КӨЛЕҢКЕНІҢ КҮН БЕТІ
Атасы қазған құдықтың қара суы қайғысызға тамақ болып келген. Құдық қос теректің желке тұсында шылбыр тастам жерде тұр. Оның бас жағында жатқан жемтір-жемтір арқан тағылған көнетоз темір шелекті алып су тартып ішіп еді, тастай суық су тас төбесінен өте шықты. “Торсықтағы сатымсақ судың қасында зәмзәм дерсің!”, – деді ол шелекті қайыра көтеріп, – “Айдос екеуіміз ыстық күнде бір шелек суды үстімізге бір-ақ құя салушы едік”, – деп шелекті жерге қоя бергенде бір сұр тышқан алдынан зып беріп өтіп, терек түбіндегі інге жып етіп кіріп кетті. “Иен қорада еркінсіп ойнақ салуын! Қара мысықтың дәуірінде маңды аттап баспайтын.”, – деп күбірлеп, кезінде құдық басыннан айналсоқтап шықпай жүретін Айдостың әкесінің сөзін есіне алды. “Қара мысық екеуміз жүрген жерде тышқандар иісімізден үркіп, алты қырдан асып безетін” дейтін ол қарқылдап күліп. Кіді кісі сияқты болатын. Сілтеп алып құдыққа қаталап келе беретінін қайдан білсін.
Іссапармен Өскемен барып, ат басын жолай бұрған. Кіндік қаны тамған жердің жадау, сұрқай тартуы алып-ұшып жеткен көңілін су сепкендей басты. Төңірек жым-жырт. Әне, өзі түлеп ұшқан мектептің тоз-тозы шығып қирап жатыр. Соны көріп кеңсірігіне өксік кептелген. Бір-бірінің үйіне кіріп-шығып сапырылысып жүретін жақын жандардан ешкім жоқ. Елдің көбі тірлік тынысын жалғап жем теріп жүргендей Аламаты, Астана деп кеткен. Өзі Астанада, досы Алматыда тұрады. Әке-шешелері де көшіп барған.
Әдетте әмір таппай үретін иттердің үні де естілмейді. “Аулада адам жүріп, әредік ит шәуілдеп үріп тұрса қоныс қожырап құлазымас еді?”, – деді тағыда өзінен-өзі сөйлеп.
Беті-қолын жуып, қос ағашқа қарады. Бір жағынан күн, келесі жағынан ай туып жататын қос теректі айналып сыбырлап сөйлеп, сүтпісірім мезгіл жүрді. Құбыла жағындағы жалпақ жапырақты жасыл ағашқа мұрнын тигізіп иіскеп, шығысындағы шыршаға тән қылқанжапырақты терекке қол созды. Білеу-білеу тамырлары жан-жағына жайылып жатқан қос теректің біреуінің өзіне екі адамның құшағы әрең жетердей тым жуандап алған сияқты көрінді.
Түс ауа бұлтқа кіріп, мұңға батып, құбыла бастаған күн кенет сар етіп жауды да, тоқтай қалды. Шаңы ұшып жатқан топырақтың өкпегі басылып, қос теректің тұла бойынан сырт-сырт моншақ тамшылар тамып, бұтақтары бір-бірін желпіп, жапырақтары шулай жамырап “Ботақан келді!” дегендей өзді-өзімен сыбыр-сыбыр етеді.
Екі ағаштың құзар басына қайта көз салды. “Жел тұрып қанша шайқаса да құламай әулет сырын сақтап тұр”, – деп терең тыныстап, – “Атамның сар тері тоны секілді қатпарлы қабықтарыңның иісіне шейін аңсап келдім. Шіркін! Шіркін-ай әжемнің құшағындай аңқыған иісіңе басымды қойып маужырай мүлгісем ғой! Осындайда бүрлеген күрең жусанның кеңсірік жаратын иісін-ай дейсің! Соның бәрі қайда?”, – қайтадан ауыр ойға шомып, – “Жаңа жауған жаңбырдан кейін топырақ иісі мұрныма жетіп тұшынтпағаны қалай? Иіс түйсігім расымен құрып жоғалған ба? Айдостың әкесінің иісін алыстан сезіп қашатын әлгі тышқандарға оқып жүргенде талай тәжірибе жасап едім. О кезде иісті сезетінмін.”, – деді тышқанның мүңкіген иісіннен тыжырынған кезін есіне түсіріп.
Тышқандардың сасық иісінен қатты жиіркенуші еді. Сол тышқандар мысықтың барын иісінен сезіп, безіп кететінін білгенде иіс түйсігі жойылған тіршілік иесінің берекесі болмайтынын түсінген. Алғаш рет мәйіт боршалап сойған күні айлап ет жей алмай қойған. О заманда иісті дұрыс сезетін секілді еді. Үйде қайнап жатқан жылқы етінің иісі бұрқырап тұрса да ауылдың қазанындағы құрттың иісі есіне түсіп сілекейі шұбыратын. Енді бірде әжесі пісірген бауырсақ иісінің ауланы кернеп кететін кезін аңсайтын. Сол бір жер ошақта маздап жанған сары қидың шудаланған түтінін айтсайшы! Қой қораның көң иісін десейші! “Әттең! Әттең дәл әзір сол иістің бәрін сезіп әлде сүйсініп әлде жиркенсем, әбден титықтатып біткен мынау дертті бірден ұмытып кетер ме едім?!”, – деді үміт отын қоздатып.
Дәрігер адамның өз ауруын өзі түсіне алмай сенделіп жүргеніне ешкім сене қоймас, былай қарағанда жанына батып әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, бірақ әралуан иісті сезе алмаған сайын күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырыла бастады. Басқа дәрігерлерден кеңес алып емделіп көрген, сонда да осы бір сырқаттан айыға алмай-ақ қойды. Әйтеуір емделіп жазылып кететіне сенімін жоғалтпағаны боп тұр.
Ұшқыр қиялы қияндап бағзыға шарықтап, иіс түйсігі тарихтың қатпарлы ізінде қалып қойғандай жанарынан сұраулы ұшқын шашып, теректі сілкіп қалды. Қалың су сауылдап төгіліп үсті-басын малмандай етті. Атасы айтатын зұлмат заманның кеселін, көзсіз атылған отты атомның бұрқаған тажал уытын жуып-шайып шығарардай шүмектеген суға денесін тосты.
“Жерде жалғыз тәңірі – от, Оттан басқа тәңірі жоқ.”, – деп Мағжанның өлеңін тебіреніп оқитын марқұм атасын есіне алды. “Жұмсақ тал бесікке бәріміз жатқанбыз, талында бүгілмесін деген ниетпен көшет қадап, Көк Тәңіріге тәу еткем!”, – деп атасы отырғызған кірі терек әртүрлі ойға жетеледі. Сол жылы бұның әкесі дүние есігін ашады. Тұңғыш баласы туғанда қатар тұрған көк терекке сымтемірді кере тартып, – “Баламыздың кір-қоңын жайып жүр!”, – деп атасы байлап берген екен.
Бала кезінде секіріп бойын жеткізе алмайтын екі талдың ортасын ұстап тұрған жіңішке қара сымның екі ұшы терекке кірігіп, бітісіп кеткен. Сол сымтемірді секіріп сүйір саусағымен іліп қалғанда домбыра ішегіндей дың етіп, шарт үзіліп кете жаздады. Сол сәтте екі терек тірі жан иесі сияқты қуанып мұңаятындай, күліп, жылай алатындай көрінді. Кім білсін! Екі теректі бір-біріннен ажыратпай мықтап ұстап тұрған бір тылсым күш шынымен бар шығар!
***
Ауылдың көк аспанында бебеулеп бозторғай әндеткен қанша көктем, тұман ішін шарлап ұшып тыраулап тырналар көшкен қанша қоңыр күз өтті! Іңгәлаған сәби ержетіп, бауырына қазан асып, басына шаңырақ көтерген. Сол бір жылдан біраз бұрын қазақ тәуелсіздік алып, ақ түйенің қарны жарылып, бөркін аспанға атып қуанған кез еді. Көп өтпей немере дүние есігін ашады. Ата-баба аңсаған азаттық таңы туып жатқанда іңгәләп келген сәбиге Азат деп есім береді.
Шалы байлаған сымтемірге кемпірі немересінің киім-кешегін жайып жүріп “Бәйтеректей мәуелей берсін!”, – деп тілек тілейді. Атасы теректің бұтағынан ағаш бесік жасап, алып келгенде “Әдемі отпен аспаның, Бәрі жасық басқаның”, – деп әжесі бесікті аластап, артынша атасы Мағжаның өлеңін оқи жөнеледі.
“Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын....
Шынында менің өзім де – от,
Қысылған қара көзімде – от,
Мен оттанмын, от – менен,
Жалынмын мен, жанамын,
Оттан туған баламын....”
Содан арада жыл өтіп Азаттың өкшесін басып өмірге қыз келді. Ол әке-шешесінде қалып, Азат атасы мен әжесінің қолына өткенде таңдайынан ана сүтінің дәмі әлі кебе қоймаған еді.
Алтай тауының саумал самалынан Зайсан көлінің балдыр иісі жиектегі ауылға дейін жетіп тұратын. Сол иіс шілденің ми қайнатар шыжыған кезінде де болатын. Сондай бір самал ескен күннің қызарып батқан шағында әке-шешесінің үйіне кірген. Бұл әдеттегідей амандасып ілгері өте бергенде әлде неге күрең қабақ жүрген шешесі арқасынан түйіп қалады. Сол сәтте шегініп шығып әжесіне жылап барады. “Кәріге жастардың сыры сор деген осы. Бар қатынның қадырын білмей жетіскен екен!”, – деп ұлын айыптап, немересін жұбатып әлек болып отырғанда атасы келіп торыға мінгестіріп, өрістен сиырларды айдап қайтуға ертіп кеткен.
– Ботам биыл оқуға барасың.
– Мектептегі ағайлар мен апайлар ұрса ма?
– Сен үлкен азамат болдың! Саған енді ешкім тиіспейді.
– Онда анам әкеммен ренжісіп қалғанда ашуын неге менен алады?
– Олар сені бәрібір жақсы көреді құлыным!.
– Шын айтасың ба ата? – белінен қапсыра құшақтап, – Маған дәптер, түрлі-түсті қарындаш керек!, – деді ол қуанып.
– Бәрін әперемін, балапаным.
Сол жылы көршінің баласы Азатпен түйдей құрдас Айдын мектепке барды. Екі үйдің қора-жайлары иық тіресіп тиіп тұратын. Ес білгелі екеуі жұбы жазылмай үнемі бірге жүретін. Қоңыр күзде қос бәйтеректің сап-сары жапырақтарын сайгүлікше баптап, ауылдың қақ ортасында жіңішке арықтағы сылдырап ағып жатқан суға салып жіберіп жарыстырғанды қызық көретін.
Бір жолы екеуі торыға мінгесіп шөп оруға кетті. Әдетте, тапал торыға мінгесіп бейғам келе жатып, аяқ астындағы желбіректен жалт бұрылып үріккенде топ етіп жығылып қалатын. Ондайда екеуі атып тұрып шаң-шаң үсті-басын қағып ауырған жерлерін сездірмеуге тырысатын. О жолы сүрініп жығылмай шаппаға аман-есен жеткен.
Екеуі қызылмияны баудай түсіріп орған. Қалың шөпті умаждай уыстаған Азаттың қолына жарты ай секілді имек орақтың жүзі тиіп саусағын шым еткізген. Ол қолын тіксіне жұлып алды. Қолы қып-қызыл қан болып шыға келген. Атып тұрып тұра жүгірсін. Оған не болғанын түсіне алмай қалған Айдын торыға қарғып мініп соңынан шаба жөнелді.
Оның жаралы қолын фельдшер дәкемен баттита орап берген. Кешкісін бояулы асықтарын тігіп қойып, шігімен алшысына баттап қорғасын құйылған сақаларын үйіре атып ойнап жүрді.
– Сайтан көрдім, – деді Айдос сақасын көздей сығалап.
– Тәйт әрі! Бәтшағар не дейді? – деді томарда отырған ата селк ете қарап.
– Рас айтам, таяқпен кеудесіне ұрып қалдым, кіріш етіп кіріп кетті, қаны жап-жасыл екен.
– Алшы түс! –тізеге сақасын қағып. – Осы сөзің өзіңе жөн боп тұр-ау! – деді Азат досының иығына қолын қойып.
– Қызық көріп айта салғаным ғой, – деді ол қызарақтап.
– Әзіліңе әлей болсын!
***
Қос бәйтерек куә! “Ағаштан ат мінбе” деген кәрінің сөзін құлаққа ілмей, терек бұтағынан кесіп алып, ат етіп мініп асыр салған. “Тал жаққанның тайы қалады”, – деп, қарт қайтып жақ ашпай қойған. Ойын баласы емес пе, досыннан қалмай далбаң қағып Азат ере жөнелді.
Содан біраз уақыт өткенде сыныбындағы бір неше балаларға қосылып, орыс тілі мұғалімінің сабағынан қашып дуалдан секіріп жүріп құлап, қолын сындырып алады. “Суағардан аттап бара жатып тайып жығылып қалдым”, – деп бота-боз жылап келген. Атасы баяғыда саусағын орап берген дәрігерге барған, ол сынған жерге ота жасатып шегелету керек екенін айтып қалаға жолдайды.
Ауылдағы қозы-лақтың сынған аяғын таңып жүретін Айдостың әкесін неге екені белгісіз Азаттың атасы найсап адамдай көретін. Адам басқа түссе баспақшыл ғой. Оған ақыры жүгінуге тура келген. Балалардың ат қылып мінген ағашын қырлап жонып, Азаттың қолын әрлы-берлі еппен бұра тартып, сынығын сырт еткізіп орнына салып, таяқ ағашты айналдыра тізіп таңып тастаған ол, – “Сынған сүйекті орнына түсіріп салғанша шыбын жан көзіңе көрінеді”, – деп маңдайынан шым-шым аққан терін жеңімен сыпырып тастап, Азаттың әжесінің жаулығын мойнына байлап қолын іліп қойды.
Ол сүндетке отырғанда естітпеген құлын-дағы дауысы шыңғырып айқайлап төсекке жантая сала көзі ілініп ұйықтап кеткен. “Сынық орнына түскен екен”, – деп атасы сынықшыға бәйек болды. Оны хан көтеріп, пір тұтуы құдыққа жолатпай қуған кезі есіне түсіп кетсе керек. Үй ішінде жалғыз шыбын ызыңдап ұшып атасының мұрнына соғылып барып немересінің бетіне қонған сәтте сықыр етіп есік ашылып, сырттан самбырлай сөйлеп, кіріп келе жатқан әйел дауысы естілді. Селк етіп оянған Азат сынып жетекшісін көріп кірерге тесік таппай тыпыршыған.
***
Екеуі мектепке бірге барып, бірге қайтатын, тіпті класта бір партада отыратын. Кемедегінің жаны бір дегендей Айдос бүлдірген істің көбі Азатты шарпитын. Момақан қараторы қыз Тана алдындағы партаға жайғасқан. Оны екеуі бірдей жақсы көретін. Оның қос бұрымын әманда сипағысы кеп тұратын Азат әдетіне басып қолын соза берген, Тана кілт бұрылып қап, қалам саппен қолының үстінен түртіп қалды. Қалам ұшы тиген жер ине жасуындай тесіліп қан шығып тұрды. Оны көріп қыздың екі беті нарттай қызарды. Сол із көкпен-көк болып кетпей қалып қойған еді.
Қолының сыртындағы түйір тарыдай көк нүктені сұқ саусағымен сипап тұрып сүйкімді қыздың бейнесін елестетті. Жұпар иісі аңқитын қою қара шашын әлі өріп жүрме екен деген сағым ой келді. Алтай қазағы екенін бірден әйгілейтін талдырмаш бойына шақтап киген киімі әдемі сұлу түрін тіптеп нұрландырып жіберетін. Қос бұрымы жарасымды бойына сай дөңгелей төгіліп құмырсқа беліне түсетін. Сұлу сымбатын тіп-тік ұстап отырып, математика сабағында тапжылмай тапсырма орындайтын. Оның ойын бөлмеуге тырысып Азат өз алдына есеп шығаруға кірісетін. Сондай бір әредікте қасындағы қыздың шашына Тананың қос бұрымын қоса матап байлап жатқан Айдосты ешкім байқамай қалған. Ол бәрін тындырып тымпия қарап отырған. Сабақ уақыты бітіп, қоңырау үні естіле оқушылар орындарынан атып тұрды. Осы кезде екі қыз баж ете түседі. Елдің бәрі бұл қалай дегендей Азат пен Айдосқа қарайды. “Мен емеспін” деп Азат ақталып жатпады. Сұқтана қадалған қалың көзге досы үшін ұялып тіке қарай алмай, айтылып жатқан ауыр сөздерді шарасыздан үнсіз тыңдап тұра берді. Сол күні екеуі мектеп ішінде де, үйге барған соңда қатты сөгіс естіген. Оның олай істемейтіне атасы ғана сенген. Оған тек атасы ғана қабақ шытпады.
Шылбыр қашаған жүгірмек Айдосты мұғалім басқа орынға отырғызды. Екеуін бөлек отырғызған күні, қолы сынып жатқанда келген әлгі апайы жеті минөт уақыт беріп “Намыс” деген тақырыпта барлық балаларды жарыстырып мақала жаздырған. Апайы берілген тақырыптың мазмұнын жан-жақтылы қамтып толық суреттеп жазған оқушы Азат дегенде іштей қуанды. Оны атасы естіп тіптен мәз болған еді.
***
Қос жанары шырадай жанып тұрған шағында Абай, Мағжаның кітабын қолынан тастамай алып жүретін атасы пештің түбінде, қолтығына жастық жастап, жамбастай жатып, кемпірінің демдеп құйған күрең шайын сораптап ұрттап “Абай жолы” романын оқып беретін. Бәйбішесі бірде қуанып, бірде мұңая тыңдап көз жасын көрсетпей сығымдап алатын.
Атасы әндеткенде құралайды көздеп ататын шүңірек көзі қыран құстай жалт-жұлт етіп кететін. Абайдың “Сегіз аяқ” өлеңін домбырамен нақышына келтіріп шырқайтын. Кемпірі қайтқалы ән салмай қойды. Бір жолы “Сегіз аяқ” әнін әуелетіп айтып берген. “Өркенің өссін құлыным!”, – деп көңілі босап кемсеңдеп, – “Ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрде бақыт пен білім жатыр балам!”, – деп басынан сипап.
Құдай қосқан жанжары қайтыс болғаннан кейін қос жанары суалып, су қараңғы боп мүлде көрмей қалды. “Е-е-е балам, мендегі ғаріптіктің күйін ешкімнің басына бермесін! Бейкүнә аң-құсты көп атып ем, ақыры киесі ұрды”, – деп күрсінген.
Жарық дүниеде жан-жағын сипалақтап табан астын көре алмай, ауа қармап қалғаннан өткен қорлық жоқ екен. Баласы әкесінің өзі отырғызған теректің бұтағынан кесіп таяқ істеп берген. “Балам!”, – деді қос қолымен таяғына сүйеніп, – “Қос теректің бұтағын кесіп алып қабірімнің бетіне салатын бол!”, – деп ұлына аманат айтып жатқанда бұл естіп тұрды.
Кемпірі қайтқанда тұлдап қоя берген тапал торыны жылдығына сойып, күн батып жататын жақтағы жалпақ жапырақты теректің бұтағына торының қубасын ілгізіп қойды.
Атасының қолынан жетектеп, арықтан өтіп, кезінде төңірекке күн салып қарап отыратын қара дөңге апаратын. Қой кезегін жайып кеткен күні Айдосты айқайлап шақырып алып, қара дөңге бара жатыпты жарықтық.
– Ата алдыңызда арық, – дейді Айдос жазық жерден секіртіп қалып.
– Ау, құлыным! – деп қалбырақтай қарғып барып бойын әрең түзепті.
Қарттың көрмейтіне көзі жеткен Айдос әңгімесін қыбыжықтап Азатқа айтқан. Ұрпағының шерінен бақытсыз белгі ұшқындатпайын деді ме, үнемі қутыңдап жүретін досын тыңдап қана қойған.
Келесі қой кезегін жайып кеткен Айдос қойлардан көз жазып қалады. Ол досы Азатқа келіп, қырық бір құмалақты шашып жіберіп “Жаббар ием, қолдай гөр!”, – деп бал ашады. Оның көріп келдік қасиетін көріп Азат еріксіз езу тартқан.
Екеуі қой іздеп шығып әр-әр жерден ақсақ-тоқсақ, қыңыр-қисық, қиралаңдаған екі-үш қозы-лақты көріп таңырқап қалады. Сәті түсіп қобыда жусап жатқан өз қойларының үстінен түседі. “Әй-әй! Әуп!”, – деп үш аяқты қозы туып, мекірене жалап тұрған қара қойға Айдос ешкі көздене қарайды.
Азат жас қозыны көтеріп үйге қарай беттеген. Сиам егіздерін ажырату операциясын жасаған дәрігер Бен Корсон туралы оқыған мақала қайта-қайта ойына оралып, үйге қалай жеткенін сезбей қалған.
– Ата дәрігердің оқуын оқып, көзіңді өзім емдеп жазам!
– Әнші болам дегенің қайда?
– Ойымнан айнып қалдым. Дәрігер боламын!
***
Қатты дауыл тұрып, шатырлап найзағай ойнай бастады. Ол иен тұрған өздерінің ескі үйіне жүгіріп кірді. Жойқын күш үйдің шатырын жұлып әкетердей жұлқыды. Жалт-жұлт еткен жасыл от ала-көлеңе үй ішін жап-жарық етіп жіберді. Дүние дүр сілкініп, көк аспан сөгіліп кетердей дір-дір етті. Бір кезде дүрс-дүрс сұрапыл дауыс естілді. Қос бәйтерек қопарыла құлап бірінің үстіне бірі жығылып бара жатты. Ағаш ұзарып аспан тесіп, айға барып құламайды екен-ау!
Бағай Назарбайұлы
1970 жылы Сауыр тауының бөктерінде туған.
Бөлісу: