Қайырымды жан

08.06.2017 7031

Көкшетау қаласында наурыздың соңына дейін ерімей сіресіп жататын қар биыл күн көзі жылт етісімен күрт еріп, тротуар үстін суға бөктіріп, жүргіншілердің жүрісін қиындатып тұр.

Көше бойымен келе жатқан 10-11 жастағы жас бала қаншама құрғақ жерлермен жүруге тырысса да, аяқ киімі суға әбден малынды. Бір кезде оның көзі аяқ-киім дүкенінің витринасында самсап тұрған сәнді бәтеңкелерге түсті. Ол сөрелерде тұрған аяқ-киімдерге телміре қарап, дүкеннің есігін жасқана ашып ішке кіре берді.

Дүкеніне келген тауарларын тиісті сөрелеріне қойып жатқан дүкен иесі аяқ-киімдерге жұтына қарап тұрған балаға көзі түсті. Баланың киімдерінің ұсқыны кеткен, жақ жүндері үрпиген, бәрінен де аяғына киген бәтеңкесінің сөгілген жерінен аяғының башпайы жылтиып тұрғанын көрген қожайынның жүрегінде балаға деген аяныш сезімі туды.

Көктем айы жер лайсаң, бала тұрған жер әбден лас болыпты. Сатушының өзін байқап тұрғанын сезген бала бұрылып кете бермекші еді:

- Балақай, аяқ киім алмақшы ма едің? Мына сөрелерде тұрған бәтеңкелерден таңдап қалауын ал. Биылғы аяқ киімдер өте сәнді, байқадың ба? — деді сатушы.

- Иә, шынында, өте әдемі екен, бірақ… менің оны алатын ақшам жоқ қой, — деп бала есік жаққа беттеп еді.

  • Тоқта балақай, Анаң қайда? - деді сатушы.
  • Анам көк Тәңірдің мекенінде.
  • Әкең ше?
  • Әкем анамның жанында...

Дүкенші қапелімде не айтарын білмей:

  • Ата-анаңды сағынған шығарсың?
  • Әрине, түнде ұйықтап жатқанда анам жаураған қолымды, әкем тоңған аяқтарымды жылытатынын сеземін, - деп баланың көзі мөлдіреп үнсіз тұрып қалды. Ал дүкенші баланың басынан сипап:

— Сен сонда балалар үйіненсің бе?, — деп терең күрсінді саудагер.

— Иә, бізге аяқ киімді жаз шыққанда, сосын қар түскенде береді. Аяқ киімім тозды, жазға дейін әлі біраз уақыт бар, бәтеңкемнен өткен суықтан аяғым әбден тоңды, - деді жыламсыраған бала.

— Қиналып жүр екенсің ғой, балам, - деп сатушы сөрелерді нұсқап:

— Сен көрген аяқ киім сәнді келісті екен! Киіп көр, — дегенге, бала:

— Бағасы қымбат екен.

— Түк емес. Оның үстіне бүгін Ұлыстың Ұлы күні Наурыз қайырымдылық мейрамы, әрі сен оқушы шығарсың?

— Әрине, төртінші сыныпта оқимын, — деді бала.

— Керемет, онда оқушыларға деген қайырымдылық шараларымыз бар. Сонда саған аяқ киім тегін түсейін деп тұр. Балам, киіп жүрген аяқ киімің нағыз таза былғарыдан дайындалған екен, қазір таза былғарыдан тігілетін аяқ-киім сирек мен мұны аяқ киім тігетін цехымда жаңартып беремін. Сонда сенде екі аяқ киім болады, - деді.

  • Сізге шығын ғой бұл.

— Шығынды жабатын қаржы қарастырғамыз, қам жеме.

Дүкенші баланың тосылып тұрған сәтін пайдаланып, оны орындыққа отырғызып, аяқ-киімін шешіп еді, көктемнің лайсаңынан бәтеңкенің іші суға шылқып тұр екен, аяғындағы шұлық деген аты болмаса шұрқ-шұрқ жыртық. Ол дереу сөредегі әдемі аяқ киімді алып шығып, сатушыларынан орамал, су алдырып баланың аяғын жуып, әбден құрғата сүртті де, балаға жаңа шұлық кигізіп, аяғына жаңа аяқ киімді кигізіп, ескі етігін жөндеуге жіберді...

Бір кезде шебер баланың жөнделген аяқ-киімін әкеліп баланың қолына берді. Бала өз көзіне сенбей тұрып қалды. Оған мұның барлығы көрген түс сияқты еді. Баланың көзіне жас үйіріліп:

- Әкем жақсылық жасаған адамға «Істеген жақсылығың алдыңнан шықсын, тілектеріңді Алла қабыл етсін, екі дүниенің қызығын көр деп айтушы еді, - деп көздері жәудіреп дүкеншіге рахметін айтып кетіп бара жатты.

Көзін қайта-қайта сүртіп кетіп бара жатқан баланың соңынан қарап тұрған дүкен иесі өзін өте бақытты сезінді. Ол бұл бақытты бір күнде барлық аяқ киім сатылып кетсе де, сезіне алмайтын еді.

Бөлісу: