Сұркиік

23.11.2017 5548

І «Рух» халықаралық әдеби конкурсының балаларға арналған прозалық шығармалар бөліміне

 

 

Жемісбек Толымбеков

 

 Толымбеков Жемісбек Дулатбекұлы 1955 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Ойтоған ауылы округіне қарасты Бұрған елді мекенінде туған. Білімі жоғарғы, мамандығы құрылысшы мұғалім. Кәсіптік білім беру ісінің үздігі. 1993 жылы өткізілген «Оқытушы-93» облыстық оқытушылар сайысының жеңімпазы. Өлке тарихы мен әдебиетін зерттеуші ізденгіш. Ел ұмытып бара жатқан 30-тан астам айтулы тұлғалар туралы деректі зерттеу еңбектері баспасөзде жарық көрген. Шежіре еңбектері Ақселеу Сейдімбековтың қазақ халқы шежіресін құрастыруында пайдаланылған. Аудандық, облыстық деңгейде қазіргі «Рухани жаңғыруға» сай, бірнеше ғылыми-танымдық конференциялардың үйлестірушісі болып, баяндамалар жасаған.  «Ақсудан шыққан арыстар», «Төлегетай, Матай, шежіресі Сақай», «Топжарған», «Қолағаш», «Жанталас», «Қобызшы Молықбай», «Атандым ақын Сара» атаулы кітаптарының авторы. Балаларға арналған «Мүсәпір батыр» қойылымы 2002 жылы Республикалық конкурста бірінші орын алған. 2011 жылғы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жеңімпазы. Меценат Есенқұл қажы Маманов атындағы сыйлықтың бас жүлдегері.

 

Сұркиік

 

 Көздің жауын алып, ойды өрістетіп, көңілді шалқытатын жасыл желекті, мың сан суретті жайлау деген осы. Жайлауды көрген де бар, көрмеген де. Сайында сылдырап аққан бұлағы, жағалай өскен қарағайы мен қайыңы, аршасы мен шыршасы, доланасы мен ұшқаты – бәрі де жайлау көркіне сән беріп, жарасым тапқан.

 Қоянкөз, Көктөбе, Көкжамбас, Қызылқия, Батпақтыбұлақ, Өтеншеттің жайлауы сияқты жайлы қоныстар малшылар қауымының құтты мекеніне айналған. Мамыр айының аяғы. Малшылар қауымы көктеудегі жерлерінен үдере көшіп келіп, жайлаудағы жылдағы орындарына жайғасып, қонып жатыр. Үлкен де, кіші де мәз-мейрам. Мал біткен бал татыған нәрлі шөптің уызына қанып, тоғайуда. Маса-сонасы, шыбын-шіркейі жоқ, салқын жайлау адамға да, малға да жайлы.

 Небір әңгіме-дүкен, той-томалақ, түрлі бас қосулар осы жайлауда өтеді. Қазақтың таппайтын сылтауы жоқ. Бесік той, сүндет той, атқа мінер той деген сияқты тойлар бірінен кейін бірі бола береді. Бұл қызықтардан балалар да құр қалмайды.

 Балалар үшін тағы бір қызық – асау үйрету. Ол жылдағы ғұрып. Әдет. Машықты нәрсе. Балалар бір-біріне хабар беріп, уәделі жерге жиналып, бірлесіп жылқы ауылға барып, бір-бір тай үйретпекші болып келісті. Арада бірер күндер өткен соң, Тілеуберлі жылқышының ауылына бір топ бала сау ете түсті. Бұрынғының салтын ұстап, балалар алдымен Тілеуберлі жылқышыға сәлем берді. Сәлемін қабыл алған жылқышы бұл балалардың не үшін келгендерін олар айтпаса да іші сезді.

  • Е, шырақтарым, асау үйретуге келген сыңайларың бар-ау, шамасы, - деді. Балалар мақұлдағандай, бір-біріне қарап жымың қақты.
  • Ондай талаптарың болса, асықпаңдар, жылқылардың бас-аяғын жинап, үйірілгенше үйге кіріп, қымыз ішіңдер, - деді жылқышы.

Қарағайлы шатқалдың өкпе тұсындағы кең алаңға тігілген қараша үй сәнді көрінді. Ішкі дүниелері де ұқыпты, қолдан шыққандығы білінеді. Жинақы да әдемі. Көздері күлім қаққан, мейірімді Қамқаш апа өз қолымен балалардың алдына дастарқан жайып, оған бауырсақ, сары май, құрт, ірімшік, шекер қойып, қымыз құйды. Пісіуі келіскен сары қымыз қазантолмаға барған соң, алпыс екі тамырды қуалап, балалардың онсыз да тотыққан беттерін ал күрең түске бояды. Қымызға қанған балалар рахметтерін айтып тысқа шықты. Жылқыларды үйірлеп болып, жылқышы да көмекшісімен бірге балаларды тосып тұр екен.

 - Ал, енді іске кірісеміз, бері жақындаңдар, - деді Тілеуберлі жылқышы. Балалар жылқышының айтқанын бұлжытпай орындады. Абыр-сабыр қызу жұмыс басталды да кетті. Өмірі жүген-құрық тиіп көрмеген асау тайлардың бірінен соң біріне шалма тасталды. «Басыма не күн туды, бұл не пәле» дегендей, шалмаға іліңгендер шыңғыра ырғып, басын бұлғақтатып, аспанға шапшып, мына пәледен құтылғысы келгендей шиыршық атты. Кәнігі жылқышылар қойсын ба? Әп-сәтте жеті бірдей асау тайды жеті баланың астына салды да жіберді. Балалардың тақымы да жасынан ат үстінде шыныққан берік еді. Асау тайлар соншама шалдуар мінез көрсетсе де, балалар жайлаудың былқылдақ сазына салып, жөнге келтірді. Асау тайлардың әр қайсының әртүрлі мінезі болды. Бірі көкке шапшыса, екіншісі артқы аяғын жоғары көтеріп, мойнын ішіне алып мөңкіді. Үшіншісі – шалқалап құлайды. Төртіншісі басын сірестіріп, бұруға көнбей, тас-табандап, тұралап тұрып алды.

 Асау үйретуге келген балалардың ішінде Түкібиге тигені – жүні жылтыраған сұр тай. Дене бітімі де жаман емес. Сүйекті көрінді. «Қысыр емген тай», - деді жылқышы. Сонысы рас сияқты. Күйлі көрінді. Сұр тай басқа тайлардай оғаш мінез көрсеткен жоқ. Біраз бұлғалақтап, жөнге келмей жүрді де, біртіндеп сабасына түсті. Түкіби тайдың бұл мінезіне қуанбаса, ренжімеді. Ындыны жуас жылқыға ұқсайды. Негізі жақсы жылқының тұқымынан шықса керек. Балаға мұндай ой келмесе де, тайының пошымынан осыны аңғарды. Былқылдақ саздың үстінде асау үйреткен балалардың ішінен Темір:

 - Мына шұбар тай жөнге келетін емес, қайта-қайта шалқалап құлай береді. Мұны қайтсем екен? - дегенінде, Сылатай деген бала: - Ол солай дағды алып алды. Басқа біреуін үйретпесең ... , - дегенінше болған жоқ, намысқа тырысқан Темір шұбардың бауырын қамшымен осып-осып жіберді. Мұндайды бұрын көрмеген шұбар тай жан-дәрмен алға ұмтылды. Мөңкуге мұршасы келмей, сазды тастап, қарсы бетке қарай зырлай жөнелді. Темір сол кеткеннен бел асып, көрінбей кетті. Ертеңінде білдік шұбарды жөнге келтіргенін. Қалған Жұман, Иса, Әділ, Әкім сынды балалар да өз асау тайларын мазасыз машақатпен жөнге келтіріп, бастықтыруда көп еңбек сіңірді. Сөйтіп, жылқы ауылдан балалар бір-бір үйреткен асау тайларын мініп, үйлеріне қайтты. Бастары бір қосылды. Қосылғанда да асау тайларды үйрету үстінде қосылды. Бірінің намысын бірі шыңдады. Біріне-бірі ес болды. Бірін-бірі қолдап, демеп отырды. Қазақ баласына тән іс жасады. Бір-бір асау тайды үйретіп, оларды әбден бастықтыру үшін мініп үйлеріне қайтарларында аса бір татулық, құрбылық мінездің қалпын сақтап, бір-бірін қимай тарасты. Бәрінің де жүздері жарқын, көңіл қошы көтеріңкі.

 Батпақбұлақта отырған үйіне Түкіби күн еңкейе бергенде жетті. Атасы Дулат қойларды аса қысамай, жайымен тау беткейінен төмен құлдилатып келе жатты. Атасына асаудың жайын айтпақшы болып, тайының басын солай бұрды. Тайды көрген атасы біраз қарап тұрды да:

 - Мен мініп көрейін, - деді. Түкіби тайдан қарғып түсті де, атасына ұсынды. Атасы біраз жерге дейін шоқытып барды да, қайта бұрылып кеп:

 - Мынау өрен жүйрік болады, - деп, тайды Түкібиге ұстата берді. Атасының бұл сөзі Түкібиді желпіндіріп, қуаныш құшағына бөледі. «Жүйрік» деген сөзді көкейіне сақтап қалды. «Жүйрік болады» дейді, оны қалай білді? Жұмбақ. Балаға белгісіз. Тек «жүйрік» деген сөз миына тоқылды. Он бір жасқа аяқ басқан бала ол сөздің байыбына батып, тереңдеп тексере алған жоқ. Тек алып-ұшқан көңілі «жүйрік» деген сөздің жетегінде кетті. Атасының айтқаны көпке дейін баланың есінен кетпей, шешуі табылмаған күйде қалды. Тәптіштеп сұрайын десе, атасына бата алмады. Атасының сұсты жүзінен именді. Бір нәрсені біліп айтқан шығар, жоқ әлде менің көңілімді көтеру үшін жай ғана айта салды ма екен? – деп те ойлады. Не десе де, бекер емес. Атасы - жасынан жылқы баптап өскен адам. Жылқының жайын жақсы біледі. Оны әрәдік өзінің жылқы туралы әңгімесінде құлпыртып айтып отырушы еді.

 – Шынында, бұл жүйрік жылқы болатын шығар, - деп түйді Түкіби. Апта өтті. Балалардың үйреткен тайлары әбден бастықты. Қалай бұрса, солай жүретін болды. Кейбірі астынан адам өтіп жатса да былқ етпей тұра береді. Иесіне үйренген, тебінсе шаба жөнеледі. Тізгінді тартса тоқтай қалады. Шылбырын сүйретіп бос жіберсе де алыстап кетпей, өз жайымен жайылып жүреді.

 Сұр тайдың мінезі бөлек. Түкібиге әбден үйір болып алған. Құлағының түбін, алқымын қасыса болды, басын Түкібидің иығының үстіне салып, еміреніп, иіп тұрады. Осылай «басы-көзімді сипап, қаси берсе екен» деп маужырайды да қалады. Түкіби де мұндай істен жалықпайды. Тайды осындайға үйреткен оның өзі. Тайын жақсы көргені сонша – оның тықыр, жұмсақ танауын сүйіп-сүйіп қояды. Жүрісі қандай десеңші, шіркіннің! Жел қайықты ескендей, сырғиды да отырады. Кей жылқылардай дүңк-дүңк желіп, бүйірді солқылдатпайды. Майда жүріс. Жүрісі тыныш, зулап отырады. Аса қатты шауып көрген жоқ. Балалармен бас қосқанда, ермек үшін жарысып көрді. Сонда сезді сұр тайдың аяқтарының серпінді екенін. Қатарласа шапқан тайларды артына қалдырды. Бірақ ұзақ шапқан жоқ. Біраз жер шауып байқағаны осы болған. Тынысы кең.

 «Тайым өз халінше ұзаққа шауып, шын жүйрік болар» деген ой Түкібиді дәмелендірді. Оның үстіне атасының сөзі де есінен кетер емес. Әр күн сайын Түкіби сұр тайға мініп дос балаларына барады. Ойнайды. Тау беткейінен құлпынай, сайынан таңқурай тереді. Жылқы ауылға барып, қымыз ішеді. Қызыл отауға кіріп, күй тыңдап, ән-жыр естиді. Газет-журналдарды ақтарып көреді. Құрбыларымен дойбы, шахмат ойнайды. Домбыра тартып, ән салады. Балалармен неше түрлі қызық думанның ішінде болып, ел аралап, тайларын жүріске үйретіп, денесін шынықтырады. Балалар тайларынан түсе қалған жерлерде жалынан, шоқтығынан, сауырынан сипап, еркелетіп өздеріне үйір етуде. Сұр тай да осыған үйренді. Түкібиді көрсе болғаны үйренген әдетінше басын иығының үстіне салады. Қасы дегені. Түкіби сұр тайды көзінен таса қылмайды. Қай уақыт болса да оның көңіл-күйін бақылаудан жалықпайды. Қалай жайылады, қалай ұйықтайды, қалай жатады, қалай тұрады, суды қалай ішеді, тағысын тағы толып жатқан әрекеттерін аңдиды. Тай да оған әбден үйірсек болып алды.

Жылқышы Тілеуберлі немересі Мәрзияның «алғаш атқа мінуі мен тұңғыш жайлауға шығу қуанышына» той жасамақшы екен деген хабар жайлау елін дүр сілкіндірді. Тойлыбай шал Мәрзияны жетекке алып, жайлау елін тойға шақыру үшін атқа қонды. Жас балаға әркім өздерінше ырым жасап, жақсы тілеу тілеп жатты. Түкібидің анасы Дәмен де өз ырымын жасап, баланың басынан сипап, бетінен сүйді. Ұзақ ғұмыр тіледі. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп, баланың қолына көйлектік бұл ұстатып, қалтасына ақша салды. Тойдың болатын күнінен хабар алған жайлау елі дәмелі аттарын жаратып, күреске түсетін палуандарын дайындай бастады. Кешкі қойдан атасы келгенде, Түкіби тойдың болатын күнін Тойлыбай шалдан естігенін қуанышпен жеткізді. Атасы: - Жарайды, балам, - дегеннен басқа ештеңе айтпады. Кешкі асқа отырғанда Түкібиге атасы: - Тайды бәйгеге қосамыз, - деді. Бала қуанып кетті. Екі беті бал-бұл жанып, жайнаң қақты. Көзі күлімдеп, атасына риза көңілмен шаттана қарады.

 – Е, Тәңірім, өзің жар бола көр, - деп анасы Дәмен тілектес екенін ұқтырды.

 – Тұла бойда тұңғышым еді. Аман болса екен, - деп жатса-тұрса жаратқаннан тілек тілейді. Бүгінде солай. Ішінен бір нәрсе айтып күбірлеп алды. Бала көтермей жүріп, отызға келгенде көрген жарығы бүгін әжетке жарап, адам болғанына қуануда.

 - Балам, алдағы болатын тойда жарысқа түсейін деп отыр. Ата-бабасының аруағы қолдасын! Жарығымды пәле-қырсықтан аман қыла көр! – деп бетін сипады.  Той болардан бір күн бұрын атасы Түкібиге:

 - Сен бүгін жылқы ауылға барып қон. Тайыңды жылқы ішіне жібер. Жақсылап деміңді ал. Таңертең жылқылар келгенде тайыңды ұстап ал да, мама ағашқа байлап қой. Өзің қымызыңды іш, асықпа. Жан-жақтан шақырылған қонақтар жинала бастағанда, тайыңды жетектеп бұлақ басына апар. Сонда ол мынандай мінез көрсетеді:

  • Бірінші, бұлақ суынан бір-екі ұртайды да, жағадағы шөптен бір-екі рет аузымен орып жұлады. Сонан соң оқыранып, тезегін тастайды.

 - Екінші, ырғып бұлақтың арғы бетіне, ырғып бергі бетіне шығады. Осыны есіңе сақта, - деп нығырлап айтты. Атасының айтқаны ертегідей болып көрінді. Ертегі болғанда, сыры мәлімсіз ертегі болды. Түнеу күні: «Мынау жүйрік жылқы болайын деп тұр» - деген сөзінен мына бір сөзі әлде қайда өткір, әлде қайда қызық, әлде қайда сыры ашылмаған жұмбақ нәрсе болып көрінді. Күнде көріп жүрген атасының өзі бұған жұмбақ болды. Мұндайлығын бұрын-сонды байқамаған. Енді келіп, сұр тайдың бойындағы керемет атасына да әсер етіп, осындай жұмбақ дүниеге алып келгендей ме, түсініксіз.

 Жылқышының ауылы. Бұл ауылға Түкіби мана күндіз жетті. Тайын жылқыға жіберіп, Өмен, Төкен деген жылқышының балаларымен ойнап, біраз мауқын басты. Жылқышының үйі ертеңгі болатын той қамына байланысты қарбалас жұмысқа кіріскен. Түкіби де жылқышының балаларымен бірге «барып кел, алып кел» деген жұмыстарды атқарып, біраз қолқабыс жасады. Негізгі жұмыстар аяқталып, ел дем алуға жатты. Түкіби жылқышы балаларының қастарында жатыр. Өмен мен Төкен әлде қашан ұйықыға батқан. Түкіби болса, атасының айтқандарын есіңе алып, таңданумен болды.

  – Бұл не ғажап? Атасының айтқандары шынға айнала ма? Жоқ па? Ол жағы белгісіз. Атасы көріпкел ме? Әлде, алдағаны ма? – деп болжайды. Болмаған нәрсені болғандай қылып, қалай айтады? – дегендей ойлар мазасын алып, жанын жай таптырмады. Жаздың қысқа таңы сонша ұзақ көрінді.

  - Тезірек таң атса екен? – деп тыпыршыды. Ертеңгі болатын жұмбақ көріністі көз алдына елестетумен талықсып барып ұйқыға кетті. Қалың жылқының шұрқыраған, дүркіреген дыбысынан оянған Түкіби апыл-ғұпыл киінді де, далаға шықты. Таңғы саумал ауа көкірек кеудесін ашып, тынысын кеңітті. Таза ауаны құшырлана жұтып-жұтып жіберді. Тіршілік таңы атып, қарбалас шақ басталған. Адамдардың дабыр-дүбірі, кісінеген жылқы, үрген ит, жылаған бала – бәрі бүгінгі ұйқысынан оянған тірліктің қарбалас қарекетін білдіріп тұрғандай. Әркім өз жұмысының жайымен жүр. Түкіби де қалың жылқының ішінен сұр тайын ұстап алды да, мама ағашқа әкеп байлап қойды. Атасының айтқандарын бұлжытпай орындауы керек. Оның үстіне бұл өзіне қызықты көрінді. Соны жасауға асықты. Қымызын ішті. Демін алды. Тойға шақырылғандар жан-жақтан келе бастады. Той қамымен жүргендер бір-бір шоғыр. Келген адамдарды қарсы алып, тиесілі орындарға жайғастыруда. Бұл тойға Түкібидің атасы да келмек. Кеше баласын жолға саларда: «Мен де ертең артыңнан барамын», - деген еді. Енді біраздан кейін атасы да келіп қалар. «Оғанға дейін атамның кешегі айтқандарын орындайын», - деп, орнынан тұрды. Тайын жетектеп бұлақтың басына апарды.

 – Бұл тай не істейді екен? – деп, тайдың әр қимылын қадағалауда. Тай атасының айтқандарының бәрін бұлжытпай орындады. Жұмбақ нәрсе шындыққа айналды.

 – Бұл не деген ...? Ойпыр-ай, ә! Менің атам білгір, әулие екен ғой! – деді Түкіби ішінен.

 Атасы бәйге болардың алдында ғана келді. Той тамағы ішіліп болған. Тойбастар айтылып, кәделер жыртысқа түскен. Ендігі міндет – бәйге. Бәйге десе қазақ ішкен асын жерге қояды. Көптің күткені де осы. Әркім өзінің дәмелі аттарын бәйгеге қосуға күні бұрын жаратып, үкілеп алып келген. Ішінде атақты Өменторы да бар. Әзірше Өменторыдан озған жылқы атауы жоқ. Оның даңқы өзге елге де жеткен.

 Бейісбек шал бір құрым киізді сырыққа байлап алып, бір биік жотаның басына апарып, сол жерге шаншыды. Мұны қазақ «қарақшы» дейді. Бұл - көмбе. Алдымен бастамасы әдет бойынша тай жарысы болды. Бірақ, сұр тайды атасы тай жарысына қоспады. Түкіби:

 - Тай жарысына неге жібермеді, - деп бұртиып тұр. Өзімен бірге тай үйреткен балалардың барлығы да тайларын бәйгеге қосқан. Бірінші болып, үйреткенде артына шалқалақтап құлай беретін, Темірдің шұбар тайы келді. Екінші құнан жарысы болды. Атасы Түкібиді тайымен оған да қоспады. Түкіби атасына жаутаңдап қарай береді. Ішінен атасына өкпелеп, ызадан жарылардай болып тұр.

 - Бәйгеге қосамыз дегені қайда? Не үшін қоспады? Тайдың немесе менің не жазығымыз бар еді? – деген сауалдар басын тілгілеп, миын ашытты. Тіпті ұнжырғасы түсіп, жабығып қалды. 

 Үшінші кезек сақа аттарға келгенде: «Ал, балам, қосыл!» - деді. Алғашында Түкіби не істерін білмей, сасып қалды.

  • Мені мазақтап тұр ма? – деп ойлады.

 – Бар, балам, бар! Аттың бәйгесіне қосыласың! - деп атасы нық сеніммен айтты. Түкіби кішкене тайымен жарбиған атардың қатарына барып қосылды. Ел абыр-сабыр болып, қыбыр-жыбыры көбейіп, бір дүрлігіп қалды да, артынша демдерін ішіне тартып, тына қалды. Түкіби тайымен күміс үзеңгісі жарқырап, аттарға барып қосылды.

 – Ертоқыммен шабасың ба? – деді ат үстіндегі бір бала. Сөйткенше болған жоқ Бейісбек шал: - Әй, Дуке, мұның не? Тайды әкеп атқа қосқаның? – дегенінде, «барсын» деді атасы. Бейісбек именіп, үнсіз қалды. Бар балаға мазақ болып, Түкіби аттармен бірге кете барды. Оны келемеждеп, кекетпегені жоқ. Өзінің тең құрбылары болса да ақиқаты осы. Бәріне көнді, бәріне шыдады. Өзі де сенімсіз. Тайы бәйгеден келе ме? Келмей ме? Ол жағы белгісіз. Бірақ, атасының алдында айтқандары тұп-тура келгендіктен, ол кісі де бір нәрсені біліп істеген шығар деген ойда.

 – Иә, аталар рухы қолдай көр! – деп келеді ішінен.

  • Ей, сен мынаумен біздің шаңымызға көмілейін деп келгенсің ғой? Масқара болмай тұрғаныңда, біздің топтан шық та, жөніңді тап, - деді ақ жал атқа мінген бір қара бала.
  • Ұяты болса, өзі де бірдеңе жасар, - деді екіншісі. Осылай кезек-кезек мұқату мен кекетуді естіген Түкіби олардың сөзін елең қылмай, топтан кетпеді.

 Белгіленген жерден аттар қайтты. Басында сұр тай тапырақтап шаба алмады. Аттардың ең артында қалды. Өзін қатты мұқатқан қара баланың айтқаны келді. Түкіби сасайын деді.

- Ой, масқара, бекер қосылған екем. Атам ғой ... , - деп іштей өкінкені де болды. Сөйткенше болған жоқ, сұр тай басқа шабысқа салды. Желдей есіп, аттардың бірінен соң бірінен озып, артына тастап келеді. Түкібидің көзінен жас парлады. Ысқырған ауа бетін сызып, су-су етеді. Сұр тай бауырын жазып, өзгеше күшпен алға ентелей түсті. Құйрық-жалы суылдап, мойнын сәл алға созып, құлағын жымырып, сырғып келеді. Танауы делдиіп, ұстаның көрігіндей бір ашылып, бір басылып, пыр-пыр етеді. Құдды «Алтын сақа» ертегісіндегі баланың қотыр тайындай ұшып келеді. Түкіби көзінің жасын сығымдап жіберіп, алдыға қарады. Жүйрік Өменторы кетіп бара жатыр екен. Той сайын бәйгенің алдын берген емес. Өменторыға сұр тай құйрық тістесе жақындады. Үстіндегі бала көзі шатынап, аузы қомпиып, аса бір ызалы қалыпта қызғаныш оты лапылдап, артына қарады. Сұр тай қатарласа берді. Өменторының үстіндегі бала қатты тебініп қап, қамшыны үсті-үстіне басты. Сұр тай зу етіп қасынан өте шықты. Алды – көмбе. Көмбеге де жақындады. Бәйгені күтіп отырған ел дүр етіп орнынан көтерілді. Сұр тай көмбені қиып өтті. Сол кезде атасы атымен жанамалай келді де, Түкібидің үстіне бір нәрсені жаба салды. Жапқан нәрсесі мұндай мол болар ма, тайдың денесін көрсетпей, сауырын жауып қалды. Тайдың бәйгеден келерін алдын-ала білген атасы осы бір жабуды әдейі дайындапты. Сол қалыпта аттардың бәйгесіне қарамастан тау асып, Батпақбұлақта отырған құтты қонысқа қуанышпен жетті.

 Сұр тай сол күннен бастап ел аузындағы әңгімеге айналды. «Тайдың аттан озып, бірінші болып келуін алғаш көруіміз», - деп кейбір адамдардың аузының суы құрыды. Кейбірі таңырқап, тамсанумен таңдайын қақты. Бұл бір керемет, ғажайып дүние болды. Түкіби тайға «Сұркиік» деп ат қойды.  

 Сұр тайдың ат бәйгесінен бірінші болып келерін алдын-ала білген атасы не деген білгір еді. Қазақта Толыбай деген сыншы болған екен. Ол өз алдына. Оны Түкіби көрген жоқ. Түкіби тұрмақ, атасы Дулат та көрген емес. Түкібидің көргені Толыбай емес, қарапайым өз атасы Тектібайдың ұрпағы Дулат еді. Соның сыншылдығына қайран болды.

 

                                                  Жемісбек Толымбеков

Бөлісу: