Ата мен немере

24.11.2017 14714

І. Ө Л Е Ң Д Е Р

Ғаламтордың әлегі

 

Сабақтан келген Бақтұрлы,

Киімдерін лақтырды.

Сөмке қалды ашылып,

Дәптер қалды шашылып,

Әкесі тыққан сотканы,

Апасына таптырды.

Ғаламторға үңіліп,

«Аватарға» тәк тұрды.

-Тамағыңды іш, балам-ай,

Деген сөзге қарамай,

Бөгде үнге құлақ түрді.

Ютубтағы боевик,

Көңіліне  ұнап тұрды.

Дайын тұрған түстегі,

Тамағын да ішпеді.

Есі-дерті вацап боп,

Дүние кілтін ашпақ боп,

Ұмытты біздің Бақтұрлы,

Жаттығуды үштегі.

Қазір, қазір, қазір деп,

Әртүрлі сылтау әзірлеп,

Ноутбуктен  түспеді...

Ертеңіне Бақтұрлы,

Түске таман бір-ақ тұрды.

Дәл осы сәт басында,

Сабақ деген сұрақ тұрды.

Ал мектепте Бақтұрлы,

Екі алып жылап тұрды...

 

Ерегестің зияны

 

Екі бұғы ерігіп,

Алаңқайға шығады.

Екі бұғы желігіп,

Ерегесіп тұрады.

 

-Менің жерім жайлайтын,-

Деді бірі жайғана.

-Менің жерім ойнайтын,-

Деді бірі айғайлап.

 

Осылайша екеуі,

Бір сағаттай ұрысты.

Кімнің дұрыс екенін,

Білуге шын кірісті.

Мүйіздерін тармақты,

Бір-біріне сілтеді.

Жайқап мүйіз салмақты.

Бірін-бірі түртеді.

 

Алаң тарлық қылды ма?

Шегінісіп тұрысты.

Мөңіресіп  тұрды да,

Салды сойқан ұрысты.

 

Көздерімен атысып,

Ілігісіп алысты.

Мүйіздері шатысып,

Жақтары да қарысты.

 

Тізелері бүгіліп,

Жібермеді намысты.

Ойдым-ойдым оқпан ор,

Жауа жауған қар үсті.

 

Сүзгілесіп жүргенде,

Мүйіздері шатысты.

Ажырата алмай ілкемде,

Сілелері қатысты.

 

Тұрып қалды екеуі,

Бір-біріне байланып.

Шыға келді көп қасқыр,

Жеуге дайын жайланып.

 

Ақылдары кем болды,

Қасқырларға жем болды.

 

Қасқыры бар орманда,

Аюың  да болған да.

Табылады айдаһар

Шым-шытырық жолдан да...

Керек емес төбелес,

Түбіңе жетер ерегес.

Ел болам десең мәңгілік,

Бір-біріңді елеп өс.

Бір-біріңді демеп өс.

 

Инелік

 

Инелік-ау, инелік,

Инелікке тимедік.

Илмиеді ұшады,

Жәндіктің тікұшағы.

Құс емес, қанатты,

Көздері қарақты.

Бақа көз жанармен.

Шолады тарапты.

Жұп-жұқа төрт қанат,

Көтеріп тұрады.

Көнектей ауызбен,

Масаны қырады.

Түкті мұрт түрімен,

Қашанда  қырағы.

Айында тамыздың,

Далада тұрағы.

Инелік-ау, инелік,

Инелікке тимелік.

 

Тосын сұрақ

 

Түйіп қалғандай төбеден,

Сұрақ қойды немерем.

-Ата, сіз айтасыз:

Көйлегіңнің етегі,

Желбең, желбең етеді.

Ал кітапта жазылған,

Асқар таудың етегі.

Түсіндірдім өзімше,

Дүйім жұрттың көзінше:

-Таудың да болады басы,

Болады  және етегі.

-Тауда етек бола ма?

Шапаны жоқ қой киетін.

Таудың басы бола ма?

Бөркі де  жоқ киетін.

Тауда бас бар дегеніңіз,

Мүлде дұрыс емес қой.

Бұл мағынада тұрғанда,

Бас: ұғым, елес қой.

-Біліп тұрсаң  бәрін,

Сөздің мәнін, құрамын.

Атаңның басын қатырып,

Несіне сұрайсың шырағым?

Дейді маған немерем,-

Сіздің біліміңізді сынадым.

 

Жайқалған жасыл құрағым,

Таудан аққан бұлағым.

Шырқала берсін жыр-әнің,

Таусылмасын сұрағың.

Тіпті жүзден асқанша,

Жауап беріп тұрамын.

 

 

Есірткен есімдік

 

Сөйлемнің бір тірегі,

Сілтеу есімдігін кім біледі?-

Деп сұрады  мұғалім.

Қышып иек, құлағым,

Ойша жауап құрадым.

Қол көтердім білем деп,

Мұғалім тұр күлмеңдеп,

Жарайсың деп шырағым!

Тентек ой тұр түрткілеп,

Өлең құрауымды жұрт білед.

-Анау –деген ағай ғой,

-Мынау –деген мұғалім,

Айтқан сөзін ұғамын.

Сілтесе  де  сызғышпен,

Сілейіп мен  тұрамын.

Оқушылар ду күлді,

«Тапқырсың» деп қу тілді.

Қарап қоям ағайға

Айғайлар деп қалай да.

Мұғалім бірақ ұрыспады,

Бір ауыз сөзбен дұрыстады.

«Жақсы сөз – жарым ырыс»- деді.

Ойлы өлең жазуға тырыс- деді.

Ұстаз сөзі өмірлік ақыл болды,

Тентек бала өскенде ақын болды.

 

 

 

Ата мен немере

 

  • Ата, аппақ не?
  • Жауған ақ қар.
  • Сатпақ  не?
  • Кір-қожалақ балалар.
  • Тақпақ не?
  • Ұйқас өлең  жолдары.
  • Қақпақ не?
  • Қазан жапқыш тойдағы
  • Шатпақ не?
  • Олақ сөздер ойдағы.
  • Батпақ не? – деп,

Немере сұрап қоймады,

Сұрауға және тоймады.

 

  • Баса берсең бір жерді

Батпақ болар.

  • Айта берсе бір сөзді,

Шатпақ болар.

  • Мәтелдетіп сөйлесең,

Тақпақ болар.

  • Ата-анасын сыйлаған

Арлы бала

Жаңа жауған ақ қардай

Аппақ болар.

 

Әліпбидегі сөз ұйқас

 

А-  дегенім Ағылшын,

С – дегенім Самырсын.

Бар бала орманнан табылсын,

Тауып алсын Қауырсын.

Б –дегенім Білеу,

Т –дегенім Тіреу.

Жалқау екеніңді,

Біліп қалмасын біреу.

Ә –дегенім Әулет,

С – дегенім  Сәулет.

Тілегің қабыл болып,

Құдай берсін дәулет.

В – дегенім Вагон,

П – дегенім Погон.

Орысшада білгенің жөн.

Келте болмайды,

Келісіп пішкен тон.

Г – дегенім Гүл,

Д – дегенім Дүр.

Жеті атаңды біл,

Тимесін саған тіл,

Аман-есен жүр.

Ғ– дегенім Ғалым,

З – дегенім Залым.

Д– дегенім Дарын,

А – дегенім Арың,

Отан үшін аяма,

Күш-қуаттың бәрін.

Е – дегенім Ерен,

Б – дегенім Берен.

Т – дегенім Терең

Арта берсін мәртебең.

Ж – дегенім Жаз

Г – дегенім Газ

Қ – дегенім Қаз

Н – дегенім Наз

Алтын шыққан жерді

Белуардан қаз.

З – дегенім Зақым

Т – дегенім Тақым

И – дегенім Ине

Т – дегенім Түйме

Обал болады,

Құстарға тиме

К -  дегенім  Көнек

Б – дегенім Бөбек

Мүсәпірді мүсірке,

Керек оған көмек

Л– дегенім Лағыл

Ш – дегенім Шағыл

Л - дегенім Лақ

С – дегенім Сақ

Бай болам десең,

Малды дұрыс бақ

М – дегенім Манат

Ж– дегенім Жанат

Қ - дегенім Қанат

С – дегенім Санат

Үлбіреген жас ұрпақ,

Жер-су саған Аманат.

Н  - дегенім  Нарық

Бойыңа намыс дарыт.

Ұлтыңның ұлы бол,

Топты жарып.

Ң – әрпі сөз соңында тұрады,

Аң-таң, Ойпаң, Маң, Таң

Деген сөздер құрады

О дегенім Отан,

Қ -  дегенім Қотан

Ел жүгін көтерер, ботам,

Қайыспасын жотаң

Ө – дегенім Өктем

К  - дегенім Көктем

Наурыз –Жаңа жыл,

Келетін көктен.

П - дегенім Пайым

Қ– дегенім Қайың

Ж – дегенім Жайын

Жарқын болсын райың

Р – дегенім Рақым

А – дегенім Ақын

Ә – дегенім Әкім

Болған абзал

Халыққа жақын.

С – дегенім Сүлік

К– дегенім Күлік

Еңбек ет білекті түріп.

Т – дегенім Тамыр

Ә – дегенім Әмір

Көрсетпе ешкімге зәбір

Адамға керегі сабыр.

Ш – дегенім Шелек

З – дегенім Зерек

Е – дегенім Елек

Ғалым болу үшін

Білімді болу керек

У -  дегенім Уайым

Сақтасын одан құдайым

Тазалық сақтап

Бет-қолымды жуайын

Ұ– деген Ұлан

Ә - Әнұран

Айтатын жыр-ән.

Көгінде тек ұшар қыран,

Елімнің ержүрек

Сақшысы болып тұрам.

Ұ – дегенім Ұрыс

Ұрыс болған жерде

Болмайды ырыс

Осы мәтелді түсінгенің дұрыс.

Ү - дегенім Үміт

Ү – дегенім Үгіт

Болмасын ойда күдік

Боламын  өскенде

Тепсе темір үзетін жігіт.

І – дегенім Ілгек

Д – дегенім Дүрмек

Жүрген адам жөргем ілмек

Х – дегенім Халық

А – дегенім Анық

Ш- дегенім  Шарық

Оқығанның алды жарық

Һ  - дегенім Қаһарман,

Қуған жауды тақалған

Ш – дегенім Шүлен,

Шүлен сөзінің мағынасын білем.

Шүлен – мырзалық, дархандық,

Шоң, шонжар, бай-бағлан кілең.

Ы  - дегенім Ырыс,

Ы – дегенім Ыдыс.

Ырыс болмай,ыдыс болмайды,

Басқа ырзық қонбайды

І – дегенім Ізет,

Атамекеніңді күзет.

Я әрпі сөз  соңында тұрады,

Қия, Мия, Сия, Ұя

Деген сөздер құрады.

Таусылмасын ешқашан,

Сөздің мөлдір бұлағы.

Таусылмасын ешқашан.

Балдырғанның сұрағы.

 

Бәрі  керек мамандық

 

Техниканың тетігін,

Әр бөлшектің кетігін.

Тауып айтып, жөндейтін,

Инженер жақсы мамандық,

Көрмейсің одан жамандық.

 

Ертеңгінің ғалымын,

Ақыны мен дарынын.

Оқытып, білім беретін,

Мұғалім жақсы мамандық,

Көрмейсің одан жамандық.

 

Жер қопарып, кен қазған,

Алтын менен жез қазған.

Көмірі -  елдің  өмірі.

Шахтер жақсы мамандық,

Көрмейсің одан жамандық.

 

Бас ауырса баратын,

Жүрегіңді жазатын.

Бүйрегіңді бүтіндер,

Дәрігер жақсы мамандық

Көрмейсің одан жамандық.

 

Қиыр шетте шекара,

Құлан өтпес екі ара.

Күндіз-түні күзетер,

Сақшы жақсы мамандық

Көрмейсің одан жамандық.

 

Қазы-қарта жегейсің,

Қарным ашты демейсің.

Ақтабан ат астыңда.

Жылқышы жақсы мамандық,

Көрмейсің одан жамандық

 

Керегі бар әншінің,

Керегі бар малшының.

Ниет қылып меңгерсең,

Жайып салар бар сырын,

Өмірлік сенің талшығың.

Өз ісін жетік білетін,

Жайраң қағып жүретін.

Көрсең білгір маманды.

Мен де осылай болам деп,

Болу керек табанды.

 

Атамның ордені

 

Омырауы толы орденге,

Менің батыр атам бар.

Бала-бақшадан келгенде,

Құшақтап мені қарсы алар.

 

Орденіңді берші деп,

Атамнан мен сұраймын.

Келші ботам, келші дер,

Атама мен ұнаймын.

 

Атам мұртын шиырып,

Сұстана бір қарайды.

Сұраған соң қиылып,

Дейді маған жарайды.

 

Тағып алдым орденді,

Ауыр қандай салмағы.

Әйбет қылып кеудемді,

Сәуле шашты жан-жағым.

 

Сұрапыл жылда кешегі,

Тынышын алған жер-көктің.

Қайталанған неше мың,

Куәсі болған ерліктің.

Тағып алдым орденді,

Батыр екен деседі.

Қуат кернеп кеудемді,

Шаңдаттым мен көшені.

 

Балам батыр болсын деп,

Бақыт құсы қонсын деп.

Атам менің еңселі,

Күнде орденін шешеді.

 

Батыр Нүркен

 

Бүйіріне оқ тиді,

Нүркен ұшқан ұшаққа.

Отты жалын дөп тиді,

Самолетті құшаққа ап.

 

Төменде жау тобыры,

Танкіменен зеңбірек.

Төменде жау шоғыры,

Қорқынышты көрінед.

 

Отан үшін ойланбай,

Отқа түсер шақ тұрды.

Ұшағын Нүркен аймаңдай,

Жау тобына лақтырды.

 

Жайрап қалды көп дұшпан,

Қару-жарақ көкке ұшты.

Солдаттар көп оққа ұшқан.

Орман-тоғай от құшты.

 

Мәңгі есте қалдырды,

Елі батыр ұшқышты.

 

Мен де сарбаз боламын

 

Бабаларым кезінде,

Жоңғарменен соғысқан.

Жүз жыл бойы айқасып,

Қуды ата-қоныстан.

 

Отан үшін отқа түс,

Күймейсің,- деді Бауыржан.

Батыр бабам сияқты,

Қорықпаймын жауымнан.

 

Әлия мен Мәншүктер,

Ерлік, елдік  шырағы.

Бауыржан мен Рахымжан,

Туралы көп сұрағым.

 

Рахымжанның Қасымы,

Ақын, әрі жауынгер.

Сондай болсам асылы,

Жұрттың бәрі тәуір дер.

 

Елең қылмас дауылды,

Жауыны мен нөсерін.

Көрмейтін бір дамылды,

Сарбаз болып өсемін.

 

Жаңа жыл шыршасы

 

Жақсы көрем әкемді,

Әкем шырша әкелді.

Безендірдік шыршаны,

Жарқ-жұрқ етіп тұр шамы.

 

Әжем ақырын ұрсады:

- Үшкір екен қылқаны,

Байқап-байқап іліңдер,

Кіріп кетсе іріңдер.

Жылдың басы Наурыз,

Аққа тиген аузымыз.

Күн менен түн теңелген,

Халық асқа кенелген,

Күннің өзі күлімдер,

Жыл басы деп біліңдер.

 

Ілдік әйгі ноянды,

Арыстан мен қоянды.

Жасыл шырша әдемі,

Түрлі түспен боянды.

 

Айдана әсем әндетті,

Аружан асты дәмді етті.

Ал мен апам сыйлаған,

Жақсы көрем конфетті.

 

Ауылға бар

 

Сүр етін ілген сөреге,

Байланған бие өреде.

Қымызынан сусындап,

Қою сүт ішкің келе ме?

Апаң, атаң шақырса,

Ауылға бар ендеше.

 

Ащы, тұщы құрты бар,

Аппақ ақша бұлты бар.

Көктем көктеп келгенде,

Бәйшешегі құлпырар,

Ауылда жылқы бағасың,

Шақырса егер нағашың.

Жиен ағаң сонда жүр,

Еңбек ері баһадүр.

 

Ауылда бәсіре атың бар,

Ағайын,жекжат,жақындар.

Ауылда туған ақындар,

Алып тұлға батырлар.

Жайың жоқ сенің дамылдар,

Ауылда туған ғалымдар.

 

Ауыл – алтын бесігің,

Танытқан дана есімін.

Айқара аш ауылдың,

Балдырған, сен де есігін!

 

Гүл мен күл

 

- Гүлге су құй Өзтүрік,

Дегеннен соң апасы,

Гүлі күл боп естіліп,

Бейуақытта кешкілік

Сөнген шоққа пештегі,

Суды аямай шашады.

Көтеріліп күл шаңы

Бөлме ішін басады.

Келген көрші апамыз,

Далаға қарай қашады.

 

Тиянақсыз баланың,

Тындырымды ісі жоқ.

Тиянақты баланың,

Тындырымды ісі көп.

 

Өтірік өлең

 

Айт десең айта алмаймын өтірікті,

Ұшақ қылдым ұшқан құс кекілікті.

Ақ аюды ағылшынша үйретіп,

Іні қылдым ырылдақ  бөлтірікті.

 

Өмір сүрем мен өзі ішпей-жемей

Америка, қытайларың бізден кедей.

Бір жылда онжылдықты бітірдім де,

Профессор атандым сөйлей, сөйлей.

 

Қанат байлап қолыма ғарыш кездім

Кеше ғана Марсқа барып келдім.

Сол жердің суын ішіп, жерін жайлап,

Топырақ сынамға алып келдім.

 

Топырақ дегенім қаймақ екен,

Марс дегенің бір жылы аймақ екен.

Елімді сол Марсқа көшірем де,

Марсты өмір бақи жайлау етем.

 

Ол жерде мектеп деген болмайды екен,

Оқу оқыған мылжың боп оңбайды екен.

Не тамақ жоқ ішетін, не жылу жоқ,

Ауамен коректеніп тоңбайды екен.

 

Сол жерде қырық күндей жатып алдым,

Мылтықсыз қырық қоян атып алдым.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен келістім де,

Марсты мәңгілікке  сатып алдым.

 

Данияр –олимпиада чемпионы

 

Экранға үңіліп

Бұ дүниеден түңіліп,

Жанкүйер боп жүгініп,

Көлеңкемді сабадым.

Тілек тілеп Алладан,

Жеңісті мен қаладым.

Уа, Данияр, қарағым,

Жалт-жұлт етіп жанарың,

Бақсы болып бақырған,

Күші жетпей ақырған,

Шахрамға шүйлігіп,

Сұстана бір қарадың.

Алу үшін амалын,

Өзбек ака қамалын,

Соққылардың сүңгісін,

Дәл шықшыттан қададың.

Оқ жыландай оқтанып,

Оң қолыңды сермедің.

Қырандарша сілкініп,

Жеңісті қолдан бермедің.

Қырғиларша қыдиып,

Төбелеске кел дедің.

Түсіп кетпей ұнжырғаң,

Әр  қимылды санадың.

Қарсыластан қаймықпай,

Айбаттана сабадың.

Екі қолың наркескен,

Ұрыспенен жан кешкен,

Бағзы батыр бабаларыңдай

Әрлі-берлі жанадың.

Дәл осы сәт өзіңді,

Қызылбаспен айқасқан,

Қобыландыға баладым.

Уа, Данияр, қарағым!

Жарадың сен, жарадың.

Жеңісіңмен  желпінттің

Сақ, түркінің алабын.

Аман болсын әрқашан,

Төрткіл дүниені тәнті еткен,

Жігіттері даланың!

 

 

Сақталған салтым бар

 

Салт-дәстүр  сақталған,

Мұрасы қазақтың.

Жадында жатталған,

Алғанша азат күн.

 

Биі бар, күйі бар,

Өнерін түйіп ал.

Қалың мал бер дағы

Қыздарын сүйіп ал.

 

Бар оның шілдеханасы,

Ер қорғар баласы.

Мақалдап сөйлейтін,

Ақсақал данасы.

 

Үлкенді сыйлайтын,

Қыздарын қыймайтын.

Той болса жар салып,

Аймақты жинайтын

 

Қазақтың салты бар,

Ақкөңіл халқы бар.

Жауынан ықпаған,

Ерекше даңқы бар.

 

Бар онда көкпары,

Жоқ онда оқ-дәрі.

Бар оның күресі,

Жоқ оның шоқпары.

 

Салт-дәстүр бұрынғы

Қызға үлгі бұрымды.

Ұлға үлгі қорғайтын,

Тауыңды, қырыңды.

 

Қазақтың әні бар,

Сөзінде мәні бар

Бір сөзбен дау шешкен,

Қазақты танып ал.

 

Мәңгі өшпес салтым бар,

Мейірімді халқым бар.

Жүз ұлттан құралған,

Ел болған қалпым бар.

 

 

Сүзеген сиыр мен тентек бала

 

Балалық шақ,

Салмақ салар анаға.

Отбасында арқа сүйер бар аға,

Үш жастамын түк кірмеген санаға.

Басты  сұқтым шыға беріс есікке,

Шығайын деп бір уақыт далаға.

 

Шығып едім,

Бір сиыр тұр қасынып,

Ашық тұрған есіктің

Жақтауына асылып.

Ақбас сиыр, не дөнежін,  құнажын.

Бірден жөнеп кетуге

Болмай қалды лажым.

 

Мен қарадым сиырға,

Ол да маған қарады.

Ежірейіп екі көз,

Пысылдады танауы.

Екі аттам есікте

Қасынып тұр жануар,

Қалай шығу керек деп

Ішім оттай жанады.

 

Біліп тұрмын сиырдың

Нақ сүзеген екенін,

Түрткіледі тентек ой,

Не болса да өтемін.

Тұра қаштым қарсы  үйге,

Қуып берді жануар.

Ақ, қарасын  екеудің

Дұрыс  таңдап танып ал.

 

Мен құладым сүрініп,

Жатқан жерден тұра алмай

Сүзгіледі сүзеген

Ауылымызға «танымал».

 

Мүйізімен  ол мені

Домалатты о, тоба,

Бақырамын, жылаймын

Бала  тыныш жата ма?!

Дер кезінде көмекке

Жедел жеткен  ағамыз,

Салып қалды сиырды

Сойылымен жотаға.

 

Мәлік келгір, пысылдақ,

Қайқалаңдап жөнелді.

Ұсақ тастар үшкірлі,

Тесіп кетті төбемді.

Жаңа ғана анашым,

Шықпа, шықпа деп еді,

Сірә, мені сәбиді,

Періштелер жебеді.

 

Парша-парша  дым қалмай,

Жыртылыпты арқамыз,

Қалай ғана апаттан

Аман қалдық, аң-таңбыз.

Осы күні  ортаңда,

Аман-есен жүрсек біз

Әуелі Алла,сонан соң

Аға, сіздің арқаңыз!

 

Исабек ишанның тоны мен жолы

(болған оқиға )

 

Ақкөл-Жайылма,

Шідертінің саласы.

Мекен қылған бұл жерді,

Қанжығалы баласы.

Киелі таяқ қадапты,

Исабек ишан данасы.

Дін, мұсылман жолында,

Ерекше көзқарасы:

“Кәпірлерге жем болма,

Өзгелерден кем болма.

Бір Аллаға басыңды іи,

Жақсылық болар иншалла”

Айтар уағыз осындай,

Тұрған кезі қазақтың,

Бірігіп басы қосылмай.

Біреуі арыз жазыпты,

Губернаторға тосылмай:

“Пәле шықты асқынар,

Дінбасы бар басбұзар.

Үгіті сізге қарсылық.

Тұтқындамаса қас қылар”.

Көп күттірмей шапқыншы,

Айдауылдар келеді.

Сарыала солдаттар,

Алдына сап жөнеді.

Қалың қазақ мұңайып,

Қабырғасын сөгеді.

Қайғы ұялап көңілге,

Көз жастарын төгеді.

Сонда ишан сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

“Жылама жұртым жылама,

Көздің жасын бұлама,

Алауыз болса ағайын,

Ынтымақ күтіп тұра ма?

Жолын  берсе бір Алла,

Орыс тонын береді”.

Алдына сап ишанды,

Айдауылдар барады.

Аң-таң болып бұл сөзге,

Ағайын туыс қалады.

Алып барып Омбыға,

Абақтыға жабады.

Абажадай құлыпты,

Есікке сырттан салады.

 

Ишан ата түрмеде,

Ағаш төсек іргеде,

Қабырғаға батады.

Борщын  ішпей орыстың,

Елдің дәмін татады

Құбылаға бет бұрып,

Бес рахат намазды,

Бұзбай оқып жатады.

Оқығанда бір рет,

Есіктің құлпы бұзылды.

Жөндеп кетті күзетші,

Түрмеге ие құзырлы.

Оқығанда екінші,

Құлып тағы ашылды.

Аң-таң болған күзетші,

Түнеріп тұр ашулы.

Қараңыз мына кесірді,

Үшінші рет шешілді.

Қарауылшы Карманов,

Есінен шыға таңданып,

Бастығына түрменің,

Баяндады бар жайды.

Асып-сасқан күзетші,

Күтіп еді айғайды.

Айқайламай бастығы,

Ақырын-ақырын сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

“Не простой казах попал нам,

Видимо, бог помогает сам.

Не зря он читает молитву из коран,

Волю бога противиться не дано нам.

Безвинного басурмана мы заперли

В холодный чолан.

Немедленно, я завтра

Рапорт на свободу подам”.

Осылай деп орысың,

Орысшылап жосыды.

Мақұлдап тұр жанында,

Күзетшілер қосыны.

 

Шаршап мүлде жұмыстан,

Үйіне келді пристав.

Қарсы алды күйеуін,

Маруся да дұрыстап.

Ауыр еді аяғы,

Мезгілін күтіп жүр еді.

Аспан көзді алтын шаш,

Сезімтал еді жүрегі.

Құдайдан бар ед тілегі,

Үш қыз тапты осымен,

Ұл болса деп тіледі.

Сол күні ол түс көрді,

Түс емес-ау іс көрді.

Құдайдан келіп бір аян,

Жақсылық болар күш берді.

-Мой посол на этот век,

Священный человек

Находиться в неволе,

Отпустиш его,

Я доволен,

Ждет тебя счастья море.

Көрген түсін Маруся

Өңіндей қылып айтады.

-Босат-дейді тұтқынды,

Күтіп тұр дала байтағы.

Құдайдан келді бір хабар,

Айтпай қалай жай табам.

 

Айтқаннан соң әйелі,

Пристав та ойланды.

Екі-үш күндей ас ішпей,

Өзімен өзі толғанды.

Үшінші күн дегенде,

Хабаршы келді шапқылап,

Ұл тапты деп тәк тұрад

Пристав орыс аққұлақ,

Аспанға бөркін лақтырад.

Оқалы киім кигізіп,

Бетіне жел тигізіп.

Исабек ишан атаны,

Абақтыдан ап шығад.

Тонын жауып үстіне,

Мінетін ат таптырад.

Қосшы беріп қасына,

Бұйрық беред нақтырақ.

-Жеткізіп сал еліне,

Ақкөл-Жайылма жеріне.

“Алла жолын бергенде,

Орыс тонын береді”.

Айтқан сөзі көріпкел,

Айдай анық келеді.

Алла тағала жебеді,

Рахымы кең еді.

Елге келіп Исабек,

Ислам рухын себеді.

 

 

 

 

 

Жандарбек қожамен кездесу

немесе атам айтқан уағыз

(Қаз қалпында)

Тоқсан алты.

Тамыз айы.

Тамылжыған күн еді,

Туған жерде Шұға жақта жүр едім.

Қайтар жолда атам халін білмек боп,

Ақкөл-Жайылмаға аттың басын тіредім.

Естуімше сырқаты бар аздаған,

Абыз қартты мазалаушы аз ба адам?!

Қалай дағы  бір көруді жөн көрдім,

Аңыз қартты ақыл-ойы маздаған.

Ауыл шеті.

Ақ шаңқан үй селт еткізер аңсарды,

Жылы жүзді жас келіншек қарсы алды.

Сәл кідіртіп ауыз үйге біздерді,

Кісі келді - деп атасына жар салды.

Қос жастығы қолтығында,

Сұр күпісін қымтанып,

Төрде отырған атам бізге ынталы.

Жазбай танып жадыраған көңілмен,

Әңгіме де ағытылды,

Ондағы мен мұндағы.

 

Ақ сақалды, ақ пейілді дуа ауыз,

Атам бізге оқып отыр уағыз.

Сүйсіне бір қарап қойып біздерге,

Сусын беріп дем салғаны бір аңыз.

 

Бір мезетте жел соққандай теңселді,

Теңселді де көп ойларды еңсерді.

Кейбір сөзі күбірменен естілмей,

Кей сөздері көтереді еңсемді.

 

Ар мен иман, адам жайлы толғанды,

Бір тылсым күш жайлағандай бар маңды.

Бір мезетте анық сөйлеп кеткенде,

Мен туралы айтқандарын аңғардым.

-Турашылдау мінезің бар,

Кейбіреуге жақпассың,

Арты қайыр.

Үндемей сен жатпассың.

Бақытың да, ырысың да алдыңда,

Күлімдейді атам маған-

Дегендей мен тап бастым.

 

Сан көтердім әділдіктің туын мың,

Ат ойнатып белді бекем буындым.

Атам айтқан соңы қайыр дегеннің,

Дәл келгенін осы күні  ұғындым.

 

 

 

ІІ. С Ө З Ж Ұ М Б А Қ

 

Өзі ас,

Өзі тана.

Ол қандай қала?

 

Өзі ақ,

Өзі төбе

Ол қандай қала?

 

Өзі көкше,

Өзі тау.

Ол қандай қала?

 

Өзі кен,

Өзі тау

Ол қандай қала?

 

Өзі ақ,

Өзі тау

Ол қандай қала?

 

Бір қала бар көмірлі,

Жарық қылар өңірді.

Тұзды көлі, екі басы бар,

Бұл қандай қала көңілді?

 

Бұрынғы аты Ермак болған,

Қазақты шауып алмақ болған.

Қала бар, өзі ақ, өзі су,

Бұл қай қала ....

 

Өзі қызыл,

Өзі орда

Бұл қандай қала?

 

Өзі бура,

Өзі бай.

Ол қандай тау?

 

Аз ба, тар ма?

Тар ма, аз ба?

Қай қаланың аты шығады,

Ма,ба-сыз жазсаң қағазға.

 

Қандай жан бұл?

Ақын даңғыл.

Тағы бір қала бар,

Аты Жам....

 

Батысында Қазақстанның,

Жырақта қала жатыр-ау.

Бұл қаланың аты Аты...

 

Өзбекстанға жақын тым,

Қала бар шым

Сөзді қоссаң кент,

Болады ...

 

Айналасы таулы, орман,

Еліне болған қорған,

Жетісуда бір қала бар,

Аты Талды ......

 

 

Ішсең сусын,

Шөлің қанады.

Мінсең көлік,

Болдырмайды шабады.

«Қамыс құлақ,

Жұмыр тұяқ».

Жете алмайсың,

Қусаң бірақ.

Ол қандай жануар.

Білсең тауып ал.

 

ІІІ.  А У Д А Р М А Л А Р

 

АГНИЯ БАРТО

 

Тайша бұқа

 

Тайша бұқа қайсар-ды,

Тайша бұқа тайсалды.

Шайқалып тұр көпір үсті,

-Ох, қандай өкінішті!

Көрініп тұр көк айдын,

-Ал мен қазір құлаймын!

 

 

Екі әже

 

Дөң үстінде екі әже,

Сәкіде отыр рахаттанып.

Өздері мәре-сәре,

-Бес алдық,-  деп мақтанып.

 

Тапсырманы неше алуан.

Сұрақтарды шеше алған,

Немерелер екен ғой,

Бар сабақтан бес алған.

 

«Р» әрпі

 

Аман болса Серёжа,

Алты жасқа толады.

Аула ішінде балалар,

Бәрі оның қонағы.

 

Биік таудан сырғанап,

Намысты қолдан бермейді.

Бірақтағы Серёжаның,

Р-ға тілі келмейді.

 

Ашуланды апасы,

Оның аты Марина.

Айғайлап тұр балақан,

-Қайда біздің Малина?

 

Үйретеді Марина:

-Тіліңді тақа таңдайға.

Қаттырақ бас, қорғанба,

«Р» деп  қатты айғайла!

 

«Рак» де, «ручей» де,-

Деп үйретті апасы.

Ал ол «лак», «лучей»,- дейді,

Айта алмайды шатасып.

 

-Метромен ағайға,

Қонаққа біз барамыз,

«Метро» -деп айт десе,

Қуланады баламыз.

-Билет сатып аламыз.

-Автобуспен барамыз.

 

Оңай емес айтуға,

«Ремень», «мороз», «река»-ны.

«Простуда»-сы тағы бар,

Талай рет екі алды.

 

Қызық болды бір күні,

Қызық әрі күлкілі.

Қаңтар айы,

Қыс күні,

Апасы қатты түшкірді.

Серёжа  сәл тамсанды,

-Будь здоррррова!-деп жар салды.

 

Содан бері бұл бала,

Жақсы көред әріпті «Р».

«Уралайды»  биіктен,

-Мен ержүрек пионер.

 

САМУИЛ МАРШАК

 

Қандай аңғалақ

(Вот какой рассеянный)

 

Көшесінде Жаңғалақ,

Тұрыпты бір аңғалақ.

Жасаған оның ісіне,

Жұрттың бәрі таң қалад.

 

Кимек болып  көйлегін,

Жеңіне қолын сұғады.

Шалбарына балақтың,

Қол сұққанын ұғады.

 

Көшесінде Жаңғалақ,

Міне, осындай аңғалақ!

 

Киіп алды күртені,

Кішісі емес үлкенін.

Басына киіп шұлықты,

Шеше алмай сілкеді.

 

Көшесінде Жаңғалақ,

Міне, осындай аңғалақ!

 

Асығып бірде шамалы,

Қалмағандай амалы.

Құндыз тымақ орнына,

Басына киді табаны.

Пима орнына аяққа,

Қолғап киіп алады.

 

Көшесінде Жаңғалақ,

Міне, осындай аңғалақ!

 

Бірде осы, «шырағым»,

Вокзал жаққа шығады.

Келе жатып трамвайда,

Күлдібадам құрады:

Аса құрметті,

Вагонның құрметтісі!

Вагонды құрметтейтін кісі!

 

 

Вагоннан шығар жол қайда?

Шығуым керек қалай да.

Вокзайыңды трамвайға,

Тоқтатуға болмай ма?

 

Жолсерік сонда таң қалды,

Кім екенін аңғарды.

Көшесінде Жаңғалақ.

Міне,осындай аңғалақ.

 

Кезекке тұрып билетке,

Тап болды ол буфетке.

Бармақ болды кассаға,

Алдынан шықты асхана,

Бұл не деген масқара?

 

Көшесінде Жаңғалақ,

Бар осындай аңғалақ!

 

Оның ісі оңған ба?!

Жүгіріп келді перронға.

Ешкімнен жөн сұрамай,

Кіріп кетті вагонға.

 

Жинастырып жүктерін,

Диванына бүкпенің.

Орындыққа жайғасып,

Демін алып уф деді.

 

Тындырғандай ірі істі,

Ұйқыға қалың кірісті.

 

Аңғалағың таң атпай,

Белгі қойған   сағаттай.

-Бұл қай бекет?-деп бақырды.

 

-Ел мен елдің арасы,

Бұл Ленинград қаласы.

Даусы шықты жаршының,

Арнайы хабаршының.

 

Бітіргендей ірі істі,

Тағы ұйқыға кірісті.

Әйнектен көріп вокзалды,

Орнынан тұрды, қозғалды.

 

-Көріп едім таяу да ғана,

Деді- бұл қай аялдама?

Бологое ма Поповка  ма?

 

-Ел мен елдің арасы,

Бұл Ленинград қаласы.

Даусы шықты жаршының,

Арнайы хабаршының.

 

Жаратқанның жалғызы,

Тағы біраз қалғыды.

Әйнектен көріп вокзалды,

Орнынан тұрды, қозғалды.

 

-Бұл қай бекет шырағым?!

Таусылды ғой шыдамым.

Ямская ма Дибуны ма?

Айтыңдар жай-тұрағын.

 

-Ел мен елдің арасы,

Бұл Ленинград қаласы.

Даусы шықты жаршының,

Арнайы хабаршының.

 

Бұл қалжың ба, әзіл ме?

Білмей тұрмын әзірге.

Қайтып келдім бірақта,

Өзіміздің Ленинградқа!

 

Көшесінде Жаңғалақ.

Міне осындай аңғалақ!

 

Робин-Бобин

 

Робин-Бобин

Ашқарақ,

Оның қарны

Асқабақ.

Бұзауды жеді,

Бос қарны,

Екі қой мен қошқарды,

Сиырды тұтас жалмады,

Сөреден түк қалмады,

Қасапшыны қармады.

Қамырымен жүз торғай,

Жұмырына жұқ болмай,

Атты және арбаны,

Бір-ақ асап жалмады.

Қоңыраулы,  бүркеулі,

Жалмады бес шіркеуді.

Шынымды айтам, ойынсыз,

Бұл не деген тойымсыз!

 

 

 

 

26-автобус

 

Жиырма алтыншы автобус,

Уақытында келді, бәрі дұрыс.

Дегенше кім көрді, кім кірді?

Қошқар кіріп үлгерді,

Түйе, қасқыр, өгіз паң,

Пысылдап кірді Гиппопотам.

Сүйретіліп кіре алмай,

Еңбектеумен жүре алмай,

Дельфин қалды  міне алмай

Не болғанын ұға алмай,

Жанат қалды шыға алмай.

Қоңырау бауы екен деп,

Жұрттан бұрын секеңдеп

Жыланды Керік жұлқыды,

Мойны ұзын тұрқылы.

Күркетауық: - Сағат неше? –деді.

Ешкі оны естімеді.

Түлкі: -Жеті деймін, – деді

Аю: -Бәріңді жеймін, - деді.

Осырақ қоңыз: - Қорқамын,-деді.

Қыран: - Қорғаймын, -деді.

Әтеш: -Батыр екенсің нақ, - деді.

Сілеусін: - Аузыңды жап, - деді.

Шошқа кірпімен дауға кірісті,

Итбалық моржбен ұрысты.

Айдаһар шошқаны қылғындырды.

Қырғауыл үстел астына тығылды.

Күзен балапанның құйрығынан шап берді,

Балапанға қашатұғын шақ келді.

Құрт қобалжып қыбырлады.

Ара: -Қашайық,- деп ызыңдады.

Пайызторғай әйнекке қонақтады,

Әупілдек отырғанын жаратпады.

-Жарықты жаптың,- деп жорғалады.

Шымшық пен  саржағал оны қолдамады.

Қодас алға өтіп, ыңқылдады.

-Автобус әрі қарай жүрмейді, -деп мыңқылдады.

 

Балалар!

Аң мен құсын қызықтар,

Әлемде талай қызық бар.

Олар қалай жазылады,

Кітап оқып пысықта!

 

Автобуста немесе жайлы орында,

Келе жатқанда жер асты жолында

Кірпідей  ұрыспа

Сөзіңді дұрыста.

Аюдай ақырма,

Кел дұрыс ақылға.

Жылан, шошқа болма,

Ұсынымды мақұлда.

 

Қарға мен шаян

(«Ворона и рак» атты

орыс ертегісінің желісімен жазылған )

 

Арайлы бір таңда,

Соғыла жаздап жарға.

Өзеннің  үстімен,

Ұшып келе жатты қарға.

Қараса бір шаян жүзіп келеді,

Асау толқындарды

Алып кемедей бұзып келеді.

Сол сәтте қарға

Ұстап алды шаянды,

Жайланып жеу үшін

Бір ағашқа таянды.

Шаян қарғаның жейтінін біліп,

Өтірік күліп:

-  Мен сенің ата-анаңды білемін,

Жиі еске алып жүремін.

Ақиық қыран еді,

Талай құстың мойнын бұрап еді.

- Іһі, - деді қарға шаян сөзін растай,

Тек белгі берді аузын ашпай.

-  Бауырларың қайырымды.

- Іһі, - деді  қарға жағын ашпай.

-  Олардың саған тең келмейді біреуі,

Сен ғанасың жер мен көктің тіреуі.

Сенен артық құс бар ма екен,

Сені  көру арман екен

Деген кезде

Қарға мақтанып,

Басы айналып шаттанып,

Бар даусымен қарқылдап,

Қанатымен  өз кеудесін

Ұрады,

Сол кезде шаян жерге құлады.

Осылайша мақтаншақ қарға

«Қайырымды»,

Оп оңай

Олжасынан айрылды.

 

 

Қоғабай Жұмағали Бижанұлы

 

Бөлісу: