Балаусам менің - Бал-Нұрым
Балаусам менің, Бал-нұрым,
Білесің ғой мен туған жақ қай маңай,
Сонау батыс...Хазар көлі айнадай
Сол батысқа жауған қалың ақ қардың
Жүзін қызыл шапағымен аймалай,
Қимай-қимай батқан күн
Көрсең шіркін, Бал-нұрым.
Балаусам менің, Бал-нұрым,
Мен келгенде кең құшағын пәк жайып,
Сенің күлкің сияқтанып сылдырлайды Ақжайық.
Сондай сәтте ой мазалап не түрлі,
Жүрек тулап, көкірегімді қақ жарып
Саған ұшып баратындай секілді
Балаусам менің, Бал-нұрым...
Балаусам менің, Бал-нұрым
Сенің аппақ ұялғанда қызарғандай сәл жүзің,
Менің өлкем
Батқан күннің шапағына боялғандай қанқызыл,
Ия ұлымын таусыз, жазық кең даланың сол байтақ
Білемін мен қыр баласы, сен тәкәппар тау қызы,
Бірақ таусыз болғанымен менің өлкем сондай пәк.
Кел де көрші, Бал-Нұрым...
Балнұрым менің Балаусам
Менімен бірге туған өлкеме бара алсаң,
Өседі онда өзіңе ұқсас қызғалдақ гүл мен сан раушан.
Көрер ең бәрін, ауатын еді бар аңсар,
Ал түнде тұнық айлы аспанына қадалсаң
Жұлдыздар түрлі жағар шам.
Балнұрым менің, Балаусам.
Балаусам менің, Балнұрым,
Өзіңдей ару сезімін іштей тұмшалап,
Мас қылып ойын махаббат құйған мұң-шарап
Жүрме екен күтіп, жүрме екен күтіп күн санап,
Балаусам менің, Бал-Нұрым.
М. Бекентай
Бөлісу: