Аяулы анам «Мама!»
Елге барған сайын әкем мен анам жатқан қорымға барып, имандарына қуат тілеп рухтарына бағышылап дұға оқуды парыз санаймын.
Анам 40 жыл ұстаз болып, көптеген шәкірттерге тәлім -тәрбие беріп, өмірге қанат қақтырды. Оның алақанының жылылығын көрген талай азаматтар «Анаң бізге тек қана ұстаз емес, туған анамыздай болды» деген сөздері мен үшін анамның еңбегіне берген зор бағалары дер едім.
Қазір анамның «кісінің ала жібін аттама», «білсең де білем деп айтпа, білгеніңнен білмейтінің көп» немесе «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет» деген ұлағатты сөздері әлі күнге көкірегімде күмбірлеп тұр.
Балауса балғын шағымда көктемнің келуін асыға тосып, даланың қырмызы гүлдерін анама сыйлайтынмын. Сонда оның қуанған жүзін көріп, көңілім марқайып қалатын. Ондайда анам «Құлыным, рахмет, сендер менің бағымдағы жайнаған гүлдерімсіңдер, аман жүріп, дендерің сау болса, маған жасаған сыйлықтарыңның сол», - деуші еді. Сондықтан біз анамызды ренжітпей, қас-қабағына қарап, оның сөзін екі етпей, сыйлап өстік.
Әкем қайтпас сапарға кеткенде, анам он бір баламен жалғыз қалып, отбасының бар ауыртпалығын бір ер азаматтай көтеріп, бәрімізді қатарымыздан қалдырмай тең өсірді...
Ұлағатты өмір сүрген анамыздың ауруы меңдеп әл үстінде жатқанын естіп, үйге асыға жетсем, ол ақ төсектің үстінде екі иығынан зорға демалып жатыр екен. Мені көргенде бетіне қан жүгіріп: «Құлыным, сағынып жатыр едім, келдің бе», - деп өзінің әлсіз де, аялы алақанымен қолымды қысып ұстап жатып, әкем кеткен қайтпас сапарға жүріп кетті. Мен оның суып бара жатқан қолын ұстай отырып, дәрменсіздігімнен күйініп шыққан ащы жасты тежей алмадым.
Сәби кезімнен анамды «Тәте» деп айтып өстім, кейде «жұрттың бәрі шешелерін «Мама» деп айтады, сен де мені бір рет болса да «Мама» деп айтып көрші», - деп өтінетін анам, бірақ «Мама» деп айтуға дағдыланбаған соң - айта алмадым. Енді кеш болса да «Топырағың торқа, жаның жәнәтта болсын, аяулы анам - Мама!».
Бөлісу: