Жадымдағы Желтоқсан

24.11.2017 16211

Құрманғазы

Рахметов

 

Деректі хикая

 

Жадымдағы желтоқсан
 

1986
Он,
Он сегіз,
Жиырма төрт.
Алтау ала,төртеу түгел
Төбедегі келед,-деп
Жастар шықты Алматыда,
Бас Алаңға байрақты
Намыс,
Жігер,
Көздерінде от
Қайратты!

Алаң толы,ығы-жығы
Айналамыз қара көз.
Қара көзде тұнып тұрған
Тарих,тағлым сабақтары
Абай жазған қара сөз.
Алашорда, Әлиханның
Сәкендердің елесі,
Бабалардың, тар жол,тайғақ
Жете алмаған белесі.
Қар боп ұшып,қан боп құшқан
Махамбеттің жебесі
Жаужуректі ,
Хан Кенемнің
Басы жоқ құр денесі!...
17.12.2011ж.Алаң.Алматы.

 

 

 

Дауыл алдындағы тыныштық

Таңертең ерте ояндым. Көңіл күйім ерекше.

Жуынып-шайынып, жігіттер дайындап қойған қара шайдан тартып жіберіп, оқу корпусына аяңдап келемін. Алдымнан қарсы шыққан орта бойлы адамның жүзі таныс сияқты. Жақындай бере ол кісі танып қалып: “Ой, Құрманғазы, сен осында оқитын ба едің? Халың қалай, нешінші курстасың?” – деді. Ойламаған жерден кездесіп қалған адамға: “Ой, ағай, халыңыз қалай? Мен осында оқуға түскенмін, қазір бірінші курсындамын, арнайы ағылшын бөлімшесінде”, – дегенге ғана шамам келді. Алматы қаласындағы эксперименттік қазақ мектеп интернатындағы кезіндегі директорымыз –  Мешітбаев ағамыз. Көп өзгермеген екен, осында тарих кафедрасында сабақ беретінін білдім. Жылы қоштастық.

 Достық даңғылының жоғарғы жағында орналасқан мектеп-интернаттың менің өмірімдегі алар орны ерекше еді.

 Ауылдан алыс шыға қоймаған ойын баласы, қала мен интернаттың ішкі тәртібін бірден қабылдай қоюы қиын екен. Бір жеті өтпестен ауылды сағынып сала бергенім.

Сабақтан шыға салысымен, қала ортасында мен мұндалап шақырып тұратын телемұнараны бетке алып, елдерден сұрай отырып, “Қазақстан” телеарнасына бір-ақ тартып отырдым. Ішке кірейін десем кіргізбейді. Қайсарлығымды, әлде бойымның кішкентайлығын көріп, аяушылық танытты ма, әйтеуір телефон арқылы сұрастырып, “Қазір осы арада тұр, ешқайда шықпа, ағаң осы жерге келеді” – дегенде қуанып кеттім. Расымен көп уақыт өтпестен, «әй, Құбаш», – деген таныс  дауысты естіп, бұрылып қарасам, қолында бір бума қағазы бар Құнан ағам маған келе жатыр екен. Қуанғанымнан милиционер жігітке рахметімді жаудырып жатырмын.

Сөйтіп менің өмірімде теледидармен табысу мен танысу кезеңі басталып кеткен еді. Ішіне кірген сәттен ерекше күйге енетінмін. Теледидардан жиі көрсететін көптеген танымал әртістер: Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, Венера Қармысова, Сара Тыныштығұлова және т.б жүзбе-жүз жүздесу, әркімнің еншісіне байлана қоймаған бақытты уақыт еді. “Қымызхананың” қызып тұрған сәті, Әміренің Парижде салған әні мен өмірі жайындағы қойылым естен кетпес дүниелер...

Кешкісін ағаммен қол ұстасып “Рабочий поселокқа” қайтатынбыз. Таңертең автобустар мен тролейбустарды ауыстыра отырып нағашы інілерім Дархан, Дастан, Думанды мектебіне жеткізу, одан әрі интернатқа жол. Өстіп-өстіп  қаланың қызу да қызық  өміріне ақырын-ақырын жақындап, сыныптастарымның ортасына үйрене де бастадым. Қосымша сабақтар алып, ҚазМУ-дың физика, оның ішінде арнаулы (ағылшын тілінде) бөлімшесіне тапсырып, алғашқы емтиханнан үздік баға алып, факультет деканы Сәрсембинов қолымды қысып, “Құттықтаймын, сен енді біздің студентсің” – деген  кездері кеше ғана. Иә, енді бар ынта мен жігерді білім алуға жұмсап, ағылшын тілін барынша тез арада бойға сіңдіру мақсаты алдымда тұр еді. Иә, сол  күні желтоқсанның 16-сы сейсенбі   болатын. Түстен кейін, “Кремль  Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевты алып тастапты, оның орнына бізге таныс емес Колбин деген біреуді қойыпты, Пленум 16-ақ минут болыпты”, – деген суыт хабар келіп жетті...

 

 

Жастық жалын, жанған от, құрбан жастық

 

Ертең бізді не күтіп тұрғанын қайдан білейік. білмеген де едік. Сәрсенбінің сәтті күні біздер  екі пар сабақтан кейін, «Динамо» стадионының ішінде дене тәрбиесімен аяқталатын. Курстың оншақты жігіттері еркін күреспен айналысып, матыда аунап -қунап жатақханаға келсек, абыр-сабыр. Біреулерінен жағдайды сұрастырсақ жаңа ғана бір топ жастардың Байтұрсынов көшесімен  жаңа Алаңға көтеріліп бара жатқандарын көрген, қолдарында ұрандары барын да айтты. Мейіржан, Нұрлыбек үшеуіміз “Алаң қайдасың” деп тартып отырдық.

 Абай көшесінен Байсейітова көшесіне жоғарылап бара жатқанда-ақ халық көп кездесе бастады, көбінесе жастар. Алаңның кіре берісі иін тірескен халық, ортасында шоғырланған жастарды белбеулей қоршап тұрған милиционерлердің сапымен арпалыса жүріп, ішке ендік.

Алаң толы жастармен қауышып, денені бір керемет сезім билеп ала жөнелгені...

Ондай керемет сезім құшағын, бұрын соңды байқамаппын. Үш жақтан жаңадан келіп жатқан жастар легі Кеңестер Одағындағы сол кездегі ең үлкен, ең көрікті Алаңды толтырып та жіберді. Иін тірескен жастар. Мінбер жағында да қозғалыс нышанының күшейіп келе жатқанын байқамау, мүмкін емес еді. Қазір желтоқсандықтарға ілініп тұрған тақта маңынан үлкендердің «Елім-айлатқандары» да қосылып кетті.

...Қаратаудың басынан, көш келеді-ай,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді-ай, – деген жерлері бабаларымыздың бастарынан өткен сан қилы тарихын көз алдымнан өткізгендей әсер қалдырды.Бізді қоршап тұрған милициялармен жастар алысып-арпалысып кіріп жатты. Кейбір жерлерде шептерін өздері ашып жіберіп, лек-легімен ортаға жіберіп қойып жатқандарын да байқап қалдым. «Белбеу» сияқты милиционерлер шебінің арғы жағы да жастар болатын. Мегафон қолдан қолға өтіп, сөйлеп тұрған адамды көру үшін жастар сәтте отыра қалып, жалынды сөздерге құлақ асып, ауызбіршіліктің озық үлгілерін де көрсете бастады. Алаң бірауыздан мінберге Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың өзі шығып, жағдайды толық түсіндіріп беруін талап етті. Болмаған жағдайда бұл Алаңнан тарқамайтынын, қажет болса кеш, түн, тағы да бір күн күтетінін жеткізді. «Долой Колбина, Каждому народу своего вождя», – деген орысша, «Колбин кет! Әр ұлтқа өз басшысы, Көсемі Әуелбеков, Назарбаев болсын!», – деген ұрандарды жастар бірауыздан қайталап жатты. Бірақ мінбер жақтың талабы: “Тарқаңдар, тарқамайтын болсаңдар, күш қолданады” – деп, бірінен кейін бірі айтып жатты. Кімнің кім екенін танып, ажыратып жатқан біз емес. Мегафон қолыма тиген кезінде, партия басшылығына Кәкімбек Салықовтың кандидатурасын ұсынып, замандастарыма жалынды сөзімді арнап үлгердім. Көпшілік менің соңымнан кейін үш-төрт рет қайталады. Кейбір жерлерден көзге ерекше түсіп қалғандарды бір-бірден шығарып алуға тырысып, кей жерде алып та кетіп жатты. Алаңның батыс жақ шетінен енген қолына жетектеген баласы бар әйелдің айғайлап сөйлеген сөзіне бет бұрдық. Бір сәт өзімнің ығысып трибуна жақты жағалай екі-үш сап қатар тұрған милиция қатарына жақындағанымды байқадым. Алдыңғы қатардан факультеттің жігіттерін кездестіріп қалдым. Қазіргі кезде жиі-жиі жарияланып жүрген суреттің алдыңғы қатарында тұрған физфактың Серік деген жігіті, қызылордалық. Сәл артында Қайрат Сәриев тұр. Мен объективке симай қалыппын, сәл солға қарай төрт-бес жігітен кейін тұрған едім. Екі жақтың талаптары да орындалмайтындай кульминациялық жағдайлар да жақындап келе жатқанын ішім сезді. Алғашқы қар кесектері мен милиционерлердің бас киімді жұлып алып ортаға лақтырғандарын да көзім шалып қалды. Темір бағанға шығам деген жігіттердің үш-төртеуінің жолы болмады. Ұзынша келген жігіттің өрмелеп бара жатқанын көріп көңілім еріксіз сол жаққа ауды.

Ол көп кідірместен басына жетіп, бір қолымен темір бағанды қапсыра, екінші қолымен дауыс күшейткішті жұлқып-жұлқып жерге тастай салды. Көпшілік шулап, қол соғып жатыр. Кейіннен білдім, ол сол әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айрылған, ет комбинатының сол кездегі жұмысшысы  Жуандықов Болат екен. Осыдан кейін-ақ, бейбіт митингінің сәні мен мәні өзгеріп, бір жағы жастар, екінші жақтан қарулы әскерлер мен милиция қызметкерлерінің арасындағы қанды қақтығыс басталып кетті.

Жан алысып, жан беріскен осы қақтығыс алма кезек, ит жығысқа ұқсағандай. Біздерді алаңның шетіне қуып тықса, барарға жері қалмаған жастардың бойындағы жігері мен намысы қарулы әскерді алаңның екінші шетіне атойлап, аруақтап, қуып тастайды. Байқағаным, екі жақтан да 20-30 адамнан әртүрлі жарақат алғандар Алаң ортасында қалып жатты. Ішімізден сол жерде жедел түрде жасақталған топ оларды шет жаққа жетелеп, сүйрелеп, тасып жатты.

Осылай үш-төрт толқынды басымнан өткерген едім. Соңғы толқын кезінде бір қыздың сүрініп құлап қалғанын байқадым. Әскеридің “дубинкамен қызға ұмтылғанын байқап, аруақтап жетіп барып оң аяғыммен теппек болған сәтімде, «щитын» қойып үлгерген екен, тіземнен төмен орта тұсын орып түсті. Басында ет қызуымен байқамаған екенмін, жетектеп алған қызымды жігіттердің қолына тапсырғаннан кейін, аяғымның бастыртпайтынын байқап, жанымдағыларға сендерге масыл болмайын дегенді айтып, Алаңнан сылти басып жатақханама тарттым. Келсем кейбір жігіттеріміз, жараларын таңып, Алаңға қайта  кетіп те жатыр екен. Мен үшін Алаңдағы айқас осымен тәмам болған еді. Аяғымды мықтап таңып алып, қазақ жастарының ерліктерінің әрбір эпизодтарын есіме алып, әсіресе, қаршадай қазақ қыздарының етектерін түріп алып, тас, мраморлар тасып, жігіттердің намыс пен жігер оттарын қайрап, ортақ күреске қосқан үлестерінің ер азаматтардан ешқандай кем еместігін ойлап жатып, ұйықтап кетіппін. Таңертең  деканатқа шақырып жатыр дегесін барсам, орыс тобында  оқитын қоғамдық «кассиріміз» келмей қалған екен. Деканаттың тапсырмасымен, бір жігітті ертіп алып бірінші курстың стипендияларын әкелуге ҚазМУ қалашығына кеттім. Жатақханадағы жігіттерден болған оқиға жайын егжей-тегжейлі сұрастыруға кірісіп кеттім. Теледидардан шетелдердегі қақтығыстарды көрген басқа да, біздегікөтерілісті  көру басқа. Қаланың жалпы жағдайын білу мақсатымен, нағашы ағамның үйіне тарттым.

Жолда қолдарына қызыл мата таққандармен де бір қырқысып алдым. Аяғымды сылти басқаным болмаса, беті-көзім аман еді. Үйге келсем, нағашы ағам да, мектептің оныншы сыныбында оқитын бауырым да, баршамыздың айтар тақырыбымыз да осы қанды оқиға болды. Түн ортасы ауа, нағашымның баспа мәшеңкесіне қонжиып, БҰҰ Ассамблеясының Бас хатшысы – Хавьэр Пэрес де Куэльярға болған оқиғаларды баяндап, бізге көмек көрсетулерін сұрап, бір бет хатымды жазып,  таңның атуы мен автобустың қатынауын күтіп жаттым. Ертемен жатақханаға келе салысымен старосталар мен комсоргтарды жиып, ойларымызды ортаға салып, «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «ҚазССР конституция қағидалары сақталуы тиіс!», – деген екі ұран әзірлеп, бір пардан кейін барлығымыз Алаңға қайта шығатын болып келістік. Әркім өздері жеке-жеке тапсырма алды.

Бірге оқитындар жиналып, Байтұрсынұлы көшесімен жоғары көтеріліп бара жаттық. Жол жөнекей жанымыздағы театр көркемсурет институтының жатақханасы мен ҚазМУ-дың химия факультетінің студенттеріне айғайлап, біздерді қолдауын сұрадық. Масанчи көшесінің бұрышына жете бергенімізде үш адам бізге бүйірімізден қосылып, үлкендеу біреуі мән-жайды сұрастырды. Жағдайларымызды түсіндіріп, бейбіт түрде Алаңға барып, қырғында ұсталып, екі күн бойы қамауда отырғандарды босату жөніндегі талаптарымызды жеткізбекшіміз дедім. Топтың артқы жағында келе жатқанмын. Басымды көтеріп қалсам, алдымдағы курстастарым жан-жаққа жамырай қашып жатыр екен, түсініп те үлгерген жоқ едім, артымнан соққы келіп тиді. Бұрылып жалт қарасам, қарсы алдымда қазақтың «менті», оң қолында дубинкасы, сол қолында қалқаны, қасқиып қарап тұр. Жерге қарасам, қан тамып тұр екен. Сонда ғана иегімнен қан сорғалап тұрғанын байқадым. Күртешемнің «капюшоны» бар еді, арттан келіп соққан кезде, сәл үстіге немесе астыға тигенінде, тірі қалып, осындай естелік жазып отыруым екіталай еді. Жаратқанның көрсетер жарығы барын сонда ғана сезіндім.

Жанындағы милиционерлер жақындап, он метрдей жерде келіп тоқтаған автобустың ішіне тықпалап отырғыза бастады. Менің жарамды байқап, тоқтамай аққан қаннан секем алды ма, әйтеуір, босатып жіберді. Жатақханадан оншама ұзамаған едік.  Келе салысымен, жарамды жуып, өзімді өзім тәртіпке келтіргенім сол еді, деканымыз бастаған екі-үш мұғалім бөлмеге кіріп келді. Мен орын алған жайды айттым. Көп нәрсені сұрамастан, тынышталып, ешқайда шықпайтынымыз жайында сөзімді алып, шығып кетті.

Жатақханамыз студенттерден көрі мұғалімдерге толып кеткендей. Мені әдейі іздеп кураторымыз келген екен. Орыс ұлтынан болса да, болған оқиғалардан мағлұмат алып, “Түсініспеушілік болды, сен қам жеме, жараңды емде”, – деп еңсемді бір көтеріп кетті. Кешкілік жатақханама жан досым, Данияр марқұм іздеп келген екен. Ол ААСИ-да студент еді. Сөйтіп жалындаған жастықтың алауымен Айнабұлақ ықшамауданында тұратын Даниярдың аға-жеңгесінің тартып отырдық. Маған ең қызығы Нұрлыбай ағамыздың Алаңда екіге бөлінген милиционерлердің қай жағын ұстағанын көру еді. Әрине, мен қателеспепін. Ол кісі талай жастарға қолынан келген көмегін аямағанын  айтып  берді.

Ертесінде ертемен тұрып жуынып жатсам, жаныма корей жігіті (аты-жөні есімде қалмапты, комсомолдың белсенділердің бірі), біздің физфактың комсомол жетекшісі екеуі келіп тұрғанын айтты. Тезірек жуынып шығуымды да сұрады. Такси күтіп тұр екен. Содан қалалық комсомол ұйымына да келіп жеттік. Бюро мүшелері  менен түсініктеме жазып беруімді сұрады. Қазақ тілінде жазатынымды айтып, аяқ астынан қырсығым ұстап, екі сағаттан астам уақыт күттіртіп қойып, жазып бердім.  Сөйтіп комсомол қатарынан шығарылдым. Жанымдағы жастардың ұнжығырғасы түспесін деген оймен, “Саспаңдар, қайта комсомол қатарына алады”, – деп қоямын.

Медет, Қаһар, Серік, менімен қоса бес адамды комсомол қатарынан шығарды. Құдайдың құдіреті мықты ғой, ҚазМУ-дың комсомол жетекшісі Баяндаров мырза тағы да таксимен сол жерден «КазГУград» қалашығына алып барғаны. Үлкен залға енсек, өңшең дегіштер мен «жегіштер» екі жаққа бөлініп алып, ортаға алсайшы-ау келіп. Көп қиналмастан досыммен айырбастасқан мұқабасын шешіп алдым да, комсомол билет қолдарына ұстатып қоя бердім.

Мені жеті жылға соттап,  физфактың 25 студентін оқудан шығарыпты. Кейін оқуға  қайта орналасқандары бар. Қайсыбірі басқа ЖОО түсіп, кейбірі қолдарын бір-ақ  сермеп,  Алматыдан мүлдем кетіп қалған екен. Байтал тұрмақ бас қайғы замананы басымнан өткізіп, кейіннен, ойлап қарасам тікелей болмаса да көп жастардың обалына қалғандай екенмін. Тарыдай шашылып кеткен сол курстастарым есіме түсіп, отыз жылдық кездесуіміздің алдында солардың тізімін өздеріңізге ұсынуды жөн көріп отырмын. Желтоқсан-86-да бір факультеттен осыншама адамның қудалауға түскенін естімеп едім, ондай болмаған да еді. Бәлкім, біреуі көршіңіз, біреуі ауылдасыңыз, біреуімен бір мектепте, болмаса, ЖОО қызмет жасап жүрген де боларсыздар?

“Физфак”-тың 102 тобынан:

1. Наурызбаев Мейрамбек

2. Сауытов Серік

3. Сариев Қайрат

4. Әріпбаев Қаһар

5. Исмағұлов Мейіржан

6. Өтеғұлова Ләззат

7. Молдабекова Ақбөпе

8. Маткерімова Ардақ

9. Рысқұлова Нұржамал

10. Жексембаева Айман

11. Сүлейменова Арман

12. Монтаева Салтанат

13. Елубаев Ерболат

14.  Қуанбаев Нұрлыбек

15.  Спатаева Зәмза

16. Мұстафина Гулмира

17. Төлегенов Жанысбек

18. Шоменов Қанат

19. Жақаев Болат

20. Назарқұлов Медет

21. Дайырова Айгерім

22. Қалима

23. Мұхамадиев Архат

 

101 тобынан:

1. Құлмұхамбетов

2. Омаров Әлімжан

3. Төлешов Талғат

4. Қоштыбаев Талғат

5. Шұмақов Мейрам

6. Тампиева Тұрсынгүл

7. Жұманов Серік

8. Кіршібаева Роза

9. Сыдықова Жайна

10. Сариева Шолпан

11. Мырзаева Жақсыгүл

12. Айжан

13. Әжетова Гүлмира

14. Үсенов Ахмет

15. Рыстығұлова Венера

16. Тастекеев Жүрсін

17. Қаржаубаева Баян

18. Гүлбану

19. Ширимова Элмира

20. Мадалиев Біржан

21. Қуандықов Серік

22. Сейтенов Серажеддин

23. Ағабеков Сәкен

24. Сәйкенов Сәкен

25. Раушан М.

Орыс тобынан: Асубаев Асқар, Оңбырбаев Болат, Бейсебаев Серік (ұранмен ұсталып қалаған.),  т.б.

Есіме түспей қалғандары ренжімесін.Арнайы ағылшын тобынан жампейтілік Мейіржан болған. Қарбалас кезінде жеке мұрағаттарымның біразы жоғалып кеткен еді.

 

 

Жастық шақ немесе отыз жыл бұрынға саяхат

 

 Дүйсенбі   күні  ортақ лекция физика пәнінде отырғанымызда, аудиторияға жасы егделеу, шашы аппақ кісі келіп «Рахметов» осында ма?, – деді. Жоғарғы жақта отырғанмын, ойымда еш нәрсе жоқ, “– Иә, менмін”, –  дедім. Сыртқа шығып  кетуімді өтінді. Сыртқа шыға салысымен хал-жағдайымды, денсаулығымды жайын сұрады. Иегімнің ісігін аузына алғанын соң, қазақтың үлкен кісісі болғасын, ойымда еш нәрсе жоқ, болған, көрген жайларымды айтып,  Комсомол көшесімен асықпай әңгімелесіп келе жатқанбыз. Бұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмеген ақымақ басым, алаңдағы әскери күштер мен милиция, ерікті жасақтардың жастарға жасаған аяусыз, адам түршігерлік әрекеттері мен қырғындары жайлы қызу әңгімемен, қазіргі Желтоқсан көшесінің қиылысына тірелдік. Сол жақтағы сұр үйдің алдына келген кезімізде, әлгі шалдың «біз келіп те қалдық», – дегені. Маңдайшасына қарасам: «Прокуратура по особо важным делам КазССР», – деген жазу бас емес.  Сонда ғана барып, “Басқа пәле тілден”  деген халықтың даналығы есіме сарт ете қалғаны. Бойым мен ойымды тез жиып алып, ішке ендім. Әккі шалға еш нәрсе бола қойғанын білдірмей баққаныммен, кабинетіне жайғасып, қағаздарын алып шыға бастағанында-ақ бір нәрсенің боларын ішім сезе қойды. Ол әлі де болса сол қалпынан таяр емес, жәй-жәй сөйлеп, болған нәрселерді қағаз бетіне түсіріп жатты. Бітті-ау әйтеуір. Қолыма ұсынып, танысып шығып, астына қол қоюымды сұрады. «Свидетельские показаниямен» толық танысып шықтым, айтқанымнан өзге сөздер кездеспегеннен кейін, қолымды қойдым. Тек БҰҰ-на қатысты хат жайын жасырып қалған едім. “Бүгінге  осымен бітті, ертең келесің”, – деп, жылы шығарып салды. Есіктен шығып бара жатып, бір кабинеттен Тұңғышбай Жаманқұлов ағамызды да көріп қалдым.Осындай елге танымал ағамыз да жүр екен, сұрағына жауаптарын алып, қоя беретін болар деген жылы оймен далаға шығып, жатақханама аяңдадым. Ертесінде ондар шамасында әлгі шалдың алдына тағы келдім. Көптеген суреттерді әкеліп алдыма жайып тастады. Бір-екі  таныс  студенттерден басқа Хасен ағамыздың суреті де бар екен. Бірақ кешегі жіберген олқылықтардан кейін,  енді тіс жармауға,  құжаттарға бет албаты қол қоймауға бекінген едім. Мегафонмен сайрап тұрған кезімдегі  фотоайғақ шыға келе ме екен деген күдік те бар еді. Есіктің алдына темекі шегуге шықсам, курстасым Жүрсін  тұр екен. Паспортымды алуға келіп тұрмын дейді. Істің насырға шабайын деп тұрғанын байқап қалғасып, «паспорт-маспорт» дегенді қайтесің, осы тұрған жеріңнен «қаш», артыңа қарама, бір мәнісі кейін  бола жатар, – деп кеңес беріп, қайта кірдім. Кірсем, кешегі «освидетельствованием» жайына қалып, құжаттарымды «свидетельден подозреваемыйға»аударып жатыр екен. Сол кездегі, әлгі әккі шалдың маған жасаған арамдығын көріп, үлкен буынға деген көзқарастарым төңкеріліп бірақ түскені.

Түстен кейін әккі шал мені сол кездегі “Целинный” деп аталатын кинотеатрдың жанындағы СИВС-ға тықты. Темір торды алғаш көруім. Сарт-сұрт ашылып, жабылған темір есіктер құлағыма ерсі естілгенімен, төменге түсіп келе жатып, есігі айқара ашылған үлкен камераның ішіндегі қайсар рухты қандастарымның (шамамен 100-150-дей) қосыла шырқаған әні еркіме күш-қуат бергенін қайтып қана жасырайын. Киім-кешегімді толықтай шешіндіріп, тінтіп белбеу мен тағы бірдеңелерін алып қалып, ұзын дәліздің оң жағындағы шеткі камераға енгізді. Жалғыз емес екенмін,  орта жастан асқан орыс азаматы қарсы алды. Атын айтып, қолын созып, танысып жатыр. Атымды айттым да,  ағаштан жасалған топчан сияқты  үлкен төсекке камерама курткам мен бас киімімді жастана жамбастай кеттім. Әлгі орысым есік жақта бірдеңелерін жағып, бықсытып жатқанын байқадым. Сәлден кейін, “ Айда сюда, чифернем, рассказывай, какими судьбами”, – деп шақырды. Басқасын түсінсем де “чифернемы” несі, ол не дегені деп жанына жақындадым. Ысталған алюминий кружке толы ып-ыстық, қоп-қоңыр ащы шәйді кезектесе ұрттап отырып, ананы-мынаны айта отырып, бітірдік-ау әйтеуір. Бір-екі күн  бірге болдым, күні бойы тергеушілерден тергеушілер, сұрақтардан сұрақтар, әйтеуір бітпейтін сұрақтар, камераға кірсем әлгі орысым өзінің қай-қайдағы “космополитизімімен”, басымды қатырды. Адам баласының үш күннен кейін, көзі көрге де үйренеді дегені рас па деймін. Бесінші күні дегенде жанымыздағы камераға енгізді. Кіріп барсам, оншақты өзімнің қара көздерім  – “бунтовщиктерім”, көзіме ыстық болып көрінгені соншалықты, бостандыққа шыққандай сезімге бөлендім. Жанымда менен кейін 10 жылға бас бостандығынан айрылған марқұм Асылбаев Молдағали ағамыз, ату жазасына кесіліп, кейіннен ақталған – Мырзағұл Әбдіқұлов және 16-ға да толмаған, АШИ-дің бірінші курс студенті кейіннен үш жылға бас бостандығынан айрылып, өзінің түрме жолын балалар коллониясынан бастаған Оразбаев Думан. Балалар коллониясының  сол кездегі жайын, тек түрме көріп келгендер жақсы түсінеді. Молдағали ағамыздың денесі көкала қойдай, терең дем алуға шамасы келмесе де, біздің рухымызды көтеру үшін, өзінің қандай себептермен осындай күй кешіп отырғанын  әңгімелеп берді. Ол кісі осы Алматы облысының тумасы көрінеді. Сол күндері Алматыға достарына қыдырып келіп, болып жатқан дүниелерді өз көзімен көру үшін Алаңға келеді. Бойы ұзын, аса көрікті, киген киімі де ерекше. Басындағы қаракөл бөркінен арқасында жағалылар бұл кісіні айналып өтіп, кейбіреулері амандасып та қойған сияқты. Жанында төлқұжаты болмағандықтан, бұл кісіні де көпшілікпен осы “Целинный”-дың астына әкеледі. Кіргендердің барлығын дерлік шешіндіретін. Майкесін шешіне бастайды, астынан (жас кезіндегі бір сапардан қалған) бүкіл денесіне инемен салынған мешіттің суреті (наколка) шыға келгенде таяқтың астына қалады. Қатты таяқтап тастағандары соншалық, он күн өтсе де өзіне келе алмапты.

Мырзағұл да өзінің қалай «желтоқсандық» болғанын баяндап берген еді. Ол кісі де сол уақытта, Алматы облысында тұратын көрінеді, негізі Қызылорда жақтың адамы, қолында кәрі шешесі, бала-шағасымен тұрып жатса керек. Кәсіби фотограф. Сол күні жол жөнекей жанында қарындасы бар, Тастақ базарына кіріп, ауылына  – базарлық, ас үйіне бір пышақ та сатып алады. Содан автобусқа отырып Сайранға түсер кезінде, шопыр артқы есікті жауып, барлығын алдыңғы есіктен шығарып жатады. Алдындағы орыстар шығып енді бұның кезегі келгенде жолын кес-кестей тосқан жас орыс жігіті балағаттап жібереді. Бұндай сөзді күтпеген Мырзағұл ағамыздың қолына сеткадан сабы шығып, тұрған пышақ ілініп, тартып кеп жіберіп, шыға жөнеледі. Шуылдаған халық, содан бұл кісі қашып отырып, күннің толық қараңғы болғанын күтіп көпірдің астында бұғып жатады. Бір-екі сағаттан кейін, шу басылды-ау дегенде, жатқан жерінен шығып көше бойында аңдып отырғандардың қолына түсіп қалып, осында тоғытылған екен. Әр нәрсенің «әттегені-айы» бар дегендей, біздер де, әттеген-ай сол жерде жата бергеніңізде ұсталмайтын ба едіңіз деп, қисынсыз жұбатып қоямыз. Бар сенгеніміз, ортамыздағы Думанымыз. Ертең сені босатып жіберетіндей жағдай болып жатса, анда бар да мұнда бар деп, әркім өз сәлемімізді құлағына құйып әлекпіз. Мен де ауылдан келетін достарымның аттарын айтып (служактарымды), «Тамаша» ойын сауық думанына алып қойған билеттерім барын айтып, менің орныма кіріп шығарсың деп қызықтырып қоямын.

Бәрі біз армандағанымыздай болмай шықты. “Тамашамыз” бен Жаңа жылымызды осында өткіздік. Жаңа жылдың басында, қаңтардың бесінде мені түрмеге алып шығып, «карантин хатасынан» бірақ шықтым.

Түрме деп осыны айтыңыз. Қолым артымда, жүріп келеміз, жүріп келеміз, біресе оңға, біресе солға, шақұр-шұқыр темір есіктің ашылғаны мен шарқ-шұрқ етіп жабылғаны, бітетін емес. Бір күннен кейін “камерама” бір қазақ жігіті кіріп:  “Мен сенің адвокатың боламын, Пәлембай Түленбай деген, ертең сенің сотың”,  – дегені. Қуанып кеттім, не болса да тезірек бітуін күтіп жүрген едім. Ертеңіне бір бөлке қара нан, қағазға ораулы екі «селедка» қолымда, «автозак» деген пәлемен соттан бірақ шықтым. Қандай соттан?

ҚазССР Жоғарғы Сотын ашық түрде жарияланғанымен, сырттан ешкім де кіре алмады. Өмір бірде бетін, бірде айналып келіп басқа жерін тосады дегені рас екен... Сот барысында куәгерлік еткендердің барлығы дерлік менің жағымда болды, берген жауаптарымды толығымен құптайтындарын, тіпті, Қыршыбаева Роза қарындасымның сот билігіне тікелей қарсылық білдіргені менің есімде «тайға таңба басқандай» қалып қойыпты.

Көпшілігінен тергеушілер жауапты  орыс тілінде алған екен, сонымен нүктесі мен үтірін ажырату басталып та кетті. Бірақ көбі жеме-жемге келгенде мені жақтап шықты. Куәгерлердің көптігі соншалық, Сот отырысы келесі күнге қалдырылды. Құдай қаласа ертең Сот залынан бостандыққа шығамын деген ой да жылт ете қалды. Талай жыл аңсаған оқу орныммен қоштасуыма тура келетін болды, ағам Қайырғазыдан ұят болатын болды деп те қоямын, ішімнен.

Келесі күнгі сот барысында арамыздағы коммунист қызымыз – Мұстафина Гүлмира. «Мен олар жиылып бармақшы болып тұрғандарында, қайтыңдар, қайтыңдар деп бірнеше рет айтқанмын. Олар мені тыңдаған жоқ, Құрманғазының авторитеті мықты болатын, мені тыңдамай кетіп бара жатты», – демесі бар ма. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дегенді осындай айтса керек. Ондай сөз мүлде болмаған еді.  Жатақханамызда мындай ауыз біршілігі мықты, «дружный первачтарды» көргеніміз жоқ, – деген сөздерді жоғары курстардан жиі естіп естуші ек. Жатақхананың ішіндегі дискотекада ортаны бермейтінбіз, жоғарғы курстардың жігіттері біздің қыздарға жақындауға  жасқанатын.

Бұл аздай тағы біреуі  Горбачевтың  «қайта құруы» жайындағы айтқан сөздеріме қатысты жығып берді. Омаров Әділжан бауырым өз сөзінен өзі жаңылып басына пәле тілеп алды. Жалған куәгерлік бергені үшін екі жылды арқалады.

Ал ұранмен ұсталған ұзынтұра Серік бауырым, адвокаттарының қолы ұзын болғанынан ба, 16-дан жаңа асқаны ескерілген бе, сотқа дейін босап кеткен екен. Бір жағынан оған да қуандым.

«Сасқан үйрек, құйрығымен сүңгиді», – демекші, факультеттің деканы – Сәрсембинов мырза Сотқа мынандай мінездеме беріпті: «Рахметов К.А показал себя только с отрицательной стороны. Вступительные экзамены сдал на удовлетворительно и хорошо». Ол заманда мектепті алтын медальмен бітіргендер, алғашқы емтиханнан «үздік» баға алған кезде қалған емтихандардан босатылып, автоматты түрде ЖОО студенті атанатын. Ол кісі менің дәп солай қабылданған жігіттердің басшысы болып, жатақхананың жарты жұмысын тегін жасап бергенімді үш-төрт айдың ішінде қалай есінен шығарып алғанына таң қалдым.

Оның есесіне ұлты орыс  кураторымның тайсалмай жақсы мінездеме бергенін қалай айтпасқа. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жаманшылығын айт, құты қашсын». Менің адвокатым орысша екі сөздің басын қоса алмайтын біреу болып шықты. Сондықтан да Сот барысында көбіне өзімнің құқығымды өзім қорғауыма тура келді. «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «ҚазССР конституция қағидалары сақталуы тиіс!», – деген ұрандардың аспаннан алынбағанын, бірі жақында ғана бірінші курста міндетті түрде оқытылатын «СОКП тарихы» лекция курстарынан алынса, екіншісі, 16-17-18 желтоқсандағы Алаңнан алынған дәлелдеп әлекпін. Екеуі де жақында ғана болғандықтан еш жаңылмадым. Маған таңылған айыптармен келіспейтінімді ашық айттым. Мемлекеттік айыптаушы – Жармахан Тұяқбай ағамыздың бірнеше рет аузымды жапқанын несіне жасырайын.

Сот залынан бостандыққа шығам деген үмітім суға кетіп, ҚазССР Жоғарғы Соты отырысы Қ.Т.Кенжебаевтың төрағалығымен, жеті жыл бас еркімнен айырып, күшейтілген еңбекпен түзеу коллониясында күнәсін  өтесіп  деген Үкімін шығарып кеп жібергені. Не сенерім, не сенбесімді білмей, басым мең-зең болып отырып қалдым. Осы кезде, залдан «Құрманғазы жасыма, басыңды тік ұста», – деген таныс дауыс шыққан жаққа жалт қарасам, менің жаңа жылдағы «Тамаша» той думанына күткен, ауылдан келген достарымның бірі – Серік екен. Жұдырық боп жұмыла қалған оң қолымды көтеріп, құп көргенімді байқаттым. Залдан кісен салып, «автозакка» отырғызып алып шыққанша, Серіктің саңқылдап айтып жатқан «наставлениелерін» тоқтатарлық Жоғарғы Соттан адам табылмағанын көргесіп болар, «Құрманғазы мықты бол!», «Құрманғазы, Құрманғазы!», –  айғайлап шыққан таныс дауыстарды бірталайға дейін естіп бара жаттым...

Өстіп, біздердің де тар жол тайғақ кешуіміздің басталатынын кім білген?...Әлгі орысым “утка” болып шықты, ондайлардың талайын түрмеде, ҰКК түрмесі мен этаптарда кездестірдім. Екі күннен кейін Мәскеуден шығатын орталық «Комсомольская правда» газеті бастап, басқа басылымдар жерден жеті қоян тапқандай, Алматыдағы алаңдағы оқиғаға байланысты оның алғашқы ұйымдастырушысы құрықталып, ҚазМУ-дың бірінші курс комсомол жетекшісі Қ. Рахметов жеті жылға сотталды, әділ жазасын алды, – деп,    бірауыздан шуылдап қоя берген еді...

 

 

Алғашқы сабақтар немесе түрме хикаялары

 

Түрмеге  енісімен  бір  «хатаға»  лақтырды. Түнгі  сағат он-он бірлердің шамасы. Басым мең-зең, жер айналып кеткендей, оның үстіне асқазаным құрғыр шұрылдап, ескі әуеніне бастағаны. «Сәлемімді» алған ақсақал, түрімнен байқаған болар, жанындағы жастау жігітке ымдады. Өздері отырған темір «дастархандарына» шақырып, қабырғадағы темір жәшіктен үстелге шығара бастады. Бір тілім қара нан мен «ақ қойдың» екі тілімі, қант қосылған қара шайдың дәмі, жылышырай көрсеткен арестанттардың қабылдауы әлі есімнен кетпейді. «Шконкаға» жата кетіп, шамның жарығында, қор етіп ұйқыға кетіппін. Таңертеңгі «проверкаға» жанымдағылар тұрғызғанда, қайда жатып, қайда тұрғанымды оншама аңғара алмадым.

«Дубактың»: “Фамилия, статья?” деген сұрақтарынан кейін, “Рахметов, 65”  – деп жауап берген кезімде ғана барып, «каторжандық» өмірдің басталғанына көзім жетті. Үш-төрт күннен кейін мені басқа хатаға ауыстырды. Бұл менің алғашқы «хатамнан» анағұрлым кең және іші адамдарға лық толы екен. Сәлем беріп кіріп барғанымда, төрде отырғандардың бірі «статья» деді. Мен “65” деп жауап қайтардым. «О, бунтовщики!», – деп әр жерден шуылдап қоя берді. Қанша жыл алғанымды естігенде, алдымнан жігіттер шығып қолдарын беріп жатты.

“Отыз мыңдай жиналғандарың рас па?”. “Машина өртегендерің, магазиндерді бомбить еткендерің не?”, “Балабақшада шаруаларың не еді?”,  “Алаңда машинамен арақ болыпты ғой, өңшең алқаштар бірге қалай жиналдыңдар?”, “Машиналар суды қалай шашты?”, “Иттер мен сапер күректермен қырыпты ғой?”, “Самолетпен әскер әкелген бе?”, “Шекараны жауып тастаған ба?”,  “Қырғыздарды границадан жібермей қойған ба?”, “Қанша адам өлді?..”, Сұрақтар, сұрақтар, бітпейтін сұрақтар. Шамам келгенінше жауабымды беріп жатырмын. Бір кезде іштерінен егде тартқан біреуі:

“Жігіттер, қойыңдар. Все это красная пропаганда. Соны да түсінбегендерің бе?! Жас жігітті көп мазалай бермеңдер, онсыз да оған оңай емес”, – дегені. Сұрақтар  сап тиылды. Бірталайымен жақын таныса да бастадым. Нарынқол жақтың Марат деген денесі  тығыршықтай жігіті бар екен, сол жанынан орын берді. Байқаймын, ортада сөзі де өтімді жігітке ұқсайды. Оның да фамилиясы Рахметов екен. Жасы  менен үш-төрт жас үлкендеу. Кешкісін, есік сарт-сұрт ашылып, есіктің алдына қолында «дубинкасы» бар дубак:

“Рахметов, на выход”, – деп оң қолындағы дубинкасын сол қолының алақанына соғып, шіреніп қарап тұрды. Мен басымды көтере беріп едім, жанымдағы Марат атып тұрып, есікке қарай нық басып бара жатты.

Сарт етіп жабылған есіктің дыбысынан кейін бірталай үнсіздік орнады. Он-он бес минуттай уақыт маған бірталай уақыт болып көрінді. Есік ашылып, екі дубак екі қолынан сүйретіп Маратымды есіктен сүйреп әкеп, тастап кетті. Орнымнан жалма-жан атып тұрып жанына барсам, ыңырсына басын көтеріп, оң қолымен ештеңе етпейді деген ишарат білдірді. Сөйтсем, іші пысқан дубактардың 65-термен жасайтын  «тренировкалары» екен. Кеше ғана түрменің ішінде танысқан жігіт, менің орныма барып, өз еркімен анандай нақұрыстардан таяқ жеп қайтуы,  замандастарымыздың Алаңда көрсеткен ерліктеріне пара-пар. Түрменің ішіндегі жігіттеріміздің де қолдарынан келгенше қолдауы деп таныдым. Рахмет, Марат замандасым! Қазір қайда жүр екенсің?!.

Бұрынырақта бір барып қайтқан қарт «каторжанның»: “Жеті жыл ма, өзіңді жеті жылға «настраивать» ет. Жақсылығы болса, көре жатарсың. Жаманшылыққа да төтеп бер. Солай жасағаның жөн. Сроктың басында – артыңа, соңында  – басыңа ие бол”, – деген сөзі есімде қалды. Кешкісін қушыкештеу біреуі: “Ертең жексенбі, базарға тамақ, ол-пұл, темекі алуға кімді жіберсек екен?”  дегеніне құлағым елең ете қалды. Ішімнен, барахолкаға бір жетсем шіркін, ар жағы... Сөйтіп ой жүйесіне еніп кетіп бара жатыр екенмін. Орта жастағы бір жігіт: “Мені келісіп жібере алсаңыздар, барлықтарыңның сұрағандарыңды әкеп берер едім”, – дегені. Сол-ақ екен «хатаның» ішінде қарбалас басталды. Біреу «кешарын» ортаға тастады, біреулері «заначкаларынан» ақшаларын шығарып жатыр, енді біреулері: “Қалам мен қағазыңды қоса әкел, менің тапсырыстарым көп”, – деп қояды.  “Сен өзің, ақшаларымызды жинап алып, қашып кетпейсің бе?”.

“Жоқ. Жо-ға. Мекен-жайымды, туған-туыстарымды білесіңдер. Жақында үйленгенмін, сағынып кеттім. Бір көрсем болды. Үш жылға бір аяқта тұрып-ақ шыдймын ғой”, – деп қояды. Әр жерден ауыздарын басып, шиқылдап жатқандарда  да көзім шалып қалды. Ал ана жігіттің ешкіммен жұмысы жоқ, керек заттардың тізімін қаламмен түртіп алып жатыр. Жазатындарын жазып, дәптерін қойын қалтасына жақсылап бүктеп салып алды да, қолына «кешарды» алып, ал, мен дайынмын, – дегендей ишарат танытты. Хатаның “старшагының” артына ілесіп барып, есікті тоқылдата бастады. Біраздан соң есіктің «кормушкасы» ашылып, дубак: “Не керек?”, –  деген дауысы да естілді. Старшак құлағына бірдеңелерді сыбырлап жатқан. “Қазір, дайын отырсын. Мен сөйлесіп қайтайын”, – деп «кормушка» тарс жабылды. «Барахолшигымыз» тықыршып, тыныш таппай тұр. Біреуден сұрап киген құлақшынын бір қолымен умаждап алған, екінші қолымен тер шыға бастаған маңдайын сүртіп-сүртіп қояды.

Есік те ашылды-ау әйтеуір. Біздерге бұрылып қарап, қолын көтеріп, мәз-мейрам болып кетіп бара жатыр, “барахолкасына”.  Он минут өтпей есік ашылды. Екі қолынан екі дубак сүйрелеп алып келіп тастаған “барахолшигымды” көргенде, бірдеңесі дұрыс болмады-ау, “старшак” дұрыс келісе алмады ма, жағалылардың бастықтары ауысып кетті ме екен деген сұрақтарға жауап іздей бастадым. Артынан кешары ұшып келіп түсті. Біреуі ішін ұстап, біреуі аузын басып, хатаның іші азан-қазан, қыран-топан күлкіге ұласып кетті... Мен аң-таңмын. Сөйтсем, бұл «прописка», былайша айтқанда “плоский приколдары” екен.

“Абақты қатар-қатар болады екен.

Ішіне жақсы, жаман толады екен...,” –  деген  осы екен ғой.

 

Түрмеде де түрме бар

 

 Алар «срокты» алғаннан кейін, ақырындап этапқа дайындала бастағанмын. «Гражданский» киімдерді «робаға», қазақша айтқанда, үстіңдегі киімдерді лагерде киетін киімдерге айырбастайсың. «Осужденный Рахметов с вещями» дегенде «хатаның» жігіттері жылдам-жылдам «кешарымды» дайындап жіберді. Этап қазір Маңғышлақ жаққа деп те естігенмін. Сақұр-сұқыр, шарт-шұртқа етім де үйрене бастапты. Өзіңде ерік болмағансын, айдауылдың артынан байлаулы бұзау сияқты еріп отырасың, тек бас жібің жоқ демесеңіз. Қолыма кісен тағып, көзімді лентамен байлағанда, шынымен, бойымды қорқыныш сезімі билеп алды. Сол қол жағымнан ұстап, алып келе жатыр. Мен әрбір қадамымды санап, қалыспай келе жатырмын. Тоқтадық. Есік ашылғаны естілді. “Кір!” – деді. Кіріп бара жатып, бұл күнделікті тұтқындарды таситын автозак емес, одан кішкентайлау, жеңіл машина екенін бағамдадым. Түрменің есігінен шыға салысымен мен де машинаның бағытын пайымдап, қайда апара жатыр екен деп те қоямын. Мүмкін, байқатпай ата салуы да ғажап емес деген үрей бойымды билеп алды. Мотордың жұмыс істеуіне қарағанда кәдуелгі «москвич». Не болса да басқа түскенін көрермін деп, ішімнен өзіме өзім жігер беріп қоямын. Көп жүрмей бір аулаға келіп тоқтадық. Біраз тұрып ішіне кірдік. Тоқтадық. Есік ашылды, түстік. Көзімдегі лентаны алды, қолымдағы кісен де алынды. Жасыл киімді айдауылдар бір-біріне «честь» беріп  жатыр. Тап-тар «стаканчиктемін». Темекі шеккім келіп, құлағым ісіп кеткен. Бір сағаттай отырған шығармын, ол уақыт маған бір жылдай әсер қалдырды. «Стаканчиктен» кейін алып шығып бір бөлмеге кіргізді. Шашымды сыпырып алып тастады. Түгел шешінуімді сұрады. Шешіндім. Сыпайы,лап: “Іш киіміңізді де шешіңіз, толықтай шешініңіз”, – деді. Сөйтіп тағы бір бөлмеге енгізіп, есікті жапты да, “Сабыныңыз анау, шомылып алыңыз”, – деді. Сонда ғана  басқа бір жерге келгенімді байқадым. Судың жылылығын өзіме ыңғайлап алғаннан кейін, рахаттанып тұрып бір түстім-ау. Қаншама уақыт мынандай рахатты көрмеген денем сүйсініп барады. Берген сабынымен басымды сабындап кеп жібергенімде көзім ашып бара жатты, түйсігіммен бұл дустталған сабын екенін аңғардым. Расымен мынандай рахатты көптен көрмеген едім. Енді атып тастаса да өздері білсін”, – деп қоямын, ішімнен. Душтан шығып, өздерінің берген көкшіл түсті киім-кешегін –  «робасын» киіп алып, айнаға қарап қалыппын. Өмірі бұлай айнаға тесіле қарамаппын. Сол кезде ғана барып байқадым, тақыр басым, соңғы бір айдан астам уақыт,  ішіндегі  барлық шым-шытырық,  оқиғалар уақытынан бұрын маңдайыма терең әжімін салып үлгерген екен. Жиырма екі жасқа енді толған жігітке, немене, тәйірі, десем де, маңдайыма ерте түскен терең әжім – тағдырдың басыма салғаны да ғой! – деп көзімді айнадан алдым. Иә, осындай да өмірде жәйттер  болып тұрады екен. Аудайылдың  артына тағы ілесіп жаңа жердегі жатын орыныма келе жаттым.

Хатаға кіріп барсам ешкім жоқ. Жалғыз өзім. «Раскладушка» дейтін алюмин қаңқасы бар брезент төсектердің біздің заман адамдарының есінде болмауы мүмкін емес. Иә,  тап сондайдың темір түріндегі төртеуі төрт бұрышта тұр, ортасында бір метрдей бос орын бар, едені ағаштан екен. Астыға салынған «матрасын» кейбір жатақханалардан да таба алмайсың, асты мен үстіңе жабылатын жабын да аппақ, жамылғысы тап-таза. Орта тұсында ернеуі биіктеу сәл кішірек болғаныменсырты темір терезе, камера деуге аузың бармайды, қысқасы іші жап-жарық бөлме екен. Өз көзіме өзім сенбей біраз отырдым. “Кормушка” ашылып тамағымды алуға шақырды. Бұл жатқан қандай батпанқұйрық, айдалада жатқан құйрық, – деп сәл тосаңсығаныммен, артынан тәбетім тартып, соғып-соғып жеп алдым. Шәйі қандай тәтті еді. “Жарлының бір тойғаны жарты байығаны” – деп, төсегіме ыңғайлана, ішімді сипап қойып жатқаным сол еді, сықырлап есік ашылды. «На допрос» дегеннен кейін айдауылдың артынан дедектей жөнелдім. Кіріп барсам «гражданский» киімде төрт-бесеуі жайғасып отыр екен. Киген киімдерінің үлгісі бөтендеу екен. Өздерін қысқаша таныстырып өтті, Ресей жақтан келгенге ұқсайды, біреуінің Москвадан екені есімде қалыпты. «Осужденный Рахметов, статья 65, срок 7 лет» деп бастай бергенім сол еді сұрақтар қарша борады-ай келіп. Біреуінің сұрағына жауап беріп үлгермей жатып, екіншісі сұрақ қояды. Енді оған жауап берейін дей бергеніңде екіншісі, үшіншісі, төртіншісі, үшіншісі, біріншісі, бесіншісі, екіншісі...

Қойшы әйтеуір, қанша уақытқа созылғанын білмеймін, есімнен танбасам да, щақшадай басымды шарадай қылғанда барып тоқтады-ау әйтеуір.

«На сегодня все», – дегендеріне қуанып, әлгі бөлмеме тез жетуге асықтым. Сөйтсем, оным бекер екен. Шыға салысымен әлгі айдауылым түгелдей тексеріп, тінтіп барып, бөлмеме жеткізіп тастады. Бағана ғана мәз болған бөлмемнің іші, «крестный допростарынан» кейін басқаша болып көрінді.

Қате, артық, шатасып, дұрыс жауап бермей қалдым ба, –  деген оймен миымда қалып қойған сұрақ-жауап «лентасын» алдыға-артқа, артқа-алдыға қайталап бірталай жаттым. Тұрып алып, арлы-берлі асықпай «тусовка» соғып барып, миым орнына келгендей болды. Сол сәтте “кормушка” ашылып, кешкі ас келді. Орысшаға бірталай төселіп қалған тілмен еріксіз түрде «Война Войной, а обед по распорядку», – деген сөздің шығып кеткенін кейін ғана байқап, “бісмәллә” деп кешкі асымды ішуге отырдым.

Көптен бері дәл мұндай жақсы ұйықтамаған шығармын. Түсіме туған ауылым енді. Шешем, ағам, «қара шаңырақтың» шуылдақтары мен көрші-қолаңның балалары өзенге шомылуға, балыққа бармақшы болып, қармақ, ау көтеріп, ауладан улап-шулап шығып бара жатыр екенбіз. Алматыдан каникулға барған кездерімде  ауылдың үлкенді-кішілері осылай бір қуанып қалатын. Әсіресе, мектеп жасындағы балақайлар қатты мәз болатын. Жаз болса бастарын қосып сол маңдағы жайылып жүрген есектердің аузына шөп баулайтын сымды  байлап жіберіп, үш-төрттен міңгесіп алып, Қатынсу өзеніне, не тоғанға барып шомылып, балық аулап  қайтушы ек. «Мичурин» совхозының бақшасына түсіп, азаннан кешке дейін доп тепкізіп, күресіп, ләңгі теуіп, асық ойнап, кешкісін «шпион» ойнап, ойынға  тоймай тарқасатынбыз. Қыс болса, аяққа шаңғы, коньки байлап, қолдан сырғанақ мұз айдын  жасап, хоккейдің «клюшкасына» жарайтын талдар іздеп. Жайтөбенің басынан төмен қарай шаңғымен сырғанағаннан төмендегі үйге дейін бір-ақ келуші едік.

Жаздың жайма шуақ уақыты екен деймін...  Қасымда көршіміздің бірі – Бақыт апайдың Мұрат деген ұлы бар,  жеті-сегіз үлкенді-кішілі баламен Мақаншы өзенінің жоғарғы жағында шомылып, мәйкемізбен балық аулап, шулап келе жатыр екенбіз. Бірге шыққандардың қайда қалғаны белгісіз, бір уақытта жағада сұр жылан жылжып бара жатсам,  көріп жанынан өтіп бара жатқанымда әлгі жылан басын көтеріп маған айбат шегеді екен: “Бір қарасам, кобра болып кеткен сияқты, жыланнан бала кезден қорықпайтын басым, әлгі жерде сасып, жанында тұрып қалыппын. Ыршып кетейін десем, аяғым көтерілмейді, біреу тас байлап тастағандай. Екі рет ұзақ ысылдағанынан сескеніп, оянып кеттім. Соншама тәтті түсті бұзғаны-ай, – деп біраздан соң, әлгі түсімдегі ізді қайта тауып алып, ауылдастарым мен шешемді ойлап жатып ұйықтап кетіппін.

Сұраққа әкетіп бара жатқанында, бүгін қаншасы отырары екен,  деп, іштей тас түйін бекіп кірген едім. Сөйтсем, мүлде басқа адам екен. Москвадан келіпті, өзін ҰҚК-нің тергеушісімін деп таныстырды. Биязы ғана сөйлеседі, лента қайтадан айналымға кетті. Үшінші күні  – «с вещами» тағы қайталанды. Жанындағы бір бөлмеге барсам,  бір қазақ  жігіті қарсы алды. Нарынқол жақтың тумасымын дейді. Қытаймен екі ортадағы шекарада жұмыс жасаған көрінеді. Қарапайым әңгімені сағынып қалыппын, аттың басын бір жіберіп алдық. “Жеті жыл алдым”,  дегенімде, ішін басып күліп, “Мен жеті жүз мың сомды тығып тастадым, жеті жыл да отырмаймын”, –  деп масайрап, ішін сипап-сипап қояды. Ойланып қалдым: «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады», – деп қазекем бекер айтпаған екен-ау. «Касачка» жазуыма көмектесетінін айтып, мәз қылып қойды. Түстен кейін «на выход» тағы да қайталанды. Осы жолы «хозяин» шақырып жатыр екен. Таң қалғаным, мына «контора» бастықтарына кірерде де, шыққанан кейін де толық тексереді екен. Бір біріне сенбейді деп айту қиын, дегенмен, «доверяй, но проверяй» ұстанымы бар мықты контора екені көрініп тұр.

Осы жолғы «на выход» керемет болды.  Бір бөлмеге кіріп барсам, Тәңірім-ау, өз көзіме өзім сенбедім, тіпті сену мүмкін емес: төр жақта шешем мен Қайырғазы ағам отыр. Бұндайды күтпесем керек, құстай ұшып барып, анамның бетінен сүйіп-сүйіп алып, құшағына кіріп барудың орнына, орнымда мелшиіп тұрып қалыппын. “Құбаш”, –  деп келіп қолын беріп, басымнан сипап, баурына басқан кезде барып,   құшағынан ысырыла, шешемнің қолын алып, сүйіп-сүйіп алдым. Иегі кемсеңдеп, жанарынан жас шыққанын байқап қалып, өзімді ұстай алдым. “ Ой, мама, менде бәрі жақсы, бәрі жақсы, жыламаңыз” –  деп алақаныммен ып-ыстық көз жасын сүрте беріппін. Ағам: “  Тәте, жыламаңыз, айттым ғой, әне, бәрі жақсы”, – деп екеуміз бірге шешемізді жұбатуға кірістік. Істі болғалы кездесіп тұрғанымыз осы.

Алматыдағылар «телеграмманы» кеш жіберген, оның өзінде сотым болып кеткеннен кейін алыпты. Үйдегілер, Қарағанды, Семей қалаларындағы студент апа-қарындастарым шешемізге айтуға дәттері бармай, кейінірекке қалдырған сыңайлы. Оларға да неше түрлі қысым көрсетілген көрінеді.

Оралғазы деген  үлкен ағамды директорлықтан алып, кіші ағама сөгістерін жариялап, төтенше жазумен тарайтын «Біздің Отан» газетінде жұмыс істейтін Құнан ағамды сол Сот отырысы болған күні-ақ жұмыстан қуып, туған-туыстарыма «халық жауының туыстары» шапанды жауып та үлгерген екен. Ауылда газет таратушы сүйінші сұрағандай «Семей таңы» газетін шешемнің қолына ұстатып: “Ұлыңыз сотталып кетіпті ғой, барып қайттыңыздар ма?  Халы қалай екен? Міне, газетке де шығарыпты”,  дегенде, шешем:  «Гүлсім, мыналар не дейді, сотталып кетіптісі несі” –  деп шайқалақтап, құлап бара жатқанында, жақын арада жүрген жеңгем қолынан демеп үлгеріпті. Алпысқа енді таяған анамның бір күнде бүкіл тісі түсіп қалыпты.

Анашым мені  әлі күнге дейін бала деп ойлай ма екен, тізесіне отырғызып алып, құшақтап жібергісі келмейді, тіпті  ешкімге бергісі жоқ.Екі сағат кездесуіміз тез өте шықты. Кәкең: “Айтым ғой, балаң аман-есен, Құбашың ешкімді өлтірген жоқ, ертең-ақ босап шығады. Күндердің күнінде балаңыз ел алдында батыр атанады, мен оған сенемін”, – деп қоштасып жатты. Шешеме төте жазумен жиі-жиі хат жазып тұратынымды айтып, ауылдың сарқытын құшақтап, айдауылдың алдына түсіп бара жаттым.

Тергеушіден кіргенім сол еді, шашы алба-жұлба, сақал мұрты бар бір жігітті камерама кіргізді. Амандассам, амандаспайды. Түріне қарасам арабқа ұқсай ма, европалық, африкалық па түсінбедім: “Матрасымды ана жерге жай”, –  дегендей ыммен көрсетіп қоямын. Үндемесең үндеме  деп  мен де “шконкама” қонжиып жатып алдым. Дәтінің мықтылығы сонша екеуміз екі күн үндеместен уақытында тамағымызды ішіп алып, тойған қозыдай, әркім өз ойымызды «күйзеп» жатып аламыз да қоямыз. Тамақ сұрай алатын, ағылшыммен «Хе неим из, хау дию дуыма» да жауап жоқ.

«Тлегенов на допрос» дегенді естігенде барып, оның қазақ екенін біліп, жағамды бір-ақ ұстадым. Оның жанымда болғаны маған жаман болған жоқ. Жетісіне тегін беретін екі қорап «Примам» төртеу болды. Емін-еркін шегем де жата беремін. Сөйткен Жарммухаметім «Жүргеновтың» өзім сияқты студенті, 65-і болып шықты. Өзі мықты суретші, мүсінші. Қазір Германияда тұрады, анда-санда «скаиппен» сөйлесіп тұрамыз, мықты досым. Желтоқсан ұйымы алғаш құрылған кездерінде оның  жасаған еңбекгі өлшеусіз... Ол жерден алып шыққан үлкен сабағым: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». дегеннің растығына көзім жетті. Кітапханасы керемет еді!  Тапсырыс берсең болды, сұраған кітабынің бәрін әкеліп беретін. Францияда болып көрмесем де Дюманың заманын француздардың өздеріне таныстырып, кітаптың ізімен  Тұманды Альбионның  бір шетінен бір шетіне өтіп, қайыққа мініп алып  80 күнде жер шарын аралап келуге жарайтындай рухани байлықтың бәрі осы кітапта екеніне көзім жетті. Қазіргі интернет заманы мықты да болар, алайда кітап оқи отырып, адам баласы өзінің ойлау, топшылау, логикасын байыту, басқа да өзіне белгісіз болып келген қабілеттерінді ашып, ми қатпарларының қызметін барынша толық жұмыс жасатуына, есте сақтау қабілетін жоғарғы деңгейде ұстап тұруына табылмайтын бірден-бір құрал екені даусыз. Кімге қалай, мен өзімше осылай топшыладым. Қой да аман, қойшы да аман үш айдан аса болған ҰҚҚ түрмесі берген сабақтары өмірлік азық болып жанымда қалды. Одан ары Алматының түрмесі, ол түрмеден соң  Маңғыстау, Маңғыстаудан әрмен қарай Атырау, Атыраудан ары –  Ақтөбе... Ақтөбеден бері  “этаппен” келе жатқанымызда «вагонзакта» қатты ауырып, ес-түссіз жатқан жерімнен Жамбыл қаласының түрмесіне тастап кеткен екен. Ол енді басқа хикая.

 

Этаппен өткен екі ай

 

Маңғышлақтың 34-зонасына енді етіміз үйрене бастағаным сол еді, “Сендердің істеріңді қайта қарайтын болды”, –  деген желеумен Алматы жаққа этапқа алып шықты. Автазактан вагонзакқа отырып алып, “Алматы қайдасың?” деп бір-ақ тарттық. Қашан, қай заманда бостандыққа шығып жатсақ, 9-мамыр күні Алматы қаласындағы «Панфиловшылар» паркіндегі «Жұлдыз» мейрамханасында бас қосатынымызды  жігіттердің естеріне тағы бір салдым.

Жол-жөнекей  Әлібек, Дүйсенбек үшеумізді Ақтөбе түрмесіне тастап кетті. «Транзиткаға» кіргізерде мойнымдағы бойтұмарыма бола, дубактармен  қырқысып алдым. Оным бекер болды ма екен?  деген ой түрменің ең шетіне үшеумізді апарып тыққанда, қайта-қайта оралып қоймады.

ҰҚК-нің түрмесінен кейін, қайтадан Алматы түрмесіне Жармұхаммет екеуміз бірге кірдік. Ақ төсек, таза бөлмеге үйреніп қалған екеумізге, Алматы түрмесінің «карантині» қатты тиді. Әсіресе, Жарикке (Тілегенов). Темекі шекпейтін адамның іші ыс пен темекінің түтініне толы камерада отыруы аса қиын. Тұтқындарға шекпе деп шек қоя алмайсың. Әркімнің өз тағдыр тауқыметі жеткілікті. Түтінге тұншыққан Жарик кішкене ғана терезенің жанынан кетпейтін, көзім түссе, сұмдық аяп кетемін. ҰҚК түрмесінде бірге өткізген үш айдай уақыттың ішінде бір-бірімізге кәдімгідей бауыр басып қалыппыз. Ортамызда орта жастан асқан «бухгалтер» қазақ болған еді. Суретін салайын десе барынша қашқақтайтын. Дегенмен, Жарик оған  білдірмей суретін салған екен. Сол суретті көріп қалған «баландер» (тамақ тарататын) жігіт:

“–  Әй, мынау не қып жүр, екі ай жоқ болып кетіп еді?”, –  деп қалды. Сол жерде ғана Жарик екеуміз бір-бірімізге қарап, келешекте жаныңдағы адамды әбден танып білмейінше, көп сөйлемеу керек екенін ләм-мим деместен, іштей ұғындық. Екеумізді екі “хатаға” лақтырды. Осы жерден Жарик екеуміздің жолымыз екі айрылды. “Хатаға“ кірсем, сегіз жылды жастап алып, қызылордалық Ерлан (Бейсембаев) жатыр екен. Содан көп ұзамай “этапқа” шықтым. Бағытымыз –  Маңғыстау. Амандасып транзиткаға кіріп барсам, іші қарағұрым халыққа толы екен, статьямды сұрады. “Алпыс бес” дегенім сол еді, орталарынан бір орыс атып тұрып:

“– Ты на кого руки поднял? На русского Ивана”, – деп төніп келе жатқан жерінен шарт та шұрт төбелесе кеттім. Соншама көптің ішінен бір ғана қазақ жігіті жерге атып түскенін байқап қалдым. Бірақ оның көмегінің қажеті жоқ еді. Жақсы бір соққы жеген орысымның жүні жығылып, орнынан сүмірейе  тұрып келе жатқан еді. Бұндайды күтпесе керек, «строгачымның» түсі сұп-сұр, маған дейін бүкіл хатаға ауа-райын жасап тұрса керек. Басы төмен салбырап кеткен, танауының астымен «бум-бум»  деп бірдеңелерін күңкілдеп барып орнына отырды. Жаңа фуфайкамның бір түймесі үзіліп түскен екен, содан  басқасының барлығы орнында. Жанындағы «шестеркалары» тездетіп чифер көтеріп жіберді. Мені татуластыққа шақырғаны болуы керек, орталарына шақырды. «Корточкаға» отырып үйренбеген, аяғым талып, қозғалып қалған кезімде, қос қолымен басын қорғай, ыршып кетіп өзінің абыройын тұтқындар алдында әбден төгіп алды.

Сақтықта қорлық жоқ деген, әлгі Павлодардың Май ауданының жігітін жолсерік қып жаныма алып, вагонзакты ерттеп мініп «тукутук-тук, туку-тук-тук-татып» кете бардық. “Этапқа” берген қара наны,  «селедкасымен» жүрек жалғап алып, өзіме беймәлім дүниенің ішіне ақырындап еніп бара жаттым. Вагонзак  –  кәдуелгі купе, темір тормен қоршалған, тек төрт адамға арналған жерге он екімізді бір-ақ тоғытқан. Отыра отыра, жамбасым ойылып қалған сияқты. Жігіттермен алмасып жоғары жаққа шығып, біраз жантайып алдым. «Селедка» да өз ісін жасады:  аузым кеуіп, бір тамшы суға зар болдым. Тордың арғы жағындағы қызыл погонды солдаттар суын берсе, уақытында дәретханаға шығармай, әбден қанымды ішті. “Декабрист” екенімді біліп алған орыстың сержанты дәретке шығарғанда (қазақтардан «салабон» кезінде көп таяқ жесе керек), таз ашуын тырнадан аладының керін әбден көрсетіп бақты. Дубинкасы бұндай «допты» көптен көрмеген болса керек, жонымды былай өтсе де, былай өтседе «сипап» өтеді. Әрең сұранып барып, таяғыңды толығымен жеп қайтқан кезде,  тамақ ішуге ойлануға тура келеді екен. Әскерде болған Одессам есіме түсіп, әттең, сол жерде кездескеніңде ғой, қолымның ұшын да тигізбестен «сушилкаға» кіргізіп, батареяның тістерін санатып қояр  едім?..” – деп ойлаймын.

Айғай-шудан басымды көтеріп алсам, Қандыағаш стансасына келген екенбіз. Айғайлап, шапқылап жүрген жастар. Балалар терезенің ашық тұрған тесігінен тұтқындарға шай, темекі, т.б. лақтырып, өздерінше қолдау көрсетеді екен. Біздің купеге де бірдеңелері жеткен сияқы. Солдаттар вагонның терезелерін жауып, іштегілердің  дем алуы қиындап кетті. Сол кездері осы Қандыағаш стансасы ерекше есімде қалды. Қайтарымызда да  осы Қандыағаш арқылы өткен едік. Осылай қарсы алып, осылай шығарып салған «қандыағаштықтарға» бір-екі жол естелік арнап, алғыс білдірсем артық болмас.

Ақтаудың түрмесіне енгеннен-ақ, Алматыдағы орысым жанданып сала берді. Өздерінің «строгачтарын» кездестіріп, «Бұлар балабақшаларды өртепті, ананы-мұнаны істепті» деп бұрқыратпасы бар ма. Басыма қою қара бұлт үйіріле бастағанын байқадым. Басында құндыз бөркі бар, Қап тауының азаматы болмағанда, іс насырға шабар ма еді? Ол барлық жайды толығымен білісімен:  “ Эх, мужики, кончяите базар. Это же чистейшей воды, крассная пропаганда”, – деп бір ауыз сөзбен, бәрінің ауыздарына құм құйды. Іштей риза болып қалдым.

Ақтөбе түрмесінің дәм-тұзына рахметімізді айтып, Алматы жаққа аттандық. Этап, “вагонзак”, тук-тук, туку-тук-тук. Екінші күні жолда келе жатқанда денемнің қызуы көтеріліп, аузымның суы құрып, әрең ғана сөйлеп жаттым. Жігіттерге жақын арадағы түрмелердің біріне тастап кетулерін айтып, есімнен айрылып қалыппын. Есімді бір жисам екі дубак екі қолтығымнан сүйрете алып келе жатыр екен. Сол сүйреткеннен сүйретіп, транзиттік камераға бір-ақ тоғытты. Біраздан кейін есімді жисам, түрменің ішіндегі «больничкада» жатыр екенмін.

Әлі күнге дейін Алмагүл есімін естісем, құлағым елең ете қалады. Жамбыл түрмесінде маған екінші бір өмір сыйлаған, ақ халатты абзал жан – Алмагүл есіме түседі. Ыстық өкілін беріп, жоқ дәрілерді өзінің ақшасына сатып әкеліп, екі айдың ішінде қос өкпеме тиген суықтың ізін де қалдырмай, аяққа тұрғызған осындай қазақтың асыл жандарын, қалай ұмытуға болады?... Мен ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Тілеуіңізді Тәңірімнің өзі берсін, Алмагүл!

Оңтүстіктің  ауа райының жылылығы, адам баласының өзара қарым-қатынасына да әсері бардай көрінді. Желтоқсандық екеніңді білген “дубактардың” өздері “кормушканы” ашып, темекі, шайларын тастап кететін.

Мұнда желтоқсандық Ерлан Декелбаев, Ермек  Иманбаев, Аманқос Есбосынов, Нұрлыбай Расалиев, Әділ  Молдыбаевты  кездестірдім. Үш-төрт күн бір хатада болдық. Әділ бауырымызды Алаңда «инкасаторлар» ішінен атып, аударылып қалған ішек-қарынын  қолымен жинап алып, жүгіріп жүрсең оны атып кеткендерді іздестірудің  орнына, ішін  тігіп, үш жыл арқалатып қоя берген системаға не дейсіздер? Транзиткадағылар ақкөңіл  Ерланымыздың “кешарын” тазалап, аяқ киімсіз қалдырыпты. Аяғымдағы  етікті  шешіп беріп, “Мен жылы жаққа кетіп барамын, тәпішкемен де болса жетемін” дегем сорлы басым Қостанай облысынан бір-ақ шығыппын,  Ерланым Қарағандыда қалыпты. Оны кейін келгендерден естідім. Осындай жағдайларды өз көзіңмен көрген кезде, “Көппен көрген ұлы той”,  болмашыға бола күйзеле бергің келмейді екен. Ауырып қалған кезімде, осындай ыстық құшақ пен жылы шырай танытқан жамбылдықтарға ықылас-ниетім ерекше.  Қазекем айтпақшы, қасиетті Жамбыл жерінде бір аунап тұрғаным да, Желтоқсан-86-ның қасиеті мен құдіреті екендігін Қостанайдың  33-зонасына түскен кезімде байқадым. Жамбылдың 2-зонасынан этаппен шыққан отыздан астамтұтқындар «Құсмұрынның» карантиніне келіп кірдік. Бұнда бізден Жеңіс, Құттыбек, Кенже отырған көрінеді. Семейдің жігіттері «локалканың» сыртына келіп, танысып, темекі мен шай тастап кетті.Уақытында зонаға шықтық. Мені семейлік Мерхат деген жігіт қарсы алды. Ортада өзіндік беделі бар жігіт көрінеді. Семейлік жігіттер үлкен «срокқа» отырған Бейсен, Дархан, т.б жігіттермен таныстырып шықты. Он үш жыл отырған Бейсеннің авторитетін пайдаланып, кочегаркада қиналып жүрген Жеңісті «баламуттың» жанына жұмысқа шығардық. Бұл жер негізінен ағаш өңдеумен қатар мебель шығаратын фабрика екен. Жұмыс, жұмыс тек жұмыс. Кейіннен “этаппен” Шора, оның артынан Үсіпхан, соңынан Жамбыл келді. Иә, сол бесеудің бірі –  он бес жыл арқалап келген – Жамбыл. Қайратқа ату жазасы берілгенін естігенбіз. Алаңда жан алысып, жан берісіп жүрген сәттерде телевидениенің Савицкий деген бір жігіті қайтыс болғанын, соны нақақтан нақақ Қайраттың мойнына артып жібергенін естідік. Қайратпен түрмеде бір камерада отырған Құттыбекке бәрімізден қаттырақ тигені анық. Иә, Қайраттың жайы бәрімізге де оңай тиген жоқ.

 Прокурор досы бар бір журналист жігіт ату жазасын алған адам жайында жазбақшы екен. Көп ойланып, көп толғанса да, жаза алмай қойғансып кейін прокурор досын мазалапты. Ақыр аяғында жалған іс ашып, әлгі жігітке ату жазасын берілгенге ұқсайды. Сол келісімді екеуі ғана біліп, кітап жазып біткеннен кейін, шығарып алуға уәделескен екен. Соттың үкімі шығып, әлгі жазушыны жеке камераға қамап, ату мерзімін күтіп жатады. Жазайын десе ойы жан-жаққа қашып, бастап қойған дүниесін аяқтай алмай жүреді. Прокурор досы жалғыз экземпляр газет шығартып,  өзінің некрологын соның  бірінші бетіне жариялап, күнделікті жеткізіп тұратын газеттердің ішіне қосып жібереді. Газеттерді ақтарып отырып прокурор досының некрологына көзі түскен кезінде, әлгі байғұстың шашы бірден ағарып кеткен екен. Әрине,тас түскен жеріне ауыр.

 

 

Құшмұрын “құрығында” немесе 33-зона

 

Көбінесе “этаппен” бірге келген жамбылдықтармен араласатынмын.  Жамбылды да сол жігіттер қарсы  алды. Ауыл жақтан хат-хабар жоқ. Зонаның ішінде біраз дүниені өзіміз  күнде ішетін «шай» жайғастыратын көрінеді. Былай айтқанда «конвертируемая валюта». Мерхат жерлесім бір келі шайын беріп жұмыстан бір ай «отмазка» алып берді.   Таңертең тамақтан кейін «жилзонадан» ел қатарлы «промзонаға» өтесің. «Промзона» – кәдуелгі «мебель» шығаратын үлкен фабрика. Балалардың ойыншық күрегінен  бастап, сол заманның «модасына» айналған жиһаз «стенкаға» дейін шығарады. Ағаштың түр-түрі вагондармен келіп, түрлі-түсті мебельдер вагонмен сыртқа кетіп жатады. Үш ауысым, қайнаған конвейер.

Мерхат жерлесімнің арқасында фабриканы емін-еркін аралап, жігіттердің «бендюжкаларына» кіріп, қою қызыл шайды ұрттап қойып, ұзын сонар әңгімелерге құлақ түруші едім. Түскі тексеріс пен тамақтан кейін де сол өмір жалғасатын. Қаншама адам болса, соншама тағдырлар тоғысы, ұшы-қиыры көріне қоймаған алдағы алты жыл срок. Арнайы тапсырыстармен қызыл ағаштан жасалған бұйымдар, әртүрлі формада құрастырылған, ағашты тегістеп ойып жасалған домбыра, қазақтың оюлы,  дөңгелек үстелдері дейсіз бе, бәрі бір!.. Қысқасы, зергерліктің хас шеберлері осында екен. Он екі жыл отырған ұйғырдың орта жастан асқан азаматымен болды. Қолындағы кішкене ағаштан бір пішінді жонып жатыр екен. Келгенімді қош көріп, шай демдеуге де кірісіп кеткен. Қолыма алып қарасам, шахматтың ат фигурасы. Сабы ағаш, жонатын жері темірдің өткір түрі болса керек, ағашқа лып-лып етеді. Бекер отырғанша деп мен де бір фигураны жона бастадым. Шахмат ойыны алыс Үндістанда шыққанымен, илоттардың спартасы есіме түсіп, солардың бас киім үлгісіндегі солдатты екі сағат төңірегінде ілдәлдаға келтіргенім сол еді, қолымдағы фигураға көзі түскен ұйғырым алыстан сөз бастады. Қысқаша өмірбаяныма қаныққаннан кейін, “Мынандай жасай алатыныңды ешкімге айтпа: Мен өзім саған «нөлевойды» алып берейін, сен маған аттың фигурасын ойып берші, қолыңнан көп нәрсе келетін сияқты”, – деп, қайтадан шай демдеуге кірісіп кетті. Осы жолы дастарханға қай қуыстан шығып жатқаны белгісіз тәттінің түрлі-түстісі толып, кешке дейін ұзын сонар әңгімеге еніп кеттік.

Үнді аңыздары бойынша, деген билеушіні  Шерам шахмат ойынымен бір данышпан таныстырып, үйреткен көрінеді. Ол ойынға аса қызығушылық танытып, тез арада игеріп, оның өзгешелігіне, әр түрлі әдемі комбинацияға байлығына риза болады. Ал осы ойынды ойлап шығарған дана  билеуші  ерекше алғыс білдіргісі келіп, оның кез-келген бұйымтайын орындауға уәде береді. Олай болса, шахмат тақтасының бірінші шаршысына 1, екінші шаршысына 2, ал келесі шаршыларға бұрынғыдан екі есе артық 4, 8, 16, 32, 64 ... (1 + 22 + 23 + 24 + … + 642, сөйтіп 64 ші тақтаға дейін толтырып  алтын берсеңіз болды”, –  дейді. Билеуші осы санның қанша екенін білмей, оны данаға лезде беруді бұйырды. Магараджи есепшілері бұл санды түні бойы есептеп, таңертен ғана математикалық шешімге келіп, оның мүмкін емес екенін әміршіге түсіндіреді. Себебі данышпан айтқан сан бүкіл Үндістанның бидай дәндер санына, тіпті бүкіл әлемнің бидай дәндері санына жетпейді екен. Бұл сан  – 18 квинтильон бәленбай квадрильон Түгіленбай триллион бәленше миллиард Түленше миллион осынша мың”, – деп миын ашытып жібердім-ау деймін, ертең ертерек келуімді сұрады, қалтама көпшіліктің қолына түсе бермейтін фильтрлі темекісін тықпалағанына қарап, мен де өз өнерімнің нарқы мен парқын өзімше бағамдап, маңғаздана шығып бара жаттым.

Кешкісін болған әңгіме жайын Мерхатқа айтып едім, ол оның осы зонадағы шахмат жасаудың королі екенін жеткізді. «Жігітке сегіз өнердің өзі де аз, үйренгің келсе үйреніп ал, өмірде артық болмайды, оның үстіне «блатной» темекі мен шай ешқашан артық болмайды», – деп құптап, ағалық ақыл-кеңесін айтқан еді.

1575 жылы Мадридте король Филипп II-нің сарайында испандық Рюи Лопеса және Альфонс Серонаның италияндық Джованни Леонардо мен Паоло Бои арасындағы өткен шешуші ойын тарихта алғашқы халықаралық турнир болып саналады. Онда испандық шахматшылар жеңіске жеткен.

1836 жылы Лабурдоннеде әлем бойынша шахмат туралы «Паламед» деген журнал шығарылды. Кейіннен 1837жылы Ұлыбританияда және 1846 жылы Алманияда осы тектес журнал жарыққа шықты. 1851 жылы Лондонда тұңғыш рет халықаралық турнир өткізілді. Онда Андерсен деген шахматшының жұлдызы оңынан туып, жеңімпаз атанды. Тіпті, ол екінші халықаралық турнирді де бағындырған. 1867 жылы Парижде өткен үшін додада Колиш жеңімпаз атанды. Матчта алға шыққан Стейниц алғашқы әлем чемпионы атанды.

Шахмат демекші, құмар ойындары, оның ішінде картаға жолама деген ақыл кеңесті  “сроктың” басында құлаққа құйып алған едім. Жамбылдық жігіттердің проходына бара қалсам, екі жігіт ойынға қатты кірісіп кеткен екен, қызықтап қарап тұрдым. Ойын бітісімен маған қарап, тақтаның екінші жағына отыруды ұсынды. Аралас-құралас, әңгімеміз де жарасып қалған азамат еді. Шахмат ойнамағалы да біраз уақыт болған. Фигураларды тақтаға жинай бастаған едім. “Мен жай ойнамаймын, тек “интереске” ойнаймын”, – дегенінде, төбеме жай түскендей болды, дегенмен, бойымды тез жиып алдым. Қалтамдағы портсигарымды шығарып қалсам жеті тал сигарет қана бар екен. “Әр партияға екі талдан, үш партияға алты тал, ал кеттік” – дедім. Сол кездері зонаның жағдайы қиындау болатын. Шай-пай азайып, темекі дүкеннің жоғалғанына біраз болған. Анда-санда сыртпен байланыс қиындап, режимнің күшейіп кететіні  жиі болып тұратын жайт. Қарсыласым: “Жарайды”, – деп келісімін берді. Ойын басталып та кетті. Жиырма минутқа жетпей жеңілгенін мойындады.

Қызықтың көкесі енді күтіп тұр екен. Жамбылдан келген “этаптың” өзара қарым-қатынастары мықты болатын, аяқ астынан чифер көтеріліп, шудың шөбі де иісімен отрядты жайлап ала жөнелді.

Екінші партия оңайға тимеді, бір сағаттан астам уақыттан кейін жеңілгенін мойындады. Түрі біртүрлі өзгеріп кеткен, жамбылдықтардың да өзара шүңкілдесуіне қарап бір нәрсенің өзгергенін байқау қиын емес еді.

Әйтсе де, үшінші партияны біраз создым да, көңіліне қарап,  беріп жібердім. Қолын созып, жеңілгенін мойындап орнынан тұрып жатып: “ – Шахматты жақсы ойнайды екенсің, қайдан үйрендің? Разряд,  бірдеңең бар ма?” – деп сұрады. “ Жоға, кезінде ойнағанмын. Ауданаралық оқушылар арасындағы шахмат ойынынан жарыста ( бірінші класста ) “сегіз жасар - чемпион”, – деген атағымнан басқа  дәнеңем жоқ”, – дедім.  Ризашылығын білдіріп тағы қолын ұсынып жатты.

Кейіннен естідім, сөйтсем, әлгі жігітім “двойканың” (Жамбылдағы зонаны солай атайды, сол кездері зоналар өзара цифрмен айтылатын) шахматтан кәсіби чемпионы болып шықты. Сол кездесуден кейін өзіме енді құмар ойындарын ойнамауға тағы да іштей серт бердім . “Целинныйдың” астындағы түрмеде өзіме енді “зарикті” қолыма алмаймын дегенімнен бе, мұнда да нарды ойнына қызығушылығым мүлде жоқ болатын. Бір күні бір күніне ұқсас, іркес-тіркес мындағы өмір осылай өтіп жатты.

Жұмысқа Жамбыл Тайжұмаев соғып тұратын. Екеуміз қосылып алып желтоқсандықтарды аралап шығатынбыз. Біз мұнда жетеуміз. Ұзынтұра Жеңіс Дәулетов жұмысын ауыстырғалы өңі кіріп, жап-жақсы болып қалды. “Балашка” екеуі суреттерін салып, сыртқа да шығып қоятын болыпты, кей-кейде темекілерін де ұстатып кетіп тұрады.  бұрынғы проректор – лекциялар, қағаз жұмыстарын мында қолына күрек ұстап, кірпіш құюға алмастырған Шора Қарабаев  ағамызды көру қиын-ақ. Жас балалардан қалыспай, тырысып бағуда. Цехтың іші біресе суық, біресе ыстық. Күлдің ұнтағы өкпеңді қабады. Намысқа тырысып тарамыстай болып алған. Бас бармағына қағаз жабыстырып алып, шпонның түр-түрін қиуластырудың шебері болып алған Аймаханов Құттыбектің  жұмысы да оңай емес, конвейерден қалмауы керек. Сейтімбетов Үсіпханның  цехтарына кірудің өзі бір күш. Отарбаев Кенженің жұмысы да жаман емес сияқты.

Үш ауысымда жұмыстың арасында уақыт тауып кейде бас қосып қалатын кездеріміз де болып тұрады. Ондайда  Шора  ағамыз статистикасын айтып, лекция оқығанды ұнатады. Ауру қалса да, әдет қалмайды деген.

Ауылдан, қаладан, қыздарынан келген хаттарын айтып, интермедиялық көріністер мен Шахановтың поэмаларын жатқа оқып Жеңісіміз де қалыспайды. Құттыбек сиясы кеуіп үлгермеген өлең жолдарымен бөліседі. Кенже тәп тәуір дауысымен ауылдағы тойларға бір саяхат жасатып алса, Жамбыл жұғымды әңгімесі мен тұшымды ойларын ортаға салып қойып, анекдоттарын да айтып отырады. Домбыра мен гитараны қатар игерген Үсіпхан түрлі-түрлі тілдердегі әндерімен  бір сәт көңілді қош етіп, таңды атыратынбыз.

 Күнді түн, түнді күн алмастырып өтіп жатқан заманымыздың бірінде, Алматы қаласының политехникалық институтының студенті, түнгі әлемнің тамашасы - Шолпан есімді (көркі затына сай) қыздың , алдында әлі он төрт жылы бар Жамбылды іздеп келіп, заңды некеге тұруы баршамызға ерекше әсер етті. Бостандыққа деген ұмтылысымыз бен болашаққа деген үмітіміздің отын жағып қана қоймай, сезім мен сенімімізді бір биікке көтеріп тастады.

Сыртымыздан декабристер деп атайтын “құшмұрындықтардың “ сөздері дөп тиіп, Жамбыл мен Шолпан жаңа өмірге бірге, қолтықтаса қадам жасап бара жатты. Орыс революционерлерінің артынан қиыр Сібірге аттанып, олармен өмірдің барлық қиыншылықтары, ыстық-суығына бірге көнген арулардың бейнесін Шолпанның жүзінен көргендей әсер алып, мектеп қабырғасында жатталып қалған орыстың ұлы ақыны – Пушкиннің өлеңдерінің жібі ағытылып кеткенін байқамай қалыппын:

Во глубине сибирских руд

Храните гордое терпенье,

Не пропадет ваш скорбный труд

И дум высокое стремленье.

Несчастью верная сестра,

Надежда в мрачном подземелье

Разбудит бодрость и веселье,

Придет желанная пора:

Любовь и дружество до вас

Дойдут сквозь мрачные затворы,

Как в ваши каторжные норы

Доходит мой свободный глас.

Оковы тяжкие падут,

Темницы рухнут – и свобода

Вас примет радостно у входа,

И братья меч вам отдадут,  – деп тоқтап,

Чаадаевқа деген өлеңімен жалғастырып ала жөнелдім.

Любви, надежды, тихой славы

Недолго нежил нас обман.

Исчезли юные забавы

Как сон, как утренний туман.

Но в нас горит еще желанье

Под гнетом власти роковой

Нетерпеливою душой

Отчизны внемлем призыванье.

Мы ждем с томленьем упованья

Минуты вольности святой,

Как ждет любовник молодой

Минуты верного свиданья.

 Пока свободою горим,

Пока сердца для чести живы,

Мой друг, отчизне посвятим

Души прекрасные порывы!

Товарищ, верь: взойдет она,

Звезда пленительного счастья,

И на обломках самовластья.

Напишут наши имена! Иә. Дауысымды біреу-міреулер естіп қойды ма деген оймен жан жағыма қарасам, өзім жалғыз екенмін. Өмірдің осындай бір белесінде айналаң құжынаған адамдарға толы болса да, тағдырдың тауқыметін әркім өзінше ғана тартатыны анық.

 

 

Қостанай құрығы немесе кебенек киіп кеткендер

 

 Барлығына берілетін, үш айда бір келетін қысқа мерзімді кездесу мен алты айда бір келетін ұзақ мерзімі кездесуден (үш тәулікке дейін беріледі) айрылып, “бостандықпен” тек хат арқылы ғана хабарласып жүргеніме де бір жылдан асып кетті. Шынымды айтсам, туған-туыстың жөні бөлек екен. Тым болмаса жарты сағат кездесіп, жүздерін көру бір арман.

Мені қойшы, “Көппен көрген ұлы той” демекші, анашымның ауылдағы жағдайын ойлап кетсем, жүрегім біртүрлі сыздап қоя беретінді шығарды. Жастық шақта денсаулықтың қадірін білмейді екенбіз, жүректің сол жақта орналасқанын енді ғана байқап қалғандаймын. Спортпен айналысқанның қадірін жақында болған бір “қақтығыста” байқап қалдым. Дегенмен, өкпем сәл сыр бере бастағанға ұқсайды, басқасының бәрі де орында.

Ұйғыр “әкәм” сөзінде тұрып, “нөлевой” бригадасын алып берген. Енді кез келген уақытта жилзона мен промзонаны кезіп жүре беремін. Зонаның қожайыны Шлычковқа мен ойып жасаған шахматты сыйлаған көрінеді (ондай өнерімнің барын өзім де байқамаған екенмін). Зона демесең, сырттан еш айырмашылығы жоқ.  Жүріп-тұру еркіндігі деген қандай керемет екендігін енді ғана ұққандаймын. Көптен қолым жете алмай жүрген кездесудің де сәті түсті. Ауылдан Қайырғазы ағаммен, іргедегі Арқалықтан Тұрсынгүл апайым келген екен. Ғабит жездем пен апайым Қарағандыдағы мединститутарын ойдағыдай аяқтап Арқалық қаласына қызметке орналасыпты. Жас мамандарға үш бөлмелі пәтері мен “подьемныйларын” да бергенге ұқсайды. Жалпы жағдайлары жаман емес екен. Жездемді кіргізбепті де ол сыртта тосып қалған көрінеді. Директорлықтан шығарып тастаған үлкен ағам Оралғазыны да қайта бір колхоздың директоры орынбасары қылыпты. Баян апайым да Семейдегі мединститутын тамамдап, анамның жанына Мақаншыға дәрігер болып барыпты. Кәкең Қарабұта ауылындағы совхозға бас инженер болып орналасыпты.

Таяқтың екі ұшы барын бұрыннан да білетінмін, дегенмен, екінші ұшының ноқаттары сәл-пәл болса да азайғанға ұқсайды.

Анамның төте жазумен жазып жіберген хатын оқып,  мәз мейрам болдым. Отырып алып хатына жауабымды оңынан солына қарай ирелеңдете жөнелдім. Жазда зонаның сыртына келіп “грев” әкеліп кеткен ауылдағы достарым Қайрат пен марқұм Шәріпханға солдан оңға қарай “балуанға оңмен солдың бәрі бірдей”, – деп сүйкектете жөнелдім. Тұрсынгүл апайым қайта-қайта неше түрлі тамақтарын жасап әлек. Мында аш жүрмегенімді жеткізудің өзі қиынға соғып, көңілі қалмасын деген оймен шұқып-шұқып қоямын. Қайдан білсін, адамның көңілі толса, тамақ дегенің де батпай қалатын көрінеді. Сөйткен үш тәулігім зырылдап өте шықты.

Анамның хатындағы “Әттең, әкең ертерек аттанып кетті, сен ерте қолдан шығып кеттің”, – деп жазған жолдарының байыбына кешкісін ойланып жатып әрең жеттім. Сөйтсем, 1978 жылы апайларымның үлкені Қарағандыға, екіншісі Семейге, менің Алматыға оқуға түскенімізді меңзегені екен ғой. Олар ана үмітін ақтап, оқуларын ойдағыдай аяқтап маман атанса, менің “зек” атанып, жатқан жерім мынау.

Павлодардың он бірінші зонасынан “этаппен” Хасен деген жерлесім келген екен. Ауылдасым, менен бес жас үлкендігі бар. Шайын, темекісін апарып бердім. “Семейниктерім” семейлік Асқар мен өскемендік Болат, жезқазғандық Сүйіншібай әркімнің өз отрядтарында проходтары бар. Кілең боксшылар мен күрескер спортшылар. Оларға еріп мен де көптен ұмыт болып бара жатқан дене шынықтыруымды қолыма алып әртүрлі жаттығулар жасап қоятын болдым.

Қанша ма  жыл  ат үстінде жүрген  Сүйіншібайдың   жасына  қарап,  Жаратушымыздың бойына сыйлаған ерекше күшіне таңғалмасыма болмайды. Білек күшімен оған осы зонада тең келетін ешкім жоқ. Қол күрестіруден ешкімді алдына салмайды. Бостандықта жүрген кезінде жылқыны үйірімен сонау Жамбылдың Сарысуынан айдағаннан Ресейдің көршілес Тюменіне қуып апарады екен. Сол жерден келісілген ақшаларын алып, ауылдарына қайтатын әккі “конокрад” болыпты. Екі  бойы ат үстіне өздерін таңып тастап, атқарып жүрген бір жорықтарында қолға түсіп, сегіз жылын өтеп жатқан жайы бар.

Асқар болса бокспен айналысып жүріп, бір кеште төбелеске араласып, қата тимесе де, бата тиіп, біреуін мертіктіріп, спортпен қош айтысып, өз өмірі мен тағдырына осылай байқамай балта шауып алған көрінеді.

Болат тұйықтау, сырын ақтарыла айта бермейді. Ебін тауып бір сөйлетіп алсаң көпке дейін тоқтамай қоятыны бар.

Ал “баламуттың” жөні бөлек. Жастайынан жетім өскен жігіттің өмірге деген құштарлығын тілмен жеткізу мүмкін емес. Қандай сәттерде болмасын ылғи көтеріңкі көңіл мен жайдары “көктемді” баршамызға сыйлап жүргені. Қолынан келмейтіні жоқ, зонаның барлық жаңалықтарын жарнамасыз-ақ соның аузынан естиміз. Сыртпен байланысы жақсы, қызыл жағалылардың да тілдерін де тауып алған.

“Режимниктер мен оперативниктердің” маған құрып жүрген тұзақтары да бар сияқты. Оның алғашқысын промзонада байқадым. Түскі тамаққа отрядпен кіргелі тұрған кезімізде лейтенант (лақап аты “чабан”) алдымды көпе көрінеу кес-кестеп, жақында ғана алдыртқан малақайымды басымнан жұлып алды. Ондайды мүлде күтпеген едім. Малақайыма ұмтыла бергенім сол еді оң қолы артына тығып, сол қолымен жағама жармаса кетті. Жағамдағы қолына жармаса бергенімде оң қолындағы малақайымды жоғары көтеріп лақтырып жібергені. Өзімді ұстай алмай қалдым ба, әлде ыңғайы келіп қалды ма, оң қолымды сәл түсіріп “бедро” әдісіне салып, періп келіп жібергенім. Екі  аяғы аспаннан келіп “жалп” ете түсті. Ондайды менен  күтпесе керек, жалма-жан атып тұрып,  жан дауысы шығып, бірдеңелерін айтып жатыр. Оған қарайтын мен де де хал жоқ еді. Жерде жатқан малақайымды қағып-қағып, “чабанға” бір қарадым да жүре бердім. “Тоқта, тоқта!” – дегеннен басқа шарасы да қалмаған сияқты.

Түскі тамаққа жиналғандардың алдындағы бұл көріністің арты жақсылыққа апармасы баршамызға мәлім болатын. Екі күн жилзонаға шықпай, промзонадағы “бендюжкаларды” паналадым. Үшінші күні жилзонаға өтіп бара жатқанымда тоқтатып, бірден “шизоға” он бес күнге кете бардым.

 Ол он бес күнімнің үстіне он бес күн қосылып, бір ай зонаның ішіндегі зонаны да көріп қайту бұйырған екен.

Асты бетоннан жасалған камераның қабырғасында күндіз темір шынжырмен қабырғаға қабыса жабысатын кереуеттен басқа ешнәрсе жоқ. Бір күн “залетный”, бір күн “пролетный”. Бір күн үш уақыт асқазан алдайтын тамағын бергенімен, екінші күні судан басқа ештеңе нәр татқызбайды. Қысқасы, зонаның тәртібін бұзғандарды тәубәсіне түсіруге арналған орын. Оған мойымағандарды алты айлық “бур” күтеді. Оны әркімі әрқалай қабылдап, әрқалай түйін жасап жатады. Айдың соңғы күні ыстығым көтеріліп, біртүрлі күй кештім. Камерадағы жастау жігітпен таң атқанша күрестің көп тәсілдерін үйретіп, терлеп-тепшіп бір “отработка” жасап алып, “бостандыққа” шығып бара жаттым. Семейниктерім түгелдей келіп, барлығы денсаулық пен жағдайларымды сұрастырып, бірден моншаға алып барды. Бұндағы (жазылмаған) ішкі дәстүрге сай қарсы алып жатыр. Моншадан кейін бәрін жаңадан киіп, “мелюстиннен” тігілген кәстөм-шалбар мен таза былғарыдан жасаттырған төплиі тұп-тура өзіме шақ болып шықты.

Мол дастарханның басындағы әңгіме-дүкеннен кейін, келіп-кетіп жатқан жігіттердің көңіліне масайрай, шизодағы бір айдың бір күндей болмай, “шәй көтерімдей” уақыт болып қала беретініне таңқалып, Эйнштеиннің салыстырмалы теориясы есіме түсіп, уақыт пен кеңістікті біраз шарлап қайтыппын.

 Күндер де осындағы “кеңістікке” сәйкес баяу өтіп жатты. Ақырғы кезде кешкісін ыстығым көтеріліп, аяғым тобықтан төмен өзгенікі сияқты, табаным түсіп қалғандай әсерде болып жүргенін семейнигім Хасенге айтсам: “Қойшы сен, мені құлақтан теппей-ақ қой”, – деп көңіліне алар емес. Осы жолы да көрші “локалкадағы” жігіттің туған күнін тойлатып қайтайық деп қолқа салып болмады. Зонада атап өтілетін, тойлайтын негізі туған күн мерекесі мен бостандыққа шығу “провод” қана. Ол енді екі мыңдай адам отырған жерде жиі кездесетін дүние екенін өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар.

Дегенмен, осы жолы бас тартуға тура келіп, ертерек ұйықтап қалған едім. Түнде терлеп жатқан жерімнен ояндым. Астымдағы матрац су болып кеткен. Әйтсе де таңды атыруға тура келді. Ертесінде таңғы астан кейін жилзонаны аралап шықтым. Денсаулығымда еш кінәрат жоқ сияқты. Кеш бата тағы басталды. Түнде тұрып матрасты ауыстыруға тура келді. Күндіз еш нәрсе болмағандай тағы тайраңдап кетемін. Еш түсінсем болмасын. Үшінші күні түнде оянып кетсем, жан терге түсіп жатыр екенмін. Үсті басым малмандай су. Білегімді жалаңаштап жіберсем, жаңбырлы күнгі ағаштың бұтағынан тамған жауынның тамшысындай... Өз көзіме өзім сенбей, сүлгіммен сүртіп қарасам, қолтығымнан сорғалаған тер шынтағымнан тамшылап тұр. Таңертең дәрігерге барып, болған жайды баяндап берсем, сенбей шығарып салды. Ертесінде еркек дәрігерге барлық жайды жайып салдым. Анализімді ертерек әкеліп тапсырып, дәрігерлік практикасында бұндаймен кездеспегенін айтып, басын шайқады.

Анализді алып барсам, кешегідей емес, ананы-мынаны айтып шығарып салмақ ойы бар. Ашуды ат қып мініп, қолымдағы құтыны лақтырып, ұзын коридордың екінші жақ шетіндегі  терезені шаққанымда ғана зонаның медициналық басшысы  – капитан кеңсесінен атып шықты.

Онсыз да кінәсіз бас бостандығымнан айрылғанымды, енді денсаулығымды алатын болсаңдар еш нәрсенің мені тоқтата алмайтынын айтып барып тоқтадым. “Дереу жатқызыңдар, анализін толықтай алыңдар”, –  деген командадан кейін ғана барып,  дәрігерлер бір-біріне қарап, кабинеттеріне қарай  бастап бара жатты.

Түніне үш рет матрас ауыстырылып, түрлі дәрі-дәрмектерін ішіп, уколдарын алсам да “ат арыса тулақ, ер арыса-аруақ “ дегендей, қырық төрт келіге бірақ түстім. Зонаның киімімен, қолымды кісен  аудандық ауруханаға апарып рентгенге де түсіртіп келген. “Волямен” іштей қоштасып, жанымдағы жігіттен бір тал темекі сұрап алып, құшырлана шектім. Орыс әйелден сұрасам, айтарға жауабы жоқ. Бір жетідей болды “Диагнозымды” таба алатын емес. Күндіз далаға шығып, локалканың сыртындағы өмірге қызыға бір қарап алып, ішке ілбіп енемін. Бірінен кейін бірі келіп жатқан жігіттерге шығуға да зауқым жоқ. Мынандай мүсәпір жайымды көрсеткім де келмейді. Іштей баршасымен қоштасып. “Шіркін, воляға бес-он минутқа шығарып, қолыма бесатар тисе, әлгі әккі шалға бірінші оқ, соңғысы өзіме болсын”, – деп Жаратқанымыздан жалбарынып сұрап та қоямын. Ауыл аймақ, туған-туыс, бота-тайлақтың барлығы көз алдыма бір-бірден келіп, киноның лентасындай өтіп жатыр, өтіп жатыр ...Қай жерде үзілетіні тек бір Аллаға ғана аян. Отыз төрттен Қадыр ( зонаның паханы болған) жерлесіміздің семейнигі он үш жыл отырған Төлеген деген жігіттің этаппен келгенін естігем. Сол келіп тұр деген соң екі жігіт қолтығымнан далаға алып шықты. Темір тор локалканың ар жағынан келген жіңішке жігіттің қолын алып амандастым. Жанындағылар өзіміздің зонаның “весовой” жігіттері. Қадырдан сәлемін жеткізіп, бірден әңгімеге көшті.

“ – Бауырым, мен сенің ауруыңды білемін. Осыдан өлесің немесе жазылып кетесің”, – деп жанындағы жігіттің қалтасынан шығарып жатқан шөлмегін қолына алып, асықпай аузын аша бастады. Байқағаным, кәдуелгі “Русская водка”. Екінші біреуі қолынан “хозяйская кружканы “ шығарып, лықылдатып құя бастады. Бетімен бет қылып толтырғанында шөлмектің түбінде үштен бірі ғана қалды. “Ал бауырым, шешім өзіңнен болсын”, – деп ұстата берді. Қолын қайтаруға амалым да қалмаған болатын. “Бісмілләмді” айтып, терең бір дем алдым да, жұтып жатырмын, жұтып жатырмын бітетін түрі жоқ, тоқтамастан не болса ол болсын, – деп бітірдім-ау, әйтеуір. Қайтарып берген кружкама қалғанын құйды да, “Сенің денсаулығың үшін”, – деп қотара салды.

Жігіттер онсыз да аяғымды әрең алып жүрген мені қолтығымнан демеп әкеліп, кереуетіме жатқызды. Бес минуттай жатқаннан кейін бүткіл денем ішіме құрт кіріп кеткендей жыбырлай жөнелді. Бармақтарымның басы мен ақырғы кезде онша көп бар-жоғын байқамай жүрген бақайларымның ұшы жыбырлап қоя берді. Тәтті қытықтың ләззатына батып, ұйықтап кеткенімді байқамай да қалыппын.

Сіздерге өтірік, маған шын, таңертең атып тұрып, тай-құлындай шапқылап кеттім. Кешегіден түк қалмаған. Күзетші дәрігерім де сенбейді. Жұмысқа келе бастаған “мед.персоналдың” барлығы менің палатам арқылы өтіп жатыр. Тәңірімнің осындай сыйы мен желтоқсанның керемет қасиетін көргеннен кейін, көп нәрсенің маған кейде түкке тұрғысыздай болып көрінетіні рас. Бір жетіден кейін зонаның ішіндегі “красный крестке” ауыстырды. Осында жатып Сеулде өткен 13 жазғы Олимпиада ойындарын теледидардан көру бақыты бұйырды. Үсіпханнан кейін Дәулетов Жеңісті шығарып салып, қыстың соңы Жаңа жылдың алдында жалғыз өзімді “сангородокқа” этапқа шығарды. Обшактың “грузын” тиеп алып, тағы да тук-утук-тук, тугудук-туктатып Қарағандыға жеттім. Долинка да алыс емес еді.

 

 

Замандасқа хат

Сол баяғы күшейтілген, қылмысты еңбекпен түзеу “Құсмұрын” колониясы, қысқаша-33-зона.  Алғашқы  аласапыран  “этап”  басылып, басқа салғанға көндіге, орныға, ортаға икемделе бастаған шағымыз. Аз да емес, көп те емес-жеті желтоқсандықпыз.  Үлкеніміз Шора Қарабаев, кезінде   ҚазМУ  проректорының  оқу  ісі жөніндегі орынбасары  ( 60,65,170 – 1, 146 бап, мемлекеттік айыптаушысы – Кулбаев, 6 жыл).  Жасы үлкен демесең, қазірде бәріміздің дәрежеміз де, құқығымыз да тең.Барлығымыз да ұйымдастырушы, басбұзар, алқаш, наркомандармыз  – бас еркінен айырылған.

Жұмысқа шөгір, ақынжанды, марқұм Қайратпен бір камерада отырған  Құттыбек  Аймаханов ( 60, 65 бап, мемл. айыптаушы – Усенбаев, 5 жыл). Мұқтардың поэмаларын жатқа оқитын, театр көркемсурет институтының студенті,ұзын тұра-Дәулетов Жеңіс (60, 65 бап, мемл. айыптаушы – А.Ақжарқынова, 4жыл). Жұмыс пен ыңылдап ән салудан жалықпайтын, әп-әдемі дауысы бар – Отарбаев Кенже (60 бап, мемл. айыптаушы – Қарақұлова, 5 жыл). Осында отбасын құрған, сәулет құрылыс техникумының студенті, атышулы бесеудің біреуі, “тяжеловесіміз” – Тайжұмаев Жамбыл (60,65,173 – 1 бап, мемл. айыптаушы – И.Д. Баймұхаметов, 15 жыл).

Ауыр ойлармен, көңілдің кірлеген жерлерін күмбірлеген  домбырасымен ашық та асқақ дауысымен таңға ән салатын, театр  көркемсурет институтының студенті-Сейтімбетов Үсіпхан( 65 бап, мемл. айыптаушы – И.Ж.Бахтыбаев, 3 жыл).

Барлығына  емші-уақыт,  осылайша ақырын-ақырын сырғып өтіп жатыр,күн өткен сайын бостандықты бір табан жақындатып... Промзонада жүріп, сол Үсіпханның  бостандыққа рахымшылықпен шығып бара жатқанын естіп, не сенерімді не сенбесімді білмедім. Сыр бере бастаған қос өкпемді қолыма алып, барынша ұшып келемін. Аяқ асты арқам қозып,бостандықтағы замандастарға деген сағыныш пен үміт оты лаулап, көптен оралмай кеткен ой мен орамдар өлең шумақтарына айналып кете барғаны...

 

Таудан құлап

Аққан судың арыны,

Тас бұзады

Деген мына өмірде.

Дарыны кең

 Адамзаттың баласы

Жара салған

Пендешілік көңілге.

Иә,замандас,

Көңілдерде көп арман

Сағым болып,

Қол созады сонардан

Жете алмай,

Жеткізе алмай жүрмейік

Келешекке,

Керегінше солардан.

Уа,замандас,

Көңілде көп сұрақтар

Жауап қайда,

Жүректерде тұрақтар?

Шындық қайда,

Әділдік қайда көмілген?!

Төріне ме, көріне ме заманның...

Тек уақыт,

Тарих қана сұраптар.

Уа, Ұлы Дала

Аққулары қайдасың?

Қане таста,

Жеке бастың пайдасын.

Халқың мынау,

Сендерден үміт күткен

Ордасында,

Бақыт тойын тойласын!

Құсмұрын.1988 жыл.

 

 

Бостандық немесе көрген түстей өткен 2 жыл 2 ай

 

22 ақпан менің өмірімдегі ең жарқын күн. 1989 жыл, Қарағанды,” Долинка” зонасы.Таң атпай бөлмеге жақсы хабар келді, 71-ден “грев” келіпті. Жерлестерім зонаға, менің атыма, Талғаттан үлкен сәлемімен қоса, қомақты қонақ сый жіберіпті. Палатаның үлкені Серік (“Пистолет”) өзіне артылған жүктерді жөн-жоралғысына сай, жан жаққа жөнелтуде. Тар қапастағы кішкене де болса жинаған атыма сай, масаттандым ба, көрші “локалкадағы” құдаммен бөлісуге шеттеу шығып отырғам. Бір екі ауыз сөзге жеткізбей зонадағы рупордың айғайлап қоймасы бар ма: 

“Сотталушы – Рахметов, сені ДПНК ға келуіңді талап етеміз”.

 Бас-аяғымды жиып үлгерместен қару-жарақ асынған солдаттар жетіп келіп, әй-шай жоқ, екі жақтап қолтықтай отырып, дедектетіп алып барғаны. Түкке түсінсем бұйырмасын. Келе сала қай жерде тұратынымды, қандай көлікпен жететінімді сұрастыруда. Түсінбегендіктен де болар, мен сол баяғы, әдеттеніп алған жайыма салып, оларды алыс үш әріпке жұмсап жатырмын.

“Сен бүгін бостандыққа шығасың”, – дегендеріне де сенерім жоқ. Қалайша, 7 жылға бейімделе бастаған көңілім, 2 жылдан енді асқанда қалай сенсін?!, “Бостандық”, – деген (үш ұйықтасаң түсіңе енбейтін) бақыттың есік-тереземді кенет қағып тұрғанына қайтып сенемін?!.

Палатаға келсем дастархан жаюлы, төңірегі толған-тағдырластарым: Юра Потылицын ( Өскемен); Александр Злодеев ( Қостанай); Нұрсұлтанов Мырзабек (Семей); Тұрысбеков Сәкен ( Талдықорған); Солтанбеков Нұрмұхамет (марқұм), тағы да көрші палаталардан келген қонақтар, ине шаншар жер жоқ. Барлықтары да көкейлеріндегі жақсы ниеттерін, бостандыққа деген барлық арыз бен құштарлықтарын жеткізуге тырысуда. Көп отырғызбай, айыл жыйғызбастан кіріп, келген әскерилер, тағдырластарыммен асыға-үсіге қоштасуыма ғана мұрсат беріп, дедектете тор темірдің сыртына ала жөнелгені. Түрме атаулыға апыл-ғұпыл енген басым, тура сол сияқты, апыл-ғұпыл бостандыққа да алып шықты.

Түкке түсінсем бұйырмасын. Үстімде қап-қара зона формасы, қара құлақшын, қара фуфайка, қара шалбар, қара керзі етік, қолымда “кешарым”, қалтамда бір-екі тал темекім, тұтатайын десем, шырпым да жоқ... Зонаны күзететін” вышканың” үстіндегі қазақ солдаты екен, жағдайымды түсінді ме, бір тал сіріңке сұрағанымда, қорабын лақтырып жібергені.

“Жаратқан ием жар бола көр”, – деп отыра кеттім.Темекімді аузыма апарып, шырпымен тұтата бергенімде ғана сыртта екеніме көзім жетіп, құшырлана ішке тартпасым бар ма. Сонда ғана бостандықтың дәмін сезінгендеймін. Десе де, ішкі кәстөмімнің қынына тығылған,”лезвиелерімді” тексеріп қоямын. Шынымен, олар да жанымда екен. Ендеше, қорқынышым артта қалып, терең бір дем алып, қайдасың Қарағанды, – деп, кешарымды сол жерде өртеп, ішіндегі керегін қойныма салып алып, тартып отырдым.

 Автобекетке келсем бәрінің көзі менде көрініп, “Абай” деген жазуы бар автобусқа отыра салдым. Жанымда қазақ жігіті, мен оған жағдайымды түсіндіріп әлекпін. Ол да түсінгендей, менімен Қарағандыға баруға келісімін берді. Автобустан түскен сәтте мен одан көз жазып қалдым, қорқып қашып кеткен  болар. Таксист жігітке “Қарағандыға апар”, – деп едім келісе кетті. Қалаға жақындағанда мен де еркінсіп, қарындасым мен күйеу балам тұратынын айтып, “торт пен коньяк ала салшы”, – деп ақша ұсындым. Ол дүкенге кіріп, барын алып келді, қазақи азамат екен. Айтқан мекен-жайға әкеліп тастады. Жатақхана. Білетінім, кенже қарындасым – Бақыт, жақында тұрмысқа шыққан. Күйеу балам - Асан мен жездем – Сләмбек жақында «свиданкаға» келіп кеткен болатын. Түрім қорқынышты болар,  сұрағандарымның бәрі Бақытты білмей шықты. Бір кезде ғана қаршадай қара қыз  танимын дегесін соған  жармасып алғаным бар ма. Ол алғашында қорыққанымен, кейіннен тұратын жатақханасына апаруға келісті. Екеуміз такси ұстап КарМУ-дың жатақханасына тартып тұрдық. “Сүйіншісі сенікі”, – деп дос қызын жатақханасына жіберіп, өзім далада тосып тұрдым. Олар жатақханада болмай шықты. Күйеу баламның курстастары алдымнан күтіп алып, бөлмеге апарып, асты-үстіме түсіп жатыр. Мен сенер-сенбесімді білмеймін. Қарсы алғандар заң факультетінің студенттері... Осыдан кейін байқап көр, заңның қандай екенін?!.

 P.S. Қарындасым  Бақыт мені көре сала, “Сен қашып шыққан жоқсың ба?”,  – деп өз көзіне  өзі сенбегені әлі күнге есімде. Жоқ. Мен ешкімнен, ешқашан да қашқан емеспін. Мені босатты, кейіннен толығымен ақтады.

 

 

Желтоқсанның жетінші жылдығы немесе тарихи шегініс

 

Желтоқсанның жетінші жылдығы да жақындап қалған кез. Олжас Сүлейменов ағамыздың үлкен көмегімен Виноградов көшесінде бой көтерген “Демократия үйінің” екінші қабатынан «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігіне бір бөлме бұйырып, сол жерге көшкенімізге де бірталай уақыт болған. Бас қосып отыратын өзіндік бір шаңырақтың болғаны да жұмыстарымыздың реттеліп, алыстан ат-арытып келіп жатқан желтоқсандықтарға өзіндік бір күш жігер бергенін несіне жасырайын.

“Желтоқсандықтардың” ғана емес, Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың (диаспоралардың) мәдени орталықтары, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен партиялардың ортақ үйі болған – «Демократия Үйі», сол заманның қасиеті ерекше ғимараты болып көрінетін. Екінші қабаттағы жиналыс залында күнделікті бас қосулар мен қызу айтыс-тартыстар, құзырлы орындардың «елшілері», БАҚ ( камералары мен микрофондарын арқалаған) журналистері мен тілшілерден үзілмейтін. Қысқасы, нағыз азаматтық қоғам қалыптастырушылардың мекені...

Жігіттер үлкен бас қосуға шақырғаннан кейін «Демократия Үйіне» кешеуілдетіп болса да жеттім-ау, әйтеуір. Кеңсенің алдындағы жігіттермен амандасып, есіктен кіре бергенім сол еді: “Уау, жақсы келдің, сен қай «тізімге» жазыласың, өртенесің бе, әлде кесілесің бе?”, – деп бірнешеуінің жамырай кеткені. Бұндай тосын сұрақтың мәнісіне алғашында түсінбей, сәл абдырып қалғаным да рас. Сөйтсем, біздің жігіттер кешке болатын бір үлкен акцияға дайындалып қойған көрінеді. «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің сол кездегі тең төрағасы Нәлібаев Аманжол мен Қарабаев Шора екеуі жалпы тізімді түгендеп, 17 желтоқсан күні Алаңда өзін-өзі өртеуге бел буған жеті жігіт пен, бүгін кеште өз-өздеріне қол жұмсайтын жігіттердің тізімін белгілеп қойыпты.

Көптен көрмей кеткен Сейтімбетов Үсіпхан, Қуандықов Ермұхан, Құдайбергенов Расылхан да осында екен.Түрлеріне қарасам ешқандай абыржу, болмаса қобалжу белгілері байқалмайды. Алаңда өртенуге бел буған, кебіндерін де дайындап қойған жетеудің бірі – Халмұратов Құрманбай досымды шақырып, темекі шегуге далаға алып шықтым. Жіп-жіңішке бола тұра қолындағы темекісін құшырлана ішіне тартқан Құрманбайдың ойына енуге ықшамдалғаным сол еді, ол бойын бірден тіктеп алып:

“Ау, достым,  сөзіме сенбей тұрғаның қалай?.. Жігіттермен бірігіп шешіліп қойылған. Болды, тек Дина мен қызыма көзқырыңды дұрыстап салып жүрсең болғаны,  ал басқасына “ дәмеленбей-ақ қой”, – деп қалжыңға бұрғаны. Иә, расымен де жігіттер шешіп қойса, олардың бетін қайтару мүмкін емес те еді. Жігіттердің ауызбіршілігі керемет болатын: “Әркім өз сөзінің қожайыны және ол үшін жауап та беретін.

Екінші  қабаттағы жиналыс залына  Президент әкімшілігі мен Алматы әкімшілігінен келген қонақтарымыз дөңгелей жасалған үстелге шен-шенімен жайғаса бастады: Біздерден бір елі де қалмайтын «құзырлы» орындардың  адамдары, өзіміз  жақсы танитын  майор ағамыз да осында. Жиналысымыз   басталып та кетті. Конституциялық Сотқа байланысты жұмыстардың созылып  бара жатқандығы, Шаханов комиссиясында көтерілген көп мәселердің шешімі табылмай, тұңғиыққа тартып бара жатқаны  сөз болды. Талаптарымызды қойып, талаптар орындалмай жатқан жағдайда 17 желтоқсан күні басты Алаңда жеті жігітіміз жиналған халықтың алдында өздерін өртейтіндігі жөнінде айтылды. Бір сәт жым-жырт, тыныштық орнаған кенет, есік ашылып төрт-бес жігітіміз кіріп келді. Жанына тағы екеу-үшеуі бара бергені сол еді, ортаға суырылып шыққан үш-төрт жігітіміз: “Біз сіздермен ойнап отырғанымыз жоқ, болмаса”, – деп бірі білектерін жалаңаштай, бірі қарындарын жалаңаштай «лезвиелерімен» өздерінің білектері мен қарындарын осып-осып жібергені: “Атқылап, шапқылай жөнелген қанды көргенде, ондайдың талайын көрген менің өзім орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін, басқа адамдардың жағдайларын өздеріңіз бағалай жатарсыздар...

Залдың іші әп-сәтте иу - қиу, быт - шыт болып кетті. Біреулері терезеге қарай ұмтылса , кейбіреуі есік жаққа лап қойды. Ешкімді ешқайда шығармай жігіттер тұр. Өре түрегелген көпшілікті сабырға шақырып, шарқ ұрып мен жүрмін, әйтеуір,” скорый, скорый шақырыңдар!”– деп айқайлап жүргенім есімде. Үсті бастары қан-қан, едендегі қанға тайғанап жығылып жатқандары да бар, бөлменің іші демесеңіз, тура сол 86-ның Алаңы болып кетті...

Неше минутқа созылғаны қайдам, бір кездерде тыныштыққа қол жеткіздік. Өздеріне қол жұмсағандардың ішінде ер көңіл Есімбаев Қадыр мен Аймаханов Құттыбегіміз аямай-ақ кескен екен, оларды жедел жәрдем бірден алып кетті, қалғандарына сол жерде «перевязка» жасалды. Президент әкімшілігінен  келген Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов ағамыздың “Талаптарың орынды, орындаймыз”, –  деген уәдесінен кейін, жігіттер сабырға түсіп, 17 желтоқсан 1993 жылы Алаңда ешқандай ың-жыңсыз іс-шарамызды атқарып, бастарын өлімге байлаған жеті жігітіміз де аман қалған еді. Көп кешікпей 28 желтоқсан 1993 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің № 591-Р Өкімі шықты. Осыған байланысты арнаулы коммисия құрылып, өз істерін бастап та кеткен болатын... Өкінішке орай, комисияға жүктелген жұмыстар толығымен орындалмай қалды. Алматы қаласынан басқа жерлерде тұрып жатқан «желтоқсандықтар» (сотталып, толық ақталған қыз-жігіттеріміз ) әлі күнге дейін Өкімде көрсетілген жеңілдіктер мен артықшылықтарға қол жеткізе алмай келеді. Комиссия төрағасы: қазіргі Мәжіліс  депутаты – Қуаныш Сұлтанов болатын.

 

Аштық жариялағандардың талаптары

 

1994  жылдың   көктемі. “Қысқы  азығыңды көктемнен жина” деген нақылды ұстанған әйелім Роза екеуміз «времянкамыздың» алдында жер қопарып, бақшамызбен  айналысып жатқанбыз. Көптен үйімізге қонаққа келмей кеткен. Қадыр мен Жамбыл ертең ескі алаңның алдында өткізілгелі жатқан митинг жайын айта келіпті. “Ұйымдастырушылары кім?” – дегеніме, “Барлық ұйымдар болады, біздің жігіттер былтыр құрылған жаңа комиссияның жұмыстарына көңілдері толмайтындарын айтып, біразы аштық жариялайтындарын мәлімдейді”, деді. Жерге қатысты мәселелер көтеріліп жатқанға да ұқсайды. Мен ертең сол жерде кездесетінімізді айтып, қонақтарымды шығарып салдым.

Ертесінде сағат он кездерінде алаңға келсем, мың жарымдай адам жиналып қалған екен. Сыртты ала, периметрмен милиционерлердің де қаптап жүргендерін байқадым. Жиын бір сағаттан астам уақыт болды. Митинг ұйымдастырушылары Абраев пен Нәлібаев: “Осымен жиынымыз, митингіміз бітті”,  – дегені сол еді, дайын тұрған милиционерлер мен ОМОН жұртты жаппай автобустарға тықпалай бастады. Екі-үш автобусқа жиылған шерушілерді «Целинный» кинотеатры жанындағы милиция бөлімшесінің жоғарғы қабаттағы залына кіргізіп жатыр. Милицияның басшысы қорқыта, үркіте сөйлеп, әкімшілік құқық бойынша бірталай баптардың бұзылғанына байланысты жауапкершілікке тартылатындығымызды жайып салды. Бұндайды күтпесе керек, жасы үлкендердің біреуінің жүйкесі сыр беріп, бірінің қан қысымы көтеріліп, бірі естерінен танып жатты.

“Желтоқсандықтардың”  ішінде  Аманжолдың  (сол  кездегі төрағамыз) болмағаны таң қалдырды. Қалайда шығып кетудің жолдарын ойластыра бастағаным сол еді, «Мына жерде аштық жариялау туралы өтініш жазбағандар бар ма?»  – дегенін пайдалана, мен орнымнан тұрып, өтініш жазбағанымды айттым. “Онда боссың”, – деп қоя бергені. Шыға салысымен, бірден «Демократия үйіне» тарттым. Кабинеттің есігі ашық, Аманжолдың қара дипломаты терезе алдында жатыр, өзі жоқ. Біраз күтіп отырдым. Келмеген соң дипломатты қолыма алып қарасам, аузы ашық екен, «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мөрі де ішінде. Бір жағдайдың болғаны анық, оның қалай өрбігені жайын білу мен үшін әзірге жұмбақ болатын.

Дереу жан-жаққа телефон шалып, жігіттерді жинай бастадым. Алдымен, Есімбаев Қадыр мен Мұзафаров Әлібек келіп жетті. Болған жағдаймен оларды таныстырып, жедел басқарушы топ құрып, оны үшеуміз басқаратын болып келістік. Мөр мен дипломатқа Әлібек жауап беретін болды. Аманжол із-түзсіз жоқ болып кетті. Жер- жердегі желтоқсандықтарға үшбу хабар таратылып, «Демократия үйіне» тез арада жиналу керектігі жеткізілді. Сол кездегі желтоқсандықтардың ауызбіршілігі мен өзара қарым-қатынастары жоғарғы деңгейде болатын.

Ертесінде-ақ жиырма шақты,  “желтоқсандықтардың” басы қосылды. Кешегі өткен митингінің мәнісі талқыланып, біріне айыппұл, он, он бес күнге қамалған Қарабаев Шора, Тайжұмаев Жамбыл, Дәулетов Жеңістер жайында сөз болып, оған «аяқ» жасап, хабарларын алып келу Қадырға жүктеліп, ол «Лобачевскийдегі бич.приемникке» бірден аттанып кетті. Құзырлы орындарға арнайы хат-хабар, талап пен тілектерді жеткізуді мен мойныма алдым. Уақытша «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігін басқару Қадыр, Әлібек үшеумізге жүктелді. Түске жетпей Қадыр қамауда жатқан жігіттермен «аяқ» орнатып, хал-жағдайларын, «ксиваларын» алып келіпті. Оқып, танысқаннан кейін, «аштық» акцияларын сол жерде жалғастырып жатқан жігіттерді шығарып алу үшін, оларды қолдау акциясы «Демократия үйінің» ішінде жалғасатын болып шешілді.

 Жігіттердің ішінен сол күні денсаулықтары мен жағдайларына байланысты төрт жігіт – Мейірбек Еркінбек, Отарбаев Кенже, Есбосынов Аманқос және “желтоқсандықтар” күйеу бала болып келетін жезқазғандық Бауыржан (Серкенова Анардың жолдасы) аштық акциясын бастайтын болды. «Бір атаның балаларындай» – желтоқсандықтар бір-бірімізге сөз берісіп, жеңісті күнге дейін бірауызды болатынымыз шегеленді. Тәңірім  «Никольский» базарынан  кезінде бір курста оқыған «местный» Елубаев Ербол бауырымды кездестіріп, бірталай көмегі тиді. Бір жарым ай бойы ішетін, жейтін тамақ пен тағамдарды содан алып кетіп тұратын болдым. Алла разы болсын! Кешкісін төсек-орын жеткізіліп, аштықтағылардың қасында болатын кезекшілікті Қадыр атқаратын болып, үйді-үйімізге тарқастық.

Келесі күні мен, содан кейін Әлібек тәулік бойы кезекшілікті, барлық жауапкершілікті үшеуміз кезектесіп атқаратын болдық. Ертесінде құзырлы орындарға талап пен тілектеріміз жазылған хаттар жеткізіліп жатты. Арнайы Алматы қаласындағы «қызыл крест» ұйымына жазылған хатты табыстау Әлібекке жүктелді. «Басшысымен фамилияларың бір екен, туысыңды осы уақытқа дейін неге жасырып келгенсің», – деп қалжыңдап қоюды да ұмытпадым.

Түске жетпей қаланың ішкі саясат бөлімінен, медицина орталығынан дәрігерлер де келіп жетті. Дәрігерлер Кенже мен Аманқосқа аштықты жалғастыру ағзаларына өте зиян болатынын тағы да ескертті. Аманқостың түрмеден кейін асқазаны, Кенженің өкпесі ауыратын. Олар аштықты өз еріктерімен және қойылған талаптар орындалмайынша жалғастыратындарын тағы қайталады. Дәл осы кезде аштық жариялау туралы өтініштері мен талап-тілектерін жеткізіп, дәрігерлерге «алдын ала» тексеріген, Қасенов Рүстембек пен Рамазанов Амандық акцияға қосылды. Келесі күні шымкенттік Исабеков Сәбит кеп аштыққа кірді. Бір жетіден кейін оны  “ Жедел жәрдем” көлігі алып кетіп, бір ай емхананың төсегіне байланды. Аштықтың ішінде, ешқандай нәр тартпай, тек қана су ішуге болатын түріне тоқтаған едік. Сөйтіп, іште үшеуі, сыртта алтауы бастаған “желтоқсандықтардың” аштық акциясы басталып кеткен еді. Қала өмірінде бұндай әрекеттерді көрмеген әкімшілік пен әртүрлі құзырлы орындар, еріксіз біздермен, қойған талаптарымызбен танысуларына, кейіннен санасуларына тура келді.

Үшінші күні Жоғарғы Кеңестің депутаты – Жасарал Қуанышәлин ағамыз, Айсұлу Қадырбаева апайымыз бастаған «Азат» қозғалысының азаматтары аштық жариялап жатқан “желтоқсандықтардың” қал-жағдайлары мен талап тілектерімен танысып, акцияны Сейттай Әденов ақсақалымыз қолдайтынын білдіріп, жақын арада қосылатынын айтты. «Демократтар үйінде» орналасқан әртүрлі мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдармен, түрлі диаспоралардың мәдени-орталықтарының жетекшілері де құлақтанып, түсіністікпен қарайтындарын білдіріп жатты.

Барлық желтоқсандықтарға үндеу тасталып, жер-жердегі жігіт пен қыздарымызға хабар жібердік. Бір де біреуінің қалмай қатысуын, болмаса, қаржылай қолдау көрсетуін сұрадық. Қыздарымыз: Клара, Гүлнәр Абылқайырова, Гулвира Панинова, Қайыпқан Иманбаева, Еспембетова Қаншайымдар қолдап, жігітеріміз: Иманбаев Ермек, Жұмажанов Ерікжан, Өткірхан Мүлкібаев, Хасен ағамыз, Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Күзембаев, Рузиев Абайдулла, Әбдіреев Еламан, Шыныбаев Нұрмандар қомақты үлестерін қосты.

 Кезінде Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың «сопровождениесінің» басшысы болып, сотталып, кейіннен толық ақталған – Мырза Ильич Акуев ағамыз да өзінің үлесін тастап кеткен еді. Тіптім, Мұхтар ағамыздың «хатшысы» Ләйлім жұмыстан кейін дос қыздарымен келіп, аштықта жатқан  жігітеріміздің  көңілдерін көтеріп рух беріп кететін. Кейіннен біздерге ниеттес Несіпкүл де аштыққа отырды. Бұндай «жалпы желтоқсандық» акция бұрын соңды болмаған еді.

Төртінші күні жігіттерімізді  шығаратынын  естіп, қажетті қамға кірісіп кеттік. Оларды қарсы алып, моншаларына апарып, бір қабат киімдерін жаңарту, ана жақтан қалып қойған «жазылмаған» заңдылығымызды да абыроймен атқарып  келгеннен кейін, Тайжұмаев Жамбыл осындағы акцияны жалғастыратынын болып, жігіттермен қалып қойды.

Отарбаев Кенже мен Есбосынов Аманқосты дәрігерлер денсаулықтарына байланысты «госпитализацияға» алып кетті. Олардың орнын Шабаров Алтай, Әбдіқадыров Берікбол мен Несіпкүл қарындасымыз алмастырды. «Госпитализацияға» кетіп жатқан жігіттеріміздің орнын жаңадан  жігіттеріміз басып, кейіннен Сейіттай ағамыз қосылып, жалпы аштық акциясы 45 күнге созылды.

Билік қойған талаптарымыздың орынды екенін мойындап, сол жылы қалалық әкімшіліктен он пәтер бөлінетін болды. Кейіннен, әр деңгейдегі басшылар қойылған талаптардың орындалатынына уәделерін үйіп-төгіп беріп жатты. Аштықтың соңғы күндерінде Расылхан мен Аманжол да акцияға  қосылған еді. Сөйтіп, біз аштықты тоқтаттық. Аштық барысында адам ағзасының керемет қасиеттеріне таңқалмасқа шарам қалмап еді. Олай дейтінім, алғашқы күннен аштыққа домаланып кірген Мейірбек  Еркінбегіміз, аяғында, жіптіктей әп-әдемі болып шыға келгенін көрген​де, баршамыз риза болып, қолын алған едік. Тіпті, жасарып кеткендей болып та көрінген еді. Ең бастысы: түрме мен “этаптарда” көрген қиындықтар мен денсау​лық​​тарының жағдайлары; үй-іші отбасы жағдайларында болып жатқан әр​түр​лі қиындықтар мен кикілжіңдерге қарамастан; алаңда ар мен намысты биік көтерген азаматтарымыздың бейбіт өмірде де, азаматтық қоғам қалыптастыру жолында ерлік пен бірліктің өлшеусіз үлгісін көрсеткендерін әлі күнге дейін мақтан тұтамын. «Бір атаның балаларындай» болып көрінетін, сол кездегі «желтоқсандық бірлік пен бірізділікті» жанымнан таппай қалған кездерімде, кейіннен, үй ішінен қос тіккен “желтоқсандық” ұйымдардың басшылары бір-бірімен болмашы дүниелерге бола «ырылдасып» жатқандарын естіген қалған кездерімде, көк бөрідей Айға қарап ұлып қоя бергім келіп кетеді.

Жарқын бетбұрысымыздың жойқын беташары, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін, қазақ  ұлтының  гүлденуі үшін, оның тарихы мен мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтардың барлығына да аса қымбат, аса қасиетті – Желтоқсан 86 мен “желтоқсандықтардың” өмір белесіндегі аштық акциясы осылай аяқталған болатын.

 

Заманбек жайлы жазбадан

 

Алдымызға қойылған жұмыс жоспарына сай, талап тілектерімізді жеткізу мақсатымен, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтың қабылдауына бара жатырмыз. Демократия үйінен шығып, күнделікті әдетімізбен “11 маршрут, тікелей тарттық. Қасымда желтоқсанның абыройлы азаматтары семейлік – Қадыр Есімбаев және жамбылдық – Жамбыл Тайжұмаев. Ә дегенше, қажетті жерімізге желдей есіп жетіп келдік. Кіре берістегі милиционерге   құжаттарымызды  көрсетіп, екінші қабаттағы қабылдау  бөлмесіне көтерілдік. Хатшы да келгенімізді көріп, іркілместен, біздерді өзі бастап алып кірді.

“Желтоқсан” қоғамдық бірлестігінің төрағалық қызметін атқарған алғашқы жылдарым. Алып денелі ағамыздың орнынан атып тұрып, алдымыздан шығып,”ассалаумағалейкум” деп ұсынған қолдарымызды алды. Оң жақтағы үлкен дөңгелек үстелге бастап барып, төрге жайғасты да, жағалай отыруымызды сұрады. Кабинеттің оң жағында дөңгелек үстел біз сияқты қазақтармен әңгімелесуге әдейі арналғандай екен.

Жанымдағы  жігіттерді  таныстырып  болып, қара папкамдағы қажетті құжаттарымды шығара бастағаным сол еді, телефон тұтқасын алып, орынбасарларының бірін шақырты. Есіктен сәлем беріп қолында қалам-қағазы бар сұңғақ бойлы  Виктор Вячеславович Храпунов енді. Әңгіме желісін былтыр ғана қолымыз жеткен Президент жарлығына байланысты шыққан, Премьер-Министрдің Өкімі, құрылған арнайы комиссия мушелерінің жұмысы жайына бұрдым. Көрсетілген, орындалуға тиісті жерлеріне тоқталып, орынбасарына қажетті нұсқаулар беріп, көтерілген сұрақтарымызға толықтай жауабын беріп көңілімізді бір масайратып салмасы бар ма, ағамыздың.

Айта кететін жайт, бір сағаттай өзара әңгімеміз тек қана қазақ тілінде өрбіді, “төбесі  тесік” орынбасары тікесінен тік тұрып, бастығының да, біздің де көңілімізден шықты. Орынбасарына тапсырмаларын беріп, шығарып салысымен, біздерге қарап,”... Әй, жігіттер ерліктеріңе рахмет, маған салса барлық жұмыстарыңды , аз уақытта шешіп берер едім, әттең, барлық билік “қонжықтың” қолында, соған қаратып қойды ғой”, – дегені. Кім жайында меңзеп отырғанымды сезіп отырған шығарсыңдар, – деп қайырды. Иә, онысы Терещенко екені бесенеден белгілі еді. Жалпы жағдайларымыздың анық-қанығына қанып, біртурлі тұнжырап қалғандығын байқап, әңгімені жеңіл жаққа бұра бастағаным сол еді, Жамбыл, өзінің ақтала алмай жүргендігін айтып, “тупиковое положение”, – деп қалмасы бар ма. Орнынан атып тұрып, “Жігіттер, тупиковое положение у не бывает”, – деп, төр жақтағы телефондарға толы өз орнына жылдам басып барып, тұтқасын қолына алып, біреуді тере бастады. Бірдеңені бүлдіріп алғандай, жігіттер бір бірімізге қарап қалыппыз. Қысқаша амандасып, “Анау комиссия мүшелерінің бұрышына менің фамилиямды іліпті, жігіттер әлі күнге ақталмай жүр екен, тезірек ақтасаңдаршы!..”, – деп телефонның құлақшасын қоя салғаны...Кейіннен аңғарғаным, Сол кезде Жоғарғы Соттың төрағасы Айтмұхамбетовқа хабарласқан екен. Ал, жігіттер әңгіме бітсе, осымен амандықта болайық, – деп қолын ұсынып, нық басып келе жатты. Ризашылық пен рахметімізді жамыра айтып, біз де ағамыздың қабылдауынан шығып келе жаттық.

Расымен, көп уақыт өтпестен біздің жігіттер “пачка-пачкасымен” ақтала бастады. Комиссияға жан бітіп, сол жылы жігіттеріміздің денсаулықтарын Алматы қаласындағы “Диагностикалық орталықта” толықтай, ақысыз тексеруге  мүмкіндік жасалынды. Марқұм Қайраттың анасы – Дәметкен апамызға, Шора Қарабаевқа, Қасым бауырымыздың апайы – Гүлнәр Әбілқайыроваға (бір үйден екі адам сотталған) жалпы жиналыстың шешімімен пәтер кілтін табыстауға мүмкіндік туды. Бұл біздің “Желтоқсан” қоғамдық бірлестігінің  жеңісті, жемісті де,  жылдары еді.




Президенттік дода

 

Осыдан дәл 5 жыл бұрын, 2011 жылғы Президенттік сайлауға (додаға) түскен 22 азаматтың қатарында - 3 партия тарапынан, 18 - жеке азаматтар және жалғыз қоғамдық бірлестіктер атынан - Желтоқсан туын көтеріп, кешкісін астаналық желтоқсандықтар - Тоқтар, Марат, бауырларым - Сәлім, Ерзаттарды ертіп ҚР ОСК ғимаратына бет алдым.

Республикалық Желтоқсан халықтық-патриоттық қозғалысының атынан ұсынған құжаттарымды мұқиат қабылдап жатқан ОСК орынбасары В.К. Фоостың іс-қимылы мен сөйлеген сөздерінен абыржығандық, сәл қобалжығандық іздерін байқап қалдым. Телефонында дамыл жоқ, қолдау көрсеткен ұйымдардың мөрлеріне қайта-қайта үңілумен болды. Бірталай уақытқа созылған бұл көріністің үстіне ентігіп жеткен спорттық киімдегі ақсақалмен амандасқанымыздан кейін, кеңсесіне бірге жүруімді сұрады, әп дегеннен дөкейдің өзі екенін аңғардым. Қабылдаудың соңғы күні мен сәттерінде пайда болғандығым ба, әлде қасиетті желтоқсанның шарапаты ма, кіре берістегі милиционерлермен қатар сол ғимаратта қызмет жасап жатқандардың бірталайын әбігерге салып қойған сияқтымын, ҚР ОСК төрағасы - Қ.Т. Тұрғанқұловтың кеңсесіндегі жеке әңгімелесуімізден кейінгі ойларымнан түйгенім. Әңгіме соңына таман енген ОСК хатшысы Б.С. Мелдешов мырза кеңсесіне ертіп барып сайлауға қатысты ақпараттармен таныстыра бастады. Қарапайым қазақилықпен жөн сұрасып, жездемді де тауып үлгердім. Алдағы қазақ тілінен өтетін емтихан ең соңғы күнге белгіленіп қойылғанын естігенімде, жезделігін бірден пайдаланып, емтиханға дайын екенімді жеткізіп, мүмкіншілік болса, алдыңғы күндерге болмас па деген ойларымды да төге салғаным.

Құжаттарымның тіркелгені бойыма ерекше күш бітіргендей, Алматыдағы желтоқсандықтарға да хабарласып үлгердім. Үйіме қанат біткендей әсермен еніп, теледидардан Ғани Қасымов  ағамыздың тіркеліп қана емес, қазақ тілінен емтиханды тапсырып үлгергені жайындағы сюжетті көргенімде, жағамды ұстаған жайымды қалайша жасырайын?!...

Түсіме қазақ ренессансының басы - Ұлы Абай еніп, біртүрлі жақсы әсермен тұрдым. Өзімше жорып алғаннан кейін, үйден Абайдың қара сөздерін іздеп тапсамшы, онсыз емтихан тапсыруыма жол жоқ екендігін топшылап та қойғанмын. Тоқтардың кітапханасынан табылған қос тілдегі Абайдың қара сөздері менің кейінгі өміріме өзгеше өрнек салып қана қоймай, ой иірімдеріне батырып әкеткендігі соншалықты, екі күннің қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппын.

ОСК хатшысымен хабарласып, келмей қалуы мүмкін деген үміткердің орнына ұшып жетіп, кіре берістен қарсы алған БАҚ мен журналистердің сауалдарына ләм-мим деместен емтихан алатын залдан бірақ шыққаным. Тіпті, хатшының он минут бұрын жолығып кетуін өтінгенін де есімнен шығарып алыппын. Дереу жинала бастаған комиссия мүшелері алдыңғы дөңгелек үстелдің бойына жайғаса бастады. Төр жақтан еніп келген Мырзатай Жолдасбеков ағамызға ассалаумағалейкум, - деп амандасқаным есімде. Отыз жыл бұрын тамамдаған мектеп ордасымен, 17 жылда әрең қол жеткізген - ЖОО дипломынан кейін емтихан тапсырып отырғаным осы болатын. Еркін тақырыпты таңдап, сол кездегі ұлтымның қол жеткізген тәуелсіздігі мен ертеңіне байланысты ойларыммен, толғаныстарымды жеткізуге келгенде қаламым өзінен өзі жүйтки жөнеліп, тіпті, өлең шумақтарыммен аяқтаған едім. Ол жағы жеке бір әңгімеге арқау...

Емтиханнан өте салысымен, жол жөнекей Қарағандыдағы жігіттерге тоқтап, Сарыарқамның сарышұнақ аязына қарамастан, жеке көлігіммен Алматыға Сәлім бауырымыз екеуіміз жеткен де едік. Қарсы алған желтоқсандық бауырларымның ыстық құшағы мен ниеттерінің кеңдігі соншалықты, кеңсемізге де симай қалғандығын қалайша ұмытайын?!...

Уақыттың аздығы, сол кездегі ауа райының жағдайы мен қаржының тапшылығы өз дегенін жасады. Жазған хатыма хабар болмаған соң, бір жетіге жетер жетпес уақытта 80 мың қолдау жинап, екінші турға өтуіме 11 мыңдай қолдау жетпей қалғанын мойындап, 2 наурыз күні Астанада додадан шығатынымды ҚР ОСК жеткізген едім.

Дода барысында қаржылай, басқа да көмек көрсетпек болған, кейіннен, сөздерін жұтып қойған жігіттер жайы жеке әңгіме.

Ал, жер-жердегі қолдау көрсеткен халқыма, әсіресе, өз қаржыларына ауылдарын аралап кеткен желтоқсандық жігіттер мен қыздарға алғысым шексіз!

 

 

Бөлісу: