Қарапайымдылықтың куәсі

06.11.2017 6348

         Қарапайымдылықтың куәсі

               Шуағы мол жадыраған жаз. Айнала толған күйбелең тіршілік қамы. Табиғаттың сұлу келбетіне іштей тамсанып, адамдардың қарекетінен көзімді алмай саялы ақ теректің бел тұсында отырмын. Ағаштың жасыл жапырақтары самал желмен сыбдыр айтады. Теректің ең ұшар басына шығуым керек пе деп ойланып тұрып, тәуекел деп бел өрмелей бастадым. Әлсіз бұтақ иіле қалып, жерге құлай жаздадым. . Мүмкін, менің бұл қылығымды алыстан бақылап отырған-ау шамасы. Құлап кете ме деп алаңдағанын жүзінен аңғартқан апам тездікпен таяғымен жетіп келді:

         -Түс,әйтпесе жаныңды шығарамын деп қояды.  Қанша еркелетсе де менің бұл қылығымның соңы апамның ақ таяғынан дәм таттырмай қоймайтынына көзім жетті де, қашуға қармандым.  

        -Апа,әне кетті, бұзау емді. Апам жалт бұрылып қарады да:

        -Жоқ қой,құрғыр-ау, -деп көз қиығымен іздей бастады. Апамның сәл ғана кідірісін пайдаланған мен жерге түсіп:

     - Апау, өтірік айтамын. Еміп жатқан бұзау емес, қашып бара жатқан мен,- деп зыта жөнелемін. Дәл осындай көріністер өмірімнен орын таба берді. Біресе, күшік деймін бе, біресе бұзау деймін бе, әйтеуір, өтірігім таусылар емес.

          Енді бірде апам ауладан келіп, үйдің қақпасынан кіріп еді, шатырдың төбесінде жүрген мені көзі шалып қалды. Сонда дәл мен тұрған тұсқа жетіп келмесі бар ма? Артқа қарай жүгіріп бақша жақтан бірақ секірдім. Қыста мал азығы болады-ау деп жиған шөптің үстіне шығып жүрсем де осылай. Қысқасы, шөп те, тал да, шатыр да – менің балалық шағымның мекені.

              Апам көркем, ахлахты, жан дүниесінің сұлулығы сыртқы келбетінен мен мұндалап тұратын. Ойлы қара көздерінен бәрін аңғартушы еді. Аюдай балпаңдап қалың қонжықтары бізді жанынан тастамайтын. Тірлігінің тынысы болған әр күні жай жатып , ерте тұратын. Әр таңда әтештің  «кукарекуынан»  оянып самауырға шай қоятын. Аппақ арындай ақ жаулығын тастамай, көрші-қолаңдарын ізгілікке шақыратын. Бала мінезді апам түнгі уақытта әлгі күндізгі қулықтарымды ұмытып, бәрімізді  қасына алып жатқызатын.  Бізге ағынап жарылып ақыл айтып, сан-қилы қиялдарына шомылдырып, ертегісін бастап кететін. Інім апамның қолын ұстамаса жата алмайтын.

        -Апа,бұл емес , дәу қолыңызды беріңізші. Апам екі қолын кезек-кезек ұстатып әлек. Інім сонда да дәу қолын табар емес. Апам інімнің бұл қылығына аң-таң.

        Апам тойға барса сарқыт, зейнетақы алса немерелеріме деп базарлық әкеліп, тоңазытқышқа салып қоятын,біраздан соң жейсіңдер деп. Сондай кездерде інім еркелікке басатын:

   -Апау,ішім ауырып тұр,-деп түрін бозартып, аурушаң күйге енеді.

    -Не істейін саған,құлыным-ау,-дейді апам інімнің еркелігін іші сезгендей.

     -Тоңазытқыштағы шырынды ішсем болды,ішім жазылады,-дейді інім көзін мөлдіретіп, түр-сипатын Шректегі мысыққа келтіріп алып. Сонда апам ет жүрегі елжіреп, барын алдымызға тосады.

           Інім – қылмыстағы серігім. Бар нәрсені бірге қосылып бүлдіреміз, төңкереміз.  Әсілі, қылмыс емес, бұзақылық қой.  Неге бізді қылмыскерді ұстағандай апам бас салып, сазайымызды тартқызғысы келеді екен. Сондағы тәртіпсіздігіміз шөпке шыққанымыз  ба? Апам екеумізді осы үшін алдына салып қуып келеді.

             Мәре сызығын бірінші болып кескен –мен. Атам қайда болса, мәре сызығы сонда. Апам қуып келеді. Інім қашып келеді. Кенет калошы шешіліп қалды. Онысын да бой бермей, теріс киіп алып еді. Сол керек оған!

         -Апау,тоқтай тұршы,калошымды киіп алайыншы,-деді інім аянышты халде. Бұл сөзге апам кілт тоқтай қалып:

        -Айналайын,бауырсақ мұрындым,-деп құшағына алып,шекесінен иіскеді.

         Қақаған қыста келіп жетті. Ағам аяқтанып,отау құрды. Үйде жүрген бейтаныс қыздың жанарына қарап ештеңе ұғар емеспін. Тек ол қыздың Абай деген ауылдан екенін құлағым шалып қалған. Көкейімде бір сауал:өз үйі бола тұра, неге біздің  үйде жүр деген.

         -Мама,мама,-деп әлгі қыз апама сөз арасында сөйлеп қояды.

        -Менің апамды мама деме. Сенің мамаң Абайда,-дедім ішімді қызғаныш оты кернеп. Сонда апам:

       -Шырағым,біріншіден,үлкенді сыйлау-адамдық міндетің,кіші болсаң да сені біреу сыйласа абыроайлы жеңісің де жемісің. Екіншіден,бұл-сенің жеңгең, ағаңның сүйген жары. Сондықтан жеңге деп ата. Ол енді отбасымыздың бір мүшесі,-деді.

        Содан бері үш-төрт жыл өтсе де,апам мені барлық немерелерінен артық жақсы көріп еркелеткені соншалық, шолжаңдатып жіберетін. Ал жеңгем бұл еркелігімді көтере де алмайтын. Маған тоғызыншы сыныптан соң коллеждге оқуға түсуімді сан рет қайталап, жан ашырлық көрсеткендей болды.  Мұны анама айтып едім,ашуланып өз қолына аламын деді. Содан не керек, апамды қимай-қимай кеттім-ау.

         Демалыс күні бірден апама жол тартып,қонақ болып сағынышымды басамын. Ақ саусақ жеңгем қолының ұшын қозғалтпай жатқандықтан, бар шаруа апамның мойнында. Таңғы сағат бесте тұрып, сиыр сауып, қаймақтап атама шай береді. Түскі және кешкі асты дайындайды. Не деген қайрат десеңізші! Өзінің санасына берсін дегендей жеңгеме ләм деген емес.

     Бірде сиырды өзім сауамын, тек оятсаңыз болғаны деп едім. Оятпапты. Апама ренжіп монтиып едім:

  -Ұйқыңды қимадым,қарағым ,- деп сәл жымиды.

             Аялсыз уақыттың өтуімен бірталай уақыт өте шықты. Апам жайлы жайсыз хабар жетті. Тапбір бойымды таудың ауыр тасы басқандай. Жан дүниемде алай-дүлей дауыл соққандай күй кештім. Еш ем таппас дерт апамды құндағына алып,қасірет құйынына батырып жатса да, тірі жан баласына сездірмегені не деген қайсарлық  десеңізші...     

                 Ота жасайтын күнде жақындады. Ұзын құлақтан естігенім, жағдай сұрап барғандардан апам бірінші адамның емес, тауық,балапан, үй жануарларының халін сұрайды екен. Жанындағы науқастар:

        -Балапанның емес, өз жағдайыңды ойласаңшы,- деп күліп алады екен. Өкінішке орай, ота сәтті өтпеді. Себебі, бұл қатерлі ісіктің аналығы болатын. Негізі ота жасаудың қажеті жоқ еді. Сәтіне басқанда, апам 2-3 жыл дүниені жалғасты көруіне болар еді. Арада бір ай өткен соң апам келместің сапарына аттанды.

          Қазақта өлген адамның киімін тәбәрік қылып, жыртыс тарататын салт бар.  Апамның дүниесін ақтарып, «Селолық советтің депутаты»  деген жазуы бар  төсбелгі  тауып алдым. Атамнан:

 -Мынау не?,-деп сұрап едім.

 -Білмейсің бе,сенің апаң депутат болған,-деді. Төсбелгі жайлы мақтанышпен қоразданып ешкімге тіс жарған емес.  Мақтаншақтық қанында жоқ еді.

               Жер бесікке бөлер шақта апамды соңғы рет көруі үшін немерелері кірген сәтін пайдаланған болатынмын. Оның бас жағында тұрған- мен. Апам дәл маған басын бұрып, кішкене көзін шарадай етіп ашты. Бала жүрегім сәл де болса сескенді. Арғы дүниеге аттанған адам да жұмылған жанарын ашады екен деп таңғалдым. Үй ішіндегі аналар:

                 -Айналайындар,шыға тұрыңдар.Жуындырамыз,-деп өтінді. Апамның қараған жанары бала санамда әлі сақтаулы. Мейірлене қарады.

Бар жанарында қимастықтың ұшқыны көрініп-ақ тұрды. Жақсылықпен кестеленген келте өмірінің соңына дейін жүрегіндегі жылуды өшірмеген сабаз апам-ау

        Апамнан айрылған күнде де мені жайыма қалдырған емес,сірә,желеп-жебеп жүрсе керек. Бірде жатақханада тұмау болып, үнім шықпай, қарным ашып ұйықтап қалып едім.  Түсімде апамды көрдім.

         -Қарның ашты ма,балам?,- деп бауырына басып, сандықтан ең дәмділерін алдыма қойып жатты.

           Тағы есіме түскен елеулі сәттер. Теледидардан әншілердің жөнсіз киінгенін көрген апам:

         -Анау біреудің анау жеріне мата жетпей қалыпты,-деп әзілге айналдыратын.  Әңгіме арасында бір адамның түрін сипаттап берсем:

        -Түрін езіп ішесің бе,-деуші еді.

 Балалық шағымның мәртебелі күндерінде менің ата-аналар жиналысына апам қатысатын. Мен оған намыстанатынмын. Себебі, үстіндегі көйлегі көк, қолындағы сөмкесі ақ, ақ киімі де ақ түсті. Бірақ шұлығы қызыл-көк. Қазір қызыл болсын,жасыл болсын қасымда болса ғой деп армандаймын.  Ағарған әжім сызықтарының әрқайсысы бір ақ тілектің ізі екенін ешкім аңғарған жоқ-ау. Бар қажыр-қайратын, ұлағатын ұрпағына арнаған ұлы жүректің иесі қасиетіңнен айналдым. Қайран, қарапайымдылықтың куәсі – қызыл шұлық, көк шұлық және апатайым-ай.

 

Бөлісу: