдауда шебер екендігі даусыз. Бір сөзбен айтқанда, ырымдап есім беру – қанымызға сіңген дәстүр десе де болады.
«Ырым – халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып, халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шың көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы»,- деген белгілі жазушы, журналист, этнограф, педагог Сейіт Кенжеахметұлы осыны меңзесе керек-ті.
Бұдан бұрын жазғанымдай, ер адам да, әйел адам да бір есімнің «иесі» болып жүргендігі, расымен қызығушылық тудыртады. Мәселен, Бақыт, Балтабай, Ардақ, Самал, Салтанат, Қолқанат, Талап, Тілеген, Жақсылық, Жанат, Айнұр...... Бұл есімдердің «ат ұстар», «кесте тігер» жандарда кездесетіні қызғылықты жәйт. Ал, Ұлтуар мен Тұрсынгүл ше?
Жанұяда сәби шетіней бергенде сәби тұрсын деп, ырымға балап Тұрсынхан, Тұрсынгүл тәрізді есімдермен атаған. Жаңадан отау құрған жас жұбайлардың балалары бірінен соң бірі шетіней бергенде, үшінші қызы дүниеге келгенде оның есімін Тұрсынгүл деп еншілеген жанұяны білемін. Шүкір, қазіргі таңда бұл отбасында Тұрсынгүлден кейін бес бала бар. Міне, ырымдап қоюдың пайдасы шаш-етектен.
Сондай - ақ, шаңырақта ер бала болмай, ылғи қыз бала дүниеге келе бергенде жас сәбидің есімін Ұлтуар,Ұлмекен немесе Жаңылсын, Тойдық, Болдық, Сағындық, Аңсаған деп ырымдап қояды. Сөйтсе ғана кілең қыздардан «жаңылып» көптен күткен, сағынып жеткен ұл да дүниеге келеді екен. Жалпы, қазақ халқы қыз баланы қонақ, жат жұрттық деп сыйлап, ұл баланы ұрпағымды жалғастырушы, шаңырақ иесі деп таныған. Сол себепті де қыз бала өмірге келе бергенде үлкен кісінің, отағасының да қабағы «қатулы» болтындығын естіп те , байқап та жүрміз.
Қазекемнің ұлды қаншалықты жақсы көретіндігін мына өлең жолдарынан анық байқауға болады.
«Қыз дегенің қонақ ол қашанда,
Төбесіне алтын құйып қойсаңда.
Шаңыраққа ие болып қалатын,
Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда!». Көрдіңіз бе, ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда!!! Ал қыз бала ше? Әрине, қығалдақтай құлпырған қыз бала құтты қонақ деп жылы жауап қатамыз. Мысалы, от анасы ылғи ұлды дүниеге әкелді делік, «қызым жоқ» деп тұнжырап жүрген жаңағы отағасын көрмейміз. Қызды күтіп, ырымдап есім қойғанын естімедік. Бірең-сараңы болмаса, көпшілік ер адамдар қыз баланы аса бір аңсамайтын сықылды көрінеді маған. Жәрайды, сөздің орайы келгенде айтып жатқаным. Бала –адамның бауыр еті, өмірге торсықтай ұл келсе де, жібектей қыз келсе де далаға тастамайтыны айдан анық. Тек бөле - жара қарамағаны абзал дейміз баяғы.
Хош, сонымен қазекем ұл баланы жақсы көреді дедік. Ұл баланы армандап зарыға күткен отбасында өскен Шаршаған әже туралы сыр шертсек.
Зеленов ауданы, Мичурин ауылына қарасты Асан елді мекенінде тұратын Шаршаған Иманқұлова 1936 жылдың жаз мезгілінде дүниеге келген. Гурьев облысы (қазіргі Атырау) Жылыой ауданы, Жаңатаң колхозы, Ембі ауыл советі ол кісінің кіндік қаны тамған жері. Әкесі Иманқұл мен анасы Ақмоншақ 6 қыз, 1 ұлды дүниеге әкелген.
- Отбасында бесінші қызбын. Менің алдымда Алтынгүл, Ақжонас, Талым, Ақорын секілді құлаққа жағымды тамаша есімді еншілеген әпкелерім болды. Менің атымды Шаршаған деп әкемнің ағасы Жаманқұл ағам қойған. Үнемі қыз туа берген анама бір күні Жаманқұл ағам «қыздардан шаршадық қой» деп ренжіген екен, сонда анам «Бәрі де Алланың қолында, бұйырғаны болар» деп жүріп тағы да қызды, яғни мені дүниеге әкелген. Сонда ұл күтіп жүрген Жаманқұл аға қазақи ырыммен маған Шаршаған деген есімді беріпті. Міне, ырым-сенімнің құдіреті осы шығар, меннен кейін дүниеге ұл келді! Білімді болсын деген ниетпен інімнің атын Білімді деп қойды.
Кейін ес біле үлкендерге «Әпкелерімнің есімі жақсы да, менің есімімнің Шаршаған болуы біртүрлі» деп ренжіген кейіп танытсам, олар «Сенің есімін Шаршаған болмаса, мына сүйкімді Білімді балақай дүниеге келмес еді» деп жұбататын. Содан бері мен өзімнің есіміме соншалықты үрке қарамадым,- дейді Шаршаған әжеміз.
Ол кісі жас кезінде кітапханада қызмет атқарған. Белсенділігімен, еңбекқорлығымен көзге түскен кейіпкеріміз аудандық Совет депутаты да болған екен. Отыз жасында Темірқұл есімді мұғалім жігітпен қол ұстасып отау құрған. Айта кетейік, Темірқұл Жөкешұлы ұстаздық жолда еңбегі сіңген педагог, ҚазГУ-дің журналистика факультететін тәмәмдап, сол кездегі «Ембі» газетінде тілшілік жұмыс атқарған жан. Бір өкініштісі, қазіргі таңда ардақты ағамыз ортамызда жоқ.
Бес баланы дүниеге әкеліп, немерелерінің қызығын көріп отырған Шаршаған әже кенже баласы Руслан мен келіні Алтынайдың қолында.
- Пенденің тәрбиесі мықты болуы қажет. Тәрбиелі, өмір көрген адам ғана бәрін де жеңе алады. Адамгершілік қасиеттен ада болмауы тиіс. Сыйластықты биік ұстаса, қарым-қатынаста нық болады. Сондықтан да сыйластықты жоғалтып алмауымыз керек. Біздің заманымыздағы адамдар мен қазіргі заманның адамдарының арасында айырмашылық жер мен көктей. Адам да тұрған ештеңе жоқ. Адамды өзгерткен заман. Әсіресе, біздің уақытта жастар қалай еді, ә? Қыз балалар омырауын ашып жүрмек түгілі, қысқа киім кимейтін еді. Ал қазіргі жастар ше? Қазір бәрі басқа. Мүлдем басқа ... Жастарымызға сана берсін,-дейді көпті көрген 81 жастағы ақ жаулықты әже.
Иә, жастарымызға сана , ал Шаршаған әжемізге ұзақ ғұмыр берсін Алла тағала!
Самал ЖАМЕТ
Бөлісу: