Бөрі иісі жөргегімнен

03.06.2017 4654

                Бөрі иісі - жөргегімнен...

 

Уа, қария - Қаратауым,

Қасиеттім,

Қайсарым,

Әлімсақтан айналғансың көз құртына баршаның.

Күмбір-күмбір бауларыңа топырлатып жезкиік,

Күңгір-күңгір жаңғырыққан құздарыңда құздиып,

Өзіңе арнап ай астында жаздым екен қанша жыр?!.

Қылшанымда-ақ үңгір-үңгір жартасыңды мекендеп,

Көкбөріше тасқа жанып азуымды бекемдеп.

Қансоқтада қабырғамнан жетпіс жебем төгіліп,

Тырнақтарым дүркін-дүркін көбесінен сөгіліп.

Қасап-қырда қидаланып тұмсық қалған, тіс қалған,

Топан жасап көлдеріңнен шошып ұшқан құстардан,

Аспаныңа тізбек-тізбек тырналарды көгендеп,

Қоғаңды иіп күрке буып, шимен бүркеп шегендеп.

Көлеңкеңде  солық басқам. Іргесінен қойтастың,

Зыта қашқан салпаңқұлақ көжектерге елеңдеп.

Айға ұлысам сұрын байқап алда болар айқастың,

Топырағыңды асап та алғам жан жарама себем деп.

Қу өмірдің ақпанына мен секілді ұрынған,

Қайыс – белің, қырқаларың таныс маған бұрыннан.

Өзектегі өксігіне өмір құштар  ән жамап,

Қыршынында тірсегінен қақпан қиған,  қан жалап,

Көкжалдардың бұлшық еті шар болаттан басым-дүр,

Желке түгі жанартаудан көкке атылған жасын-дүр...

Қатқан мойны енді қайтып бұрылмайтын артына,

Қулық, сұмдық күдіс келген табиғаты – салтына.

Құба жоннан қан жосылтқан, ылаң көрген,  жұт көрген

Қайыңтозда аты қалған, жылнамасы түптелген,

Мен өзі едім көне түрік ,

Көк бөрінің ұрпағы,

Хас мінезін мұқалтпаған заманның не бұрқағы.

Жотам сынақ алаңы боп тағдыр атты дойырға,

Алақаншық иткөйлегім түтілсе де сойылға,

Бөрі иісі - жөргегімнен! Алар дейсің ұрлап кім?!

Міне, осылай, қарт Қаратау,

Қасиеттім,

Қымбаттым!

...Бәрі артта қалды олардың, қазынамды ал бүгін,

Алтын қойма көкірегімнің ашып көне сандығын.

Төрт бүктелген бөлтіріктің уілі емес жұмсақ тым,

Мен өзіңе көк бөрінің тіліменен үн қаттым.

Өзің берген қайсарлықтың діліменен тіл қаттым.

Кешір мені!

Бөлісу: