Re: Әйнектің арғы беті

05.12.2017 4701

Ұзақ уақыт көзімнің қараңғылыққа үйреніп қалғанынан болар, терезеден түскен жарықтан көзімді әрең аштым. Басым қатты ауырсынып тұрды. Ұстап қарасам, бинтпен ораулы екен. Сасып қалдым. Ештеңе ойланбастан енді тұрайын дей бергенімде, есік ашылды. Қарасам үлкен ағам Жәнібек. «Ол не істеп жүр, ол Көктауда емес пе?» деген ой келді. Дәл сол сәтте өзімнің Ордада екендігім ойыма оралды.     

Мені көрген ағам қайта есіктен шыға дәрігерді айқайлай шақырды. Дәрігер келгеннен кейін жағдайымды сұрап, тексеруін бастады. Ағам болса бұрышта отырған жерінен:

- Сонымен, бауырым, айта бер, - деп күлді - Кіммен төбелесіп, қайдағы «косякқа» ұрынып жүрсің?

 Жатқан қалпы аң-таң болып қалыппын.     

- Түріңді бұзбай айтсаңшы енді, - деп ағамда қоймайды. Сол кезде ағама қараған жас дәрігер:

- Бауырыңыздың мазасын алмаңыз, оған демалыс қажет, - деп сөзін бөлді. Ағам қызара:

- Иә, әрине, - деп қояды. Мен енді тергеуден құтылдым-ау дегенше, дәрігер де шықты, ағамның сұрағы да жалғасты. Амалсыздан әңгімемді бастау керек екенімді түсіндім де, айтуға кірістім.

- Мен шығатын күні бәрі қалыпты болды. Достарыммен қоштасып, көптен армандаған еліміздің бас қаласы Ордаға аттандым. Жол бойы ең алдымен не істерімді ойландым. Туысымыз болмаған соң, қонақ үйден басқа шешімім болмады. Көктем бойы жасаған жұмысымның табысы да мол болуы сенімділік ұялатты.  Қайткенмен, сол саяхатқа жинадым ғой!

Ордаға кірген сәттен бастап ашылған ауызым жабылмады. Зәулім үйлерге қарап, осында тұрсам ғой деп қызығасың. Аралап жүргенде, уақыттың қалай өткенінде байқамай қалдым. Дереу орташа бағаға қонақ үй таптым да, жата кеттім. Бүгінше демалып, ертеңінде қыдырайын деп шештім.

Күн шыға ерте оянып, жуынып-шайынған соң, тамаққа тапсырыс бердім. Ол келгенше уақытымды өткізейін деп теледидар қосып едім, жаңалықтардан басқа көруге жарар ештеме жоқ екен. Сол арнаға қойып енді тұра бергенде, тапсырған асым да келген болатын.

Шынымды айтсам, Ордаға келуіміздің себебі қыдыру, тамашалау ғана емес, жар іздеу де болатын. Білесің ғой, талғампаздың талғампазы - менмін. Өзіме лайық болатын қыз іздесем де, біздің қаладан таба алмадым. Сол ғашығым осы бас қалада тығулы ма деген дәмем де болды.

«Орданың жүрегі орталықта» деп естігеннен кейін, ойланбастан орталыққа аттандым. Ол ғажайыпты көріп, төбем көкке бір елі жетпей қалғандай күй кештім. Дегенмен, адамдарына қарап, өзіме лайық қыз таба алатындығыма күмәндандым. Бәрі дерлік әдемілікке ұмтылған, бір қыздан екіншісі сұлу, әйтсе де, іштерінде не болып жатқанын кім білсін дейсің. Халқы да әдемі қалада тұрған соң, әдемі жүрейік деп шешкен шығар деп ішімнен күліп қоямын.

Ертеңгі күні саяхатымды тоқтатып, қонақ үйден алыс емес жердегі әдемі ресторанға жол тарттым. Алдыңғы күннің қызығынан шаршағаннан ба басымды уқалап, бос орынға отырдым. Ұйқыны атымен жою үшін «Экспрессо» кофесіне тапсырыс бердім. «Есіл» мен «Бойлақтар» (футбол командалары) есебін білмекші болып, смартфоныммен біршама уақыт отырдым.

Бір уақытта қарсы қатарда кітап оқып отырған қызды байқадым, өзі сүп-сүйкімді еді. «Әдемі қыздар да кітап оқиды екен ғой!» деп өз-өзіме әзіл айтып болғанымша, қолындағы кітаптың Асыр Нұрланұлының «Бұлтсыз аспан» екенін байқадым. Бұл - тағдыр, мына қыз - мендік деп шештім. Орынымнан тұрдым да, күлімдеген қалпы қасына бардым. Ол қыз болса түсінбеген түрімен:

- Сізге не болды? - деп сұрады. Мен не істегенімді сол сәтте ғана ойладым ғой деймін. Ешқандай ойсыз атып тұрып қасына бара салған адамға есі ауысқан ба дегеннен басқа не айтуға болады?! Жалғыз мүмкіндігімді жібермес үшін:

- Сіздің қолыңыздағы кітапқа қарап өз-өзімді ұстай алмай қалдым, қазіргі кезде бұл кітапты оқитын қыздар аз шығар деп ойлағанымын. Сол себепті, бұл кітап туралы сіздің ойыңызды білгім келеді, - деп сөзбен сол жерде қатырып жіберсем керек, ол қыз жайнап кетті де, кітаптың мазмұны жайлы айта жөнелді.

Біраз әңгімелесіп отырып, қыздың жақсы отбасыдан екеніне көзім жеткендей болды. Ішкен жалғыз кофесіне қарағанда күнде таңертең осында отыратын шығар, үйі де жақын маңайда деп ойлай бастадым.

Әңгімеміздің қызық болғаны сонша - уақыттың қалай өткенін байқамай қалдым. Түскі ас ішпегеннен қарыным да аша бастады. Өзімше Ботаға қаражатымды көрсетіп, тамаққа тойып алайын деп шештім. Алдымен:

- Мен тапсырыс берейін деп тұрмын, сізге де тапсырыс берейін бе? – деп жөнін сұрадым.

- Сіздің ауызыңызға қарап отыратын емес, - деген Бота күліп жіберді.

Даяшыны шақырып, қымбат деген тағамдардың бәріне тапсырыс бердім. Шынымды айтайын, алғашқы рет бұндай тапсырыс беріп тұрғандықтан, қандай ас әкелетінін өзім де қызыға тостым.

Әкелген тамақтарын түрткілеп жегеннен кейін Бота:

- Мен қазір келемін, - деп жымиды да тұрып кетті. Ол келгенше интернетті бір қарамақшы болғанымда жаныма даяшы қыз келіп:

- Абайлаңыз, Орда вам не игрушка, - деп орысшалап кетті. Шынымды айтсам, естімеген сыңай таныттым да, отыра бердім. Ол қыз да маған бәрібір дегендей мән бермеді. Сол арада Бота да келді. Мен алдын-ала ойластырып қойған әңгімемді айтайын деп оқталып едім:

- Менің шұғыл жұмыстарым шығып қалды, кешіріңіз, менің кетуім қажет, - деді. Дереу ол қыздың нөмірін алу керек екенімді түсініп:

- Сіздей кітаптың сыншысын таба алмаспын, маған нөміріңізді тастасаңыз, - деп құлпырта айтқанымда:

- О, не дегеніңіз, әрине, - деп ұялыңқырап нөмірін жазып берді. Мен қуансам да, міз бақпай:

- Ал, тағы бірде кездескенше! – дедім.

Сол түні ойым тек Ботада болды, ертең кездесуге шақырсам келісе ме екен деп, алаңдаумен әрең ұйықтадым. Таң ата ерте тұрып, сол күннің жоспарын ойластыра бастадым. Ботаны кездесуге қай уақытта шақырғаным дұрыс деп, түскі уақытқа тоқталдым. Демімді ішке тарттым да, қоңырау шалдым. Кітап талдасақ қайтеді деген сылтаумен саябақта кездесетін болып шештік. Ордада қандай жерлер бар екенін білмеген соң, Ботадан сұраған болатынмын. Адасып қалмайын деп қонақ үйден ерте шығып, саябаққа жарты сағат бұрын барып алдым да, «сүйкімді сыншымды» күтіп отырдым.

Тура белгіленген уақытта сүйкімділік нұрын төгіп Ботам да келді. Алғашында саябақты аралап, көптеген қызықтарды тамашалап жүрдік. Тіпті, негізгі «сылтауымызды» ұмыттық. Саябақтың ішінде көрмеген жеріміз қалмады ғой деймін. Ботаның ішкі әлемінің тылсым сырларын түсініп, сырласы бола алғандығымды ұғындым. 

Ботаның қарсы болғанына қарамай, шығарып салмақшы болдым. Жол бойында Ботаға ашылу керектігін түсіндім. Ойыма қайдан келгенін білмеймін:

- Сен жеке тұрасың ба? Әлде, ата-анаңмен бірге ме? - деп күлімсірей сұрай қалып едім, түрі өзгеріп кетті. Алдыға менен озып шығып:

- Менің ата-анам жоқ, - деп дауыстап жауап берді. Неге олай айтқанын түсінбедім. Мүмкін, ауыр тиген болар деп, менде сабырлықпен:

- Қызық, біз екеуіміз ұқсас екенбіз, менің де ата-анам өмірден ерте өткен, - дегенімде, жасаураған түрімен маған бұрылды да, қолымнан шап беріп ұстап, алдыға жүгіре кетті.

- Бота! Бота! Не болды? – деген сұрақтарыма:

- Мен саған Орданың жүрегін көрсетемін! - деп жауап қатты да, қолымнан тарта бір жаққа қарай апара жатты.

Бір уақытта Бота мені тар көшенің ортасына алып келді. Бұл жерде мүлдем бөлек атмосфера болды. Ол қолымды жібере салды да, алдыма шығып айқайлай:

- Біз мүлдемге ұқсамаймыз! Сенің өмірің менің өмірім емес! – деп мені аң-таң етті. Бір уақытта артымнан топырлаған дыбыстар шықты. Енді бұрыла бергенімде, басымнан бір затпен ұрып жібергені есімде, - деп әңгімемді аяқтай бергенімде, ағам сезгендей:

- Ары қарай не болды? – деп сұрады.

- Жерде жатқан сәтім еміс-еміс есімде, - деп басымды ұстаған мен, бәрін қайта жалғастырдым.

- Көзім бұлдырап, әрең жатқан болатынмын. Әлгілердің бірі Ботаға:

- Неғып ерте келдің, бір аптаға келістік емес пе!? - деп айтып жатты. Бота болса, жасаурап сөйлеп:

- Мен шыдай алмай кеттім, - деген сөздерін зорға айтты да, әлгі адамды құшақтай қалып, жылай берді. Қалған екеуі киімімді тінтіп, керегінің бәрін алғаннан кейін, бәрі бірге жөндеріне кеткендей болды. Мен болсам, біраз уақыт есеңгіреп жаттым, бірақ ешкім көмекке келмеді. Кішкене балалардың да өткенін көрдім, тым болмаса олар ата-анасына айтып, жеткізер деп едім, олай болмаған тәрізді. Ары қарай есімде ештеңе жоқ, сірә, сол сәттен бастап есімнен толықтай танып қалған болармын, - деген күйі бәрін есіме түсіріп айтқаннан кейін біртүрлі сезімдер мені жаулап кетті. Ағам біраз ойланды да:

- Сонымен, Орданың нағыз жүрегін көрдім дейсің бе?! – деп маған қарап күлімсіреді.

 

Бөлісу: