Күрең айғыр
КҮРЕҢ АЙҒЫР
п о э м а
Қорек болар қар астынан шөп іздеп,
Бір үйірлі жылқы шықты тебіндеп. Ештеңеден қауіп қылмай алаңсыз, Барған сайын алыстады жерін жеп. Сабырсыздың сияқтанған сазайы, Сайға түсті, қойын-қоныш, самайы. Қылқұйрықтың есіл-дертін аударған, Қар астынан қылтиған шөп жабайы. Күрең айғыр секем алған, алайда, Бұғып жатқан жау шалынбай маңайда. Қоңырбасты күтірлете шайнады, Бейқам қарап тағдыр деген талайға... Тосын болды тағдырдың сый табағы, Тебіндеусіз не шұрайдың сабағы.
Күрек тісте күтірлейді мұз татып,
Ал аспанның қатулы тым қабағы…
Қамбар ата түлігінің керегі,
Сай ішінде қаулап тұр ніл желегі.
Изен, жусан, қияқ, көде бәрі өскен, Төңірегі жыңғыл, сора, терегі.
Құмдауыт жер өңін бермес ызғарға, Оранса да шұрайлы шөп мұз-қарға.
Дәмін сақтап, сілекейді шұбыртып, Азық болды қан жүгіртіп қызғанға.
Иісін сезіп дәмді ет пен жылы қан, Тонадайдан үн естілді ұлыған.
Езудегі шөпті шайнап жұта алмай, Жануардың мысы демде құрыған…
Күрең кенет осқырынды жер тарпып, Ытырыла шапты қырға бел тартып. Кісінеді қақыратып аспанды,
Қос танаудан бу аралас шер аңқып!..
Үйір тұрды құлақтарын қайшылап, Жанарлары тостақандай ай шырақ. Жегендері ағып бұтқа, тыпырлап,
Қан сідіктеп, сарылдады сай бұлақ… Қас батырдай жау жапырар ер жүрек, Құйрық-жалы көк байрақтай желбіреп.
Күрең сайды үш айналды арқырап, «Тырп етпеңдер, барлығыңа мен тірек!..»
Деді-дағы сом тұяғы сартылдап,
Қос шырағы ұшқын атып жарқырап!.. Жабағыдан жарға айналды қамалдай, Үйір тұрды үрей билеп, қан жылап… Ұлыманың көрінді көп қарасы,
Нешеу екен, жер жұтқырды санашы… Біреу, екеу, бесеу, өзі қаншама, Қысқаруда жау мен батыр арасы.
Ойда жылқы, танаулары делдиген, Дөңде айғыр, қос құлағы селтиген. Қасқыр қаптап келе жатыр жалмауыз, Жемтігіне өле төніп ең сүйген. Құдіреттен жай оғындай күш тілеп, Күрең айғыр көкке атылды кісінеп. Бөрібасы ұлып, тынып, азуын, Шақырлатты: «Ілігерсің тісіме!..» Азулылар шапты айғырға алдағы,
Семіз ет жеп, ыстық қанға қанғалы. Асау күрең жауын әрмен әкетті, Тұяғымен теуіп, тістеп жан-жағын. Бұзып-жарып тағылдардың қармағын, Ата жаудың азу-қылыш, қанжарын. Денесіне дарытса да айқасты,
Үйірінің қорғап шыбын жандарын.
Не боларын білмесе де түбінде,
Сайға таман жуытпады бірін де. Бұрылғанның үзді белін, желкесін, Ұрынғанның сөйледі өз тілінде. Құйрығынан алмақ болған ептісін,
Ең дырауын, кектісін һәм тектісін.
Қақ маңдайдан, аш бүйірден соқты-ай кеп,
Көтере алмай тұяқтының тепкісін, Бұратылды, жаны үзіліп кетті шын. Күрең айғыр ақты-ай дейсің от пішін!.. Жаманауыз таусылмады, қаусырды, Елеместен мұның ауыр соққысын!.. Жабылған соң алмай қоймас көп дұшпан,
Шауып жатыр, жауып жатыр мың тұстан. Қайран күрең өліспей жүр, беріспей,
Екіталай аман қалу қырқыстан…
Оңын теуіп, солын тістеп, атылды,
Қаны қызып, жанартаудай тасыды. Анталаған, қанталаған аш көздер,
Бір-біріндеп сұлап жерде «аһ ұрды...» Жантәсілім бола жаздап көкжалы, Шүйліккен жау ақырында сорлады. Арланы да, қаншығы да қан қақсап, Шеңгелінен босатты зор олжаны… Дұшпан қайтты, батыр айтты ұран сөз: «Үйге қарай, заула, қане, шұбар боз!..» «Арттарыңнан ілесемін жау қарап,» «Тірі тұрсам, әлі талай болам көз!..» Үйір жылқы ойдан қырға заулады, Былай шыға байтал қарға аунады. Шұрқыраған көп тұяқтың соңында, Жалғыз ізден қан шүмектеп саулады… Қан саулады, жеке батыр әлсіреп, Қалғаны рас, келе жатыр ем тілеп… Алда оны не күтіп тұр, беймәлім, Құшағы ма, пышағы ма, кім білед?.. Майдан дала соңда қалды қан кешкен, Ауыл жатыр мұның бірін сезбестен. Иттері үріп, адамдары у да шу, Үйір келді, құдды барса келместен...
Күрең айғыр ол да жетті қотанға,
Аулақ тұрды қосыла алмай қатарға… Өн бойының сау тамтығы қалмаған, Шыға алмасы анық енді сапарға… Құйрық-жалы мұз сірленіп ұйысқан,
Қан жоса боп тұрқы, шырқы құйысқан… Отты көзін төмен салып жусап тұр, Тұяғы бос, жауға тисе жай ұшқан… Айырмасы көп жылқыдан жоқ тіпті, Иесінен күнде еститін боқтықты.
Жабы жылқы жабығады, ішінде,
Кетіп бара жатқан алау оттықты.
Қай асауға қалдырсам деп шамасы, Қиналады, тумай күрең қарасы.
Қарға аунаған боз байталдан бұйырса, Шұрқырар ма айтөбелдің баласы?!.
Ал иесі жылқышы емес кәнігі,
Жуан қарын, әуке мойын қалыбы. «Қайтқан малда қайыр бар» деп шалжиған,
Текте емес, теңгеде көз танымы.
Аман екен, бопты, үйір ортасы,
Шықсын мейлің, айғырдың қан сорпасы. Жем болмастан өзі кеп тұр алдыма, Семіз соғым, қазы менен қартасы. Таңдай қағып, бас шайқасын сан кісі, Бұған не бар, сасық ауыз, сары тісі. Жылы-жұмсақ, қуырдаққа бір тисе, Кімге қажет, бүге-шеге, арғысы?.. Батыр туды, өтті, өлді халқы үшін… Алласынан алар, алса алғысын…
Мал мен жаным аман болсын, басқасы, Менен аулақ, қажет емес қарғысың. Қожайынның түр-сипаты осындай,
Ие болған жануарға асылдай.
«Мал баққанға бітер» деген, әйтсе де, Мұндай да бар, айту керек жасырмай. Күрең айғыр, күрең күннің көзіндей,
От боп жанып, шоқ боп қалдың езілмей. Жылқы мінез қасиетімді еске сап, Тұрысың-ай қас батырдың өзіндей!.. Құлағымда кісінеген үнің бар,
Аруақты Ата-Бабам сөзіндей!..
«Үйіріңді күзет!» дейсің күреңім, «Жүрегіңмен көз ілмей!»
Болмысымды баурап алып барады,
Бір ерекше сезім күй!.. Құлыншағым, құлындарым, өрімдей,
Күн кешіңдер бір-біріңнен бөлінбей!.. «Бөлінгенді бөрі жейді» мықты бол, Әрқашанда темірдей!.. Я, Алла!..
Мұнайдар Балмолда
Бөлісу: