ЕЛ ІРГЕСІ ТЫНЫШ БОЛСЫН
Мінген адам түгілі, маңындағы біреу түшкірінсе тулай жөнелетін құла аттың ажалы жетті. Терең күздің қара суығы дендей түскен сәтті күннің бірінде Елеусіз пышақтарын қайратып, етектегі ауылдан жора-жолдас, құда-жекжаттарын Қарақасқа шақырды. Аяқ-асты бейнет шалып, мүгедек болған Нұртас та арбасын жантайып жатып айдап, құланың «қара сорпасынан» дәм татпақ боп келген екен. Жылқы малы бір-жар ай жемге тұрса үстінен бит домалардай түгі жылтырап шыға келмей ме. Арқасы тақтайдай болған құланың қазысын елілеп өлшеген жұрттың тамсанысында шек болмады. Әне-міне дегенше қазандағы бүлк-бүлк еткен ет те пысты. Асты ортаға әкеліп, «бала-шағаға бұйыртып жегізсін» деген тілектер де айтылды. Жиналғандардың жастары да шамалас және бір ортаның адамдары еді. Сондықтан әзіл-қалжың, өзге әңгімелері де ортақ. Алғашқы сөз түртпек Нұртасқа тиді. Оның осындай халге түсіп мертіккенін күллі ел естіп, көзіне айтпаса да сыртынан әжуа ететін-ді. Құдайдай сыйлаған іргесіндегі құдасы мен бауыр ет інісінің жасаған қылапатын ауыр қиянат санап, ол кешіре алмады. Құдасы үйін сатып басқа ауылға көшті де, інісі сол кеткен оқуының соңынан ауылға қайта оралмады.
- Мені келемеж қылғанша, мына Елеусіздің қалай жығынды болғанына
күлмейсіңдер ме!? – деп Нұртас әзілдің уытына төзе алмай дүңк етті. Отырғандар аңырая отағасына қарасты.
- Нүкең, әншейін қиыстырып отыр, қайдағы жығынды. – деп басын
сипап, ірі денесі селкілдей кеңк-кеңк күле берді, ол.
Соноу жылдары жау шаптының кері келіп, дүрілдеп тұрған кеңшар, ұжымшарлардың тас-талқаны шыққан жоқ па. Билік басындағылар бақталаса байып, қоғамның жұмысын жасап мал баққандар итке керексіз боп, қу күнкөрістің соңында телім-телім тентіреп кетпеді ме. Сол кезде осы Елекең азын-аулақ мал үнемдеп, жаз жайлау, қыс ен-түздегі Қарақасты пана етіп, шулы баланың қамы үшін нендей бейнет көрмеді дерсің...
Кезінде мал дәрігері болған бір аталас інісі жалғыз айғырын қосқан еді. Күзді күні сонысын алып кетуге келген екен. «Елеке, осыны мініске үйретіп берсеңіз» деп қиылады ол. Бөтеннің ала жібін аттап көрмеген Елекеңнің орнында басқа біреу болса, бұл шұбар айғырды баяғыда үйретіп, ендігі жабы жасар ма еді. Ала жаздай Елекеңді ағайынсып қосқан елдің бес-он биесін еркін қуалаған шұбардың айғырлығы басына әбден шауып, үйіріне маңайлағанға көзі шатынап, алдынан тарпып, артынан қосаяқтайтынды шығарған. Қақпайлап жүріп, мойнына әрең дегенде шалма тастады-ау. Ары алысып, бері алысып епті деген малсақ жігітің де ерттей алмады. Сосын қолдарын бір сілтесіп, Елекеңнің бәйбішесі әзірлеп, тосып отырған шәй басына кетті. Сол арада қаңғалақтап Орынғазы деген әңгүдіктеу біреу дастарқан үстінен түсті. Үсті-басы алқам-салқам, соңынан ит қосқандай екі өкпесі қолында. Бұ неме өмірі сау жүрмейтін-ді, қазір де бір тамыры артық соғып тұр. Көрші ауылда өзінен басқаны адам баласы демей, ғұмыр бойы кісімсініп келе жатқан алақаны тар, алаяқтау біреудің малын бағушы еді. Сірә, тағы да бөтелкесін құшақтап, төбенің басында тырайып жатқанда атынан айырылып қалған болар.
- Әлгі қу төбел қашып кетті, ат беріңдерші!
Шәй сораптап отырған екі-үш еркектің ішінен сол тетелес біреуі: - Әне, байлаулы тұр, ерттеп ал да зымыра! – дегені қасындағыларға көзін қысып қойып. Шұбар Орынғазыны да маңайлатпады. Көп ойланбастан анау күпәйкесін шешті де, шұбардың басына жауып, тұмшалап байлап тастады. Сонан кейін мыңқ етпей тыныш тұрған атқа ертоқым салып, асықпай айылын тартып күнде мініп жүргендей желді де кетті. Бір қызықты тамашаламақ боп отырған шәй басындағылар: «Жынның тілін жын білер» деген осы екен-ау дегендей ауыздары аңқайды. Әудем жер жүрген соң шұбардың есі кірген тәрізді, Орынғазыны тулақша қақты.
- Ойбай, ана сорлыны өлтіреді! – деп Елекең үй сыртындағы ерттеулі
атына мініп, қолына құрығын ұстай тұра шапты. «Тулаған асауды сауырдан бір-екі жонып өтсе жыны қағылады» дегенді естігені бар-тын. Жосылтып келіп жанай бере, құрықпен сауыр қайдасың деп көсілтіп өтті...!
Жаны сірі-ақ екен бейбақтың! Шүйдесі не деген мықты еді! Қанша қабырғасы сынса да екі-үш айдан соң сақайып, Орынғазы қайта орнына келді. Құдай бермеген бақты басына Елекең орнатып, киімі жаңарып, бет-аузы домаланып, ішіп-жемнің уайымынан арылды. Елекеңнің тұңғышы көрмеген жақсылықтан басы айналып: «Сұрағанымды беріп тұрмасаң, сотқа тартамын!» деп кейінгі кезде бопсалауға көшті. «Қойшы, бір күні ұяты оянып қояр, айдалып кетпегеніме тәуба, шығын шықпай кіріс кірмес» деп, негізі жуас Елекең кең етек пәлсапаға мойынсұнып, осы күнге жеткен-ді. Нұртастың манағыда өз басын арашалап, тапқан табасы осы...
Ал Орынғазының әңгімесі бұнымен аяқталмады. Сол құладан соң да талай соғым сойылды. Үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздар да: бірі ер жетіп, бірі бой түзеді. Елекең «дұшпаны күйініп, досы сүйінер» шаруашылық көтеріп, балаларының арқасында қолы ұзарды. Орынғазы оңай олжаның дәмін тұшынағаны соншалықты, өзі тектес әлдекімдермен сыбайлас боп, ұрлық-қарлықтан сотталды. Аракідік атан түйедей қара көлікпен ауыл жаққа соғады. Келген сайын Елекеңді қайда болса да тауып алып: «Құрығыңның қасиетінен айналайын!» деп сытырлаған жасыл жүздіктің бірнешеуін тастап кететін-ді. Уысына ақша емес жылан ұстағандай Елекең денесі тітіркеніп, алмайын десе – дүние жиылған сайын қалтырап бара жатқан әйелден де қорқып және кеше әңгүдік атанғанмен енді әзірейілдей қожырайған Орынғазыдан да сескенеді. Таяуда қалада тұратын бір баласы келіп: «Әке, сіз өмір-бақи таза еңбекпен мал жиған адамсыз, қай-қайдағымен ауыз жаласып, абыройыңызды төкпесеңізші!» деп ренжіген-ді. Ал Орынғазыны тыңдар болса ол: «Мен қазір - ірі кәсіпкермін. Кеше кім едім? Айына бір қап ұн төлейтін сараң шалдың құлы едім. Кеткен есем қайтып, менің де таңым ағарды. Мына жаңа заман есіктің көзінде жүрген мендейлерді төренің төріне шығарды. Ел-жұртымды аузыма қаратар күн де алыс емес!» деп күпінеді.
Екеу емес, неше бір оттың ортасында қалғандай Елекең ой-сарсаңға түсіп, «бұл өмір не боп кетті, өзі!?» деп аңырады. Орынғазы соңғы бір келгенде Елекең: «Қарағым, баяғының қарымын қайтардың, енді мені мазаламашы, тиын-тебен өзімізде де бар» деп, пендешілікті жеңіп нық сөзін айтқан. Анау: «И-и, ақымақ қазақ-ай, сендерде аспан ашық, ел іргесі тыныш болсыннан басқа не тілек бар осы? Күштің бәрі осы көк қағазда. Біле-білсең бұл – Құдаймен теңестіретін Құдірет!» деп Елекеңнің зәресін алатын күпір сөздерді айтып, қатты назаланған.
Жаман хабар жатама, көп ұзамай «тапа-тал түсте оны біреу атып тастапты» деген қауесет елге жетті. Ит-екеш итке де жаны ашығыш Елекең: «Осынша ойнақтатып жүрген ажалдың әсері екен ғой, о байқұсым-ай! Аспанымыз ашық, ел іргесі тыныш болсын, біссімілә аллауыпкер!» деп өзінше бата жасап, бет сипады. Сол сәтте үстінен бір жүк түскендей күй кешкенін сезінгенде: «Астапыралла, қуанып тұрғаннан саумын ба өзі!?» деп аруақтан ұялғанынан жағасын ұстады. «Бәріміз де - о баста күнәға батып жаратылған тесік өңешті пендеңізбіз, алдыңа барғанда малды да, малсыз да тең тұрар, кебіннен басқа арқалаған ештеңесі жоқ осы бір ессіз пендеңді де есіркей гөр, Аллам!» деп Жаратушыға жалбарынып, «кең болсаң - кем болмайсың» деген ұлтымызға тән кеңпейілділікпен, барлық күнаһарлар үшін де кеңшілік сұрағандай болып еді, ол.
Бөлісу: