Өтірік айтсам тілімді кессін...

28.11.2017 4985

Өтірік айтсам тілімді кессін...

Алдамшы өмір тармағы қанша
Алғандай аршып аңғардан бұлақ
Санасы кеміп,салмағы қалса
Адамдар кетер заңғардан құлап

Өрнектеп өлең құраса қалам
Оқуды оны ұнатушы едік
Шыңғырып келіп жыласа балаң
Шырылдап жүріп жұбатушы едік

Атылып кетсе қолдағы жебең
Шығарады оны теріске өмір
Азабы қанша болғаныменен
Жазады қалай періште көңіл 

Көрсетер іспен білетін құлпын
Табыла қоймас сұрақтан емі
Кетігін жамап жүретін ұлтым
Жетімін қашан жылатқан еді

Өртейді лаулап көкірегімді 
Кетердей жанды жаралап жұлып 
Жолықтырғанмын бекіре мұңды
Жетімдер үйін жағалап жүріп

Сүрініп қалған қартыңды көрсе 
Қай ұлың келіп жайын сұрады 
Біреуге егер алтынды берсе 
Талауға бəрі дайын тұрады

Өмірде тегіс қалдыма жаман
Тұлғалы туған азайып текті 
Жылжыған сайын алдыға заман
Қайырым дейтін ғажайып кетті

Қалдырар жазып,жазарын тасқа
Ұқтырам қалай дария барын
Толтырып отыр жанарын жасқа
Қарттар үйінде қарияларың

Біреулер келіп қара жапты ма?
Сөйлейді неге жалтара жасық
Ауылға бөлген қаражатты да
Алады билік қалтаға басып

Өмірдің осы жалығу шегі 
Шындықпен қамал алынбасада
Білекке кісен салынушы еді
Жүрекке кісен салынбасада

Қауіп пен қатер, келді мұң талай
Қуына берме бекерге желік
Сақтайды елдің,елдігін қалай?
Ұлдарың жүрсе шет елге еріп

Өткен күндермен жиі мұңдасам
Бабалар сөзі өтелмегені 
Қай қазақ апаң, киімін қашан?
Кіндіктен биік көтерген еді

Ей тағдыр сенің құныңды білдім
Сөздерім сені толықтырмады
Ұлы мен қызы бүгінгі күннің
Шамалы шығар оңып тұрғаны

Көмейге егер көпірік толса
Оқырман қауым жырымды кешсін
Айтқаным егер өтірік болса
Өзгелер келіп тілімді кессін

Бөлісу: