ОЙ ТАМШЫЛАР - 7

20.06.2017 6801

АДАМГЕРШІЛІК ТУРАЛЫ

Кеше ғана сенің көлеңкеңдей - еңкейсең қоса еңкейіп, қисайсаң қоса қисайып жүрген біреу, бүгін жотасы күжірейіп, көзі ежірейіп елді қорқытып отырса - оған таң қалма... Өйткені, ол тағы біреудің көлеңкесін бейнелеп отыр да...

* * * * *

Бөтен итті есіркеп басынан сипағың келсе - қолыңды созбай ойша ғана ишарат ет... Иттің естілігі ымыраңды көзіңнен аңғарады... Ал бөтен адамды есіркегің келсе - бар қазынаңды мұқият жасырып барып, алақаныңды аш...

* * * * *

Қолыңдағы шырақпен өз жоғыңды ғана іздемей, жұрт алдына шам болу - әр Азаматтың абыройлы ісі болар...

* * * * *

Адам дамимын деп талай қасиеттерін жоғалтып алды емес пе... Жақсы мен жаманның өзіндік иістері де болар, тек оны сезуден қалғандықтан - көргеніміз бен сезігімізді ғана айтуға мәжбүрміз...

* * * * *

Күнде ертесін тұрған кезде өміріміздің жаңа парағын аудардық яки аштық деп жатамыз... Өмір парақтан тұрса, біз сірә, әлдеқашан дайын кітапты қайта парақтап отырғанымыз да...

* * * * *

Шындық дегеніміз - қиянатты әшкерелеу ме?..

* * * * *

Әу баста тұстың көркі боларсың, одан төрге жайыларсың жамбасқа жай, сырғи-сырғи есіктің көзіне жетіп, аяқ сүртерге айналарсың...

Сол дәрежеге жетпей тозып кеткен де абырой сияқты ма....

* * * * *

Неге үйір болсаң, сол үйірге тап боласың...

* * * * *

Бір танысым қабырғасы қайысардай болып айтып еді: Өзің білетін қайынағам, кезінде әбден қанымды ішті ғой! Қосқан малымды қайтармай, алған ақысын мойындамай... Сақалын силап, Алладан қорыққан соң да талай жұмылған жұдырығымды жазуға тура келген-ді. Қиянаттың көкесін жасады ғой ол маған! Кейде, сол кезде-ақ жағын ұсатуым керек еді, орынсыз ғайбат пен жалаға жығынды қылғаны үшін деп те өкінемін. Бойында күш-қуаты барда адамды менсінбеді. Енді кемпірі өліп, өзінен мал түгілі денсаулық та қашқан уақытта бізді келіп сағалады. Баяғы кісімсігені ғайып болған. Мүсәпірдің кейпін киген есалаң біреуге айналған. Айып тағып, ренішіңді айтайын десең есінде түк жоқ. Білмеймін, ештеңе білмеймін... осы жауабы. Адам қарадай күйініп, не әдейі, не шыны белгісіз оның осы мыштай хәліне қайран қалудан басқа амал қалмады.

Пенде - әл-ауқаты бар тұста жасаған қиянаты мен шарапатына дер кезінде ғана жауапты.

* * * * *

Жотамыз күдірейіп, Мен сондаймын! деп жүргенде, әлдебір істің басында абыройымыз иә асқақтап, иә айрандай төгілуі де ғажап емес. Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе деген атам қазаққа тағы қосарман: Өзге түгілі өзіңе де сенбе дегім келеді. Бұның басты себебі: адам өзін-өзі ешқашан толық тани алмас деген күмілжіс. Жеме-жемге келгенде жалтаң атша ерден сыпырып кетпесе деген қамқорлық. Қаншалықты Мен батырмын! деп кіжінгеніңмен жан шіркін тым тәтті ғой, айқасар сәтте құйрығын қысып зыта жөнелсе, өзіңді өзің қуып жете алмассың!

* * * * *

Атқа мінер дәрежеге жеткенде біреудің артына мінгесіп, не жылқысын сұрап міну уақытшалықты аңғартады. Бүгін болмаса келесі күні жаяу қаласың. Сол сияқты ақыл кіретін уақытта өз ақылың болмай - әркімнің нұсқауына жүгіне берсең, күндердің күні бір адасасың. Сондықтан өзгенің дуалы сөзін қаншалықты силағаныңмен, өзіңнен шықпағандықтан - оның түпкі тегін терең тануың мүмкін емес.

Ақылды адамның үрлеп ішкенін көрген ақылсыз да үрлер, бірақ, бәр айырмасы - нені үрлеу керектігіне мән бермеуі...

* * * * *

 Өзін-өзі сүю, өзімшіл болу сияқты т.б. үстем сезімдер адам болмысын көркейтетін қасиеттер емес сынды. Болмыс ділін божыраудан сақтап, талмай қуаттайтын жалғыз күш ол - жауапкершілік. Ол - әр сәтің үшін Ар алдындағы есеп беру болар... Ол - өзі кеткеннен соң да соңындағылар үшін арымас қамқорлық...
Егер саналы ғұмырыңда: ең құрмаса бір адамның ертеңі үшін жауапты бола алмасаң, ең құрғанда бір қабат өзге үшін жүрегің бүлк етпесе - несіне Мен деп барыңды бұлдайсың...

* * * * *

Біреуді тіл алдыру үшін оны жеңу шарт емес... Баланы, келінді т.б жеңдім деу өзіңе ор қазғанмен бірдей, ал сол жеңіліске ұшырған - кезі жеткенде кек қайтаруға бел буса - онда ол екі есе терең ор қазғаны да...

* * * * *

Тасты тамшы тоздырса, жүйкені ұғылмаған сөз тоздырар... Қиян-кескі болып жарқылдасып жатқан қылыш пен найза немесе күркілдеген зеңбірек атысы сияқты соғысқа әйтеу бір тоқтар деген үмітпен қарасаң, ал Сөз соғысы ешқашан бітпейтін, бітімгерлікке көнбейтін сорақы соғыс па деймін... Қантөгіс соғыста Жеңімпаз болса, бұл соғыста тек жеңілгендер ғана, өздерінің Мен дегенін жеңе алмай...

* * * * *

Жақсы көріну - мәртебе үшін керек болса, жақсы адам болу ауыр жүк арқалағанмен тең... Тек, өз жүгің ғана болса тәйірі, ештеңе етпес еді... Ел Сені Жақсы деп таныған соң, бар жүктерін саған артады да өздері соңыңнан ілеседі... Сосын: Қай жерге дейін шамасы жетер екен? деп өзара күңкілдескенін естігенде Шын Жақсы адам осындайда қайтер еді? деп амалсыз аспанға қарайсың...

* * * * *

Тым берекеге шақырғыштың о бастағы сужүрекойы - өзінің берекесін өзге біреу қашырып жүрмесе игі деген алдын-ала қам...

* * * * *

«Кейінгі кезде қызмет бабымен ел ішін аралап жүргенде алыс-жақыннан әңгіме шертетін аузы дуалы ақсақалдарды кездестіру қиынға түсіп барады...» деп бір тележурналист қызым налып еді. Расында, ертеректегі үлкендер әңгімесінен қалған еміс-еміс естеліктерді ойға түсірсек, аталарымыз ел аралап, бәлен ауылдағы бәлен деген тақуа кісіге жолығып әңгімелестім деп айызы қанып отырушы еді... Әр ауылдың өз төбесі, өз төресі болды. Тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін тасталды. Жаға жыртыс жасамай үлкен айтқан сөзге ұйыды.

Енді не?! Ауыл жоқ па? Әлде қария жоқ па? Бәрі бар. Сайтаннан туғандай сапси сақал да бар, сымпылдаған «күнби» көсе де жеткілікті... Бірақ соларың түйіні тобықтай, тұшымды пікір айта ала ма? Әгәрәкім айтылып жатса, оны тыңдар құлақты халық қалды ма? Және Ақсақал деп ардақтар аталарымыздың жасы жеткеннен басқа қадір-қасиеті соған сай келе ме? Әлде олар да қуыс өңеш пенделіктің жетегінен арыла алмай, жасы аспанға тартып тұрса да жердегі білектіні көлеңке еткісі келіп жүр ме?

Менің ойымша өскелең жастар соңғы бір-екі аға, ата буынның қалыптасқан насихатына сыни қарап, аларыңды жеті атаңнан, тіпті соноу «Көкбөріден» іздей бер дегім келеді. Мүмкін сонда ғана Тектілік тіріліп, қанымызда қайта ойнар...      

 

Бөлісу: