Тәуелсіздік сарбазы

27.11.2017 6755

Тәуелсіздік сарбазы

   1995 жыл. Тәуелсіздіктің 4 жылдығы. 3 жасар балам Амангелді жүгіріп жүр бөлмені басына көтеріп: «Қазақстан - Россия, Назарбаев – Ельцин. Мен - генерал болам!» - деп. Теледидар алдында жаңалықтарды көргенде есіне сақтағаны. Ол кезде мен баламның бұл сөздеріне аса мән бермесем де, періштесі аузына салып тұрғандай еді.

  Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарындағы еліміздегі экономикалық қиыншылықтар: уақытында төленбеген жалақылар, дүкендегі бос сөрелер – қазір көрген түстей болғанмен, туған еліміздің ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған азаматтардың жылы орындарын тастап, Сарыарқаның сақырлаған аязында Тәуелсіздігіміздің символы болған арман-қала Астананы салып жатқандары – «әлі-ақ бәрі жақсы болады» - деген ой-санамыздағы болашаққа деген сенім бізді қиыншылықтар- дан алып шыққан.

     1998 жыл. Амангелді Алматыдағы №115 мектептің табалдырығын аттап, білім әлеміне аяқ басты. Әпкесі Айгеріммен таңнан тұрып, біршама жерде орналасқан мектепке, достарымен жаяу жүріп, білім алды. Түскі астарына жұмыртқа, картоптан пирожки пісіріп салып берем, бөтелкелерін- де сулары бар. Қазір естеріне түсіріп, күледі ғой: «қоңырау кезінде жеп отыратын едік» - деп. Тәуелсіздік құрдастары ғой!

     2010 жыл. Алмалы ауданының әскери комиссариаты. Әскер қатарына шақырылған балалар медициналық тексеруден өтуге жиналған. Біз де келдік. Қабылдауда отырған жауапты адам Амангелдіге: « Әскери оқу орнына түскің келмей ма?» - деді. Атап айтып жатыр: Ақтаудағы әскери-теңіз училищесі, Ақтөбедегі ұшқыштар дайындайтын оқу орны, Щучинскідегі Кадет корпусы. Амангелді бірден оқимын деді, Кадет корпусын таңдады. Мен сол кезде баламның 3 жасында « мен – генерал боламын!» деп айтқан сөздерінің шындыққа айналып, арманының міне, орындалайын деп тұрғанын түсіндім. Кадет корпусындағы оқу мерзімі 2 жыл екен, баламды алысқа жібергім келмей, «әлі де ойлан, балам»- дедім. Ата-анасының рұқсаты керек екен. Амангелді маған қарап: « Мама, бәрі жақсы болады. Мен оқимын. Әскериқызметкер боламын»- деді. Сеніммен, нық түрде айтқан баламның сөзі маған ешқандай күмән қалдырмады. Сөйтіп, медициналық тексеруден толықтай өтіп, Амангелдіні Щучинскіге шығарып салдық. Алда оны Кадет корпусына қабылдану үшін физикалық дайындықтар күтіп тұрды. Байтақ еліміздің әр түкпірінен әскриқызметті таңдап келген балалар нағыз сарбазға тән қасиетті, денсаулықтарының қаншалықты төзімді, шыңдалғандығын осы физикалық жаттығуларда көрсетуге тиіс. Мен балама сендім. Амангелді мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, 3-ші сыныптан еркін күреске қатысып, футбол десе ішкен асын жерге қоятын. Каникулда бос жатпай, ерте еңбекке араласып, табыс та тауып жүрген. Әпкесі Айгерім де, қарындасы Айғаным да бауырларының бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, әскериқызметкер болатынына сенді.

   «Мен курсантпын. Кадет корпусына қабылдандым» - деген хабар да келді баламнан. Бұл нағыз шілденің шегіне жетіп, ыстықтан ми қайнайтындай Алматының жазы еді. Амангелдінің тілеуін тілеп, қала бердік. Уақытты ұстап тұра алмайсың, неткен жылдам!

     Қазан айында поездға билет алып, бұрын болып көрмеген Щучинскі қаласына жолға шықтым. Баламның Ант қабылдау рәсімі болмақ. Поездан түскен бір топ ата-ана, бір-бірімізбен танысып, бірден балаларымызға, Кадет корпусына баруды жөн көрдік. Тексеру пунктінде әрқайсымыз балаларымызды көргіміз келіп, шақыруын талап етіп жатырмыз. Оқу орны бастығының көмекшісі шығып: « Ант қабылдау рәсімі ертең сағат 10-да. Балаларыңыз дайындық үстінде. Қазір жолыға алмайсыздар» - дегенде әскери тәртіптің қатаңдығына көзіміз жетіп, жалдаған пәтерлерімізге  қайттық. Ата-аналар ауылдан әкелген тамақтарын шығарып, ертең Ант қабылдау рәсімінен кейін, дастархан жайып, балаларымызды тамақтандырмақ болып келістік.

     Сағат таңғы 10. Кадет корпусы. Ант қабылдау рәсімі. Әскери форма киген біздің балаларымыз сап түзеп, бұйрықты күтіп тұр. «Капитан мырза, Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының курсанты Қапасов Амангелді Ант қабылдауға келіп тұр...». 2 айдың ішінде ысылып, әскери тәртіпке үйренген курсанттар әскери-жаттығу ойындарын көрсетіп, өздері таңдаған әскери өмірге қаншалықты бейімділігін дәлелдеп жатты. Жарайсыңдар, сарбаздар! Соңынан оқу басшылығымен жиналыс болып, әскериқызметтің артықшылығы, жеңілдіктері, Тәуелсіз Қазақстанға сапалы дайындалған әскериқызметкерлер керектігін, Кадет корпусы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен ашылған әскери оқу орны екенін, курсант-

тардың жан-жақты білім алуына бар жағдай жасалғанын, мықты әскериқызметкер болу балаларымыздың өз қолында екенін баса айтты. «Кешкі сағат 18-ге дейін балаларыңыз бос. Тура сағат 18-де оқу корпусында болу керек» - деді. Міне, әскери тәртіп! Уақыт тығыз. Сағынып көріскен балаларымызды дастархан жайылған пәтерге әкеліп, тамақтандырып, керек заттарын алу үшін қаланың дүкендерін аралауға шықтық.

     Үстіне әскери формасы жарасқан Амангелді маған 2 айдың ішінде есейіп кеткендей көрінді. Саябақтағы орындыққа отырып, Алматыдан кітап дүкенінен сатып алып, арнайы әкелген жазушы Әзілхан Нұршайықовтың « Ақиқат пен аңыз» кітабын балама табыстадым.

       Кезінде, осы кітап шыққан мезетте алып, оқып, керемет ұнатқан едім! Оның үстіне бас кейіпкері атақты Бауыржан Момышұлы болса, қалай ұнамасын! Бірақ мен сол кезде өзімнің балам да әскериқызметкер болады деп, әрине ойлағам жоқ. Негізі, өзім кітапханашы болғандықтан ба, балаларым да кітап оқудан жалықпайтын. Амангелді де талай оқыған «Ақиқат пен аңызды». Өзі әскери мамандықты таңдағандықтан, бір жағы Бауыржан атамыздай болсын деген оймен кітапты бердім қолына. Сол кітап әлі сақтаулы. Көзді ашып-жұмғанша, Кадет корпусындағы 1 жыл да өте шықты.

     2011 жыл. Астана қаласы. 30 тамыз – Конституция күні. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған әскери парад. Ұлттық каналдан тікелей эфир өтіп жатыр. «Қорғаныс Министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының сарбаздары сап түзеп өтіп барады. Сапта оқу үздігі курсант Қапасов Амангелді» - деген диктордың дауысы, дәл сол мезетте Амангелдінің өзін де көрсетіп жатты. Қуаныштан, ішімнен « Жарайсың, балам» дей бердім... Туыстарымыз телефон соғып, құттықтап жатты. Сол оқыған 2 жылында үзбей хат жазысып тұрдық. Қарындасы Айғанымның жазған хатынан үзінді:

«Қымбатты Амангелді! Мынаны естен шығарма. Сен менің ағам ғана емес, әкемсің де. Өзің бақтың, тәрбиеледің, күн сайын ақша тауып тұрдың. Сенің жасыңда мұндай ерлік жүзден бірінің ғана қолынан келеді. Отанымызды сен сияқты ер азамат қорғайтын болса, халқымыздың көңілі жай және сол ер азаматтың менің ағам болғанына менің төбем көкке көтеріледі. Атам да (нағашы атасын айтады)  саған өз батасын берді. Ол: « Қарындасының ағасына жазған хаты қатты көмек болады, үзбей жазып тұр» - деді. Айғаным ол кезде 7-ші сыныпта оқитын. Міне, осындай тілекпен, атасының батасымен, өзінің де ынта-жігер, еңбегінің арқасында Амангелдінің Кадет корпусында оқыған 2 жылы да өте шықты.

       2012 жылдың шілде айы. Алматы – Петропавлск пойызында отырмыз. Әпкесі, қарындасы, мен – үшеуміз. Амангелдінің Кадет корпусын бітіру кешіне бара жатырмыз. Биыл Кадет корпусын бітірушілердің  14-ші рет шығарылуы екен. Балам Амангелді Қорғаныс Министрлігі Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусын әскери басқару мамандығы бойынша үздік бітіріп, қызыл диплом алды, корпустың лингвистикалық лабораториясындағы ағылшын тілінің негізгі курсын оқығаны жөнінде анықтама да алып шықты. Міне, нәтиже! Қуаныштымыз! Сәкен Сейфуллин жырлаған Көкшетаудың атақты Бурабайын көріп, Абылайханның әскери ставкасы болған аймақты аралап, арман қаламыз Астанаға жол тарттық. Керемет! «Бәйтерекке» көтеріліп, Елбасымыздың қолтаңбасына қолымызды салып, көрікті жерлерді аралап, жаңадан шыққан «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалап, қуанышпен Алматыға оралдық. Бір айдай демалған Амангелді оқу орны берген жолдамамен Отардағы әскери бөлімде еңбек жолын бастап та кетті.

       2013 жыл. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Отарда жауынгерлік әскери парад болды. Барып тамашаладық. Соғыс жағдайындағы қарулы күштеріміздің қаншалықты қуаттылығы, нағыз атыс, ұшқан ракеталар, танк, бронемашиналар, сарбаздардың әрекеті, ептілігі, тік ұшақтан секірген десанттар, нысанаға дәл тиген снарядтар – бәрі көз алдымызда өтіп жатты, айнала гүріл, атыс, шаң-тозаң, түтін – бір мезет соғыс жағдайында болғандай әсерде қалдық. Еліміздің Қарулы Күштерінің мықты екеніне, әрқашанда дайын екеніне көзіміз жетті! Мерекеге орай балама өлең арнап едім.

                     Балама

      (7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне)

Құтты болсын мерекең, балам,

Отан қорғау – ерлердің ісі!

Тәуелсіз бүгін Қазақстан

Әскері бар айбынды, күшті.

Бабалар аңсап, армандап өткен

Теңдікке жетті ұлтымыз.

Қорғаны болып еліңнің, балам,

Күзетте тұрсың. Жұрт тыныш.

Кеудеме сыймай мақтаныш сезім,

Сен үшін, балам, қуанам.

Абырой, атақ алатын өзің,

Анаңдай сүйсең Отанды, балам!

 

     Еңбегін адал атқарып, күн-түн демей полигонда жаттығып, оқыған білімін сарбаздарға үйретуден, өзі де үйренуден жалықпаған кәсіби аға сержант, рота командирі Амангелді республикалық әскери-патриоттық «Ақсауыт» бағдарламасының да кейіпкері болды. Қазіргі уақытта Алматыдағы әскери оқу орнында  әскери және физикалық дайындық нұсқаушысы қызметін атқарып, курсанттарға білім беріп жүр. Иә, арманынан адаспай, нақты мақсат қоя білген, Тәуелсіздігіміздің құрдастары Амангелдідей жастар – еліміздің болашағына өз үлестерін қосып жатқаны, олардың ата-аналарының жеңісі, ешбір қиындыққа қарамай, сол қиындықтың батпағына батып қалмай, бауыр еті балаларын дұрыс тәрбиелеп, дұрыс жол көрсете білген ата-ананың еңбегі ерлікпен пара пар.

«Ежелден ер тілегі – ел тілегі,

Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.

Қол жайып шын ниетпен бата берген,

Шаршаған жауынгерге бел тірегі» - деген екен Бауыржан атамыз.

Тәуелсіз Қазақстанның Амангелдідей жастары көп екенін мақтан етеміз!

Антыңа адал бол, Тәуелсіздік сарбазы!

 

 Қапасова Гүлмира Балтабайқызы

(Псевдоним Мира Омар)

 

Бөлісу: