Адасқан арман
Дүниедегі ең жаман у,
Жоғалған зат бағасын кейін білу.......
Аурухана. Науқастың жанында отырған бойжеткеннің иығы қусырыла түскендей. Төсекте жатқан жанның қолын аялай ұстап, өбек қағуда.
- Аяулым әпке, өзіңізді қинамаңызшы, өтінемін. Сізге күш салып, көп сөйлеуге болмайды деп айтты ғой дәрігер. Соңғы қоңырау туралы әңгімені неге қозғадым екен? - деген Марал жанұшыра әпкесіне жаны ашып, көзіне ұялаған жасты көрсетпеуге тырысты. Ал, Аяулым болса, әлсіздігін танытпауға барынша тырысып бағуда. Бар күшін жиып, терең дем алып, әңгімесін қайта жалғады.
- Жоқ, Марал, менде бәрі дұрыс. Алаңдама. Өмір деген, осы, қалқам.... Бүгін барсың, ертең жоқсың. Күн шыққанда не боларын кім біледі? Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл сырымды өзіммен бірге алып кеткім келмейді. Сенің бүгін мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқаныңды көріп қуанып отырмын. Есіме сол бір қызықты күндерімнің түсіп отырғаны...
- Мен тыңдауға асықпын, әпке! Тек сіз қиналып қалмасаңыз болғаны...
Аурухана төсегінде айлар бойы таңылып жатқан әпкесін Марал қатты құрметтейді. Оның жаратылысы мен біліміне, парасатына қатты қызығатын. Өскенде әпкесіндей боламын дегенді жиі айтатын.
Айықпас дертке шалдығып, өмірден күдерін үзген әпкесінен айырылып қалам ба деген үреймен, жүрегі ұшып ауруханаға күн сайын келеді. Жұбатуға ұмтылғанымен шарасыздықтан шырылдап жүр. Әттең-ай, дәрігерлердің айтуынша, аурудың емін тек Израильдік мамандар ғана жасай алмақ екен. Алайда, Аяулым ол жаққа барудан үзілді-кесілді бас тартты. Сырқаттан сұрланса да сұлу жүзін бермеген әпкесі әңгімесін бастамас бұрын, бір жымиып алды. Науқас меңдеген жүзі ажарланып кеткендей көрінді Маралға...
- Білесің бе, Марал, өмірінде шынайы махаббат сезімін бастан өткерген жан, ең бақытты жан екенін енді ғана ұққандаймын. Сезімге деген тұрақтылық, адалдық екінің біріне беріле бармейтін қасиет екен. Қадіріне жетпесең, киесі ұрады деген рас екен. Мен сол қасиеттің қадіріне жетпей, қанаты мәңгілікке қайырылған қарлығаш секілдімін. Көктемде көңілім қалаған жаққа ұшып бара алмаймын. Ешқашан. Тек армандаймын. Адасқан арманымды таба алмаймын. Енді ешқашан да... Тыңда, ендеше...
***
Адам баласы бұл фәниге текке келмейді. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап тағдырдың сан тарау жолдары алдан тосып тұрары анық. Қым-қуыт тіршілік түйткілдерінде адамға күш-қуат сыйлап, болашақтың бар екеніне, оның баянды екеніне сендіретін алапат бір сезім бар. Ол – талай жанды табындырып, жер бетіндегі тіршіліктің үзілмеуіне себеп болатын махаббат атты ұлы сезім. Адамзаттың алып тірегіне айналған осы бір сүйіспеншілік атауы егіз жүректерді дөңгеленген дүниенің әрбұрышынан кездейсоқ табыстырып, бақыттың балынан да, мұңның ащы уынан да дәм татырады. Жалғыз ғана кездесу бір ғұмыр иесінің өмірін өзгертіп, мүлдем күтпеген бетбұрыс жасауға себеп болады. Осындай кездесудің бірінен кейін көкірекке ұялаған жылы сезім жүректі қалай тыныштықта қалдырсын?! Бұл да болса Алланың өлшеп те екшеп берген сыйы болар, бәлкім?!. Тынық күннен соң тосыннан шыққан теңіз толқыны секілді буырқанған сезімдер бір арнаға тоғысып, Өмір мұхитына бір кемемен аттану үшін сапар шекпек. Бір-біріне бақыт гүлін, шаттық жырын сыйлап, бақытты ғұмыр кешу үшін...
Иә, бақытты іздеушілер өте көп. Бірақ тапқандар аз....
Сені мен көп іздегем, көп іздегем,
Жұлдыз боп төніп едім теңізге мен.
Көрініп көз алдымда тұрмағасын,
Түбінен тұңғиықтың сені іздегем.
/М.Мақатаев/
...Оқу жылы аяқталуға жақын. Небәрі бес күннен соң соңғы қоңырау сыңғыры естілмек. Барлық пәнді жылдағыдай үздік тәмамдаған мен қуанышты күйде бір топ құрбыларыммен мектеп дәлізінде келе жаттым. Жетінші сыныпты бітірген біздер бойжетіп, оң-солымыздын танып қалғандаймыз. Десе де, балалықтың басыла қоймаған ерке қылығымен мектеп дәлізін күлкіге көміп, еркін жүріп келеміз. Ерсілі-қарсылы жүрген өзге де оқушылар қимастықпен мектепке бір кіріп, бір шығады. Кенет, біздің алдымыздан жоғары сыныптың бірнеше жігіті өзара әңгіме-дүкен құрып келе жатты. Жайшылықта ешкімге мән беріп, қарай қоймайтын менің көзім маған ерекше жылы шыраймен қарап келе жатқан сұңғақ бойлы, қайратты қою шашты жігітпен еріксіз түйісті. Бір-бірімізге қараған бойда екеуміз тар дәлізден жанаса өте шықтық. Осы бір сәт менің есімде мәңгілікке сақталып қалды.
Ия, мендегі алғашқы махаббат оқиғасы осылай басталды.... Әйтсе де, осы бір сезімнің шырмауынан шыға алмай қаламын-ау, өмір бойы мені әбігерге түсіреді-ау деген ой мүлде ойыма келмепті ол кезде. Бірақ, тағдырдан қашып құтыла алмайды екенсің...
Сол бір топ оқушының арасында көршіміз Ерлан да бар еді. Оны байқап қалған мен олардың 10-шы сыныптың ұлдары екенін ұға қойдым. Әдеттегідей үйге қайттым. Сол күні үй шаруасымен айналысып жүрсем де, кешкісін тамақтанып отырсам да әлгі жігіттің тұлғасы көз алдыма келе берді. Еріксіз. Мұнысы несі деп өз-өзіме таңырқай қараған мен бұрын-соңды мұндай күйге бой алдырмаған едім. Салмақты, барлық қадамымды алдын-ала жоспарлап адымдайтын мен үшін бұл құбылыс бөтен саналды. Осындай түсініксіз сезімде жүргенде арада бірнеше ай өтті. Жауабы жоқ сансыз сауалдың астында қалған мен жаныма дауа іздеп, аласұрған адамдай күй кеше бастадым. Ғашық болып қалғанымды мойындағым келмей, өзіммен өзім қалың ойда жүрдім. Бұрын-соңды бастан өткеріп көрмеген бұл сезім, мен үшін өрескел қателік секілді көрінді. Ғашықтықтың алғашқы қадамы мұншалықты қиын болатынын қалай білмегем?! Кімге айтарымды, кіммен бөлісерімді білмей.. Есіме ең жақын құрбым Жансая түсті. Ол өзі маған қарағанда ашық, батылдау қыз. Әкесі ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, тұрмысы жақсы отбасынан. Анасы үй шаруасымен айналысып, күйеуінің табысын жаратып үйінде отыратын. Бойынан кісілігі мен дәулетін көрсетуге ұмтылысы бірден байқалатын. Сол кездері шыққан соңғы үлгідегі киімдермен киінетін Жансая сәнқойлау еді. Сабақ үлгерімі онша болмайтындықтан, мендей үздік оқитын досының көмегіне көп жүгінетін. Жансая да маған адал әрі жан дос бола білді. Қолынан келгенін аянып қалмайтын. Осылай ой орманында адасқандай күй кешіп жүргенде жаңа оқу жылы да басталып кетті.
Бірнеше ай іште бүгіліп жатқан сыр - өсіп, өрбіп, жүрекке біржолата бекінген ғашықтық сезімін бөлісетін сәт те келгендей... Қателеспесем, биология пәні. Раушан апай кешігіп жатыр. Мен сыныптың старостасы болғандықтан, балаларды тыныштандыруға тырысып жатырмын. Бірақ, ойым жан-жақта. Апайдың жоғын пайдаланып, осы бір оңтайлы сәтте Жансаямен әңгімелескім келіп-ақ тұр. Өзі жанымда отырады. Бір кезде, орныма отырып енді талпына бергенім сол еді, сыныпқа апайдың кіріп келмесі бар ма?! Раушан апай өзі үнемі шаршаңқы жүретін, үлкен әулеттің келіні, отбасының шаруаларынан әбден қажыған, ара-тұра ішімдікке салынып кететін күйеуі жүйкесін тоздырғаны жүзінен байқалып тұратын. Алайда, тірлігіне тас түйін. Сабақты өте жақсы түсіндіреді. Сабақ соңында демігіп, ентігіп «Балалар, тыныш отырыңдаршы!»- деп басын ұстап отыра қалатыны бар еді. Сол себепті болса керек, ол кісі кіріп келісімен бүкіл бала оның жағдайын түсінетіндей тыныш отыра қалатын.
–Жансая, саған бір нәрсе көрсетейін бе?..
– Не нәрсе?
– Хат....
– Бұл не хат?
– Сұрақтарды сосын қоясың, мынаны ал да, иесіне тез жеткіз...
– Әкел, оқысам бола ма?-деп күлді ол. Сосын, жай айтам, кімге беру керекпін?- деді байсалдылық танытып.
- Ерланға бер, менің көршім...
Не керек, жүректегі жылы сезімдермен өрілген, ақ параққа ақтарыла төгілген сөздер жазылған хат жолданған адамын тапты. Ұяттан қысылып қатты өкінсем де, бір жағынан батылдық та дұрыс болды-ау деп өз-өзімді жұбатумен болдым. Сол күні, сабақ аяқталысымен Ерболдан жауап келді. Ия, менің жүрегімдегі алғашқы махаббат отын тұтатқан жанның есімі Ербол еді. Ол өзі өте сыпайы, қарапайым жігіт болатын. Хатында өзіне деген осындай сезімінің бар екенін күтпегенін, қуанышты екенін білдіріпті. Ербол хат иесін кездесуге шақырыпты. Мұндайды күтпеген мен қатты абыржыдым. Апыр-ай, бұл қалай болады екен, мен не істедім деп өзімді жеп барамын. Бір кезде Жансая:
- Аяулым, қойшы енді, ол да сені ұнатады екен ғой. Оның несі айып, кездесіп көріңдер!-деді қолдаған кейіп танытып.
Сол күннен бастап біз жиі хат алмасып тұратын болдық. Үзіліс кезінде сыртқа шығуға қымсынған мен сыныпта отыратынмын. Ия, мен шындығында өте ұялшақ едім. Ойымды ашып айтқаныммен, неге екені белгісіз Ерболдың алдында аузыма құм құйылғандай үнсіз тұрып қалатын едім. Бірбеткей, батылдығым болғанымен, оның алдында дәрменсіздік танытатынмын. Уақыт зымырап өте берді. Хат тасушы – Жансая мен Ерлан. Екеуі үзіліс кезінде мектеп коридорында амандасқан болып, бір-біріне әбден бүктелген хатты ұстатып кетеді. Олар күзетші де еді...Сынып сыртында тұрып әлдекім келе қалса белгі беретін....
Бір күні Ербол маған кешкісін шыға аласың ба? –деді. Ондайды күтпеген мен:
–Білмеймін,- деп ойланып қалдым. Үйде әкем мен анам бар. Қатты састым.
– Көп уақытыңды алмаймын, тырысып көрші,- деп өтінді Ербол.
– Мен сенің терезеңнің жанына келіп, шапалақ ұрамын,содан мен екенімді білесің. Ысқырсам тағы ауыл балалары естіп біліп қояр,- деп күлді.
–Жарайды,- деп жай ғана жымиған күйде үйіме қайттым.
Сол күні кеш қарайсайшы....Үй шаруасымен айналыстым, сабақтарымды оқып, қайталап шықтым. Кешкісін ертерек жатуым керек еді деп бөлмеме кіріп кеттім. Бір сағат, екі сағат,үш сағат өтті. Көзім ілінер емес. Үйдегілер әлдеқашан ұйықтап қалған. Анда-санда есік алдындағы күшіктің дауысы шығады. Көше жақ бетте орналасқан терезе алдына жайғасып алған мен қатты қорқып отырдым. Бар ойым – қалай шығамын? Не істеп жүрмін мен? Бұл қалай болғаны? Сан-сауалдармен басымды қатырып отырғанда, көше жақтан шыққан шапалақтың дауысынан селт ете қалдым. Атып тұрып, терезеге үңілдім. Шіркін-ай десеңізші, қорқыныш пен қуаныш қатар билеген сол кездегі сезім-ай! Бір жағы баламын ғой, бәрін ұмытып, ақырын басып, сыртқы есікті жәймен аштым. Артыма қарап қоямын. Ешкім жоқ. Сыртқа шықққанда көше жақта тұрған Ерболдың сұлбасын анық көрдім. Жүгірген бойда құшағына ендім. Сол түні ай топ-толық, жап-жарық еді. Тура бір күннен көлеңке іздеген адамдарша екеуміз талдың тасасына тығылдық.
– Қолдарың дірілдеп, жүрегің дүрсілдеп кетіпті ғой, қатты қорқып тұрсың ба?-деп Ербол мені жаймен құшақтап, кеудесіне тартты.
- Енді....үйдегілер біліп қоя ма деп, алаңдап тұрмын,- дедім мен.
Ербол жымиды. Мені сол күні тұңғыш құшағына алып, қысып, құшып тұрған еді.
--Сенің кірпіктерің ....ұзын екен ғой,- деді Ербол. Бұрын аңғармаппын.
- Ия - деп жымидым.
Сол сәтте ыстық дем, ыстық леп соққандай болды. Сол түні менің жүрегім оның жүрегінің үнін естіді. Бұл сезімнің осыншалықты қымбат, осыншалықты қадірлі боларын мен сол кезде сезіндім. Қанша уақыт тұрғаным есімде жоқ, бірақ көп бөгелмегенім анық.
- Ербол мен үйге қайтайын,- дедім.
- Сәл тұрсаңшы,- деді ол қиылып.
- Жоқ, алаңдап тұрмын...Мені түсінші,-дедім өтініп.
– Жақсы,- деп Ербол мені ыстық құшағынан жібергісі келмесе де, бетімнен сүйіп, үйіме кіріп кеткенше соңымнан ұзақ қарап тұрды.
*************
Осыны айтып болған әпкем, көзін төмен қаратып біраз ойланып отырып қалды.
-Марал, мына жер кілең дәрі-дәрмектің иісі шығып,мұрынды ашытып бара жатыр ма қалай?,-деп ойын басқа жаққа бөлгісі келгендей орнынан атып тұрды да.....жымиды....
- Жоқ әпке, маған осы дәрілердің иісі ұнайды))
- Иіс демекші, менің бір иіс мұрнымнан кетпейді. Мен сол иісті қанша іздесем де қайта таба алмай қалдым. Бірақ, дәл қазір сезсем бірден сол екенін білер едім. Бәлкім, ол менің ең алғашқы алған сыйлығым болғандықтан болар. Иә, иә.... Ербол менің туған күніме иіссу сыйға тартқан,- деді де Аяулым әпкем құдды бір сол иісті құшырлана иіскегендей тынысын ішіне тереңінен тартып,көздерін жұмды.
.....Сол жылы күзде бізді,үздік оқитын бір топ оқушыларды лагерьге жіберді. Арасында мен де бармын. Бір апта сабақ оқып, өзге өңірдегі үздіктермен ой бөлісіп, демалып келмекке. Тау баурайында орналасқан табиғаты сұлу мекендегі бұл демалыс қызықты кездерімен лезде зымырап өтті де кетті.Сағынысып, асыға мектебіме де келдім. Бір аптада талай дүние өзгерген бе деп қоям, әңгіме көп құрбым Жансая екеуіміз тауыса алар емеспіз.
- Аяулым, ертең сенің туған күнің...мәәә қандай болады екен сыныпта атап өтеміз бе не істейміз?
- Иә, айтқандай...менің есімнен де шығып кетіпті. Міндетті түрде апаймен ақылдасып рұқсатын берсе атап өтерміз.
- Тууух, бұл туған күн – ерекше болғалы тұр саған!
- Неге олай дедің?
- Енді....Ербол дегендей..ол біледі ма?
- Білу керек...сұраған бір кездері
- Не сыйлар екен,-Жансая жымиды.
- Қайтесің оны? Не сыйласа да өз еркі, сыйламаса да разымын,-деп Аяулым кітаптарын жиыстырды. Алты пәнді аяқтап үйге қайтуға әзірленіп жатты. Сол екен, сыныптың есігі жәймен ашылды. Шиқылдаған есіктің дауысына жалт қараған олар, Ерланның басын көрді.Жансаяға бері келіп кет дегендей ишара білдірді.
- Айттым ғой, Аяулым бұл тегін шақырту емес,- күлкісін тия алмаған Жансая сол күлген бойда сыныптан шығып кетті. Абыржып қалған Аяулым, бұл не болды екен деп ойланып қалды. Кетуінен келуі тез болған Жансая, қолына хатын ұстап, жылтыңдатып қуанып, алып-ұшып сыныпқа кірді.
- Бәрінің қайтып кеткені қандай жақсы болды, беймарал отырып дауыстап оқысақ та болады бұл хатты,-деп Жансая жымиған күйде хатты Аяулымның қолына ұстатты.
Сол күннің ертесіне сабақтан соң,Ербол Аяулымды кездесуге шақырды. Бірге қайтатын болып келісті. Менің туған күнімді білетін шығар...қызық...қалай құттықтар екен деген ой қызға маза берер емес. Кездесу белгіленген күні, Жансая мен Аяулым кезекшілікке қалатын. Ербол мен Ерланда да солай. Мектептің үшінші қабатына түс мезгілінде күн қатты түсетін. Құдды бір сәуленің арасында қалып қойғандай күйде боласың. Терезенің алдында Ербол жалғыз өзі Аяулымды тосып тұрды.
- Сәлем,Ербол...
- Ой, сәлем!- артына жалт бұрылған Ербол қолын қайда қоярын білмей абдырап қалды. Жәймен қолына ұстаған затын көріп қоймасын дегендей артына тығып тықты.
- Қалай барып келдің? Лагерьде көп достар тапқан шығарсың,-деп Ербол жымиды.
- Жақсы демалдық, жалпы қызық болды. Бірақ сабақтары біздікінен әлдеқайда қиын екен. Кіл мықтылар, арасында абдырап та қалдым....
- Аяулым...
Тыңдап тұрмын дегендей Аяулым, Ерболдың көзіне қарады.
- Туған күніңмен! Саған ұнай ма, ұнамайма білмедім. Мынау менен кішкене ғана сыйлығым..
- Несіне әуре болдың, дегенмен рақмет!,- көк түсті қорапшаға салынған иіссуды қолына алған Аяулым,әрі қарай не айтарын білмей қалды.
Балғын теңіздің тәтті дәмі. Иә, ол иіс сондай болатын. Салқын, балғын теңіздің иісі.Қаншама уақыт өтті, мен алмаған сыйлық бар ма? Қымбат, ерекше, өзгеше, құшақ-құшақ гүлдер, көлік, құнды жәдігер.Бірақ, сол сыйлық мен үшін әлі де бәрінен қымбат.Мен оның құтысын әлі сақтап қойғанмын,-деген Аяулым әпкем сондай жылуарлы сезіммен басын жастыққа қойды.
- Ол құты қайда қазір, әпке?- деді Марал асқан қызығушылықпен аңтарыла қалып
- Үйде,ешкімнің қолы жете бермейтін жерде сақтаулы,-деп күлді әпкесі.
- Ал, сіздің Ерболға жасаған сыйыңыз болды ма?
- Еріксіз күлдірдің-ау...мен ұяламын оны айтуға
- Неге әпке, айтыңыз енді қызықтырып қойдыңыз ғой!
- Жарайды.Менің туған күнімнен соң, тура бір айдан кейін Ерболдың туған күні болатын. Мен оған бір кісідей дайындалдым негізі. Мектепте түстенуге берген тиын-тебеннен артылдырып, оны жинап жүретінмін. Сондағы алғым келіп жүргені қолсағат. Бірде, ауылға жақын маңдағы базардан көріп қалғанмын сол сағатты. Бітті осыны аламын деп шештім.Құнын білім алғанмын. Ақшам жетеді-ау дегенде арнайы барып сатып алдым. Сөйтсем,оным үлкен кісілерге арналған қолсағат екен. Алуын алдым-ау...Туған күні күні бердім де. Кейін қарасам, сағатты тағып жүр. Бірақ, қолына үлкен сияқты ма қалай өзі? Ай сол кездерді есіме алсам қарқылдап күлгім келеді. Содан өзімнен-өзім ұялып, Ерболдан қашқақтап жүретінмін. Ол да ер екен. Тастамай тағып жүрді.
- Ай, әпке сізде қатырасыз!- деген Марал ішін ұстап әбден күліп алды.Аяулым да есіне еріксіз кейбір жәйттер түсіп кетті ау...қарқылдап қатты күлді.
Бөлісу: