Хат
«Айналайын, ұлым қалың жақсы ма? Қасымызда отырсаң да, осылай хат жазысып жүргеніміз біреуге күлкілі болса да, бізге ақиқат болып кеткені қашан. Алдымен үйдегі жаңалықтан бастайын, жақында әкең барып, көк қағаздан беріп, әскери комиссариаттан сені тағы да әскер қатарынан алып қалды. Жасың да отызға келіп қалды, енді мазаламайтын шығар. Оған енді қуанайын ба, жылайын ба?.. Сендердің мектеп бітірген он жылдық кештеріңе де бардым. Сыныптастарыңнан тек бес бала ғана келді. Жиналған ата-аналар бала кездеріңді еске алысып біраз жасарып қалдық. Балалары бұл жерге келмегендер қазіргі тірліктеріңді айтысып бір күліп, бір жылап та үлгердік. Келмегендер де сен сияқты «тойлап» жатыр екен «сыныптастар. ру»-да.
Біздің жасымыздағылар ата-әже болып немере сүйіп отыр. Ал, сен болсаң әлі үйленген де жоқсың. Өткенде «үйленем» дегенде қатты қуанып едік. Содан тойға дайындалғанбыз, әкеңнің ауылдағы інісі Тәмпіш те «сүйіншілеріңе» деп бір сиырын сойып әкелген еді. Біраз уақыттан соң сенен тағы хабар келді. «Мен үйлендім!», – деген. Үйден шықпай бұл қалай үйленіп жүр деп мен шалқамнан түстім. Сөйтсем, сендердің «әлемдеріңде» барлық нәрсе бола береді екен ғой. Сен үйленбек түгілі үй де салып, тал да егіп, ұл да өсіріп отыр екенсің ғой. Тәмпіш ағаң ашуға мініп ауылға алып кетем деп еді сені, аяғына жығылғандай болып әзер алып қалдым. Ұлым сол «виртуальді әлемде» жүргеніне де он жылдай болып қалыпты, «елге қайт», не қиындық болса да бірге көрейік, әйтпесе сол әлемге мен де қызығып бара жатқан сияқтымын ба, қалай өзі? Айтпақшы, тамақтарыңды ауыстырып қойдым, көгеріп бара жатыр екен. Сәлеммен www.mаmа.kz »,– деп хатын аяқтаған Сәлимаш компьютердегі алғашқы ойынына кірісіп те кетті.
Бөлісу: