Тәуелсіздік кепілі - қазақ тілі
Халқымыздың отарлыққа қарсы ғасырдан ғасырға жалғасқан күресінің арқасында 1991 жыл 16 желтоқсан күні әлемнің картасында жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы пайда болды. Қазақ елінің алғашқы Ата Заңында Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Бұл құқық қазақтарға өз елінде өз тілінде егемендік саясатты жасауға мүмкіндік беруге тиіс еді. Бірақ?!.
Ол кезде мен кеңшардың бас есепші болатынмын. Өзім де барлық қандастарым сияқты қазақ тілінің төрімізден лайықты орын алатынына шын қуандым. Осындай қуанышты күндердің бірінде менің кабинетіме бөлімше есепшісі Мырзабек ақсақал кіріп, алдыма айлық есеп құжаттарын тастай берді. Әдетінше құжаттарды тексермекке қолыма алып, абдырап қалдым. Құжаттар басынан аяғына дейін қазақша толтырылыпты.
Менің таңырқаған түрімді көріп:
- Ереке, осы құжаттардың орысша нұсқасын қазақшаға тәржімелеу үшін бір айдай уақытым кетті. Сәтті аударған сияқтымын, танысып шық, - деді мәз болды. Мен абдыраған қалпы:
- Мәке, әзірге қазақша жүргіз деген нұсқау болған жоқ шыдай тұрсақ қайтеді, - деп едім. Ақсақал ренжіп:
- Сіз не деп тұрсыз? Қабылданған Ата Заңымызда қазақ тілі - мемлекеттік тіл деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Қазақстан Республикасының Президенті парламент мінберінен біз демократиялы зайырлы мемлекет құрып жатырмыз, демократия дегеніміз заңды орындау деген жоқ па, сондықтан Ата Заңымызға сәйкес қазақша жазылған құжатымды қабылда, - деді.
Мен де ойланып қалдым «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болды, неге біз қазақ тілін қолдану үшін қосымша нұсқау тосуға тиіспіз, демократиялы зайырлы қоғам құрып жатқан елдің заңы мүлтіксіз орындалу керек емес пе» деп, оның уәжін құп алып, өмірімде бірінші рет қазақша құжатты қабылдағаныма қуандым.
Сол кезде мен қазақ тілінің бай да қуатты тіл екеніне көзім жетті. Және орыс терминдері қалай сәтті аударылған мысалы: «расход - шығыс», «приход - кіріс», «синтетический счет - жинақтамалы шот», «аналитический счет - талдамалы шот», «проводка - өткізбе» т.с.с. Өкінішке орай ол кезде мен қазақша жазылған құжатты бірінші және соңғы рет қабылдап тұрғанымды білген жоқ едім. Өйткені, ары қарай менің «бұл бастамамды» ешкім қолдаған жоқ...
Міне, содан бері талай жылдар өтті. Абай бабамыз «Баяғы жартас сол жартас маңқ етер де үндемес» деп тегін айтпаған екен.
Ата Заңымыздың 1-бөлім, 7-бабында:
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды, – делінген.
Бірақ та біз бірінші тармақтан аттап өтеміз де, екінші және үшінші тармақты орындаймыз. Соған жағдай тудырамыз. 30 жыл бойы екінші тармақты қастерлеп келдік. Енді Тәуелсіз ел болғанда бірінші тармақты бірінші орынға шығаруға болады ғой. Оған кім бөгет? Билікте 99 пайыз қазақтар. Қазақ халқының үлесі елімізде 70 пайыздан асады.
Өкінішке орай ол күн алыс сияқты, себебі Елбасы «2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде «сөйлеседі»» деген. Бірақ?!. Әлі Конституцияның 1-бөлім, 7-бабының екінші тармағын пайдаланып жүрміз! 30 жыл - бұл тым ұзақ мерзім!
Кеңес одағы кезінде «Коммунизмде бір ұлт - совет халқы, бір тіл - орыс тілі қалады» деген сандырақ идея тарих тұңғиығына кетті деп жүрсем, сол идеяның уақыт өте қазақ даласында орындалып жатуы және сол идеяны орындаушы да қазақтар екені мені өкіндіреді.
Еліміз тәуелсіз, тіліміз де тәуелсіз болуға тиіс. Тіліміз азаттық алмай, өзінің тұғырына қонбай, біз қалайша Тәуелсіздіктің рухын сезіне аламыз, экономиканы қалай көтере аламыз, егер санамыз әлі де құлдықта болса. Тәуелсіз қазақтың ана тілі жетім баланың күйін кешіп жүрсе, қалайша біз өзімізді қуатты ел деп санаймыз? Басқа мемлекетке барыңызшы. Сол елдің тілін білмесең, азаматтық алған былай тұрсын, тіпті өмір сүре алмайсың ғой. Қызмет істеуге де тосқауыл болады. Егер еліміздің әр азаматы мемлекеттің болашағын жарқын жағдайда көргісі келсе, тіліміздің де ертеңін ойлауы тиіс. Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы. Сондықтан алдымен өзімізден бастайық, өзгелердің құлағы үйренсін, жеріміздің иесі кім екенін білсін деп әрдайым қазақша сөйлесіп жүрейікші «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демей ме.
Менің 30 жыл күткен арманым алдағы уақытта орындалып демократиясы жетілген, экономикасы ширыққан, өз тілінде тәуелсіз саясат жасайтын Қазақ елінде тұрғым келеді.
Бөлісу: