Зұлмат жыл
1937 жылдың қоңыр күзінде ауылнай соңына бір топ милицияны ертіп «Уақ Заря» ұжымшарының кеңсесіне ат басын тіреді. Бұларды көрген ауыл тұрғындары үрейленіп қалды, өйткені көрші Қаратал ауылында Қадес Қапышев пен Біләл Малдыбаев «халық жауы» боп ұсталғандарын естіген-ді. Ауылдағылар «бұл тобыр» бізге қандай жаманшылықпен келді екен» деп жатты. Ол топты Қаппас пен оның әйелі Бапыш та көріп еді.
Көп ұзамай аталмыш топ өздерінің үйіне бет алғанын көрген Бапыш бір жамандықты сезіп жүрегі өрекпіп кетті. Расында олар үй шаруасымен айналысып жүрген Қаппастың жанына келді. Ішіндегі ұзын бойлы милиция:
- Мен осы топты бастап келген арнайы ішкі істер бөлімінің өкілімін. Сіз 1890 жылы Уақ Заря ауылында туған, «халық жауы» Балғожа ұлы Жаппастың ағасы Қаппас Балғожаұлы боларсыз? - деді.
- Иә, Жаппас інім болады, - деді Қаппас.
Бізге Қаппас, Смақ, Бекіш үшеуіңіз кеңес одағының саясатына қарсы үгіт жасап жүр деген суыт хабар алдық. Сондықтан үшеуіңді «халық жауы» есебінде қоғамнан оқшаулау туралы шешім шығардық, - деді.
Бұл жөнсіз айыпты естіген Қаппас абдырап қалды. Оларға Бапыш уәж айта бастап еді, Қаппас «сен араласпа» деп оны тиып тастады. Келген милиционерлер «бұл кім?» деп елеңдесіп еді, Қаппас «Үйімнің көршісі» деп айта салды.
Осы кезде қолдарына кісен салынған Бекіш пен Смақты екі милиция тұтқындап алып келді. Тағдырлары қыл үстінде екенін түсінген Қаппас «Құрметі өкіл, үшеуміз ауыл балаларына мектеп салдық, сол мектептің сыртқы есігін ілу ғана қалған. Егер рұқсат етсеңіз есікті жауып кетейік. Өйткені бөгде кісілер кіріп мектепті қиратып кетуі мүмкін», - деген. Топ басшысы рұқсат еткен соң екі милиция үшеуін алдына салып мектеп жаққа кетті.
Біраздан соң кеңсеге тұтқындарды қайта алып келді. Осы кезде үшеуінің отбасылары кеңсенің алдына жиналып, үнсіз жылап тұрған болатын. Әйелінің қырқынан шықпаған сәбиін көтеріп келгенін көрген Қаппас «мені іздеп түрменің табалдырығын тоздырма, ақпын, келемін, сәбиіңді күт» деді қатуланып.
Кетіп бара жатқан жолда Қаппас Мәсіп досын көріп топ басшысына «мына кісіде алашағым бар еді, сөйлесуге рұқсат ет» деді. Содан ол досына «сәбиімнің тым болмаса іңгәләғән үнін, былдырлаған сөзін, тәй тәй басқан жүрісін көре алмай кетіп бара жатқаныма қатты өкінемін, перзентіме қамқор бол, аман болсам баламның боқмұрынын қолыңнан, шәйіт болсам о дүниеде алармын», - дегенде «о, не дегенің, қам жеме, ақсың, келесің», - деп досы оны қимай шығарып салды. Осылай бесіктен белі шықпаған Сапура қас пен көздің арасында «халық жауының» қызы аттанды.
«Қаппас халық жауы болып ұсталып, түрмеге жабылыпты» деген сөзді естіген халық «елге мектеп салған колхоздың қарапайым мүшесі Қаппас «халық жауы» болса, қалған ел не болмақ?», - деп күңіренген еді...
Жылдар өте Сапура әкесі салып берген мектептің табалдырығын аттады...
Досының қызын қамқорлығына алған Мәсіп ахиретке дейін «аманат қызым» деп өз қызынан кем қылмай өсірді. Сапура оқуын бітірді. Сәби кезінде мән бермеуші еді, есейе келе әкесінің неге «халық жауы» болғанын білгісі келсе де, жауабын таба алмайтын. Бірде көкейін мазалаған осы сұрақты анасына қойған - ды.
Осы кезде анасының жүзін мұң торлап «Әкең жазықсыз екені бәріне аян. Оның бар кінәсі әкеңнің інісі Жаппас пен С.Сейфулиннің бажалығы еді. Өйткені әйелдері Бибіажар мен Гүлбаһром Нұра ауданының апалы - сіңілі қыздары болатын. Ал, Жаппас ағаң революцияға дейін оқыған санаулы қазақтардың бірі-тін. Ол Кеңес Одағы тұсында талай жауапты қызметтер атқарған.
С. Сейфуллинді «жапон тыңшысы» деп тұтқындағаннан кейін көп ұзамай Жаңақорған ауданында прокурор болып жүрген Жаппас ағаң «халық жауы» деп ұсталды. Іле әкең Қаппас та көрсетінді бойынша тұтқындалды. Осылай, жазықсыз жандар қыршын кетті!!!
Сондай-ақ «халық жауы» деп атылған немере ағаларың Біләл Малдыбаев, Қадес Қапышевта елге еңбегі сіңген ерен жандар еді. Қазір баспасөзде жазып жүргендей, аталмыш азаматтардың «халық жауы» деп, адамгершіліктерінің тапталуына Сталинің және оның жендеттері Ягода, Ежов, Берияның қан-құйлы тобы ғана кінәлі емес, ең алдымен қанқұйлы басшылардың ниетін орындаған «Ә» десе «Иә» деген жер-жердегі шолақ белсенділер еді. Егер олар өз қазағын, өз туысқандарын, тіпті дәмдес-тұздас жүрген жолдастарын өздері тізіп бермегенде осынша ма адал ниетті азаматтар, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға қойша тоғытылмас та еді. Сен әкең өліміне себепкер адамды сұрайсың, бірақ сенің кек сақтап өмір сүргеніңді қаламаймын. Әкеңнің өліміне кінәлі адам өмірден тиісті жазасын алар. Ал сен уақыты келгенде әкең, ағаларыңның жазықсыз екенін біліп қуанатын боласың» деген ана сөзі бойына қуат беріп еді.
Әкесінің бейнесін көрмеген қызының «әкемнің түрі қандай болып еді» дегеніне «айнаға қара, сонда әкеңді көресің» дейтін анасы.
Анасы Бапыш 1990 жылы бақилыққа озды. Тәуелсіздік таңы атысымен әкесі Қаппасты, Смақ, Бекішті 1992 жылы ақтағаны туралы шешімді «Көкшетау правдасы» газетінен оқып: «әкем ақталды ол халық жауы емес екен» деп жұбайының ақталғанын көре алмай кеткен анасын еске алып көз жасына ырық берген...
Ел Үкіметі әкелері жазықсыз жазаланған жандарды ақтап жатқан соң ұлттық қауіпсіздік комитететінен әкесінің іс - қағаздарын оқып, оның тергеу кезінде зайыбының атын Сақыш, баласының атын Теміртас деп жаздырғанын оқып «әкем біздің аты-жөнімізді неге дұрыс жаздырмаған» дегенде үлкен қызы Қазына «Анашым-ай, 1937 жылы халық жауы болып ұсталғандардың әйелін де, балаларын да аямай қамап, атып, қинап, түрмеге отырғызып жатқан кез, соны көрген әкең артымда балам аман қалсын деп сенің тегіңді өзгерткеннің арқасында аман қалған боларсың, ол үшін әкеңе ренжіме» деген. «Әкем, жанын қиса да, артында тұяғым қалсын деген ғой» деп көзіне жас алған еді Сапура.
Анасы Бапыш та көреген екен. 2015 жылы Петропавловск қаласында 1937 жылы репрессия құрбандарына ескерткіш ашылу салтанатына қатысып, әке ескерткішіне тағзым еткен. Сонда 78 жыл бойы жиналып қалған мұңын, шерін тарқатқан Сапура «Әке, менің титімдей жүрегіме 1937 жылдың салған жарасы әлі күнге дейін сыздап тұрады. Қашан бізді түрмеге алып кетеді деп жалтақтап өмір сүріп, күлер шақта күле алмадым. Риясыз ойнай алмаған балалық балғын шағымды тозаққа айналдырған «кеңес үкіметі» тағдырымды тәлкек қылыпты. Бірақ халық қарғысы кеңес өкіметінің түбіне жетті. Атасының «халық жауы» болғандығы балаларымның беттеріне шіркеу болмасын деген тілегімді жүзеге асырып сені ақтаған және жазықсыз құрбандарға ескерткіш орнатқызған Елбасы Назарбаев Н.Ә. рахмат деуден басқа айтарым жоқ» деп әке рухымен армансыз көріскен болатын.
Бөлісу: