Мен өтіп бара жатқан Өмір Көрмесінің тұсы...
Бір істі жоспарлап едік. Əшейін ғой. Көп емес, 100-120-млндық шағын ғана жоба. Құдай қаласа, боп қалар...- дейді өткенде бір жақын танысым, шағын ғана деген сөзге екпін беріп...
Дипломымды қорғауға дайынмын.Бəрін қамтыдым деректерді. Түптетсем, болды да,- дейді жоғары оқу орнын бітіретін інім, бəрін қамтыдым дегенде дауысын көтере түсіп...
Қазақстандағыдай емес, талап бар.Кітаптарды көп оқу керек.Оқи салмай, оқығаныңды кез келген жерден айтып бере білу керек.Бір мақаланы жазу үшін көп əдебиеттер қарау керек,- деді хабарласқанымызда өзге құрлықтағы елде білімін жалғастырып жатқан құрбы қызым, Қазақстандағыдай емес дегенде, төмендетіп, менсінбеушілік ойымен...
Үш əнімді жаздым. Енді бір-екі əніме бейнебаян түсіруге əрекет етіп жатқан сол. Ортасында той да бар.Сол той көп енді.Бірақ табыс та мол болады ғой,- дейді танымал болып келе жатқан бір əнші досым күлімдей қарап, екі əніне енді түсірілетін бейнебаянын көзіне елестеткендей...
Дін - адамның тірегі. Дінсіз қоғам - мисыз қоғам.Адамдардың бəрі имансыз қазір.Намаз оқу керек, - деді намазды енді бастаса да, дінмен бірге дүниеге келгендей күй кешіп жүрген замандасымның бірі...
Барған жердің бəрінде қонаққа шақырады.Еріксіз барасың.Елдің ықыласы сенде болады.Шаршап кетесің- дейді өнердегі белгілі бір ағам, елдің ықыласы дегенде еңсесі түскендей...
Кілең тоқмейілсу немесе көңілі толмаған көңілдер...
...Мейлі, сондай-ақ болсын, ісі көрсетеді ғой уақытында 200-300млн-дық жоба болса да. Ісі жүрсін. Алға баса берсін. Бірақ сөзіне сəн етудің не керегі бар?..
...Бітіру жұмысы - ғылыми-ізденімпаздылыққа үйрену үшін берілетін бағыттың алғашқы қадамы. Анықтап айтсақ, нені қамту керек, қалай əдебиеттер қорын пайдалану керек сынды ізденістегі бастапқы баспалдақтарды пайымдау. Бұл пікірім қате болар біреулер үшін. Білерім: қандай тақырып болса да, бір жұмыс көлемінде берілген тақырыпты жүз пайыз меңгеріп, жазып шығу мүмкін емес. Керек десеңіз, бір тақырыпты зерттеуді ғұмырыңызға азық етуге болады. Ол да жетпеуі мүмкін. Ініміздің сөзін желпінген көңілін балалыққа балап, кешіріммен қарайық. Ал білімін жалғастырып жатқан құрбыма не айтсақ екен?..
Оқу үшін барған соң, оқуы - міндет қой. Оқудың қай жерде де жеңіл болмасы анық. Оқуды оқытушыны алдау үшін емес, өзін білу үшін алуың анық. Еліміздің оқу орындарының базасы төмендеу десе, болар. Талап азырақ болса да, оқимын деген адам үшін оқу қай жерде де қатал. Елімізде ұстаздардың талабы - шəкіртінің қабілетіне қарай өзгеріп отырады десе, жөні осы ғой. Өз басым мадақтай отырып, сынақта сығып алатын, үлкендік қамқорлықпен бағыт бере отырып, қатеңді шиқандай ете салатын Семейдегі жəне өзге өңірлердегі ұстаздарыма саналы ғұмырымда əрқашан қарыздармын деп есептеймін. Немесе бір мақала жазу үшін алты ай тапжылмай отырғанымды əлі ұмыта қойған жоқпын ( лепірудің баспалдағына осылай бір көтеріліп көрсем ше?.. :). Қазақстандағыдай емес дегенінің жөн еместігін айтуға жүз оқталсам да, алыста жүрген көңіліне сəл де болса, кірбің түскенін қаламадым құрбымның.
...Əнші досым ше? Саны емес, сол əннің сапасына - сөзіне мəн берсе ғой. Қазір бар, ертеңі жоқ дейтіндей де емес, бір сəт өтпей-ақ, ұмыт болатын əуен мен сөзіне назар аударса деген ойға қаласың.
...Күпілдеген көңіліне болайын, дін жолына бет бұрған замандасымның Қоғам сондай деп, саусағын шошайтқан ол сол қоғамнан шықпағанда, қайдан пайда болды дейсіз? Имандылық қажет екені де рас. Бірақ, əркім өз жүрегімен, өз сенімімен келеді ғой дін жолына...
Жастық көңіл - пісіп үлгермеген жеміс. Піспеген жемістің дəмі татып, адам қажеттілігіне жарай қоймайтыны сияқты шалалық та, балалық та, жетілдім деп есептеген үлкендік те болар жастардың бойында ( Осы ойларды параққа түсіруімді де жастық шақтың білместік деген бір парасы деп есептегеніңіз абзал ...
... Ал ағамыз ше? Кемеліне жетті деген жастағы жанның ел құрметіне өмірі жалықса да, көңілі енжарлық танытуы тиіс емес, меніңше...
P.S.
ШЫНАЙЫ ШҮКІРШІЛІК пен ҚОҢЫР ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫ, ИБАЛЫ ТӨМЕНДІКТІ, өмір мен қоршаған ортаға деген СҮЙКІМДІ СҮЙІСПЕНШІЛІКТІ шырқ айналсам да, таба алмай қалдым. Бар. Сенімдімін. Осы ШЫНАЙЫ ШҮКІРШІЛІК, ҚОҢЫР ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫ, ИБАЛЫ ТӨМЕНДІКТІ, СҮЙКІМДІ СҮЙІСПЕНШІЛІК те бізді қоршаған ортада жүр.
Тек қайдан көргенімді немесе қайдан аларымды есіме түсіре алмай тұрмын .
Желпінген көңіл. Лепірген көңіл. Мен өтіп бара жатқан Өмір Көрмесінің тұсы осындай екен.
Іздегенімді көргендер болса, жөн сілтесе екен...
Бөлісу: