ШАТАСТЫРМА БАСЫМДЫ ШЕТЕЛМЕНЕН

30.05.2017 9073

Жамбылдық ақын жігіт Серік Томанов Есімханова деген апайдың алдына шетел әдебиеті пәнінен емтихан тапсыруға кіреді. Серікке Мопассан, Эрнст Хэмингуэй, Онере до Бальзак, Жюль Верн, Экзюпери туралы сұрақтар түседі. Секең үш шумақ өлең жазыпты да, апайдың алдына барып сайрай жөнеліпті: 

-- Шатастырма басымды шетелменен,
Шетеліңді о бастан бөтен көрем.
Хэмингуэйлер жетеді қазағымда,
Бальзагыңды сұрайсың бекер менен.
Қара сөзі қайнаған өзегінде,
Экзюпери жетеді өз елімде.
Мопассаның тең келмес Майлиніме,
Мұхтарымнан мен сірә беземін бе?
Сондықтан да сұрама Жюль Вернді,
Ұлы Абайым Гетеше білді өмірді.
«Үшің» болса апатай, қоя салшы,
Түзетерміз соңынан үлгерімді.


Бұған әбден риза болған апай: «Бұл үшін мен саған «3» емес, «5» қойып беремін» депті ғой. 
Сол Секең философия пәнінен тапсырған кезде де:


-- Білмей қалып базис пен қондырманы,
Құдай мені тағы да оңдырмады, -- деп бастырмалатып, одан да құтылып кеткен.


Марқұм Кеңшілік Мырзабеков «Шығарманы өлеңмен жазуға болмайды» дегенге қарамастан, шығарманы түгелімен өлеңмен жазып шығып, ең соңына «Құласам, өлеңнен құлайын» деп жазған екен. Сөйтіп, Университетке түсіп кеткен.


-- Тарихта қалар дарын ем,
Тарихтан құлап қалдым мен, -- деп келетін Есенғалидың да абитуриент кезіндегі өлеңі бар. Қай кезде де ақындарды өлеңі асырап, желеп-жебеген ғой.

Серік Шұқын

Дәурен Айманбетовтің ФБ парақшасынан жымқырылды))

Бөлісу: