Ақдамбал

20.11.2017 5133

Ақ дамбал

«Зейнеш өте сұлу қыз еді! Талай адам алғашқы махаббатына сөз салып, тіл қатысып, содан кейін белгілі бір саналы оқиғалар әсер етіп айырылып кетіп жатады ғой, менікі олардың ешқайсысына ұқсамайды. Өкініші әлі күнге өзегімді өртейді. Бәрі де сол екі метр ақзудың кесірінен болды, Анықырақ айтсам Жұман иттің ақымақтығынан еді...» деп отыратын Рақым дос.
Рас айтам, Рақым бұл тақырыпта ойламай-ақ қойғаным дұрыс деп біледі. Өйткені, бүгінге дейін есінен кетпейтін алғашқы махаббатының жолы ақ дамбалмен кесіліп еді... 

Әңгімені басынан бастайық. Рақымның бала күні ғой сол. Ауыл орталығына сонау алыстағы күзеуліктен бесінші сынып оқуға келді. 1 қыркүйекке таяған уақытта қырда отырған малшылардың балаларын машинамен алып келетін. Көктемде қозы, жайлауда қой, күзеуде лақ жаюдан шаршаған балалардың мектеп машинасы келгенде қуанбайтындары аз болады. Ол уақытта бақташы балаларының көбі мектептің ортақ тамақтандыратын асханасы бар жатақханасында тұрып оқитын. 
Соған Рақым алғаш рет келіп жетті. Бір бөлмеде жеті бала тұрады екен: Абзал, Тегісбек, Жұман, Мұрат, Жақсылық, Қуан және Рақым. Балалардың бәрі үйден көрпе-жастықты ала келген еді. Барлығы бір тапшанда жатады деп шешілді. Бәрі реттелді, көрпелер салынды. Әрқайсысының орны белгіленді. Бағына жарай дәл ортасынан орын тиіп, Рақым мәз боп отыр. 

Әңгіменің қызығы кеште жатарда шықты. Бөлмелестері киімдерін шешіп жатуға ыңғайланды. Қараса барлығының ішкиімі базардан алған қазіргі кольсон сияқты ұзын труси, тек Рақымдыкі ғана апасы тігіп берген ауы түп-түзу кәдімгі қазақи ақ дамбал. Бірінші күні білдірмей кетті. Екінші, үшінші, төртінші күні де. Бір күні жатар алдында оң жағында жатқан Абзал аяғымен теуіп қалмасы бар ма. Ол бәрін ұмытып, атып түрегеліп Абзалмен жағаласа кетті. 
- Мә ананы қара, ананы, - деп басқалардың назары екеуінің жағаласында емес, Рақымның ақ ыштанына ауып, шулап кетіпті. 
- Мынауың шалдар сияқты ақ дамбал киеді екен ей, - деп отыр Тегісбек. Бұл сөзді естігенде Рақымның беті от болып кетті. Неше күннен бері жасырып жүрген «құпиясы» ашылып қапты. Секіріп барып көрпесіне кіріп кетті. Ал жатақтастары ақ дамбалдың әңгімесін «тартқылап» жатыр. Дәл қасында жататын Мұрат деген бала: - Неге дүкеннен тури алмағансың, деп құтқуырлап қоймай жатыр. Ақ ыштанын ақтап аларға сөз таппаған Рақым базардан алуға ақша берген дейін десе, ақшасы жоқ. Менде бар еді, жыртылып қалып осыны киіп шыққанмын дейін десе ол өтірік. Оның үстіне өйтіп айтайын-ақ деп неше оқталсада, осы бөлмеде жатқан Жақсылық деген көршінің баласы жаздай бірге суға шомылғанда Рақымның не киіп жүргенін беске біледі. Әуелі десең, ол да бір рет айтып күлген. Бірнеше жыл бұрын шомылуға барғаннан оның базардан алған ішкиіммен жүретінін белгілі. Соны алып беруді үйдегілерге бір емес бірнеше рет айтқаны есінде. Бірақ олар болса, «Оны нағыласың, кейін алып береміз. Қазір сенің дамбалыңды кім көріп жатыр?» деп бетін қайтарып тастаған.

Сонымен Рақым көрпеден басын шығара алмай жатып ұйықтап кетіпті. Таңертең тұрғанда жүзі күндегідей жарқын емес, бір нәрсеге кінәлі адамдай басын төмен сала береді. Бетін жуып тұрып, оған жаман бір күдікті ой келді. Мыналар мектепте айтса не боламын деген. Құдай сақтап сыныпта ешкім бұл тақырып туралы ауыз ашпады. Бірақ сыныптастарының арасында күндегідей емен-еркін жүре алмай қалды. Оның себебі белгілі - артық сөз айтып қалса, білетін балалар басқа жеріндегі емес, бұтындағы кемшілігін жайып салып, оны барлығы біліп қойса не болмақ. Әсіресе, оның басты қорқынышы басқа емес, Зейнегүлдің )Зейнеш деп атаушы еді) біліп қалмауы еді. Өйткені Рақымның сабақтағы болсын, басқадағы болсын барлық құлшынысы өткен бір жылдан қазіргі уақытқа дейін сол үшін сияқты еді. Себеп - оған деген ішкі сезімі тілмен айтып жеткізе алмас деңгейге жеткен. Сосын Рақымда тағы бір «кемшілік» болды. Ол шүберектен жасалған шұлығы. Басқа балалардың бәрінде дүкеннен алған болса, оныкі апасы қол машинемен сырып тіккен шүберек байпақ (Рақымның ауылындағылар осылай атайтын - авт.). Бұл да ол үшін оңай болған жоқ. Бір жыл дегенде әрең қолы жетті. Ал базардан алып киетін ішкиімнің бір жарым жылдан кейін барып ғана иесі атанды. 
Адамның қолы неге жетпесе(ол зат болмашы нәрсе болсада) содан биік асу болмайды екен. Демалыста үнемі көшеге шығып дүкендерді аралап келетін Рақымның екі көзі қашанда дүкендегі жанында екі тал сызығы бар, кольсон секілді ұзын труси(ол кезде балардың көбі сондайын киетін) мен шұлықтарға түсе беретін. Соларға қарап «шіркін мыналарды қашан алар екенмін, егер ішкиім мен шұлық алсам әрқайсысынан міндетті түрде екіні алмасам» деп іштей қиялдайтын. 
Бірақ оның биыл қол жетеді деген үміті аз, өйткені үйдегілердің не айтатыны бесенеден белгілі: 
«Оны нағыласың. Кейін алып береміз». 
Сондай-ақ, алтыншы сыныпта оқитын ағасы да оның жағдайында-тұғын. Сондықтан арман алыста. 
Балалардың бірінің есіне түсіп кетпесін деп алаңдайтын ол, әр күні кеште жатарда көп сөйлемей, көрпесіне сүңгіп кетеді. Сөйтумен тасбақадай жыбырлап бір жарым жыл өтті.
Алтыншы сыныпты оқып жүрген. Бір күні бөлмесінде отыр еді, сырттан Тегісбек жүгіріп кіріп: - Сені дарбазаның алдында атаң шақырып жатыр, - деді. Рақым қуанып кетті. Өйткені «өтінішін» бірер ай бұрын айтқанда, атасы ауыл жаққа барғанда алып беремін деген. Содан бері атам қашан келер екен деп жиі ойлап жүретін. Сүйікті атасы келсе міндетті түрде алып береді. Себебі ол кісі жарықтық сондай ақкөңіл жан еді. Есіктен атып шығып, зулаған бойы жетіп барды. Атасы аз-кем хал-жайын сұрады да «жаңа дүкеннен саған екі ыштан алғанмын» деп ұзын қара шапанының қалтасынан пакетке салынған «алтыннан ардақты, күмістен салмақты» саналған арманын суырып алып берді. Сондағы қуанышында шек болсашы. Қазіргі кезде Рекеңнің жасы қырыққа жуықтап, арада жиырмадан астам жыл өтседе ол қуанышы есінен әлі кетпейді. Берген затты ала салып, тіпті қош айтуды да ұмытып, алды-артына қарамай зымырай жөнелді. Бөлмесіне барып киейін десе онда балалардың бірнешеуі барын біледі. Кеште бірақ киюге төзім құрғыр жетер емес. Екі қолына екеуін ұстап алып, жатақхананың арт жағындағы теректердің арасына қарай жүгірген күйі кіріп кетті. Ешкімнің көзіне іліне бермейтін бір жерді тауып, апыл-ғұпыл шалбарын шешті, ішіндегі талай уақыттан бері нервісіне тиіп біткен ақ дамбалды лақтыреееп жіберіп, базар трусиының бірін киіп алды. Дәп-дәл. Ризашылында шек жоқ. Өмірі базар ішкиімін киіп көрмеген Рақымда ес қалмады. Бұтына кигені бойы мен қоса жанын жылытып бара жатқан сияқты сезіне берді. «Енді жақсы оқимын, жақсы оқимын!» деп қайта қайта күбірлеп қояды. Шешкен киімді сынған кірпіштің астына бүктеп бүктеп басты да жатаққа қайтып кетті. 
Одан бері Алла бұйыртып талай жақсы киім киді ғой. Алайда азабын көп тартқан сол ақ дамбалдың әуірешілігі есінен бір кетер емес.  

Рақымның 4-шы сынып оқып жүргеннен бері қатты жақсы көретін қызы Зейнеш пареллель сыныпта оқиды. Оны алыстан көрсе де ғажап бір күйге енуші еді. Оған сөз салуға қазіргі кезде жоспары жоқ болғанмен, болашақтағы жарқын күндерін сонымен ғана өлшейтін сияқты. Зейнеште мектеп жатақханасында тұрғанымен басқаларға оның киім-киісі, жүріс-тұрысы мүлде ұқсамайтын. Сабақта ең үздік оқушы. Рақым үшін Зейнештің өзі ғана емес, жақындары да елден елден ерек сынды сезілетін. Ол асыл арманына қол жеткізу үшін, болашақ «жарының» алдында қашанда жақсы жігіт болып көрінуге барын салатын. Өткенде декламация оқу жарысында жүлделі орынды алғанда Рақым сыйлық сахнасына шығып тұрып, көптің арасынан көзі тек Зейнешке ғана түскен. Ол Зейнештің қуана шапалақ соғып тұрғанын көріп қатты масаттанып жүрген. Мектептің «Қауашақ» газетінде жарияланған өлеңдері де екінші орынды алуы Рақым үшін Зейнештің алдындағы маңызды ұпайдың бірі болып еді. Өйткені сабақ аралығында оқияттан жолығып қалған Зейнеш «Рақым, сен өлеңді жақсы жазады екенсің ғой» деген. Зейнештің бұндай жылы лебізі Рақымды аспанға бірақ шығарғандай күйге келтірген. Рақымның сабақ аралығында қалыпқа айналған бір әдеті бар. Ол әр сағат сайын Зейнештің сыныбы жаққа баратын. Мақсаты оны бір көріп қалу. Рақым әр аптаның сенбі күнін жақсы көретін. Себебі сол күні Зейнештің сыныбымен бірге сенбілікке шығушы еді. Екі сынып қатар барып, ауланы, теректердің арасын тазалайтын. Сол тазалыққа шығатын бір сағаттық уақытты Рақым тағатсыздана күтетін.

Рақым ақ дамбалдан «азат болып», дүкеннен алған трусидың кәйфімен жүрген кезі еді. Екі сыныптың балалары кезекті сенбілікке орай теректердің арасында тазалық жасап жатқан. Рақым бұрынғы әдетінше ауылдастығын бұлдап Зейнештің жанына барып, оны мұны айтқан болып жүрген. Әлден уақытта біреудің айқайлаған дауысы естілді. Қараса өзінің бөлмелесі Жұман екен. Қолында ұзын ағашы, ұзын ағаштың басында ілген бір нәрсесі бар.

– Ей балалар, мынау не екенін білесіңдер ме, мынау? Бұл дамбал. Бұл кімдікі деп ойлайсыңдар? – деді озандап. Сыныптастары: - Ол кімдікі, кімдікі - десті шулап. – Бұл Рақым деген шалдыкі, ол шал біздің сыныпта оқиды, біздің бөлмеде тұрады. Мынау тура соныкі, - деді. Ол өткенде... Осы сияқты сөздер айтылып жатты. Жұманның «жарнамасынан» жер боп кеткен Рақым  жүгірген күйі бөлмесіне кіріп кетті. Ол үшін бұдан асқан масқарашылық жоқ еді. Рақым Жұманның бұл далбасалығы өзінің кіршіксіз балалық ішкі сезіміне, лай төгіп кеткендей болды. Артынан Жұманмен төбелесті, көп уақыт өкпелеп жүрді. Бірақ, оның бәрі Зейнештің алдында ақтап ала алмайды ғой. Айтылған нәрсе айтылып кетті. Сөйтіп ол алғашқы махаббатымен қош айтысты. Неге екені белгісіз көп уақытқа дейін айыпты адамдай Зейнеш тұрған жерден қашатын әдет пайда болды. 

Бөлісу: