Үкінің үкімі

17.11.2017 7082

 

ҮКІНІҢ ҮКІМІ

 

Таң атпай Үкіге солқылдап жылап Түлкі келді.

- Түнде Қасқыр келіп бар азығымды тартып алды. Осы орманда әрі қарай тұрам десең күн сайын бір қоян әкеп тұрасың деп бұйырып кетті. Енді не істеймін? – деді солығын баса алмай.

Үкі ойланып қалды. Қасқырды тырп еткізбейтіндей амал іздестірді. Ол араның илеуіне барып басшысымен сөйлесті.

  • Ормандағы аңдар білгендерін істеп, тыныштықты кетірді. Әлдісі әлсізін талап, өзінің ішіп-жейтін тамағын басқаға салық етіп сала бастады. Бұл халық бар табысын басқаға берсе оз отбасын қалай асырайды? Көмектес. Асын адал табатын сенен басқа ешкімгі көріп тұрған жоқпын, - деді.
  • Жақсы! – деп бірден келісті Ара.

Үкі орманның бар аң-құсын жинап жатыр деген хабар тарап, азулы аңдар: «Кіп-кішкентай құс бізге не айтқысы келді екен?» деп қызық үшін жиналды.

Үкі ағаш басында басын көтере, өзін паң ұстап отыр екен. Бәрі жиналған соң сөз бастап:

  • Соңғы уақытта бір-біріңді ашық тонауға кірісіп кеттіңдер. Соған тиым саламын! - деді.

Қорқау сумаңдап:

  • Алып Арыстанға, азулы Жолбарысқа, айлалы Қасқырға, қу Түлкіге, тіпті қорқақ Қоянға қалай сөзіңді өткізе аласың? – деп арт жақта тұрған маңғаз Арыстан мен Жолбарысқа жағына сөйледі.
  • Иә, соған біз де таңғалып тұрмыз! – деп басқалары да жарамсақтана жамырады.
  • Егер бір-біріңе зорлық жасасаңдар, Аралар ту талақайларыңды шығарып шағып тастайды! – деді Үкі дәу көзін төңкере қарап.
  • Мен біреуге зорлық көрсетпесем жүре алмаймын. Табиғатым сондай, - деп Үкіге менсінбей қарады Қасқыр.
  • Қауіп Арадан келетін болса, жеңіл екен, - деп жиналыстың аяқталуын күтпей, кергете сөйлеп жөніне кетті Жолбарыс.

Мырс-мырс күлген Арыстан аузын апандай ашып, аңыратып бір есінеді де, сөйлеудің өзі артық дегендей аяғын әр жерден бір аңдап басып ол да кетті.

Жалғыз қалған Түлкі:

  • Олар енді маған күн бермейді, - деп уайымдап, сыңсыды.

Ертеңіне Қасқыр Үкінің көзінше Түлкінің аулап алған балығын тартып алды. Үкі ашуға булығып:

- Аралар, сіздер менің жарлығымды күтіп отырмаңыздар. Орманды, даланы, шалғынды аралап, біреуге қысым көрсеткен аңды байқасаңдар шағып тастаңдар! Ең бірінші анау сұр Қасқырдан бастаңдар! - деді.

Үкіні менсінбей кетіп бара жатқан Қасқыр құж-құж еткен зор дауысты естіп, артына қарады. Ормандай қалың қара Араны көріп тістеген балығын тастай қашты. Аралар қуып жүріп, Қасқырды қып-қызыл қылып талап тастады.

Қасқырды көрген басқа аңдар шошынып қалды. Жатып ішіп жаман үйренген олар Үкіні жазғыра бастады. Бірақ Үкі олардың ешқайсысын тыңдамады.

Қалың жүнінен түк қалмаған қып-қызыл Қасқыр өзін-өзі сүйреп Арыстанға әрең жетті.

  • Асеке, өзіңнен әділеттік іздеп келдім. Бұлай кете беретін болса, аңқау Араларды пайдаланып, Үкі ертең сізден бастап бәрімізді басқаратын болады. Оның көздегені сол. Әзір күш алып кетпей тұрғанда көзін құртыңыз. Өзі барып тұрған жыртқыш. Ормандағы барлық кеміргіштерден дым қоймай жалғыз жеп отыр. Оған қазір әліңіз келіп тұрғанда жазасын тартқызыңыз, ертең бәрі кеш болып қалуы мүмкін, - деді тісі қарш-қарш етіп.

Қасқырдың сөзі қамшыдай тиіп, Арыстан арс етіп орнынан атып тұрды да:

  • Ер соңымнан! – деді.

Өзі шауып отырып Үкіге келді. Артында текіректеп келе жатқан Қасқыр байғұс қақалып-шашалып әрең жетті.

  • Үкі! Мына зорлығыңа жол болсын! Аралардың сенгіштігін пайдаланып, ормандастарыңа неге зорлық көрсетесің! – деп ақырды.
  • Қасқыр қасқырлығын қойса, мен де үкілігімді қоямын! – деп кесіп айтты Үкі де.

Сөзден ұтылған Арыстан ашуға булығып, Үкі отырған ағашқа атылды. Сол-ақ екен ағаш арасында құж-құж қайнаған жұмысша Аралар қаруларын кезеніп шыға келді. Үкінің бір қанат қағып белгі бергені сол ормандай Ара тісіне сенген Арыстанды жерге аунатып, қып-қызыл ала қойдай етті. Үкі бейғам отыра берді. Мұны көрген Қасқыр құйрығын қысып, зытып отырды. Беті білеудей боп іскен, үстінде сау тамтығы жоқ Арыстан орнынан әрең көтерілді.

  • Сенің мына кейпің басқа аңдарға сабақ болсын. Қазір орманды түгел аралап шық. Көрсін түріңді. Оншақты араны бақылау үшін бірге ертіп жіберемін. Енді сені сұлатып салуға бармақтай он араның күші жетеді, - деді.

Ауруы жанына батқан Арыстан қарсыласа алмады. Сүмірейіп, сүйретіліп кейін шегінді. Кетіп бара жатып, он араға шошына қайта-қайта жалтақ-жалтақ қарап қояды.

Арыстанды бей шара, мүсәпір күйде көрген басқа аң-құс сол күннен бастап тып-тыныш жүретін болды.

Бәрінен де маңғаз Жолбарыс ақылды екен. Арыстанның не күйге түскенін көргеннен кейін өзінің Үкімен ерегісіп жеңе алмайтынын сезе қойды.

Орманда тыныштық, бейбіт өмір орнады. Ешкім ешкімнен тығылмай, еркін өз тіршілігімен жүретін болды. Көп кешікпей ара шаққан жарасы қотыр-қотыр боп біткен ұсқынсыз Арыстан күрк-күрк жөтеліп, тышқан аулап жүрді. Бұрынғыдай бұғы, киік қууға күштен бұрын жүрегі дауаламады. Міне, осылайша кіп-кішкентай құс ақ ниетінің арқасында барша аң құсты тіпті азулы патшасын да дұрыс жолға салды.

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: