БЕЙТАНЫС ӘЛЕМ

06.06.2017 5540

Жыл өткен сайын жоғалып барам,

Күн өткен сайын тоналып қалам.

Бейтаныс әлем күтіп тұр мені,

Жалғанда кім бар соны анықтаған?

 

Құпияда жатыр – ғаламның мәні,

Ғаламда жатыр – санамның нәрі.

Жұмбаққа толып, мұңдақ та болып,

Жаралмаған ғой адамның бәрі...

 

Тірлік көп менде өмірден де өзге,

Көрінбейді олар көрінген көзге.

Жап-жарық нұрдан ақындар туған –

Жер менен аспан бөлінген кезде.

 

Жасырын жақтан келді күз бөтен,

Түсіме кірді белгісіз мекен.

Жапырақ-жаным қалтырап кетті,

Ғайыпқа жүрек сенгісіз бе екен?

 

Бейтаныс әлем – ішімде менің,

Басымды игенім – кішірмегенім.

Ұға алмай жүрсең кешірермін-ау,

Дұрыс қой бірақ түсінбегенің...

 

2013

Бөлісу: