Нағыз қазақ домбыра.

28.11.2017 9504

Қазағымның арысың,
Оятатын намысын.
Бабалардың өр жолы,
Сенің асқақ дауысың.

Сен бар жерде азатпын,
Сен бар жерде ғажаппын.
Бір бойыңа сыйдырдың,
Қоңыр күйін қазақтың.

Еркін үнің самғасын,
Құрық ешкім салмасын.
Талай зұлмат жылдарды,
Бірге өткерген жолдасым.

Күмбір күмбір күмбірле,
Шыңдық шырқа іркілме.
Сенің арқаң ҚАЗАҚ боп,
Жеткеніміз бұл күнге.

Тұсаулаған тілімді,
Тұсаулаған күнімді.
Жаңа ғасыр тұсауы,
Өшірмесін үніңді.

Күйге бөле жырымды,
Айтам саған сырымды.
Келешекке айтарсың,
Халық жайын бүгінгі.

Сенмен өссін ұрпағым,
Сақтап намыс ұлт арын.
Сақтау үшін күйіңді,
Болам сенің құрбаның.

Қайда апарар жол мына,
Төселген-ау халқыма.
Біз өшсекте өшпесін,
НАҒЫЗ ҚАЗАҚ-ДОМБЫРА!

                         Жалғас ӘЛІМҒАЗЫҰЛЫ. 

Бөлісу: