Бабалар дәстүрі

05.06.2017 7279

Бала кезімде әкеме еріп қонаққа барғанда оған малдың басын тартатын, сол кезде балалықпен малдың басына жармасушы едім. Сонда әкем қоңыр дауысымен «Балам, малдың басын жасы үлкен адамға береді. Ал, салтымыз бойынша әкесі бар бала басқа жармаспайды»,- деген ұлағатты сөзі көкіректе жатталып қалды. Әкемнің бабалар тәрбиесін қазақтың көне салт-дәстүрі, тұрмыс жоралғылары арқылы мені тәрбиелеу үрдісі нәтижесінде үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсетуім әкемнің тәрбиесінің жемісі шығар.

«Тумақ бар да, өлмек бар» дейді қазақ, Алланың жазған жазмышына не істейсің, әкемді қайтпас сапарға ел-жұрт болып қимай шығарып салдым. Мен де есейіп ер жеттім. Бірде анаммен қонаққа барғанда алдымызға қойдың басы тартылды сонда анамның «енді үйдің үлкені сенсің, жол сенікі басты ұста», - десе де көңілім дауаламады, өйткені жүрегімнің түкпірінде әкеге деген құрметім әлі өлмеген еді.

Көштің қомында, малдың соңыда жүріп «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып көтен жеген озар», - деп өмір сүрген халқымыздың халық педогогикасына жататын тұрмыс - салт жоралғылары арқылы ұрпақтарына өнегелі тәрбие беруі бабалар ұстанған тәрбиенің жемісі ғой.

Әрине малдың басын тарту жоралғысы арқылы ата-анаңды сыйлата білу басқа ұлттарға тұрпайы көрінсе де, бабаларым ұстанған дәстүрден ешқашан бас тартпаймын. 

Бөлісу: