Жүрек жырлары
Айдар Сейдәзім Бастарбекұлы 1980 жылы 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Ақжол ауылында дүниеге келген. 1997-1999 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әдеби шығармашылық бөлімінде дәріс алған. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиетітінің филология факультетінің түлегі. Өлеңдері республикалық, облыстық газеттер мен журналдарда жарияланған. Жалынды жырлары бірқатар жинақтарға енген.
***
Кірпігіне мұң байлаған мұңлығым,
Бұ күндері түсініп жүр кімді кім?
Сені неге қия алмайды екенмін,
Байлаулыдай кіндігім?
Тереземнің ашық тастап түңлігін,
Мені тағы қинайды ма түн бүгін?
Кірпігіне сыр байлаған қылықтым,
Ойсыз, қамсыз күндерімді ұмыттым.
Сенсіз таңды қарсы аламын қамкөңіл,
Үзік жерін мұңмен жалғап үміттің.
Кірпігіне мұң байланған аруым,
Жанның таппай қиналдың ба дәруін?
Дертім менің жазылмайтын секілді,
Жүрегімде ішіп қойған бар уым.
***
Іздеу
Кімді іздеймін, кімді?
Мұңды іздеймін, мұңды.
Түн көзіне тұнған,
Жырды іздеймін жырды.
Кімді іздеймін таңмын,
Түнде айтылар әннің
қайырмасын іздеп,-
Иран баққа бардым.
Кімді іздеймін кімді?
Дос ғып алдым мұңды.
Жоғалады бәрі,
Жұлдыздардай түнгі.
Жүрегім сыздады
Жүрегім сыздады,
Кейіпі - күз бағы.
Мендегі сағыныш,
Көңіл-күй қыздағы.
Күздей күреңмін,
Бұлттай түнердім.
Жапырақ кейіптес,
Жүректе кілең мұң.
Жаныма мұң үйір,
Жүрекке жыр үйір.
Арқада адасқан,
Мен едім киік ұл.
Далада ызғырық,
Бақта жүр қыз күліп.
Жайдары жазымды,
Алдым мен күз қылып.
Жоғалма, өтінем,
Мендегі ізгілік!
***
Ұмыта алар емеспін
Махаббаттан шәрбат іштім, у іштім,
Сағынышым көршім болды, туыс-мұң.
Алла сені жазбаған соң маңдайға,
Ұмытуға тырыстым.
Бақытсыз боп жүргенімнің несі үлгі?
Сені ұмытып, жоғалтсам деп есімді.
Есіміңді ауызға алып ояндым,
Ал, әйелім кешірді.
Несі жақсы, тағдырыммен егестім,
Көз жасыңды сүйіп тұрып неге іштім?
Күйбең тірлік күйгелекке салса да,
Ұмыта алар емеспін.
***
Дәл өзіңдей өпкен жоқ
Керімсал жел кербезденіп көкке өрлеп,
Кең даланы құшаққа алып көкпенбек.
Сағынғанмен туған жердің самалы,
Дәл өзіңдей өпкен жоқ.
Дәл өзіңдей жұбатқан жоқ жаңбыры,
Дәл өзіме ұқсағанмен тағдыры.
Мәселенки, айтайыншы ауылдың,
Жүрегіңнен ыстық емес тандыры.
Дәл өзіңдей жылатқан да жоқ ешкім,
Дәл өзіңдей ұнатқан да жоқ ешкім.
Сені қайдам, мендегі хал дал қазір,
Таңдай - толғак, өңеш –мұң.
***
Қостұра барып...
Жеңіл де мейлі ауыр де,
Тым нашар кейде тəуір де.
Қостұра барып гүл теріп,
Сырлассақ, қалқам, сəуірде.
Демессің мұны сөз бұйрық,
Көкалда аунап, бөздей ғып.
Табиғатпен там-тұм сыр тартып,
Теріп қайтайық, қозықұйрық.
Жыр оқып берем сізге арнап,
Құстар əн салар бізге арнап.
Құшағыңа симастай,
Құрбыларыңа қимастай,
Теріп беремін қызғалдақ.
***
АЯЛДАМА
Ай болатын шыжыған асыл тамыз,
Аялдама көп тұрдық қасында біз.
Жанымыздың шулатып жапырағын,
Ей, табиғат, сіз бізді басынбаңыз!
Сонда оянған естелік санамдағы,
Балалықтың балауса алаң бағы.
Қызғанатын ауылдың бар баласы,
Қызғанатын сонан соң ағаң-дағы.
Ұмытамыз жаздың сол кешін неге,
Шойындайын балқыған есіл дене.
Ай болатын шыжыған асыл тамыз,
Сүйіскенбіз сол сенің есіңде ме?
Жолама деп айтатын «жаман» ағаң,
Үй сыртыңнан сонда да жағалағам.
Жақсы қыз деп өзіңді шамалағам,
Содан кейін бақытқа бағалағам.
Ұқсамаушы ек сірә да жасыққа біз,
Жаздың орнын алыпты басыпта күз.
Аялдама күтеді... мен де күтем,
Кездесеміз әлі де асықпа қыз.
***
Жаңбыр
Жаңбыр, жаңбыр,
Егіл, төгіл!
Неткен жан бұл,
Ебіл-дебіл?,-
демегейсің,
елегейсің.
Кейде теңіз,
телегейсің.
Енді қайсы,
Жан құмары?
Жуып-шайшы,
Бар күнәмді.
Тасаттықпен
мазалайын.
Ғажаптықпен
тазарайын.
Жасың шайды,
Кең көшені.
Ұқшы, жайды,
Мен де шерлі.
Діріл, өксік
деміңде бар.
Жылап, өксіп
жеңілдеп ал!
***
Кездесудегі күбір
Жанарыңда сыр тұрды жасырынып,
Жасырынып мөлтілдеп асыл үміт.
Танытар деп елеңдеп жылы шырай,
Үміт көзден білініп,тұрысын-ай!
Жылы сөзден тұр жаның дәмеленіп,
Ынтықтықтың жүректе дәнегі өніп.
Тіл ұшында тұрғандай сөзің бұғып,
Мені ойлайсың қалдырып өзіңді ұмыт.
Діріл қағып тұрғаны-ай дененің де,
Сонша ұялып қарындас керегі не?
Сүйеді деп тұрғанда, қасың ымдап,
Неге ойнап тұрмыз біз жасырынбақ?
Ар мен ұят, тәрбие айыпшы анық,
Тарқайықшы бар сырды жайып салып.
***
Қайда жүр екенсің?
Мұңнан моншақ жасадым сырдан сырға.
Жегізейін, қалқам-ау, жырдан құрма.
Бұйырмасың белгілі болса дағы,
Ғашық болып барамын жылдан жылға.
Ынтық болып барамын күннен күнге,
Көбелектей қонатын гүлден гүлге.
Естелік қып санаңа сақтап мені,
Жүр екенсің жадырап кіммен бірге?
Ауылға сұлу қыз келетін
Жаз шыға біздің ауылға,
Бір сұлу ару келетін.
Алдасаң дайын нануға,
Не айтсаң дағы сенетін.
Қарайтын бізге таңырқап.
Көргендей негр баласын.
Қалатын едік жабырқап,
Тілінің ұқпай шаласын.
Сызыла берсе қол ұшын,
Қимылы неткен кербезді.
Ұқыпты болдық сол үшін,
Біздің де талғам өзгерді.
Сол қызды еске жиі алып,
Тым ұзап кетті бала шақ.
Сол қыздан ғана ұялып,
Мінбейтін болдық ағаш ат.
Жып-жылы ғана жымиып,
Күлетін ғажап шынайы.
Үйрендік дұрыс киініп,
Реңнің бір кіріп шырайы.
Санаға қонып жігіттік,
Сәнменен шашты күзедік.
Бұзықтықты да ұмыттық,
Бойымызды да түзедік.
Ғашық болу да пайда екен,
Ұғасың тез-ақ сыйыңды.
Қайда екен сол қыз қайда екен?
Үйреткен сырттай сүюді.
***
Күзді сүйем
Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем.
Ғашықтықтың бойдағы ізгісімен.
Жапырақтай үмітім үзіледі,
Түңілгендей кейіпте жүз кісіден.
Күзді ұнатам,
Жо, жо, жоқ, сізді ұнатам,
Көңіл - деме - үмітін үзді, ботам
Жақсы көрем жанымнан сенесің бе?
Сенің кейпің - әдемі, күз, құла -таң,
Күзді күттім,
Жо, жо, жоқ, сізді күттім,
Ынтығыппын, соншалық үздігіппін.
Жаңбырлы кеште біздер жолығайық,
Иісіне елітіп ізгіліктің.
Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем...
***
Тағдырға
Білмеймін, Тағдыр, қыр-сырыңды әлі,
Ұрыншақ жанмын ұршығыңдағы.
Тасжүрек пе едің, соншама неге?
Қабағың маған бір жылынбады.
Жабырқатқанда жаным дыз етіп,
Қайғылы түннің таңың күзетіп.
Өкпелеп саған кіжініп келдім,
Жан сырды жырға тамызық етіп.
Өзіңе өкпелеп досым күйінді,
Мен де ақтардым сосын күйімді.
Әне, міне деп алданып жүрмін,
Күтуден шаршап тосын сыйыңды.
Жүрейін саған қашаңғы кейіп,
Босаң бала емес, басалғы деп ұқ!
Бір бірімізді жалықтырмастан,
Арпалысып- ақ жасай берейік.
***
Жаңбыр шайып кетсе екен күнәмді,
Аппақ қана тазаланып қалсын Ар.
Жаңбырлы күн мен ұнатам тұманды,
Жүрегімнің көз жасындай тамшылар.
Күзге ғашық мың сан ақын бар шығар?
Өлең оқып отыратын ұнамды.
Тағдырымның маңдайы тым тар шығар?
Шын бақытты болатыным күмәнді.
***
Жиде гүлдегенде
Жиде гүлдеді, жиде гүлдеді,
Құлпырып шықты жеңгем үйдегі.
Тәңір сыйы ма? Сәйкестік пе әлде?
Ауылға бүгін сүйгенім келді.
Жиде гүлдеді, бақша тым сұлу,
Жарамас енді, әсте қымсыну.
Жиде тал түбі - кездесер нүкте,
Ернінен қыздың мақсатым - сүю.
Жиде гүлдеді, шырқады бұлбұл,
Әнші құстардың сұлтаны бұл дүр.
Жаратқан ием, сұранам, сенен,
Інісі құрған жоспарын бүлдір.
Әтір - жиденің иісіне елтіп,
Қызды күтудің қисыны кетіп,
Тұрғанда елең-алаң әсерде,
Сүйгенім келді, інісін ертіп.
Інісін ұрып, сүйрегім келді,
Тысқары шығарып түйрегім келді.
Бұлбұл ән салған керемет кеште,
Үшеулеп болсын билегім келді.
Жиде гүлдеді.
***
Алып шықпашы қолшатырыңды
Ләйлі -Мәжнүн боп зарығайықшы,
Қозы- Баян боп сағынайықшы.
Жасымды саған көрсете алмаймын,
Жауын жауғанда жолығайықшы.
Жылы лебізге құлақ тұнғанда,
Шешімді естіп жылап тынғанда.
Басыңды менің кеудеме қоймашы,
Жүрегім өксіп жылап тұрғанда.
Көзіңе жастың моншағы тұңды,
Неге үзесің сонша үмітімді?
Жауын жауғанда жылап алайын,
Алып шықпашы қолшатырыңды.
***
Жолықпайықшы
Түнім тынымсыз,
Күнім өтпелі.
Сіз менің кімімсіз
осынша өкпелі?
Айтшы қай жігіт
жаңылмайды екен?
Сыртыңыздан да
танымайды екем.
Танисыз дейсің
несіне күнде?
Түсіре алмадым
есіме мүлде.
Неге жолдайсыз,
Суретін өзгенің?
Бақытым болмайсыз,
Мен бір кезбемін.
Мен бір кезбемін,
Қызға тұрақсыз.
Жаныма ерсеңіз,
Жылап тынасыз.
Гүл де солады,
Торықпа жаным,
Дұрыс болады
Жолықпағаның.
Түнім тынымсыз,
Күнім өтпелі,
Аман жүріңіз,
Артпай өкпені.
…
***
Самалмен сырласу
Түспейді мұңлы күйге кім,
Жалғызбын жүдеу үйдемін.
Терезем ашық айқара,
Самал жел кеткін, кірмегін.
Үйдемін нендей күйдемін,
Самал жел кеткін кірмегін.
Мазам жоқ бүгін ренжіме,
Кездеспей кетті сүйгенім.
Тимегің маған тимегін,
Қиналдым быт-шыт күйредім.
Көңілсізбін бүгін мен,
Келіп тұр жалғыз билегім.
Самал жел кеткің, тимегің.
***
Кешкі эсмс
Шыдай түс, шыдағын, төз айым,
Пендеге Алла ғой қожайын.
Ұмытшы, күдікті, күйбеңді,
Баққа кел, болайын көзайым.
Жасасып тағдырмен ымыра,
Күн кешші, бақытқа құныға.
Желіккен жан емен сірә мен,
Құмармын көздегі мұңыңа.
Бәрін қой, қайтесің, баққа кел,
Керімсал күн батар шақта кел!
Жабығып отырмын саяқтау,
Басыма қонатын бақты әкел!
Баққа кел, күтпесем - айыбым,
Жыр оқып беруге дайынмын.
Елеңдеп қайтесің, мен іздеп,
Күтемін, түбінде қайыңның.
....
Қалалық қызға хат
Құйрыққа тиген шыбықтың ұшын,
Алғаш сезінгем жігіттігім үшін.
Сені қалаға ерте қайтарды,
Ауыл баласын ұмыттыру үшін.
Суретке қарап сүйем жүзіңді,
Ми ашып, ойлау жүйем бұзылды.
Атпен қуалап өлтіре жаздады атаң;
«Саған бермеймін» деп «жиен қызымды».
Неге ұнаттың? деген сұрақ бола ма?
Еңіреп кіргем жылап қораға.
Жұбатып әжем: Сол жиен қызы,
іздеп кеп тиер шұнақ балама.
Бұл сөзі әжемнің қуат бола ма?
Іздеп барғым келді жылап қалаға.
Атаң мен әжең қалай үйленген,
Бір-бірін сонда ұнатпаған ба?
Атаң жүр, әлі ептеп күпініп,
Таяғын жемей кеткем құтылып.
Атаң мен әжеңе қызық болсыншы,
Үйленіп алайық мектеп бітіріп.
***
Сүйгенінен айрылған көп,
Жүрек жыртық ұшықты ойдан.
Сенің у-дан айырмаң жоқ,
Мен байқамай ішіп қойған.
Шипасы еш жайылған жоқ,
Түн - тәуіпке емдеткен мен.
Сенің дерттен айырмаң жоқ,
Жан дүниемді дендеп біткен.
...
Сағынышым
Ақ қайың – жеңгей мұңға батқанда,
Күз – абысын келіп сырға таққанда,
Өзіңсіз өткен уақытқа налыдым,
Сүңгінің суы сырғып аққанда.
Мұңлы әнін айтып мұңдана ұзақ,
Тыраулап ұшқан тырнаға ұқсап.
Сары күзбенен тағдырлас менің,
Сағынышымды қалбыл ал, түсі - ақ.
Орындалмаған арман
Махаббаттың шырқалып маңғаз әнi,
Ауыл кезiп жастықтың даңғаза үнi.
Кездесуге шық қалқам, тек кешiкпе,
Бақытың боп ұрамын дарбазаңды.
Танытпайын ешқашан жансақ қылық,
Дұрыс болмас сезімге салсақ құлып.
Өзің емес қақпаны әкең ашса,
Кетем, қалқам, шатырға тас лақтырып.
Айналғым кеп кей сәтте сый қонаққа,
Айналғым кеп сен алар сый қорапқа.
Күнекей қыз секілді күннен қорып,
Қашаңғы ұстайды әкең үй қамақта?
Сал сағыныш үлесім, еншім болып,
Кіші інің хат тасып, елшім болып.
Кездесе алмай өзіңе қиналғанша,
Туыла салмаппын-ау көршің болып.
,,,,
Жұмбақ қыз
Сыр ашып қызғалдақ, гүлдерге,
Құштарсың оңаша жүргенге.
Нөсерге кұмарсың төпелер,
Басылып қалатын бiр демде.
Бiр көрiп деп едiм ұяң ба,
Арманы шарықтар қияңға.
Мұңлылау күй кешiп өзгеше,
Берiлiп кетесiң қиялға.
Сыр аша бiлмедiк шындап бiз,
Бiз әлi құпия, жұмбақпыз.
Сыр айтшы өтiнем қинадың,
Жайдары жүздi жұмбақ қыз.
,,,
Көрші қызға
Көрсеткен болып бiзге үлгi,
Перiште сынды пiшiнде.
Шелек ұстап қыз жүрдi,
Шиелi баудың iшiнде.
Перiште дермін расында,
Әйел ғой түбi затыңыз.
Жебеушi бардай қасында,
Сөйлеуге жетпей дәтiмiз.
Сұлбаңды көрсем жұбаныш,
Тапқайсың тез- ақ иеңдi.
Арсыздау шағым тым алыс,
Терiп берер ем шиеңдi.
Көршiнiң ұлы бақытты,
Күлiмдеп сүйiп сен өпкен.
Баудағы өткен уақытты,
Қызғанып тұрмын шелектен.
***
Жапырақтар ғұмыры
Үш-ақ айға ұласатын дерегі,
Күз сұлуға үш ай көрік береді.
Пенделердің фәни күнін бір күзде,
Сүреді де, өледі.
Жапырақтар жерде жатқан елеусіз,
Дір еткізді денені.
Дір еткізді, дүр еткізді санамды,
Біле алмады-ау ешкім сенің бағаңды.
Жапырақтар, келмейсіңдер тіріліп,
Соның өзі – ірілік!
Жапыраққа жаным ашып тұр менің,
Кеткім келіп жұлынып.
Берсе дағы жапырақтың ғұмырын,
Тоқмейілсіп тұрар еді бүгінім.
Бүгін тағы мың жапырақ үзілді,-
Мен солардың бірімін.
***
Көктем
Көктемнің иісі,
Көксайдың күй іші.
Керемет әдемі,
Кептерлер сүйісі.
Көктемнің дауысы,
Көп гүлдің қауызы.
Көккөрпе секілді,
Көкпеңбек бау іші.
Көктемнің келбеті,
Көк кілем жер беті.
Көк көйлек киінген,
Кербез қыз жерде енді.
Үлбірек қар
Именіп бұлт құшағына күн кіреді,
Өзгеріп аспан жақтың түңлік реңі.
Көктеммен қоштасуға уақыт тауып,
Түсті қыстың ақ-ұлпа үлбірегі.
Салқын тартқан сеземін, түнгі леп бар,
Жүрер дейсің көктемде кім күреп қар?
Сүйгенімнің жанға ашпас сырларындай,
Жауып жатыр жайменен үлбірек қар.
Үлбірек қар, ынтызар, көк құшады,
Кеудемдегі жібітіп көп құсаны.
Үлбірек қар, соңғы рет үлбіреп қал,
Күнтізбенің өзгеріп кетті саны.
Үлбірек қар, Үлбірек қар,
Үлбірек қар, соңғы рет үлбіреп қал!
***
Қызараңдап батты күн құла дүзге,
Сағым серi салады жылан iзге.
Тораңғылдың басынан торғай ұшып,
Қош-қош айтып барады мына күзге.
Көлбеңдеген сәлдесiн ымырт жауып,
Қарсақ ауыз бекiттi ұлып барып.
Өзен әнi естiлiп тоғай жақтан,
Ауа- райдан қарт отыр қылық бағып.
Құлағы тына қалды кешкi ауылдың,
Езiп кеткен секiлдi естi ауыр күн
Күн батарда балконда тұрып алып,
Қиынын-ай ауылды еске алудың.
***
Неге?
Үміт жібін ұйықтап кетіп, таңда үздік,
Санамыздың шырт ұйқысын сан бұздық.
Миллиардтардың есебінде жүрсем де,
Неге мені қинай бердің, Жалғыздық?
Пендесің ғой, түнің уайым, күн уайым,
Сырлас іздеп, тырбанайын, тынбайын.
Ал, жапанда жалғыз ғұмыр кешуге,
Дәті жетер айтшы, қане, кім дайын?
Қашан, қайда таусылар деп ғұмыр дем,
Жалыққанда жылағаннан, күлуден.
Біз анадан алты жанбыз бірақ та,
Мен жалғызбын мұңыммен.
Аллаға тән жалғыздыққа құмартпай,
Шон мойынға қарғыс артпай, күнә артпай,
Жалғыздықта жылай, жылай шаршадым,
О, Жаратқан көппен бірге жылатқай!
Кербез күз
Аптап ыстыққа қуырған,
Жаз - жеңгейден де бақ тайды.
Аумайтын асау сұлудан,
Кербез күз кірпік қақпайды.
Еркелеу білем күз- ару,
Шайқылау тым-ақ мінезі.
Ұялу жоқ-ау қызару,
Билемек жерді тек өзі.
Санаспақ тағы ғаламмен,
Қасқайып тұрып барды айтпақ.
Сиқыры тым мол қаламмен,
Әлемді түгел сарғайтпақ.
Жер бетін жаппай тонап ал,
Әмірлік жасап ысқыра.
Басыңа салар орамал,
Қалың малсыз-ақ қыс-құда.
Өкініп басты шайқарсың,
Әлсіреп шығар әмірің.
Қыр асып сыңсу айтарсың
Мезгілдің біліп қадірін.
***
Жабыққанда
Тағдырымды сала беріп талқыға,
Неге айналдым жекеден тыс жалқыға?
Жол бастадым қайда бассам арды із ғып,
Жалқылықтың түбірі екен - жалғыздық.
Менен озып кеткен айтпай көшке сын,
Жаттамаппын көбейтудің кестесін.
Қанағат бар, бұл мен үшін жайлы ұғым,
Санамадым жұрттың тізіп, байлығын.
Жан едім мен қосындыны түгелдер,
Ал, бөлуді ұнатады біреулер.
Тағат, шыдам таусылғанда сарқылып,
Жетегіне алды мені жарты үміт.
Жақсылықтың сүйе берсін құт басын,
Өшіргіш кеп, қосындыны құртпасын!
***
Ауылға барғанда
Күрең кеш түсті ауылға,
Төрт түлік кетті ән бастап.
Нан үзіп беріп, бауырға,
Күрең шай іштім, жамбастап.
Ілтипат сезіп кесемнен,
Ашыла түсті қабағым.
Бір жасап қалдым шешемнен,
Ауылдың тыңдап хабарын.
Тірліктің ауыр кей жүгі,
Мән беріп егер аңғарсаң.
Ауылдың үздік физигі,
Қайтыпты кеше Қамбар шал.
Дертінің емін ізденген,
Әкем де әңгіме ұзатты.
Бір ай бұрын біздерден,
Ұзақ көкем де ұзапты.
Ауылда өріс аз дейді,
Мал қарын тоймас тырсиып.
Бақтыбай аға мәз дейді,
Алты қыздан соң ұл сүйіп.
Шешем бастады наласын:
Арақ ішкенің айыбың!
Үй-жайды қашан аласың?
Сол болды менің уайымым.
Әкем де сөзді мәнді етті,
Нанды үзбе, балам, табадан
Кешкі шайдан да мән кетті,
Мал келіп шұбап пададан.
***
Кешкі серуен
Күрең кеште мініп ап күрең бесті,
Қыдырыстап салқынмен жүрем кешкі.
Асансайдан асқанда байқағаным,
Күн батыстан қып-қызыл рең көшті.
Күрең кеште күреңді жорғалатып,
Жорғалатып ащы тер сорғалатып,
Мен де қимай барамын кешті мынау,
Бара жатыр тапа күн зорға батып.
Күрең кеште Қараспан сағымданып,
Саф ауасы емдейді жанымды анық.
Тер шалдырған күреңім арқаланды,
Ол да мен де жүгенге бағынбадық.
Танауынан бу бүркіп күрең бесті,
Қимылынан түсініп тілеулесті.
Асансайдың дөңінде демді басып,
Шығарып сап тұрдық біз күрең кешті.
***
Биігінен көрінсем деп тобамның,
Тіршіліктің базарында тоналдым.
Аңқаулықты тастап кетіп ауылға,
Тас қалада алданбайтын боп алдым.
Қанағатқа қарым қайтып, әл берсек,
Үнемге де үйрендік қой, барды өлшеп,
Қараша ауыл құйып қойған қалыптан,
Шығуды да кінәміз не, ар көрсек?
Қоғам осы, аңқаулыққа артқан мін,
Пайда қуып, пысық болып жарытпадым.
Қоңыр- тірлік, қоңыр- көңіл, қоңыр- ұл,
Мен ауылдың топырағына тартқанмын.
***
Күзгі жұбату
Сағынып калыппын күзiмдi,
Жүректе дерттің табы бар.
Жапырақ- ғұмыр үзiлдi.
Топырақ – қабір, қабыл ал!
Күздің аты – мұң болар,
Жауыны жас па, налалы?
Тізіле ұшқан тырналар,
Жоқтауын айтып барады.
Жапырақ жылап құлайды,
Күңірене түсіп бау іші.
Қара жел неге жылайды?
Сыңсуға ұқсап даусы.
Пендемiз бiздер жұмыр бас,
Тағдыр дегенің сұмдық,ә.
Жүрекпен үндес, тым сырлас,
Жапырақтарға мың дұға.
***
Апа, апа, ауылда қар қалың ба?
Тазарып мен қайтайын барғанымда...
Аманхан.
Апа, апа, аман ба көрші-қолаң?
Кіші келін деп жүрме Еншімді алам!
Есті ұлыңды ауылдың елшісі етіп,
Қалаға сайлап қойды ерсі қоғам.
Несіне боласыңдар қапа бәрің?
Сол тасбауыр, тасқұрсақ қаладамын.
Тезекке пісіретін өзің жиі,
Сағындым дәмін, исін тапананның.
Апа, апа, сен босқа нали берме,
Нали берме, жүйкеңді жани берме.
Қалаға кел, таста сол, тіршілікті,
Өте шығар зуылдап фәни демде.
Келіңіз, қайтарсыз қыдырыстап,
Астананың аязы жылы-жұмсақ.
Арқаның қары жатар жазға дейін,
Сынып қалған шытырлақ шыныға ұқсап.
Бұл балаң Астананың сырын ұқты,
Деп ойлама бәлеге ұрыныпты.
Сарыарқада сары аяз сазарып тұр,
Алып келші ауылдан жылылықты.
Несіне сол ауылды қимайсыңдар?
Қимайсыңдар, ел-жұртты сыйлайсыңдар.
Соғым асып бәріңді күтер едім,
Жалдамалы пәтерге сыймайсыңдар.
Келші апа, келе берші, алаңдамай,
Сағынды қызым қалай, балам қалай...
Айтып берші ауылдың қызықтарын,
... Мұңымды ішімдегі шағам талай.
Апа, апа, аман ба, көрші-қолаң?
Кіші келін деп жүр ме еншімді алам
Есті ұлыңды ауылдың елшісі етіп,
Қалаға байлап қойды есті қоғам.
Айтпақшы, апа, келерде құрт ала кел!
,,,
Балалық пен жастықты тең ескеріп,
Қанаттанған ауылда емес пе едік?!
Сағынышым сияқты сартаптанған,
Тұрмын желдей беріп мен елеске ерік.
Туған жерге жеткенде алып ұшып,
Жүр достарым сонан соң бәрі құшып.
Пеш түбінде пырылдап ұйықтап жатыр,
Марғау тірлік меңдеген сары мысық.
Су жалағы, көкпары, сырғанағы,
Көкірегімде мұңды ызың ырғалады.
Бөстегінде отырған әжем, шіркін,
Жел шуына алаңдап сыр бағады.
Ашылмастан сарбауыр күз қабағы,
Алыста аспан айшықсыз сызданады.
Қалбаң қаққан қарғадай қара суық,
Қара жерден қарды да қызғанады.
***
Ауыл суреттері
Балбырап балғын бөбек бесігінде,
Шырылдайды, анасы кешігуде.
Тәпелтең үй алдында жаман күшік,
Көршінің төбетіне есіруде.
Қызық қуған балалар шуласуда,
Күншуақта кемпір-шал сырласуда.
Ағаш ат мініп алған жалаңбұттар,
Бел буғандай жау қуып қырды асуға.
Сары жеңге долданып күбі пісіп,
Қайнысына өкпелеп жүр ұрысып.
Үш аяқты атанған қара кемпір,
Немеремен сырласып, жүр ұғысып.
Ауыл қандай қызық ең, керемет ең,
Мен сені өмірлікке керек етем.
Мен сенде кіндік кесіп, ержеткенмін,
Өле-өлгенше өзіңді өлең етем.
Бөлісу: