Доктор Құсайын
Темірбек келіні Рәбиға Шәріпқызы
Тарихты шолсақ 1897 жылы бүкіл Ресей бойынша жүргізілген санақ нәтижелері орыс халқының 30% хат танығандығын, ал қазақтардың 2% орысша сөйлеп, хат жаза алатындығын, ал 60% араб графикасын пайдалана білгендігін көрсеткен. Ал, 1929 жылы халқымыздың араб графикасы латын графикасына алмастырылды.
Сонымен халқымыздың араб графикасын пайдаланатын 60% сауатсыздар қатарына қосылып, орысша хат танитын екі-ақ пайызы сауаттылар санатына ілікті. Тағы да бір өкініштісі 1940 жылы латын графикасы кириллицаға ауысты.
1917 жылға дейін қазақ даласында ағартушылық жұмыспен айналысқан адамдар аз болмады. 1841 жылы Жәңгір хан Бөкей Ордасында, Торғайда 1864 жылы Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан. Жетісуда «Мамания медіресесі» болыпты. Осылардың қатарына ХІХ ғасырдың соңына қарай ашылған Құсайын Темірбеков мектебін де қосуға болар еді. ХХ ғасырдың басындағы алмағайып заманда ұлттық мүдені қорғағандардың негізгі тобы Жәңгір мен Ыбырай мектебінің өкілдері дей тұрса да, Құсайын Темірбеков мектебінің шәкірттері де ел мүдесін қорғауда өз үлестерін қосты.
Кезінде халық арасында «Доктор Құсайын» деген атымен әйгілі болған Құсайын Темірбеков туралы айтылған хикаяттарды бала кезден естіп өстім. Есейе келе Бапыш Құрманбайқызы, Ғани Мақымқызы, Қазез Сағындықұлы, Тұрсын Мақышұлы, Темірхан Жапарұлының «Доктор Құсайын» туралы айтылған деректерін аудандық, облыстық газет беттеріне жиі жариялап отырдым.
Тортай Садуақасов кітабінде Айыртау болысы, № 5 ауылдың 1916 жылы ауыл тұрғындарының тізімінде Құсайын Темірбековтің де аты-жөні бар. [1]
Қайролла Мұқанов кітабінда Құсайын Темірбеков туралы ҚР Мемлекеттік орталық архивінен (Фонд. 369, Опись 2, Дело 431) алынған 8- медициналық учаске фельдшерінің жеке іс қағазынан мынандай деректер келтіреді: «Первоначальное образование получил в киргизской аульной школе, затем в Кокшетауском интернате. По окончании школы-интерната в 1880 г. поступил в Омскую военную фельдшерскую школу. Окончил курс этой школы в 1884 г. со званием медицинского фельдшера.». [2]
Көкшетау қ. Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы Қ. Кемеңгердің «Омбыда оқыған қазақтар» кітабындағы «ҚР Орталық мемлекеттік архиві және РФ Омбы облыстық мемлекеттік архиві қорларында кездескен қазақ есімдері» бөлігінің тізімінде Қ. Темірбектің есімі көрсетілген.
Құсайынның өмір жолы туралы Қайролла Мұқанов «Жумагали Тлеулин- деятель «Алаш Орды» кітабында «Приказом Акмолинского губернатора Х. Темирбеков назначен земским фельдшером в Кокшетауский уезд 10 июня 1884 г. Постоянно находился в Айртауской волости, по необходимости командировался в другие волости и селения. В июне 1887 г. по распоряжению Акмолинского губернатора назначается волостным фельдшером Айртауской волости Кокшетауского уезда. Женат с 1891 г. 15 января на девице Рабиге Шариповой» делінген. Бұл Құсайын Темірбеков туралы құжатты Көкшетау уездік дәрігері 21 мамыр 1896 жылы толтырған екен.[3]
Дегенмен ел тарихын білуге деген құлшынысыма Әкем себепкер болды. Өйткені ол ел аузынан шешендік, көне сөздерді, ауыл туралы деректерді жинауы мені қызықтыратын. Артынан әкемнің мұрағаттарын қарап отырып оның жазған қолжазбасымен таныстым. Қолжазбаға Мақыш қарияның естеліктері жазылыпты. Иә, есіме тарамыс, шоқша сақалды, жасы сексеннің ортасынан асса да әлі де тың, жүзінен мейірім есіп тұратын Мақыш ата түсетін. Әкем ол кісімен сұхбат құруды ұнататын және мені де өзімен бірге ертіп алып баратын. Ондайда Мақыш атам мені айналып - толғанып «Жазушы, журналист болам дейсің бе, бәрекелді балам, ендеше ««Қаратал» ауылы туралы айтқан естеліктерімді көкірегіңе түйіп өс, түбінде бір кәдеңе жарар» деп ауыл тарихының тұңғиғына бойлап, хикаятын бастайтын. Әкемнің жазбасын оқи отырып, Мақыш атаның тарих қойнауынан домбыраның шегіндей күмбірлей шыққан дауысын қайта естігендей болдым.
Құсайын Темірбек Ақмола облысы, Көкшетау уезі, қазіргі Айыртау ауданы Қаратал ауылында 1862 жылы Темірбек әулетінде дүниеге келген екен. Оның Молдағанап, Сүлеймен деген інілері болған- тын. Олардың үрім - бұтақтары Қаратал ауылында тұрады.
- жылы Ағарту министрлігінің «О мерах к образованию населяющих Россию инородцев» заңы жарияланды. 1870 жылы наурыз айының 26-сында қабылданған үкіметтің «Бұратана» халықтар арасында сауаттылықты ашу туралы» туралы арнайы ережесін орындау Айыртау болысының басқарушысы Тоқсанбай Сасықұлына үлкен сын болған көрінеді. Өйткені халық «Балаларымыз орысша оқыса шоқынып кетеді» деп болыстың дегеніне көнбейді. Халыққа сөзін өткізе алмаған болыс, Қаратал ауылында мешіт салып, медресе ашып, бала оқытқан зиялы азамат Темірбек Ескенеұлына балаңды орысша оқыт деп қолқа салады.
Өз дәуірінің алды-артын болжай білген сұңғыла кісі еуропаның оқу-білімінсіз елінің болашағы бұлыңғыр екеніне көзін жеткізген Темірбек, болыстың сөзін аяқ асты етпей баласы Құсайынды Көкшетау қаласында ашылған орыс-қазақ мектеп -интернатына оқуға береді. Мектепті ойдағыдай аяқталған Құсайын, Омбының әскери-фельдшерлік училищесінде оқуын жалғастырып, 1884 жылы әскери-фельдшер мамандығын алып шықты. Құсайын Темірбекұлы Ақмола губернаторының жарлығымен Көкшетау уезінің Айыртау волосының фельдшері болып тағайындалады.
Құсайынның міндеті осы волостқа қарайтын ауыл, селоларды аралап санитарлық жағдайды бақылау болатын. Сонымен қатар ол өзіне ем іздеп келген ауруларды емдеп, тіптен ота да жасай берсе керек. Тіптен Құсайын ел адамдарының беттерін қақпай олардың малдарын да емдеген көрінеді. Ақсақалдың айтуы бойынша Құсайын көмек сұрап келген кісілердің бетін қақпай, қабағын да шытпай екі білегін сыбана кірісіп халыққа қызмет көрсеткен. Халық оны құрметтеп «Доктор Құсайын» деп атап кетті. Белгілі ақын Бақытжан Қанапиянов «Тағылым» атты кітабында Құсайын Темірбеков туралы былай деп жазады «Хусаин Темирбеков, который являясь яркой личностью своего времени, окончил Омское военно-медицинское училище и, получив звание военного врача, работал в родных местах и в Петропавловске. В народе звали его «Доктор Хусаин». Еще в дореволюционные время он славился как человек открытой души и отличный специалист своего дела».
Құсайын өзіне жүктелген адам өмірін сақтау және елді мекендердің санитарлық жағдайын қадағалу міндетін атқара жүріп, ағартушылық қызметке бет бұрды. Қаратал ауылында мектеп ашқан кезде, ауыл адамдарын жинап: «Мен, орыстың, ауылдың ағаш шеберлерін ұйымдастырып, әрине үкіметтің рұқсатымен және үкіметтің қаржысымен 4 бөлмелі екі үй салғанымды білесіңдер. Енді міне бір үйім мектеп пен дәрігерлік бөлме болады. Бір үйде тұрғын жайым болады. Мектебіме ауылдың және алыстан оқу іздеп талаптанып келген балаларды қабылдадым. Бәрі де оқуға құштар, есті балалар көрінеді. Мен балаларды оқытуға кірісемін, балаларыңды оқытыңдар, – деген екен.
Ақсақалдардың Құсайын мектебі туралы айтқан естеліктерін пайымдасам Құсайын мектептің сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрған көрінеді. Таза қазақ ауылында сабақты таза орыс тілінде жүргізудің өзі оңай болмағаны белгілі сол қиындықты жеңе отырып, балаларға ғылыми пәндер негіздерінен білім берген. Ол тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдеген.
«Құсайын мектебі» заманауи білімнің нұрын төккен сәулелі ошақ болды. Құсайын оқушыларының жетістігін бағалай отырып бейімділігіне қарай сабақ берген. Ол ата-аналар мен мұғалімнің міндеті балаларын сыйлап, олардың білімге және жаңалыққа деген ұмтылысын құрметтеу керек деп санаған. Ол берген білімінің адамға нақты пайда берер жақтарын ескере отырып қарастырды. Құсайын сабақ бергенде әртүрлі жаттығулар жасатып сабақты балаларға қызықты түрде бере білген. Сабақ берудің әр түрлі тәсілдерін қолдана отырып, оқыту әдістерінің жүйесін оқушыларына түсінікті етіп жүргізді. Құсайын түрлі жаттығуларды қолдануды, қарапайымнан күрделі жағдайға үйретуді, материалды балаға қызықты түрде бере білген. Құсайын өзі құрған мектебінің оқу жүйесінде оқушының жеке басы мен моральдық бейнесіне көп көңіл бөлді.
Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі, биік таланты бір кезде қандай жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін ауыл адамдары өз бойында толық сақтауда. Мұның өзі заңды да еді. Өйткені олар арада бірнеше ұрпақтың өткеніне қарамастан өткен ұрпақ, жас қауымға алыстан қол созып, «жол болсын» айтып тұрғандай болады, уақыт өткен сайын биіктей, мән – маңызы мен қадір-қасиеті арта түседі. Мәдениетіміздің тарихында Құсайын Темірбеков дәл осындай, үркердей санаулы саңлақтардың бірі болған еді. Ол өзінің бүкіл шығармашылық өмірін бір ұлы мақсатқа арнады. Ол мақсат қазақ халқын ғасырлар бойы езіп келген надандық пен қараңғылықтың шырмауынан босатып, өнер – білімді, мәдениетті елдердің қатарына қосу жолында шама-шарқынша қызмет етті. Ол шәкірттерін оқытып қана қоймай оларға демеушілік жасаған нар азамат еді. Құсайынның өзі төңірекке үлгі еді: ол ауылдастарына ағаштан үй бұрап салуды, көкөніс, егін егуді үйретті. Ауыл адамдары отырықшы елге айналды. Тіптен ауылға орыс Плотников Григорий, Мещарин Иван, Антон отбасылары келіп қоныстанады.
Оның берген білімінің жетістігін шәкіртерінің бойынан да байқауға болады. Оның мектебінен: Біләл Малдыбаев (1895-1937), Жұмағали Тілеулин (1890-1937), Шахмет Құсайынов (1905-1972), Абдолла Құсайынов (1904-1972), Жаппас Балғожин (1895-1937), Хамза Мақымов (1895-1952), Фәләқ Әбілғазин, сондай-ақ, өз балалары Райхан (1895 – 1955), Айша (1905-1984), Хакім (1914-1988), Гүлзи (1915) және т.б. ауыл балалары оқып өмірге қанат қақты. Оның шәкірттері ел өміріне белсене араласқан.
1927 жылы Қаратал ауылында оның шәкірті Біләл Малдыбаев аймақ аралық қазақ-орыс мектебін ашты. Бұл мектеп сол кезде осы өңірдің ірі мәдени ошағы бола білді.
Жұмағали Тілеулин шәкірті халық ағарту саласында да қызмет етіп, сауатсыздықты жоюға, ел санасына серпіліс, сезіміне намыс құюды мақсат етіп, 1922 жылы Петропавл қаласында бірінші қазақ педучилищесін ашуға ат салысып соның тұңғыш директоры болды.
Белгілі жерлес жазушы- драматург Шахмет Құсайынов «Сырымбет сағасында» деген драматургиялық кітабын жарыққа шығарды. Кітаптің оқиға желісіне Құсайын Темірбековтың отбасындағы оқиға арқау болды. Бұл пьеса 1966 жылы Алматыда М. Әуезов атындағы театрда ойналды. Қойған режиссері – В. Пұсырманов.
Құсайын Темірбекұлы прогрессивті көзқарастағы орыстың революционер жазушысы Г.Тверитин, Дуров, А.Н.Плещеев, белгілі ғалым Березин, Г.Н. Потанинмен жолдас болып, олардың көзқарастарын қолдауы шәкірттері Жұмағали Тілеулин мен Біләл Малдыбайұлының Алаш Орда партиясының мүшелері болуына ықпал етті ме деп пайымдаймын.
Бапыш Құрманбайқызы апамыз «Доктор Құсайынды» еске алғанда:
- Құсайын ағам өлім халінде алып келген кісіні емдеп, оның өз аяғымен ауылына кеткенін көрдік. Ауылда Иманбай бай қатты ауырғанда Құсайын ағам оған ағаштың көмірін езіп ішкізіп сауықтырғаны ел аузында. Ал кейбір ауырған адамдарға ота да жасай беретін, - деді.
1928 жылы колхоздастыру кезінде үй шаруашылығы тәркіленді. Құсайын өзі тек қана ағартушылық емес денсаулық саласында да халықтың жағдайын ойлап арбамен, шанамен жолсыз, суықта, аптап ыстықта жүруі оның денсаулығына әсер етті, білім беріп халықтың денсаулығын ойлаған жан өмірден озды.
Ол сүйегі ауыл қорымында жерленген. Құсайынның қазынаға өтіп тәркіленген үйлері 1930-1975 жылға дейін алыс ауылдардан келіп оқитын балаларға жатын- интернат болды.
Ауыл адамдарының айтуы бойынша «шолақ белсенділердің» түртпегіне шыдамаған жары Рәбиға апа балаларымен бірге елден көшіп кетті. Құсайынмен бірге өмірдің ыстық-суығын бірге бөліскен жары Рәбиға Шәріпқызы туралы дерек көзі тым аз, тек Ж. Тілеулиннің немере қарындасы Ләйлә Сәпиқызының «Айыртау таңы» газетінде жарық көрген мақаласында: «Рәбиға құдағи Алматы қаласында баласы Абдолланың қолында тұрды. Қызы Райхан менің әкемнің інісі Жұмағали ағама тұрмысқа шығып, біз Құсайынмен құда болдық. Менің інім Қуандық Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүріп, Рәбиға құдағидың үйіне сәлем бере барғанда, ол кісі ініме: «Қараталымның қайыңының қабығын әкеп берші» деп өтініш қылады. Қуандық елге келген соң әкеме құдағидың өтінішін айтқан екен. Әкем Сәпи атын әдейілеп жегіп, Қараталға барып, Қаратал қайыңының қабығын Рәбиға құдағиға беріп жіберіпті. Қуандық қайыңның қабығын апарғанда Рәбиға құдағи қабықты иіскеп «Елімді көргендей болдым ғой» деп көзіне жас алған екен. Рәбиға құдағи 1956 жылы баласы Абдолланың қолында, Алматыда қайтыс болды» деп жазыпты.
«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген. Құсайынның інісі Молдағанап Темірбековтің де орысша және ескіше оқуы бар зиялы адамның «Қаратал» ауылдық кеңестің тұңғыш төрағасы болған еді. Ол ауылда «Біләл мектебін» ашуға атсалысты. Оның баласы Жанмолда Молдағанапов «Білім саласының үздігі» болды. Жанмолданың балалары Ерік, Рәзия, Ғалымбек, Ғалия әке жолын қуған ұстаздар.
Ал Құсайынның немере інісі Сейтбатал 1934 жылы тракторды ауылда тұңғыш ауыздықтаған механизатор. Сейтбаталдың баласы Тұрар бесаспап техника маманы еді.
Алғашқыда ат төбеліндей ғана болған ауылымнан білімді, өресі биік, балдырғандардың болашағын әріден ойлаған, әрі білім саласында оза шауып, даналығымен дараланған, талай шәкіртті баулыған қайраткер Құсайын Темірбековтің өмір жолы ұрпаққа үлгі және оның еңбек жолын терең зерттеуді қажет етеді. Енді бұл менің алға қойған мақсатымның бірі.
Жеті атаның жалғасы болған, ақ жүректі ақ тілекті осындай азаматтардың орасан зор істерін, еңбектерін жалғастыру ұрпақтары үшін парыз.
Бөлісу: