Алтынның буы

23.11.2017 6189

АЛТЫННЫҢ БУЫ

/поэма/

 

 

Аспан мен жерді жалғап жаттанды күн,

Сол күннен сыр суырып ақтардым үн.

Ең басы қателігі адамдардың,

Білмейді қайда бара жатқандығын.

 

Бай болу – бүгін бізде бір-ақ арман,

Емі жоқ аурудың сұрап алған.

Дауасыз сырқатынан айыға алмай,

Құр үнсіз күрсінеді мына жалған.

 

Айырмай адалдық пен ақ-қараны,

Көк қағаз көңіл құрты, бақ қамалы.

Берекесіз тірліктің шоғын көсеп,

Ұлы ақыл - өлі мүше боп барады.

 

Ұрыс-жанжал, дау-дамай тек шықпайды,

Бәріне дүние себеп, көпшік қайғы.

Бойдағы  улы уыттың әсерінен,

Адамдар жүрген жерден шөп шықпайды.

 

«Сиқыр ақша» алдымен сананы алды,

Қалың ел бай-кедей боп дараланды.

Қоғамды кезіп жүрген бір қателік,

Мендегі тәтті ұйқыны тонап алды.

 

ІІ

 

Қайран абыз халқымның көркем есі,

Қашанда пенделерге ар төреші.

Есті сөз оралады орнын тауып,

Болмайды игіліктің ерте-кеші.

 

Қайша анам – Мәжен қажы немересі,

Қашаннан керілген кең керегесі.

«Мың бір түн» ертегісін көп айтатын,

«Көргендінің үлгісі» деген осы.

 

Әкесі – Саяхмет ел білетін,

Шежіре, әңгімешіл белгілі еді.

Бір таңға әңгімесін тыңдаған ел,

«Ертегіші Саяхмет» деп жүретін.

Шешем де есті сөзбен сусындаған,

Орайы келген жерде қымсынбаған.

Тектілік нағашыдан дейтін болса,

Жиендер қалай ғана тусын жаман.

 

Кешкілік ел орынға жайғасқанда,

Бала қиял шығарып айды аспанға.

Шешемді шыр айнала қоршап алып,

Бас қоямыз ертегі, ой-дастанға.

 

- Баяғыда - деп бастап ертегісін,

Тереңде бір күрсініс өртеп ішін.

Жасаураған көздерін сүртіп қойып,

Баппенен ақтаратын көркем ішін.

 

- Бір туған екі жігіт болған екен,

Ата-анасыз тұл жетім қалған екен.

Екеуі су жағалап, балық аулап,

Біріне-бірі серік, қорған екен.

 

Намысты ер кедейліктен жасымаған,

Мейірін бір төгер деп осы заман.

Құдайдың бергеніне тоба десіп,

Аға-іні екі отбасын асыраған.

 

Атадан қалған кәсіп балық аулау.

Азабын бұл кәсіптің жан ұғар ма?

Балықты өзен іздеп келе жатып,

Алыстан сағым көрді, таңы бар дау.

 

Дауласты бірі «жай бір сағым» деді,

Біреуі «от немесе жалын» деді.

Екеуін магниттей тарта берді,

Жалғанның жалтыраған сағым белі.

 

Жақын келсе, бір таудың кезеңі екен,

Кезеңнен ағып жатқан өзен екен.

Өзеннің күнгей беті қызғылт тартып,

Көрінген жұмбақ сырдың өзегі екен.

 

Пысық еді інісі ағасынан,

Бір сыр ұқты өзеннің жағасынан.

- Қазына бар осының бастауында,

Не де болса тартайық о басына.

 

Інісінің бұл сөзін құп алады,

Көңілінде жоқ оның түк алаңы.

«Мына жалған дүние - деп ойлады,

Тұрған шығар тағы да сынағалы».

 

Тау асып, тасты кезіп ұзақ жүрді,

Өзек жалғап, аң аулап, тұзақ құрды.

Ертеңгі кешкі бесін болған кезде,

Жылан көз бастауға кеп тұрақ қылды.

 

Тас жарған көз жасындай бұлағы екен,

Таң нұрына сағым боп тұрады екен.

«Алтынның түсі қызғылт болады» деуші ед,

Қызғылт сағым су түбінен шығады екен.

 

Қуанғаннан інісі жарылардай,

Құшақтады ағасын жаны қалмай.

- Біз алтынның үстінде тұрмыз, аға,

Бұдан артық бақ қане, тағы қандай?

 

Құдай бізді қашанғы жылатады,

Айтып ем ғой, таңымыз бір атады.

Жаббар ием, шын сүйген адал құлын,

Осылай тосын сыймен жұбатады.

 

Екеуі де ес шыға қуанысты,

Қос қолдап бұлақ суын жылап ішті.

- Ей, аллам, ұзағынан бере гөр деп,

Жалбарынды тұрғандай құран үсті.

 

Аз уақыт ес жинап кіріседі,

Жер қазып, алтынды алу дұрыс емі.

Бейнетпенен тас қашап, құмды қазды,

Алтын деген байлықтың ірісі еді.

 

Күні-түні екеуі дем алмады,

Алтын көрген көз құртын жеңе алмады.

Деуші еді жақсылыққа жету қиын,

Осы шығар жоқтықтан кек алғаны.

 

Сонда да түбін көрмей тоқтамады,

Қанағаттың қашанда жоқ қамалы.

Не нәрсенің шектен тыс көп болғаны,

Алдымен адам деген атты алады.

 

Мұндайда күн де, түн де келте сүрең,

Екі ғаріп енші алып жер төсінен.

Сайтан сағым қанағат шегін ұрлап,

Кенелді сол алтынға белшесінен.

 

Аға-іні есі жоқ, басы қауға,

Неге сонша құмартты осы жауға?!

Саф алтын екеуіне ғана емес,

Жететін бүкіл елді асырауға.

 

Інісі айтты – Қанағат осыған да,

Жетеді жеті ұрпақты асырауға -

Дегенін қайран аға тыңдамады,

Көңіл деген тына ма, тасығанда.

 

Есін ап адам атты ұлы күштің,

Азғын ойдан қызарып күн ығысты.

Ар сызығын айырмай, айғақтатпай,

Бары рас азғырынды ібілістің.

 

Ақыл-есті алтынның мысы басып,

Жауыздық пен ашкөздік ұшырасып.

Дүние шыр айналып жүре берді,

Мас адамның басындай құты қашып.

 

Бейуақыт, күн мен түннің арасында,

Бір жаман ниет туды ағасында.

«Алтынды мен бірінші таптым ғой» - деп,

Інісі шығар бір күн, таласуға.

 

Өлтірейін, байлыққа ортақ қылмай,

Жүрмейін алдында оның қорқақ құрдай.

Мұның көзін құртайын деп ойлады,

Әйелімді, баламды жалтақ қылмай.

 

Алтын көрген періште жолдан тайған,

Алды-артын ойлай алмай жардан тайған.

Адамның ниет-пейілі бұзылғанда,

Бауырына жау болар, ардан тайған.

 

Ойламады обалын бұл ісінің,

Соңынан ерген жалғыз тынысының.

Мақпал түннің құмарпаз құшағында,

Жанын алды, ағасы інісінің.

 

Азғын ойдан жауыздық жеткізіліп,

Есті істен есер бір ой өткізіліп.

Кіндіктен тарайтұғын бір жібек жіп,

Жат мінезді жеңе алмай, кетті үзіп.

 

Айыбы азғындықтың ата күнә,

Жұтым суды – атау кере атады да.

Тапқанын таңдайына бір татпай-ақ,

Аттанды іні киелі өлім сапарына.

 

Күнәсіз қан шашырап жапыраққа,

Қарғыс айтып құба бел ақымаққа.

Түн тұншығып аспанның құшағында,

Ай қарайды кінәлі топыраққа.

 

Санадан серпіп тастап сан күдігін,

Ағаны алып ұшты таң дүбірі.

Түтіннен жалау байлап ауыл тұрды,

Айғақтап бұл жалғанның мәңгілігін.

 

Өткенін тез ұмытты адам мына,

Ей, пенде, жылар болсаң, соған жыла.

Сырғиды суыртпақ жол көз талдыра,

Айналып жауыздықтың аралына.

 

Қап-қап алтын - пұлының санын күптеп,

Ырысым, ырыздығым, таңым құт деп.

Бір-ақ сәтте бай болып шыға келді,

Құрсақтас жалғызының қанын жүктеп.

 

Байлығы ештеңені ойлатпады,

Сәт сайын шығатындай жайлап таңы.

Байлық-дәулет сын дейді иесіне,

Дүние-жалған парқына бойлатпады.

 

Асып-тасқан бай болды мейірі жоқ,

Қайырсыз, қанағатсыз пейілі жоқ.

Малды иттікпен тапса да есі кірмей,

Адалдыққа жұмсауға кейібі жоқ.

 

Жалшының да ақысын жөн қылмады,

Мал шетіне тигенді оңдырмады.

Өзге түгіл өзінен малын аяп,

Маңайына қоңсы да қондырмады.

 

Кедейді түгі жоқ деп сынап аран,

Ашқарақ құмсарлығы дуалаған.

Кешегі жоқшылығын ұмытыпты,

Алтынның буына мас дүбара жан.

 

Өз байлығын күзетіп қасаң қылық,

Тыққан алтын тыншытпай осал қылып.

Біреулерді қаңғыртса жоқшылығы,

Байды алтыны қаңғыртты  масаң қылып.

 

Сайтан сағым жетелеп алдамшы арды,

Пұлы үшін талайды жардан шалды.

Иманы мен жиғанын екі бөліп,

Адам бұзып кіре алмас қорған салды.

 

Бұл жалғанды тулатқан Күн иеге,

Бұралаңын тірліктің мін ие ме?!

Өзіңді дүниенің құлы қылу

Ең ауыр азап шығар дүниеде.

 

Беймаза дүниеқұмар тағы байдың,

Таппады күндіз-түні жаны жайлы.

Алтынның буына мас болған адам,

Белі шыққан бесігін танымайды.

 

Мәнсапқа адам жаны тез көнеді,

Күн сайын болса дейді өз дегені.

Алтынның буына мас болған кезде,

Адамның ниет-пиғылы өзгереді.

 

Жалғанда жағымпазға атақ ермес,

Мейірімсіз, сараңдар бата көрмес.

Өзіңнен қызғанатын дәулет – малың.

Өзгеге өтіп, еліңе опа бермес.

 

Алтынның буын мәрттер таба алмайды,

Байлығың кетпес дәулет бола алмайды.

Мәреге өліп-өшіп жеткен жерің,

Балаңа мәртебе боп қала алмайды.

 

Ашкөздік – адасқанға алып қайғы,

Иманы бар жандар еш қорықпайды.

Өзіңнің өліп-өшіп шыққан шыңың,

Артыңа  биіктік боп жарытпайды.

 

Бірақ, мұны байғұс бай ұға алмады,

Естілердің айтқанын құп алмады.

Жер бетінде дұрыстап жүре алмады,

Адами шын жылап, шын күле алмады.

 

Қанағатсыз қу жаны тына алмады,

Дүние шырмауынан шыға алмады.

Сайтани бір сағымды қуамын деп,

Иманын жоғалтқанын біле алмады.

 

Түнде шошып оятып, түсіндегі үн,

Қыңсылайды көңілдің күшігені.

Есерсоқ, есссіздігі опа бермей,

Қатты шошып, ұлиды ішінде мұң.

 

Бұл жалғанның жеткізбей жоққа десі,

Алтын сағым арбайды көкте елесі.

Адамды қартайтатын уақыт емес,

Жіберген ит тірлікте көп қатесі.

 

ІІ

 

Сол жылдың қысы боран, ызғарлы еді,

Бай отырған қоныс та құз-қарлы еді.

Дәулет-малын өзгеден қызғанатын,

Сараң байдың қаһарлы, ызғар лебі.

 

Ақ боран алай-түлей, санаулы шақ,

Астан-кестен етті де, бар әнді сап.

Бай ауылын бір сәтте басып қалды,

Табиғат қателеспейді адам құсап.

 

Шіріген байлығының аран бағы,

Қайтсін енді түбіне бара алмады.

Жинаған алтыны мен ділдәлары,

Қу жанын аман алып қала алмады.

 

Адам күні адамсыз, күні қараң,

Дүние кімге жолдас – жолы тараң.

Екі иығы селкілдеп, ағыл-тегіл,

Жылап та үлгермеді сорлы сараң.

 

Алттың буы салған өзекке құрт,

Дүние жалған заңы кезек болып.

 

Тезекті домалатқан қоңыз кейіп,

Жиғаны қалды солай тезек болып.

 

Мал табуы адамның болмысынан,

Мал шашарлық болары жазмышынан.

Қиын дейді қарғысы адамдардың,

Жаратушы құдайдың қарғысынан.

 

Алтын - тура жолыңнан бұрады екен,

Дейтіндей «ақылыңды сынап өтем».

Періштені «жолынан тайдырам» деп,

Алтын деген қан тілеп тұрады екен.

 

Беймаза рақым іздеп текке күннен,

Бір жауап таба алмай-ақ өткенінен.

Бейопа қаталдығы жанын жеумен,

Тыныш өмір сүре алмай өтті өмірден.

 

Айналып құрбанына сел-көшкіннің,

Жиғаны бұйырмады келмес күннің.

Кетпейді о дүниеге көздің жасы,

Шектірер қасіретін өрмекші күн.

 

Сүреңсіз мына жалған сан ағатсыз,

Ақша деп адамдықты тонап аппыз.

Бір уыс топыраққа ғана тойған,

Түбі жоқ адам көзі қанағатсыз.

 

ІІІ

 

Қабақтың қыртысына ой түнетіп,

Жаулығына оралып ай тілегі.

Әңгімесін аяқтап болған шешем,

«Алтынның буы қиын» дейтін еді.

 

Өмірдің мектебінен туындаған,

Көтерген бар байлықтың буын далам.

Бек болу, бай болу да қиын емес,

Көтере алса алтынның буын, санаң.

 

Байлық буы адамнан өтеді екен,

Ақылың серік болсын өте бекем.

Алтынның буына мас болған кезде,

Ашқарақ көз түк көрмей кетеді екен.

 

Алтын көрсе бұзылған ар атасы,

Бола алмайды жаныңа арашашы.

Ақыл-есін буына алдыратын,

Алтын таққа отырған хан опасыз.

 

Қазіргілер қазақтың салтын бұзып,

Сый қылады тойларда алтын жүзік.

Мысқалдай алтынның да өз буы бар,

Көтере алсаң, сал сонда алтын жүзік.

 

Бабаларым күмісті ардақтаған,

Қыз көркі мен бөркіне салмақтаған.

Қарапайым, елеусіз көрінетін,

Күмісте қасиет бар ардақтаған.

 

Күміс ер, күміс қамшы ырыс деген,

Қалыңдықты күмістеу дұрыс деген.

Шайқасса сабыр, салмақ береді деп,

Ердің тоғыз қаруын күмістеген.

 

Бұл фәнидің қас-қағым сынағы шын,

Ұғысар уақыт болар бұла күшін.

Құдай өзі күміске қуат беріп,

Ал алтынды жіберген сынақ үшін.

 

Жұмбақтың білмейміз біз атын әлі,

Дүние – мұхит, теңізге батырады.

Алтында еліктету, елірту бар,

Күміс – ақыл, сабырды шақырады.

 

Солай, балам, алтынның мұраты жоқ,

Жүрген жері қантөгіс, сынағы көп.

Өзінің жылтырына сенгеннен соң,

Көшіп-қонып жүреді, тұрағы жоқ.

 

Алтын құрмет тілейді – ардақты бол,

Күмістей болсаң, асыл салмақты бол.

Деп түйіндеп, аяқтап әңгімесін,

Ана мейір өзіме таңдатты жол.

 

ІV

 

Пенде ғұмыр бір күліп, бір жылайды,

Бір түйсік сезген ақын жыр құрайды.

 

Жығылып – сүрінбейді адамға ұқсап,

Жалғанда ағаш қана бір құлайды.

 

Ақшаға піскендерді бары алдағын,

Мансапқор, марғауларды төр алдаған.

Байларда мықтылардан әлсіз басым,

Жолдарын шырағайлап таба алмаған.

 

Болмайды асқақтықтың тегін емі,

Алтынның буынан ес тебінеді.

Дүниенің, көңілдің құлдары боп,

Адамдар екі топқа бөлінеді.

 

Көңілдің құлы болсаң, оқасы жоқ,

Еліңнің есті сөзі, батасы көп.

Егер де дүниенің құлы болсаң,

Түбіне жеткізбейді, опасы жоқ.

 

Бүгін алшаң басқанмен жалған кейіп,

Мынау бес күн тірлікті жалған дейік.

Бір уыс топырақтың астындағы

Шіріндіге айналар қайран кейіп.

 

Баталы құл арымас, берген көптің,

Естанды, есер болсаң, елден кеттің.

Бәленше деген байдың құрметіне

Алтыннан салған зират көрген жоқпын.

 

Жалғанда жалған ісін хақ сайлаған,

Данадан, ақылдыдан бақ таймаған.

Байға да, ханға да емес, әкімге де,

Ақынға тағзым етіп, ақ байлаған.

 

Қашанда жақсылықтың көп сауабы,

Адамның өз ісіне дөп жауабы.

Жас болып, барлық күнә-күнәһарлық,

Қыста қар, жазда жаңбыр боп жауады.

 

Заман көшін өзгертіп нарық келді,

Санамызды сандалтып, салық - белді.

Алтынның буына мас пенде тірлік,

Әлемдік дағдарысқа алып келді.

 

Адам саумақ заманның сыңсығаны,

Сайқал сөзді сүйрелеп, қырсығады.

Мың дауысты парламент мінбесінен,

Дауысы шықпай бір шындық қырсығады.

 

Тойға келген қыз дейді бақ дегенің,

Қолдың кірі емес пе – тақ дегенің.

Күллі әлемді оятқан құндағынан,

Бармақтай-ақ дейді ғой бақ көлемі.

 

Айды аспанға білеген сері небір,

Тірлігінде алаң бар, өр реңі.

Адасқан аралында жалғыздықтың,

Жалғыз қаздай боп маған көрінеді.

 

Саумал сабыр, самалдай байсалдылық,

Үндемейміз. Бізге тән қайсар қылық.

Алдына жан салмайды үндемеуден,

Қайран қазақ, жатса да ай саңғырып.

 

Көптің ісі, сөзінде бүкпесі жоқ,

Ақын – жалғыз, жанкешті жүк көші көп.

Өмір деген жалғыз бен көпшіліктің,

Бітіспейтін майданы, нүктесі жоқ.

 

Сәнге айналып құранның шариғаты,

Қаулап өсті, саудагер қари-қажы.

Ар мен ұят байлықтың ең бастысы

Ұятсызданды адамның табиғаты.

 

Қазақ салты – сан қырлы сыры неткен,

Суыртпақ сыр қозғайды тілі жеткен.

Дана халқым кез келген жақсылыққа,

Қарапайым күмісті ырым еткен.

 

Бабам салған сара жол алабөтен,

Кешегіден бүгінгі сана бөтен.

Өркөкірек, паңдықтан сақтасын деп,

Күмістен өңір-алқа тағады екен.

 

Бабаларым мән берген асыл іске,

Ескерусіз қалады асыл іс кей.

Күміс жүзік салмаған әйел қолы,

«Таза емес» - деп кетеді асын ішпей.

 

Жат пиғыл, жат қылықтан ада бол деп,

Күмісті салмақты да, мазалы ол деп.

Нәрестені қырқынан шығарғанда,

Түсірген күмісті суға «таза бол» деп.

 

Алтын адам пейілін тарылтады,

Күміс сырқат дертіңнен жазылтады.

Күмістен жасалатын зер белбеулер,

Адамды артық майдан арылтады.

 

Күміс қазақ халқының тұмары деп,

Жақсылық атаулының тұрағы деп.

Күмістелген ыдыстан сусын ішкен,

«Асқазанды тазатып тұрады» - деп.

 

Алтын – қатал, тәкаппар, атаққұмар,

Мақтанғанды сүйеді атақтылар.

Күмісте бір тылсым бар қарапайым,

Сол пейілден қасиет одақ құрар.

 

Жазмышта жылтыр жүзде ес болмайды,

Қасиет те олармен дос болмайды.

Алтынның өзіне сай өз иесі,

Иілмейтін қазықтай бас таңдайды.

 

Алтын салып серттескен неке бүгін,

Жүзік салу – мәні зор, жеке білім.

Мешітте күміс жүзік салынғанда,

Жоқ еді ажырасу деген ұғым.

 

Бұл сырға жетпесе де шамалары,

Сезімді қадірлеу деп саналады.

Аты жоқ саусақтарға жүзік салған,

Жұбайлар мәнін білмей барады әлі.

 

Аты жоқ саусақ ерек, сана бағы,

Сезімнің нүкте, көзі саналады.

Дәрігер қаннан талдау алған кезде,

Дәл осы саусақтан тек қан алады.

 

Некені байлау етіп күміспенен,

Айырып адалдықты бұрыспенен.

Неке суын жұбайлар пәк болсын деп,

Ішкізген күмістелген ыдыспенен.

 

Күмістің кім қадірін түсінеді,

Салмағымен сабырды пісіреді.

Саусақтағы алтынның мысқал буы,

Сезімді сергелдеңге түсіреді.

 

Өлшеусіз өмірге кім құнығады,

Білмейміз оның ішкі сырын әлі.

Өмірде көп нәрседен адастырар,

Сезімнің сергелдеңін кім ұғады?!

 

V

 

Ертеде бір топ әскер дала сынап,

Кен іздепті Сарыарқа даласынан.

Ертістен шағылысқан сағым көріп,

Жеті шатыр салдырған жағасына.

 

Жеті шатыр – Семейім құтты мекен,

Ұлыққа, кішікке ортақ мықты мекен.

Алтынын атомына айналдырған,

Кесірді қазықбастар ұқты ма екен?!

 

Сарғайған далам үнсіз сырға бөгіп,

Кесірлі қасіретін жылға бөліп.

Таландыға булығып түскен сайын,

Асау Ертіс жылайды жылға болып.

 

Семейдің көз салдым да көшесіне,

Киесіне қызыққан дос өшіге.

Есті алатын алтын тас жинамадым,

Түйір ақыл жинадым есесіне.

 

 

Таза еңбекпен тапқан мал рас ұғылған,

Адал жанның елі үшін басы құрбан.

Өмір атты ұстаздан сабақ алып,

Жасығы емес, сыр ұқтым асылынан.

 

Адал еңбек, маңдай тер жиғанға мін,

Ашкөздікке бой ұрсаң иманға мін.

Алыс емес шығар-ау ар майданы,

Тиынға сатқаны үшін имандарын.

 

Дүлейлер аздырады аяғышты,

Уақыттың сабыры да баяу, күшті.

 

Құдайдың құбылмалы күні мынау,

Албасты басқандай бір аянышты.

 

Ей, адам!

Салмағың алтыныңды бас ала ма,

Ақылың дәулетіңнен аса ала ма?!

Байлықтың тұман-буын жеңе алмасаң,

Алтынды, өзіңді де мазалама?!

 

  Алмахан Мұхаметқалиқызы 

  Астана                                              

Бөлісу: