Қанды махаббат
Сәске түс. Қақ төбеңе келген күн, миыңды шыжытып тұрғанымен, терістіктен соққан салқын самал жаныңа қуат береді. Жаздың осындай күндерінің бірінде, жайлаудағы қара қосымнан, темір тұлпарымды тізгіндеп, ағамның борсыққа құрған қақпанын көруге шықтым.
Құшағы кең, бұл Қазірет жайлауының шөбі шүйгін, аң-құсы мол. Ала жаздай мың бас жылқы, бес жүз бас қара мал жайылсада, қар түскенше шөбі жапырылғанын көрген емеспін. Малға да, аңға да жайлы бұл жерде, малшылар үшін жаздың екінші айы, шадыман жайлы уақыт. Себебі бұл уақытта маса кетіп, мал тойынып, орманның қуыс-қуысы таңқурай, қарақат, бүлдірген сынды жемістердің түр-түріне тұнып тұрады. Қарның ашып бара жатса орманға кіріп кетіп, уыстап асай бер. Тек аузыңа қолыңды арпаруға ерінбесең болғаны. Бұл айдың тағы бір жайлы жері, малмен бірге даладағы ұсақ аңдардың тойынатын мезгілі. Әсіресе бұл алқапта суыр деген аң құжынап жүреді. Ебін тапқан адамға борсық, елік, бұғы, бұлан сынды аңдарды аулауға болады.
Жаздың басынан бері ағам екеуміз қанша рет тұзақ, қақпан құрсақта аузымыз осылардың біріне тимей жүрді. Осы бүгін ала таңда, алдында құрған екі қақпанға үлкендігі тоқтыдай екі борсық түсіпті. Олжалы болған ағам ауылға жақын жер болған соң, екеуін алдына өңгеріп ауылға кетті. Мен бишігімді қолыма алып қосқа қайттым. Ағам кетерінде - Қазіреттің күнгей бетінде, жыраға жақын өскен топ қайың бар, соның қасында тобылғылардың түбінде, борсықтың ініне қақпан құрғам. Бүгін айымыз оңынан туып, қанжығамыз майланып тұр ғой, оғанда бір нәрсе түсті ма екен. Ерінбей барып қарай сал - деп тапсырып кеткен.
Қосқа барып, шайымды сораптап ішіп, күннің аптабына ұрынып бара жатқан бетім осы. Айтқан борсықтың інін табу ұзаққа созылмады. Әдетте топырағын шошайтып үйіп, артығын есікпен төрдей жерге шашып тастайтын, борсықтың інін арқан бойы жерден байқадым. Іннің аузына жақындай бергенімде, қақпанды шалдырлатып інге қарай тартқан, бір мақұлықты байқадым. Шамасы тағы да борсық болар деп іштей қуанып, қолыма жуан сойыл алып, мысық жүріс сақтықпен басып, іннің ауызына бардым. Қарасам кішігірім жер ошақтың көлеміндей, қос серіппелі қасқыр қақпанға, денесі еті жетілмеген бағландай ірі, бір сары суыр отыр.
Әдетте атамдар - Суыр адам секілді аң. Қақпанға түскен суыр ұрып алуға барғанда, аяғыңа келіп жабысып, бала секілді бетін басып дыбыс шығарады. Әрі шебер құрылмаса тұзаққа түспей, қақпанға шаптырмай кететін шапшаңдығы бар. Ұстағыларың келсе, мылтықпен алуы тиімді - деп айтып отыратын. Сондықтан көбіне іннің аузында отырғанда, қанды ауыз береннің шүріппесін бір басып атып ала салатынбыз. Ал мына суыр қақпанға түсіпті, жәй-мәй емес, қос серіппелі қасқыр қақпанға.
Ептілікпен қақпанның қақпанның қазығына барып, шынжырын тартқанымда. Адамға ұқсас шүйкедей ғана мақұлық иесі, маған мөлдіреген жанарымен қарап тұрып, бала секілді бетін басып баж ете түсті. Бұрын соңды адам секілді, қиналып дыбыс шығарған аңды, естімегендіктен ба, жүрегім тас төбеме шығып, быраз тесіліп қарап қалдым. Алдында осылай екі рет, қақпанға түскен суырды босатып жібергенім бар. Бырақ, ол кездегі құрған қақпан, үлкендігі құманның түбіне жетпейтін базар қақпан еді. Оларда осыған ұқсас дыбыс шығарып, серіппені басып жатқанымда аяғыма жабысып, оймақтай көздерімен елжірей қараған. Сол уақытта екі суырда арық болғандықтан, аяған болып босатқаным тағы бар. Алдымдағы тіршілік иесі бөлек.
Шынжырдан қолым босай бергенде, суыр қақпанын сүйретіп келіп етігімді тырмалап, аяғымды құшақтап алды. Оймақтай елжіреген көзінде, мұң мен шыбын жаны үшін мейірім іздеген дәрменсіз бейне тұр. Көзінің айналасына жас толыпты, шамасы қара қақпан сирағына батқан секілді. Енді байқадым, қақпан суырдың ортан жілігін сындырып, етін боршалап кесіп, сирағы қақпанда қалып терісі қақпанның аузына оралып қалыпты. Не деген азап. Аяғыңның сүйегін сындырып, етін боршалап кесіп, тек терісін қалдырса, бұндай азапқа шыдау мүмкін емес еді. Жан бермек оңай ма? Мына мақұлық, сонда да қақпанды іннің ішіне тартып, өзінше меннен бой тасалап, жан сақтамақшы.
Аңның тіршілік күресін бақылап тұрып, бөлінген сирағы мен санына қарадым. Екі бөлікке де қара шыбын қонып, өзінің дернәсілдерін қалдырып кетіпті. Бұл суырды босатсамда бәрібір, таяу екі-үш күннің ішінде, бұданда сорақы азапқа салатын өлім күтіп тұр. Бүгіндікке қан көріп, масайып алған көңілім, қанша аясада өлтіргісі келді де тұрды. Бір жағы жыбырлаған құрттар, аңның әрбір етін тесіп, бүкіл денесін жеп біркенше қиналып өлгенін қаламадым.
Шынжырды қаттырақ тартып, өзіме жақындатып едім. Тырмысып жерді жібермей жабысып жатты да, екі көзін алақанымен басып үн-түнсіз қыбырламай тұрып қалды. Шамасы тағдырға мойын ұсынып, менің ойымды түсініп, құптаған секілді. Бүгіндікке қанға құныққан жүрегім осыны қалады. Қолымдағы сойылды көз ілеспес жылдамдықпен қара тұмсықтан салып қалғанда, қиған бөренедей жерге сылқ құлады. Қақпанға оралған терісін әрең дегенде кесіп алып, қақпаннан босатып, қаны шықсын деп бауыздап, артынша ішін жарып қос маңындағы иттерге тастадым.
Бүгінгі азаннан бөленген махаббатымның мауқын бастым. Аңшылықтың шарты осылай, жүрегіңдегі аяушылық сезімінің орнына қатыгездікпен, қаннның қызығына деген махаббатыңды оятуың керек. Менің қанды махаббатым осылай басталып кетті...
Бөлісу: