САРМЫСЫҚ
Қазаққа тән қасиет деп айтуға аузың бармас, тегі мал немесе үйді маңайлаған ит-мысық өле қалса, «Бала-шаға аман болсын! Пәленің барлығы осымен кетсін!» деп жататынымыз рас қой. Ауылдағы мал дәрігеріне: «Қой-ешкі ауырып тұр!» десең, ұсақ малды менсініңкіремей: «Арып кетпей тұрғанда соя сал...» дейтіні де өтірік емес...
Әңгімені бастай алмай, бұлталақтап отырған себебім, бұл «уақиға» расында менің қалыптасқан ұстанымымды дүр шайқалтып еді. Жол түсіп, азын-аулақ сауда жасауға келе жатып, әпкемнің үйіне ат басын бұра салғаным. Үйде жиенім ғана екен. Мектеп жасындағы баламен не әңгіме тындырарсың, сабағын, тәртібін сұрағаннан өзге. Және де оны қадағалап отырған күнделікті мен емеспін. Өзінің әке-шешесі бар.
- Нағашы аға, мына стөлді орнын ауыстырып қоюға көмектесші. – деп
жиенім тілек білдірді. Өзім көтере салмақ болып едім, құлашым жетпеді. Сосын екі жақтап көтеріп жылжи бергенде аяқ астым былқ етті де бір сұмдық құлақты жара баж ете қалды.
- Аға, өлтірдіңіз ғой! – деп жиенім стөлдің астына етбеттей жығылды.
Әбіржігеннен ақыл-есім зырқ етіп, мен де бел иілгенше еңкейдім. Сұмдық-ай, басы еденге қабысып, мұрнынан қызыл қаны сигектеп, бір сары мысық сілейіп жатыр! Салмағым сексен-тоқсан, тобан аяқпен таптап кетіппін...
Жиенім ботадай боздап, «скорый» шақырт деп жер тепкіледі. Басымның ауғаны соншалықты шақыр дегенін рас шақыра жаздап барып, есім жиылды. Былқ-сылығы шығып жатқан сары мысықты шүберекке орап, қасыма жиенді ертіп, ветеринарлық учаскеге жөнелдік. Иттерін жетектеп, мысықтарын көтерген талай кісі тізіліп тұр екен. Біздікі хәл үстінде жатқанын елеп, кезексіз өткізді. Бұндайды көрген емеспін, осынша сүрген өмірімде! Сары мысықты адам сияқты операция стөліне жатқызып, отасын жасады. Тамырына ине салып, системасын қойды. Соның арасында біреуі менен мысықтың жасын сұрады. Итім біліп пе қаншаға келгенін, жиенім де білмейді екен. Көшеден тауып алыпты. Аты кім дейді. Жиенімнен сұрайын десем, ол әлі еңкілдеп отыр.
- Әй, қарағым, мысыққа ат қоятындай хәлге жеткен жоқпыз!
«Сармысық» деп жаза сал!..
Сонымен ем-домын бітірген соң, «Сармысықты» орап-матап өзімізге тапсырды. Рақмет айтып кете бергенімізде дәрігердің бірі: - Қассаға жиырма бес мың теңге төлеңіз. – дегені. Қалтамдағы бар-жоғы сол жиырма беске жетер-жетпес еді... Басыма қаным бұрқ етіп, «Бұ не сұмдық, жиырма бес мыңға - жүз жиырма бес сармысықты тауып берейін сендерге!» деген оймен әлгіге тұра ұмтылып едім, ол: «Охрана!» деп айғай салды.
Содан бір жар ай өткен соң, әпкем мен жиенімді сағынғаннан емес, қалтамды қаққан қу мысықты көргім кеп, саңым сонша ауғаны...
Бас сүйегі қисық бітіпті. Жүргенде бір жағына қиқырайып, қайда бара жатқанын аңғара алмайсың. Екі көзі де қайшыласып, ию-қию. Осы түріне қарамай тышқанды қынадай қырады екен. Айдалаға бет алған сияқты алдамшы жүріспен жемтігін шатастырып, оңтайы келгенде оқша атылатын көрінеді. Үйдегі ең сыйлы, мәртебесі күннен-күнге ұлғайған отбасы мүшесіне айналыпты. Әпке-жездем, жиенім барлығы өбектеп, үстіне шыбын қондырмай отыр. Қор кеткен жиырма бес мыңым есіме түскенде - ойдалақтап жүрген сармысықты ұстап ап, жерге бір ұрғым келгені...
Бөлісу: