Балалар әдебиеті: Поэзия /Жұмбақтар/

27.11.2017 7379

МАЗМҰНЫ

 Әліппе өлеңі                          -  2

Қазақ алфавиті                      -  3

Болар бала әліппесі               -  4 

Өнер, білім әліппесі              -  8

Санамақ 1                               -  9

            Санамақ  2                                    -   9

              Жұмбақтар                            - 10        

              а/Шамшырақ                                    -  10

              ә/Туған жерің Отаның                     -  11

              б/Өнер, білім                                          - 12

              в/ Ас адамның арқауы                        - 15 

              г/ Жаз жайлау                                       - 16

              ғ/ Балалар әлемі                                   - 17

              д/ Үйі бардың, күйі бар                      - 18

              е/ Табиғат аясында                             - 23

              ж/ Көлік, техника                                 - 28

              з/ Жаман әдет, жолама                       - 29

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

   «Әліппе» өлеңі

 

А--  Алфавитке сүйеніп,

Ә--  Әліппені үйреніп.

Б--   Білім алып сен шықсаң,

Г--   Гүлденген бір күйге еніп.

Ғ—  Ғылым қуып барласаң,

Д— Дүниені шарласаң.

Е—  Еңбек етіп ерінбей,

Ж— Жөні түзу жан болсаң.

З—   Заманыңа сай болсаң,

И,й-  Игілікке бойласаң.

К—   Кітап- білім бұлағы,

Қ—   Қызығына тоймасаң.

Л—  Ләззат алсаң білімде,

М—  Мектепте өтсе күнің де.

Н, ң— Нағыз адам боласың,

О—  Оқысаң оқу түбінде.

Ө--   Өмірде басып оң қадам,

П—  Парасатты бол адам.

Р—  Рахаттана ел сүйсін,

С—  Самал болып соқ оған.

Т—  Таланттың мініп тұлпарын,

У—  Уақыт болсын ұтарың.

Ұ—  Ұстаздық ет, жалықпа,

Ү—  Үлгі тұтар ұрпағың.

Һ—  Қаһарман боп, ер жігіт,

Х—  Халқыңды сүй емініп.

Ш--  Шындықты әркез қорғағын,

щ—  Ащы терің төгіліп.

Ы—  Ынтымақ болса сенемін,

 І—   Ілгері баса берерін.

ю—  Ою ойып, өнерлім,

я—  Аяулы болсаң дер едім.

 

          Басы, аяғы бәрі осы,

          «Әліппе» деген өлеңнің.

 

(В, Ё, Ф, Ц, Ч, ъ, ь, Э -әріптері қазақ сөздерінде қолданылмайды)      

 

 

 

 

 

 

 

         

 ҚАЗАҚ АЛФАВИТІ

 

А--    Алфавитін қазақтың қайта қарап,

Ә--    Әліппе дұрыс емес деп бағалап.

Б--    Білімпаздар бір істі көтеріп жүр,

В--    Вагон-вагон сұрақпен жүк арқалап.

Г--    Грамматиканы дұрыстап қолға алса,

Ғ--    Ғалымдар көңіл бөліп жолға салса.

Д--   Дәлелдеп әрбір істің дұрыстығын,

Е--    Еңбектенсе жұмыс көп әлі қанша.

Ё--   «Ё» әрпі қазақта болған емес,

Ж--  Жоқты жоқ деп айтсақ біз жалған емес.

З--    Зейін қойып қарасаң бұл сұраққа.

И--   Иемденіп «йо»-ны оңған емес.

Й--   Йод деген бір сөзбен ол ұтады,

К--   Көп сөзді түрлендіріп байытады.

Қ--   Қой дейсің бе, әйтпесе қойма мейлі,

Л--   Лайланбасы тілімнің анық тағы.

М--  Мектепте оқып, ой жүгірт, болып сана,

Н--   Назар салып бәріне барлап қара.

ң--    Мың-мың сөзді құрайтын өз әрпіміз,

О--   Орыны бөлек «эң» әрпі жеке дара.

Ө--   Өркендейді өрісім кеңейеді,

П--   Пайдасы көп әріптер енді келді.

Р--    Рахаттана тыңдайсың жатырқамай,

С--   Сөзден сөйлем құралып өсе берді.

Т--   Тағы да тағат таппай бақыласаң,

У--   Уақыт өзі емші ақыл алсаң.

Ұ--   Ұялмай өз тілімде сөйлесер ме,

Ү--   Үкімет үлгі болып, жақындасам.

Ф--   Фамилия боп кетіпті ата-тегім,

Х,һ--Халыққа жаһандағы хабар бердім.

Ц--   Цифр теріп санаймыз, қуанамыз,

Ч--   Чемпиондар көп бол деп бата бердім.

Ш--  Шындықты шырылдатып, бұрып жаттық,

щ--  Ащы менен тұщының дәмін таттық.

ъ,ь-- Үні шықпас «ъ»-жуан мен «ь»-жіңішкенің,

Ы--  Ыңғайын таба алмай жабырқаттық.

І--    Ізгі істерді іздестір бір тазалап,

Э--   Эфирден, экраннан байқап қарап.

ю--   Оюдай-ғып өрнекте алфавитті,

Я--   Япырмай дегізер, қандай ғажап.

  Алфавит туралы ойым айдан анық,

Шеттен келген сөздер көп, жайнаң қағып.

Өсе берсін тілімнің мәртебесі,

Бұрмаламай соларды пайдаланып.

 

 

 

     

  БОЛАР БАЛА  ӘЛІППЕСІ

 Айналайын, анашым,

Ардақты, ару, адамсың.

Алам арман асуын,

Алғысымды аласың.

 Әке, әйдік атағың,

Әлпештеген ботаңмын.

Әлемге болам әйгілі,

Әсерімен батаңның.

 Бесігінде бабамның,

Балдай тәтті баламын.

Білімпаз боп бәрінен,

Болашаққа барамын.

 Гүлзардағы көп гүлдің,

Гауһары мен деп білгін.

Гүлдей жайнап мен бүгін,

Гранд алып кеп тұрмын.

 Ғажайыптар ғаламын,

Ғасырлардан табамын.

Ғылым қуып ғалым боп,

Ғарышқа бағыт аламын.

 Демалмастан мен ертең,

Дегеніме де жетем.

Денсаулығым зор болса,

Даламды әлі көгертем.

 Еңбек етем, жанамын,

Егінді де саламын.

Елім үшін ерінбей,

Ерліктерге барамын.

 Жер жүзіне таныла,

Жаңалық ашсам тағы да.

Жарқыраймын жұлдыздай,

Жүйріктердің алдында.

 Заңсыз баспас қадамын,

Зерек туған балаңмын.

Зергер болам немесе,

Заводтарды саламын.

 Инабатты баламын,

Интеллигент боламын.

Инемен құдық  қазсам да,

Игілікке жарармын.

Нұр сәулелі шашып арай,

Өте әдемі салсам сарай.

Біреу емес, болса талай,

Көңіл шіркін болады жай.

 Күн тұрса көкте күлімдеп,

Кітаптан алам білім тек.

Көркейтуге кешенді,

Көмектесем бұрын кеп.

 Қуанамын жазамын,

Қолдан түспей қаламым.

Қасиетті қазаққа,

Қызмет қылар балаңмын.

 Лапылдап тағы жанармын,

Ләззаттан лаулап жанарым.

Лауазымға бір жақсы,

Лайық адам болармын.

 Мойыныма міндет аламын,

Мақсаты мәлім санамның.

Мектепті жақсы меңгеріп,

Мақтаулы маман болармын.

 Нашары болсам адамның,

Несіне онда жаралдым?

Нұрын себер халқына,

Нағыз адам болармын.

 Оң болса көз қарасың,

Еңселі ер боларсың.

Мыңға ақыл айта алсаң,

Шыңға биік қонарсың.

 Оттан ыстық көрерім,

Отаным, ол рас сен едің.

Осылай озық ант берем,

Отырсаң оқып өз елім.

 Өсіп-өрби беремін,

Өмірді сүйіп, өбемін.

Өкіндірмес өрескел,

Өзімнің өлең-өнерім.

 Пайдасы тиер еліме,

Поэма жазсам кезінде.

Парасатты үлкендер,

Пікір айтар өзіме.

 Райымнан еш қайтпаймын,

Рас нәрсені жақтаймын.

Риза қылмай елді ертең,

Рахатқа мен батпаймын.

 Сарыарқа даламның,

Самалына қанармын.

Сапырып сары қымызды,

Сусындап әнге салармын.

 Таланттың мініп тұлпарын,

Тағы да, талай ұтармын.

Тамыры кеткен тереңге,

Теректей жайған бұтағын.

 Уақытқа ілесем,

Уранмен бейбіт тілдесем.

Уысымнан шығармай,

Уайымсыз күн кешем.

 Ұлылар сөзін ұғамын,

Ұқыпты, ұятты, ұланмын.

Ұрпаққа берер ұлағат,

Ұстаз әркез ұраным.

 Үстем болып мерейім,

Үміттеніп көрейін.

Үлгі көріп, үйреніп,

Үлкен істі жеңейін.

 Аждаһа ығар жанарым,

Қаһарман болу талабым.

Жаһанды шарлап, ел көріп,

Шаһарлар әсем салармын.

 Халқыма сіңіп еңбегім,

Хал-жағдайын жөндермін.

Хабар алып жан-жақтан,

Хаттарды оқып, терлермін.

 Шыңына  шығар арманның,

Шығарма тағы жазбағым.

Шаруаны тамамдап,

Шаттыққа толар жан-жағым.

 Ықыласын елімнің,

Ыстық-ыстық сезімін.

Ысырапсыз жеткізер,

Ырыс көзі өзімін.

 Іріге түсіп жанарым,

Іңкәр болған баламын.

Ізгі істерін ағаның,

Ілгерлетсем жарадым.

 Юладай шыр айналып,

Юрийден үлгі алып.

Юрист боп көмектесем,

Юстицияны біліп алып.

 Яхтам жүзіп алысқа,

Япырай жеңсем жарыста.

Яғни көңіл биікте,

Я айда, я марста.

 Қазақта бұрын болмаған,

Әріптер бар ондаған.

Арқасында солардың,

Тілім байып, сомдалған.

 Виртуоз боп ойнасам,

Ёлкада бір орасан.

Финансты жөндеп-ап,

Цирк үйін қолға алсам.

 Чемпион боп мен өссем,

Ащы өмір көрмесем.

Ъ-жуан менен Ь-жіңішке,

Эврика мен білсем.

 

 

 

 

 

    Өнер-білім әліппесі.

 

А--   Ақындықты қолға алып,

Ә--   Әдебиетке жол салып.

Б--    Білім қуып оқысаң,

В--    ВУЗ-ды таңдап, сен барып.

Г--    Гранд жеңіп ала алсаң,

Ғ--    Ғылымға көңіл бөле алсаң.

Д--   Домбыра шертіп бір уақ,

Е--    Еңбекте мақтау сен алсаң.

Ж--   Живопись майлы бояумен,

З--     Заказдар мол алар ма ең.

И,й-- Идеяға бай болып,

К--    Кинода актер болар ма ең.

Қ--    Қобыз ойнап зарлатып,

Л--    Ләззаттан тапсаң бар бақыт.

М--    Мүсінші болып керемет,

Н,ң-- Нұрдай жайнап шыңға шық.

О--    Очерк жазып ертесін,

Ө--    Өнерді мақсат етерсің.

П--    Поэма мен проза,

Р--     Роман жазып кетерсің.

С--    Сәулетшілік ол –дарын,

Т--    Таланттың мінген тұлпарын.

У--    Уақыт өтіп толтырсаң,

Ұ--    Ұлылардың қатарын.

Ү--    Үлгі болсаң әлемге,

Ф--    Фантаст болып және де.

Х--    Халық көріп таң қалар,

Һ--    Шаһар салсаң сен елде.

Ц--    Циркте мың құбылып,

Ч--    Чемпион боп көбін ұт.

Ш--   Шебері бол әр істің,

щ--    Ащы терің төгіліп.

Ы--   Ынталы болып сен тағы,

І--     Іскер болсаң болғаны.

Ю--  Юбилейіңді тойласа ел,

Я--   Яғни бақыт қонғаны.

 

(Ё, ъ, ь, э  әріптері қазақ сөздерінде жоқ)

 

 

                             ***

      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

             

             САНАМАҚ  (1-түрі)

 

  1. Бір байқасаң кәдімгі жалғыз құдай,
  2. Екі жарты қосылды жар мен жұбай.
  3. Үш жүздің баласына бақыт қонып,
  4. Төрт құбыласы болса екен талапқа сай.
  5. Бес материк әлемде, үздік баға және де,
  6. Алты алаш қуанар, атың шықса әлемге.
  7. Жеті күн ол бір апта, жеті атаңды біл дұрыс,
  8. Сегіз қырлы жігіт бол, алда болып өнерде.
  9. Тоғыз ай сені көтерген, құрсағында анашың,
  10. Он саусақтан бал тамған, шебер болшы өмірде.

 

                      ** *

 

 

      САНАМАҚ (2-түрі)

 

  1. Бір дегенім – білім,

      білгін не бір түрін.

  1. Екі дегенім – еңбек,

      етсең ырыс келмек.

  1. Үш дегенім – үлгі,  

      алғын әркез тілді.

  1. Төрт дегенім – тілек,  

      ашық болсын жүрек.

  1. Бес дегенім – бітім,

      болса бәрі бүтін.

  1. Алты дегенім – ақыл,

     тіл алғаның мақұл.

  1. Жеті дегенім – жеңіс,  

      бітіре бер көп іс.

  1. Сегіз дегенім – сезім,  

      дұрыс болшы өзің.

  1. Тоғыз дегенім – тәлім,

      берер өмір сәнін.

  1. Он дегенім – оқу,  

      көңіліңе тоқу.

 

                              ***

 

 

 

 

  ЖҰМБАҚТАР

 

а/. Шамшырақ

 

Бойды кернеп сан сұрақ,

Маза бермес жарқырап.

Айырып кім береді,

Кімдер екен-шамшырақ.

 

Шешуі:

 

Шырағым, сенен сұрарым,

Үңіліп көңіл бөлгейсің,

Сөздің неден тұрарын.

Анықтап бір көргейсің,

Осы сөздің құрамын:

ШӘКӘРІМ,

АБАЙ,

МҰХТАР - үш алып, үш шырағым.

Есіңе сақтап жүргейсің,

Қазақтың –ШАМШЫРАҒЫН.

 

                ***

                

 

           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ә/.Туған жерің-Отаның

 

Ыстық дейді оны оттан,

Патриот оны ұнатқан.

Оңбайды бұл өмірде,

Адам оны жоғалтқан.

 

Шешуі:

Туған жері апаңның,

Туған жері атаңның.

Дүниеде ең ыстық,

Ботам, туған ОТАНЫҢ.

 

             *** 

Шаңырақ – күн,

Уықтары-нұр,шашқан.

Екі пырақ, көк аспанға ұласқан.

Жарқырайды темірқазық жұлдызы,

Жол көрсетіп, алға бас-деп, Қазақстан!

 

Шешуі:

Бұл жұмбақ мәнісі зор бүгін таңда,

Тудырар үлкен сезім, Ұлы Отанға.

Жауабын дұрыс берер ойланған жан,

Шешуі бұл жұмбақтың, ол: ЕЛ ТАҢБА.

 

                ***

Шөкім бұлт жоқ, көгілдір ашық аспан,

Жарқырайды алтын күн нұрын шашқан.

Бостандықтың белгісі, қыран-бүркіт,

Ою-өрнек мегзейді, бұл Қазақстан.

Жауабын бұл жұмбақтың тез табады,

Ұшқыр ойлы балалар, елден асқан.

 

Шешуі:

Шешуін тек таба алмас, ерінген,

Ел символы орын алған төрімнен.

Бұл көгілдір ҚАЗАҚСТАН БАЙРАҒЫ,

Жарыс та озсаң ең биіктен көрінген.

 

                     ***

Асқақтатып  Сарыарқа даламды,

Ерлік ісі үлгі болған бабамды.

Оң қолымен ұстап тұрып жүрегін,

Бүкіл елім осы әнге салады.

 

Шешуі:

Болса да көп жыр-әні,

Бәрінен биік тұрады.

Мақтаныш бойды кернейтін,

Елімнің ӘН-ҰРАНЫ.

 

б/. Өнер, білім

 

Байқасаң қырық екі бар болғаны,

Қосылып бір-біріне сөз қозғады.

Он бесінің кәдімгі дауысы бар,

Жиырма бесі дауыссыз ым жолдады.

Екеуі үнсіз-түнсіз мылқау нағыз,

Тоғызы шеттен келді, қабылдаңыз.

Тоғызы ерекше бір көрік берер,

Шешуін жұмбағымның ал табыңыз.

 

Шешуі:

Болса егер бас –аяғы қырық екі,

Байқаймын бұл қазақтың алфавиті.

Дауысты, дауыссыздар қырық болса,

«Жуандық», «жіңішкелік» белгі екі.

Тоғыздың тілден бөлек сөз құрасы,

Тоғызы бабалардың өз мұрасы.

Ойланып көрсең егер, талапты жас,

Шешуі жұмбағымның осы расы.

 

Дауыстылар: А,Ә,Е,Ё,И,О,Ө,Ы,І,У,Ұ,Ү,Э,Ю,Я  -15 әріп

Дауыссыздар: Б,В,Г,Ғ,Д,Ж,З,Й,К,Қ,Л,М,Н,Ң,

                         П,Р,С,Т,Ф,Х,Ц,Ч,Ш,Щ,Һ              -25 әріп

                         Ъ,Ь -2 әріп

Қазақ тілінде жоқ әріптер: В,Ё,Ф,Ц,Ч,Ъ,Ь,Э,(Щ)- 9 әріп

Қазақ тіліне тән әріптер: Ғ,Қ,Ң,Һ,І,Ұ,Ү,Ө,Ә         -9 әріп

 

 

                     ***

Өмірде аса қажет он белгі анық,

Біледі оны жастан барлық халық.

Қосылып бір-біріне кете берсе,

Болады қиял жетпес ол бір алып.

 

Шешуі:

Жауабын берер болсаң, ойлап алып,

Цифр деп айтатының айдан анық.

Он цифр қосылғанда бір-бірімен,

Әр түрлі сан шығады таңқаларлық.

 

                                   0.1.2.3.4.5.6.7.8.9  -  Он сан /10 цифр/

 

                     ***

Атам да екеу,

Апам да екеу.

Папам да екеу,

Мамам да  екеу.

Ағам да екеу...

Екеу және қарындасым да,

Мен де біреу де жоқ расында.

 

Шешуі:   - әрпі/.                     

 

                ***

Міне үлкен кеме тұр,

Жетіге толсаң сен де кір.

Он жыл жүзіп келерсің,

Үлкен болып бір зеңгір.

 

Шешуі:

Кеме бар бұл өмірде мектеп аты,

Оқиды онда бүкіл адамзаты.

Білімнің теңізінде он жыл жүзіп,

Боларсың елдің үлкен азаматы.

 

                  ***

 

Мұхит бар ештеңе жоқ артық одан,

Әр түрлі теңіз екен іші толған.

Ерінбей сол мұхиттан сусындап жан,

Оқымысты болады білім қонған.

 

Шешуі:

Ойланып бұл жұмбаққа байқап қара,

Мұхитқа теңеледі – кітапхана.

Білімнің теңізінен сусындасаң,

Боларсың оқымысты жеке дара.                    

 

                  ***

 

Кішкентайы, арығы, семізі бар,

Әрқайсының ішінде теңізі бар.

Сол теңізде жүзеді ғылым, білім,

Сүңгі де тек керегін, сен сүзіп ал.

 

Шешуі:

Бұл жұмбақтың көкесі, сен тыңдасаң,

Көбірек оқығайсың тілімді алсаң.

Кітап – білім бұлағы деген екен,

Білім ала алмайсың оқымасаң.

 

                 ***

 

Жақында пайда болған, бір керемет,

Жұмысты жеңілдетер жүз, мың рет.

Қызығы бар дүниенің сонда білем,

Өзінен соғып тұрар бір жылы леп.

 

Шешуі:

Тез арада жақындатар алысты,

Көз жұмғанша бітіретін бар істі.

Компьютер деп тауып айтар бар бала,

Оныменен үлкен-кіші таныс-ты.

 

                  ***  

               

Неше түрі бар екен жер жүзінде,

Жақындатар адамды бір-біріне.

Кейбіреулер менсінбей өзінікін,

Құштар болып талпынар ең іріге.

 

Шешуі:

Мен айтайын, боташым, сен ұғып ал,

Әр халықтың сөйлесер өз ТІЛІ бар.

Өз тіліңді құрметте сосын барып,

Басқа тілді үйреніп, көп білім ал.

 

                     ***

 

Қандай сұрақ қойсаң да, жылдам жауап береді,

Жердің арғы жағынан, лезде хабар келеді.

Жүзін көріп, сөйлесіп, рахаттанып қаласың,

Білем болмай қалады телефонның керегі.

 

Шешуі:

Бойында тұр бар дерек,

Бұл неғылған керемет.

Білсең айтшы шешуін,

Бұның аты: ИНТЕРНЕТ.

 

                 ***

 

Бұл жұмбақтың шешуі оңай ап-анық,

Ақ пен қара соғысады жан салып.

Жеңілгенін тізе бүгіп мойындар,

Біреуінің ханы қалса маталып.

 

Шешуі:

Қызықтырар үлкенді де, баланы,

Бірі ақты, бірі таңдап қараны.

Соғысатын быт-шыт болып жеңгенше,

Ойлап көрсең, бұл: ШАХМАТ алаңы.

 

                ***

Барлық жоғы жеті екен,

Өнерлі еді не деген.

Кезек-кезек ауысып,

Күй төгілді, әуенмен.

 

Шешуі:     /НОТА/.

 

               ***

Аппақ мәрмәр тасты алды,

Артығын ойып тастады.

Шықты әдемі бір бейне,

Қуанардай жас-кәрі.

 

Шешуі:      /Мүсін/.

в/. Ас - адамның арқауы

 

Дастарқанда байқасаң ол үлкен ас,

Қысқартып қарасаңыз қазаққа Бас.

Шешуін бұл жұмбақтың таба алады,

Сәл ойланып, толғанса талапты жас.

 

Шешуі:        /НАН/.

 

                        ***

 

Өзін алып ауызға сала алмайсың,

Онсыз ешбір тамақты таба алмайсың.

Тамақтың дәмді-дәмсіз екендігін,

Күшіне соның қарап бағалайсың.

 

Шешуі:       /Тұз/.

 

                       ***

 

Құмы бар және оның шақпағы бар,

Сарғыштауы немесе аппағы бар.

Ауырып та қаласың деп айтады,

Соншалықты болсаң сен тәтті құмар.

 

Шешуі:        /Қант/.

 

                       ***

 

Бұл жұмбақтың жайын бақ,

Апам қойды дайындап.

Қарынға сап тұздады,

Болмас енді уайымдап.

 

Шешуі:     /Сары май/.

 

                   *** 

 

Сүт қайнатып, кептірдім,

Күтірлетіп жеп тұрмын.

 

Шешуі:    /Құрт/.

 

                  ***

 

Қазақша “колбасаны”,

Мал сойып мол жасады.

 

Шешуі:    /Қазы/.

 

                 ***

 

г/. Жаз - жайлау

 

Жаздай күтіп, баптадым,

Ешбір тыным таппадым.

Күзде қазып алдым мен,

Жерде бұғып жатқанын.

 

Шешуі:    /Көкөніс/.

 

               ***   

 

Әр түрлі ағаш мекені,

Бірі-бірінен өтеді.

Ала жаздай нәр жинап,

Тәп-тәтті боп кетеді.

 

Шешуі:   /Жеміс/.

 

               ***

 

Отан-ғып шөп, бұтаны,

Жерден нәр ап жұтады.

Өте ұсақ демесең,

Дәм жағынан ұтады.

 

Шешуі:   /Жидек/.

 

              ***  

 

Шөп пен күтім керегі,

Адамға барын береді.

 

Шешуі: /Үй жануарлары/.

 

              ***

 

Адамның досы, бір тілектес,

Ашуланып қусаң да кетпес.

Қожайынын құлай сүйген,

Сенімді серік ешкім жетпес.

 

Шешуі:    /ИТ/.

 

                ***

Сүт пен ет боп тамағы,

Ұйқысы әбден қанады.

Қожайын санап ол өзін,

Күтуші көрер адамды.

 

Шешуі:  /Мысық/.

 

              ***

 

ғ/. Балалар әлемі

 

Мен қояйын тағы сұрақ,

Қандай үлкен саңырауқұлақ?

Көлеңкесін пайдаланып,

Ойнап отыр балалар шулап.

 

Шешуі:  /Көлеңке түсіргіш/.

 

               ***

 

Қарыны тойса жеңілденді,

Секіріп, ойнап, көңілденді.

Тепсең кетті шарықтап,

Шеге жолда болды тап... Қап!

Қалды лезде арықтап.

 

Шешуі:  /Доп/.

 

               ***

 

Айтқан тілді алады,

Қойған жерден табылар.

Қызықтырмас баланы,

Құмар оған ал қыздар.

 

Шешуі:  /Қуыршақ/.

 

               ***

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

д/. Үйі бардың-күйі бар

 

Баспана көшпендіге өте ыңғайлы,

Әдемі мекен екен, жанға жайлы.

Тентектік істеп қойсаң, әке-шешең,

Сені тағы бұрышқа қоя алмайды.

 

Шешуі:

Жарығы мол боп санаңның,

Шешуін тапсаң жарадың.

Киіз үйі қазақтың,

Есіңде жүрсін, қарағым.

 

                      ***

 

Бұл заттың үлкен екен мәнісі тым,

Күн түсіп және одан шығар түтін.

Ел таңбадан орнықты орын алған,

Мақтаныш ол, қуанар елім, ұлтым.

 

Шешуі:

Символындай елімнің болған ғажап,

Жауабын бұл жұмбақтың біл- шаңырақ.

Екі жас үйленгенде отау тігіп,

«Шаңырақ биік болсын»-дейді қазақ.

 

                      ***

 

Төрт қанат, алты қанат, сегіз қанат,

Жалғай бер әрі қарай оны санап.

Саны өссе, үйің және кеңейеді,

Атын тапшы сол заттың, ал, азамат.

 

Шешуі:

Бұл енді қазағымның өз жұмбағы,

Дұрыс шешіп ашылар кімнің бағы.

Отау құрған жастарға бата беріп,

«Керегесі кең болсын»-дейді тағы.

 

                  ***

 

Сыртқы болад, ішкі болад,

Ішкі ағаш, сыртқы болат.

Ұрықсатсыз ашқан адам,

Заң бойынша істі болад.

 

Шешуі:   /ЕСІК/.

 

                  ***

 

 

Бұрын болған ағаштан,

Қазір не бір түрі бар.

Европаға оны “ашқан”,

Петр неткен білімдар.

 

Шешуі:    /ТЕРЕЗЕ/.

 

                 ***

 

Өзіне түссе жанарым,

Таң тамаша боламын.

Айнымайтын өзімнен,

Сүлбесін көрем адамның.

Айырмасын білмек боп,

Үңіліп тағы қарадым,

Оңды сол-ғып көрсетер,

Қырсық екен жаңағым.

 

Шешуі:       /АЙНА/.

 

                  ***

 

Ойлаған адамдарға бұл бір жұмбақ,

Жаны  шығып кетеді бір шырылдап.

Қолға алып, мұрынын бассаң болды,

Сөйлеп қоя береді, көрсең тыңдап.

 

Шешуі:

Ойланып көрдіңдер ме енді шыңдап,

Жауабын айта қойшы кәне, шырақ.

Дауысын жақыныңның естіртетін,

Телефонның көмегі өте зор-ақ.

 

                 ***

 

Біреу бар аяқ асты қызып алып,

Бұрқырап буы, пысылдап, өліп-талып.

Тегістеп жолындағын, жайпап өтер,

«Әжімді» сүймейтіні оның анық.

 

Шешуі:

Шошынып қала көрме, неткен бұзық?

Пайдасы көп зат екен, кетсең тізіп.

Осылай іс бітіріп тастайды-ғой,

Үтігің жұмыс істеп, кетсе қызып.

 

                   ***

 

 

 

 

 

Басып қалсаң тетігін жарқырады,

Күн көсемнің кезінде атын алды.

Қараңғыны сүймейтін бұл бір сабаз,

Түніменен алысып барын салды.

 

Шешуі: 

Түн болса ойлайтыны адам қамы,

Ойланып көріңдерші енді тағы.

Қараңғыны қылатын самаладай,

Шешуі бұл жұмбақтың- электр шамы.

 

                    ***

 

Ағаштан да жасалар, темірден де,

Екі адамға арналар, не біреуге.

Балаға арналғаны өте әдемі,

Ыңғайлы зат керіліп, көз ілгенде.

 

Шешуі:

Тезірек шешуін тап, болсаң көсем,

Жұмбағым ауыр емес, ойлап көрсең.

Ақылды, ұшқыр ойлы сен боласың,

Дәл тауып, жауабы оның төсек десең.

 

                     ***

 

Әр үйде осы күні бір нәрсе бар,

Қабырғада не төрде, сайрап тұрар.

Әркім таңдап алады қалауымен,

Я күй, я кино, я хабар.

 

Шешуі:

Жұмбақ емес бұл да бір жанды қинар,

Бұрын жоқ, қәзір міне әр үйде бар.

Ойланып бір сәтте сіз таба аласыз,

Шешуі бұл жұмбақтың - теледидар.

 

                       ***

               

Шаң болмай, таза болса бөлме іші,

Байқаймын істеп кеткен соның ісі.

Сыпырғышты шығарып пенсияға,

Бүгінде ол, қолға алған өз жұмысы.

 

Шешуі:

Көрсең тағы бұл жұмбаққа бір бойлап,

Шешерсің сен қуаныштан нұр жайнап.

Жеңілдеткен адамдардың өмірін,

Тапты екен шаңсорғыш деп кім ойлап.

 

                      ***

 

Бір нәрсе күндіз-түні тағат таппай,

Шыр айналар қазықта байлаулы аттай.

Ат дегенім бие екен келіп жүрген құлынға,

Жиырма төрт рет тәулікте, тыныш жатпай.

 

Шешуі:

Сағат деп шешер болсаң бұл жұмбақты,

Айтайын ақылдысың тым-ақ мықты.

Үлкен тіл кіші тілге келіп-кетіп,

Тәулік бойы көрсетер уақытты.

 

                    ***

 

Уақыт бос, қарасаң қолың құрғақ,

Жұмыс істеп тастадың сен де бірақ.

Төсек орын тазарды, киім кешек,

Неге бұлай болады, міне жұмбақ.

 

Шешуі:

Шешуін табасың-ғой кәміл сенем,

Өмірдің өзгергенін күнде көрем.

Қол суламай жуып жүр кірді міне,

Кір жуатын машина көмегімен.

 

                  ***

 

Шай қайнату кезінде жай іс пе еді?,

Отын табу, от жағу «сайыс» еді.

Бүгінде қарап тұрсаң бір ғанибет,

Бес минутта қайнатып, шай ішеді.

 

Шешуі:

Қуантсын бізді балалар өнерімен,

Шешуін дұрыс тауып бере білген.

Әже отыр ата мен шайын ішіп,

Электр шәйнегінің көмегімен.

 

                    ***

 

Алғыр болып, жас жеткіншек талапты,

Дұрыс жауап бере алсаң жарапты.

Ас үйде тұр екі бірдей керемет,

Пісіретін отсыз бізге тамақты.

 

Шешуі:       Электр плитасы»,

                 «микроволновая печь».

 

                  ***

 

 

 

 

Ас үйде тұр жарқырап, талапты ер,

Бар ынтамен анаңа көмектесер.

Көкөністі турайды, етті тартып,

Жемістен ол ағызып, шырын берер.

Міне сондай ол заттың көмегі мол,

Пюре жасап береді ол қолма-қол.

Егерде сен тәттілеп торт жасасаң,

Крем жасап беретін тағы да сол.

 

Шешуі:     «Ас үй комбайны»

 

                  ***

 

Кейбір сәтте ет жеуге қалжырасаң,

Тұшпара, манты, котлет жемек болсаң.

Фарш қылып береді бар етіңді,

Кесек турап ауызына оның салсаң.

 

Шешуі:     «Ет тартатын машина»

 

                     ***

 

Таңертең тұрған кезде ұйқы ашылмай,

Жалықтырып жіберсе және де шай.

Дәнді тартып, ғажайып сусын жасар,

Кім біледі бұл заттың аты қалай?.

 

Шешуі:           «Кофемолка»

 

                      ***

 

Қазақтың қалай сақтаймын мол азығын?!

Бекер екен соны ойлап, қобалжуым.

Жаз ортасы болса да ызғар шашып,

Ас үйде тұр қар менен аяз бүгін.

 

Шешуі:

Бұл нәрсе өмірдегі ең бір керек,

Адамға таза, дәмді берер қорек.

Дәл жауабын ойланып тапсаң егер,

Тоңазытқыш дер едің орны бөлек.

 

                       ***

 

 

 

 

 

 

 

 

е/.Табиғат аясында

 

Біреу бар көп балалы,

Бақсам он екі болады.

Мінез- құлқы әр түрлі,

Балалардың жаңағы.

Үшеуі адамдарға суық қатты,

Үшеуі танытады оң қабақты.

Үшеуінің мінезі ашық-жарқын,

Тағы үшеуі болады қоңыр салқын.

Кезек-кезек көрсетер мінездерін,

Бере алады жұмбаққа кім жауапты?

 

Шешуі:

Байқасаңыз бұл жұмбақ тағы оңай,

Шешуін тап тезірек, көп ойламай.

Кезек-кезек ай сайын ауысатын,

Шешуі бұл жұмбақтың: жыл он екі ай.

Үшеуі қатты қысар қыс айлары,

Үшеуі көктем айы, жанға жайлы.

Үшеуі жаз айлары гүл жайнайды,

Үшеуі күз басталып, қысқа айналды.

 

                  ***

 

Жеті батыр кезекпен,

Күндіз-түні күзеткен.

Уақытында шығады,

Ұқыпты еді,О,неткен.

Түн ортасы әр күннің,

Ауыстырар бір-бірін.

Тәулік тұрып күзетте,

Жалғастырар тірлігін.

Бірі үшін бірі бірақта,

Шықпайды еш уақытта.

Әрқайсының өз күні,

Жауап ізде жұмбаққа.

 

Шешуі:

Құлақ түріп бұл жаққа,

Шешуін тап құр жатпа.

Кезек-кезек ауысар,

Жеті күн-ол бір апта.

 

               ***

 

Керек саған, маған да,

Хайуанға, адамға.

Тіршілік онсыз болмайды,

Таба-ғой не зат, ол: АУА.

 

               ***

Көрінбейді ол күндіз,

Қарасаң түнде мың,сан жүз.

Атақты болсаң, балайды соған,

Кім табады, ол: ЖҰЛДЫЗ.

 

                 ***

 

Жүрмеген соң жырақта,

Бізге алып боп көрінер.

Кішкентай дейді бірақ та,

Космоста жүргендер,

Адамдар жүр тұрақтап,

Ол не:    ЖЕР.

 

                 ***

 

Бірі күндіз, бірі түнде,

Жарқырайды жалықпай.

Туысады жер мен бірге,

Бұл екеуі: КҮН мен АЙ.

 

                 ***

 

Көп болса да жер жүзінде,

Дейді оны тым тапшы.

Ащы, тұщы боп бөлінер,

Ол не екенін ал, тапшы.

 

 Шешуі:    /СУ/.

 

                 ***  

 

Аласы бар, қарасы бар, көгі бар,

Биігі бар, аласасы, дөңі бар.

Қазақстан картасына қарасаң,

Бұл жұмбақты тез шешетін жөнің бар.

 

Шешуі:   /ТАУ/.

 

                 *** 

 

Гүлді көріп вазонда,

Жақындадым азанда.

Иіскейін деп ұмтылдым,

Ұшып кетті, ғажап, ә?.

 

Шешуі:

Бұған енді не дер ек,

Гүл ұшпайды, бұл дерек.

Гүлге ұқсап құлпырған,

Әсем неткен көбелек.

             

Жаңбыр жауып тәп-тәуір,

Дала қалды құбыла.

Пайда болды көкте бір,

Көз қуантар шұғыла.

 

Шешуі:   КЕМПІРҚОСАҚ.

 

               ***

 

Қара шыбын ұйқыға жатты,

Ақ шыбын жер бетін жапты.

 

Шешуі:      /ҚАР/.

 

                ***

 

Қабағы түйілді,

Көз жасы құйылды.

 

Шешуі:     /БҰЛТ, ЖАҢБЫР/.

 

                ***

 

Өзін ұстап, көре алмайсың,

Күшіне төтеп бере алмайсың.

 

Шешуі:      /ЖЕЛ/.

 

              ***

 

Көктем шыға қам қылды,

Жазда тонын жамылды.

Күзде тағы таң қылды,

Қыста тоннан арылды.

 

Шешуі:  /Ағаш/.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ж/.Көлік, техника

 

Астыңда төрт дөңгелек,

Бір дөңгелек қолыңда.

Төртеуі зыр дөңгелеп,

Қысқарады жолың да.

 

Шешуі:

Жету деген алыс жерге,

Әрі қиын, әрі мұң.

Жетер едің түспей терге,

Болса автокөлігің.

 

             ***

 

Барар жерді анықтап,

Білсең егер сен бұрын.

Алла алдан жарылқап,

Жеткізер мінген номерің.

 

Шешуі:     /АВТОБУС/.

 

                ***

 

Автобустың жақыны,

Мүйізі бар бірақта.

Мықты емес қарқыны,

Кете алмас ұзап жыраққа.

 

Шешуі:  /ТРОЛЛЕЙБУС/.

 

               ***

 

Асығыс болсаң егер де,

Автобустан жоқ көмек.

Жасыл көзді бәлеге,

Отырасың мол төлеп.

 

Шешуі:   /ТАКСИ/.

 

              ***

 

Жол қылып қос болатты,

Жолаушы тасып зырлапты.

Ластамайды ауаны,

Тарсылы бірақ тым қатты.

 

Шешуі:   /ТРАМВАЙ/.

 

              ***

 

 

Кім көрген бұрын бұндайды,

Жүре алмай сынар сағың да.

Жердің асты ыңғайлы,

Жетуге қас-қағымда.

 

Шешуі:   /МЕТРО/.

 

             ***

     

Жүйткіп келеді, көгілдір әбжылан,

Қала береді, қос сызық соңынан.

 

Шешуі:      /ПОЕЗД/.

 

                 ***

 

Құстай ұшып самғайды,

Қанаты еш талмайды.

Ұшады ол жан-жаққа,

Көрінбес жолмен арнайы.

 

Шешуі:  /Самолет /Ұшақ/.

 

               ***

 

Көрдім-дағы инелікті,

Соншама мен таң қалдым.

Ұшады алып небір жүкті,

Бұйым көрмей салмағын.

 

Шешуі: /Вертолет /Тікұшақ/.

 

              ***

 

Ұшар болсаң ғарышқа,

Одан басқа жоқ көлік.

Алыс айға, марсқа,

Әкетер тік көтеріп.

 

Шешуі:  /Ракета/.

 

 

               ***

 

Бір бөлмеге кірдім де, тетікті бастым.

Көтеріліп бір дем де, есікті аштым.

 

Шешуі:  /Лифт/.

 

             ***

 

 

Алаңқайда тырна тұр,

Күш иесі бұлда бір.

Күндіз-түні жұмысты,

Істейді көрмей бір дамыл.

Ғимараттар бой түзеп,

Көркейер қала жылма-жыл.

 

Шешуі:  /Құрылыс краны/.

 

 

              ***

 

Желдей ескің келсе егер,

Жылдамдық боп құмарың.

Темір тұлпар мін де жөнел,

Орындалар арманың.

 

Шешуі:   /Мотоцикл/.

 

              ***

 

Аяғымның күшіменен,

Дөңгелек зыр айналды.

Өзі арзан көлік екен,

Ден саулыққа пайдалы.

 

Шешуі:  /Велосипед/.

 

               ***

 

Тұңғиыққа секірдім де,

Жіпті тарттым ақырын.

Таяп келем міне жерге,

Астында мен шатырдың.

 

Шешуі:       /Парашют/.

 

                ***

 

Күш иесі ерен бір, жұмысы ауыр.

Жерді жыртып келеді, жылан бауыр.

 

Шешуі:  /Трактор/.

 

              ***

 

Бұл заттың ең ғажабы,

Тастайды жерді опырып.

Лезде үлкен Камазды,

Жібереді толтырып.

 

Шешуі:  /Экскаватор/.

з/. Жаман әдет жолама

 

Бір әдет бар өмірде өте жаман,

Әуес болған бірақта талай адам.

Бір пайдасын адамға көре алмадым,

Сорып мәз боп жатады өңшең надан.

 

Шешуі:      /Темекі/.

 

               *** 

Аздап оны көтерсең дәріге тең,

Рахаттанып қаласың, көңілің кең.

Кетсең егер салынып, ей, жігітім,

Айналасың шошқаға бір күні сен.

 

Шешуі:      /Арақ/.

 

              ***

Тілімді алсаң оған сен қызықпағын,

Тамашала өмірдің қызықтарын.

Егіп, шегіп соңынан кетсең еріп,

Айналарсың біріне бұзықтардың.

 

Шешуі:      /Анаша/.

 

              ***

Көрген емес тер төгіп,

Бітпес тағы ертеңі.

 

Шешуі:     /Жалқау/.

 

            ***

Түнде ұйқы, күндіз ұйқы,

Бас дегенің ұйқы-тұйқы.

 

Шешуі:   /Маубас/.

 

            ***

Айтатыны кіл аңыз,

Ерлігі асқан басқадан.

Бұны не деп ұғамыз,

Білмесе сезіп басқа адам.

 

Шешуі:  /Мақтаншақ/.

 

         ***

Көзбен көрмесе де,

Сыбырлап жел еседі.

 

Шешуі:    /Өсекші/

 

Бөлісу: