Күңгірт дүние

28.11.2017 4771

Күңгірт дүние

1

Бұл өмір алма-кезек ақ пен қара,

Солай қылып жаратқан, Хақ Тағала.

Мысал сөздің мәнісін ұға біліп,

Бар затқа, өтіріксіз, тура қара...

2

Баяғыда болыпты кемпір мен шал,

Қолдарында жан бағар, аз ғана мал.

Тілегі, байлығы да бір баласы,

Ал енді, сол жайына, құлағың сал.

3

Ол ұлы нағыз батыр, алып екен,

Кемшілік – тума соқыр, ғаріп екен.

Сонысына қынжылған, кемпір, шалдың,

Күндері мінәжатпен, налып өткен.

4

Қартайған ата-анасы уайым болған,

Жас батыр, бір күндері ойға шомған,

Көрмекке дүниені, көзін ашып,

Шыдамастан, сапарға, дайындалған.

5

Бата алып, атасынан шығып кетті,

Айдалада, елсізге, жүріп кепті.

Сезеді біреулердің соғысқанын,

Құлағына қан-майдан, шуы жетті.

6

Біреуінің дыбысы суылдайды,

Біреуінің дыбысы ысылдайды.

Жас батыр жөн сұрайды, жақын келіп,

Екеуінен қорықпай, қысылмайды.

7

Әлгілер де тоқтай қап, жамырасып,

Жағдайларын айтады, амандасып.

- Адамзат, жақсы келдің, төрелік айт,

Әбден біттік, алысып, қалжырасып.

8

- Мен бүркітпін, ал мынау шұбар жылан,

Істегені, арамдық, нағыз ылаң.

Тамақ іздеп шығамын, жылап келем,

Осы ойрандар, білемін, салған ұям.

9

- Мен де айтайын, өзімнен беріп дерек,

Ей адамзат, білесің, жем-су керек.

Сондықтан, өзі жоқта барып, шығып,

Жұмыртқа, балапанын етем қорек.

10

Жігіт айтты: - Жаусыңдар бітіспейтін,

Жауабым жоқ, сендерге дұрыс дейтін,

Көрмей тұрып дауыңды шеше алмадым,

Көз беріңдер, ісіңді оң, теріс дейін.

11

Бір көзді салып қойды сонда жылан,

Дүние күңгірт екен, мұнарланған.

Көз берген, иірілген, сыпайы екен,

Қызығып, риза болып, жігіт тұрған.

12

Бір көзді ұшып келіп, бүркіт берді,

Әп-сәтте, барлық әлем өзгереді.

Жарық қонып айнала, анық болып,

Құлпырып, шыға келді. Түгел көрді.

13

Қараңғы, өтіріктен құтылады,

Ал, жылан сұмдығына тұтылады.

Түсінген әділетті, батыр жігіт,

Қыранмен бірге жауға, ұмтылады.

14

Әділдікті жас батыр сонда ұқты,

Жауыздықтан адал іс, болған мықты.

Бүркітпенен бірлесіп, күш қосқан соң,

Екеуі ата жауын жеңіп шықты.

15

Ескі сөз мағыналы, бұрынғыдан,

Ту еткен әділетті ата-бабам.

«Көзіңмен көріп тұрып, тағы ойланғын»,

Білсеңіз, ғибрат болып, содан қалған.

Жастарға үлгі болсын, ниет адал,

Азкен Алтай, ұғарсыз, бұны жазған...

Азкен Алтай

Бөлісу: