Қаскелеңде бір фирма бар
Қаскелеңде бір фирма бар
(«Хамле» компаниясында жұмыс істеген достарыма арнаймын)
Қазақстан Тәулсіздігін жариялағанда алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия мемлекеті Орта Азия аумағында өз кәсіптерін ашып, еліміздің экономикасының дамуына да өз үлестерін қоса бастады. 1995 жылы Қазақстанға келген ULKER GROUP компаниясының жоғары сапалы тәтті тағамдар дайындайтын еншілес фирмасы Hamle Қаскелеңде ашылып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамти бастаған кез еді. Аз уақытқа жұмыссыз қалған мен жұмыс іздеп жүріп, «Хамле»-ден бірақ шықтым. Балалардың мектеп қабырғасында жүрген кезі, қандай жұмыс болса да істеуім керек. «Екі қолға -бір күрек» демекші, қиындықтан қаймықпайтын, өзіме деген сенім зор кезім екен, қазір есіме алып отырсам. Әйтпесе, сол кезде еститінбіз «Хамледе» ұзақ істей алмайсың, жұмысы қиын, көбісі бір-екі айдан кейін шығып кетеді» - деп. Көрерміз енді. Сөйтіп, «Хамледегі» «той-той» ойыншықтар салып дайындау бөліміне жұмысқа қабылдандым. Үш күн сынақ мерзімінен өтуім керек. Мадина деген мастер келіншек желім салынған «пистолетпен» қалай жұмыс жасау керегін көрсетіп, ептілік пен жылдамдық та керектігін еске салып өтті. Ойыншықтар салатын кішкене қорапшаларды пистолетке салатын ұзыншақ балауыз секілді желімдермен желімдеп, дәу-дәу қораптарға толтырасың. Ондай дәу-дәу қораптардың біреуін ғана емес, бір ауысымда төрт-бесеуін дайындап үлгеруің керек. Дайындаған қорапшаларға ойыншық пен шоколадты дұрыстап салып, қақпағын қайта желімдеп, той-той деген орташа қорапқа салып, ол орташа қораптың бірнешеуін картон қорапқа салып скочтауың керек.
Үш ауысым; бірінші ауысым: таңғы сағат 8-ден – 16-ға дейін, екінші ауысым: сағат 16-дан –түнгі 00-ге, үшінші ауысым: сағат түнгі 00-ден – таңғы сегізге дейін. Кей күндері, тапсырыс көп болған жағдайда екі ауысым 12 сағаттан, бір апта таңғы сағат 8-ден кешкі 20-ға дейін, кешкі сағат 20-дан – таңғы сағат 8-ге дейін. Иә, «Хамледе» қызу еңбек қайнап жатады. Еңбек ырғағы, жұмыс барысы үзіліссіз жүреді. Қасымда отырған Гүлнардың көмегімен, көрсетуімен, айтуымен, «әлі-ақ үйреніп кетесіз» - деп дем беруімен мен де бар ниетімді салып сол мезетте-ақ үйреніп алғандай болдым. Ортада ұзын стол, жан-жағында бір-біріне қарама-қарсы жайғасқан қыздар, қолдарында желім салынған пистолет, бір-бірімен артық сөйлесуге мұрша жоқ – барлық ой-ынталары жұмыста. Тек түскі тамақ, үзілісте ғана, немесе қажетті жағдайда ғана орныңнан тұрасың. Қайта мен қабылданған «той-тойда» отырып жұмыс істейсің және рулетке қосуға дайындалып берілетін жұмыртқа жару бөлімінде отырасың, басқа рулет, орамалы печенье шығатын автоматтарда, әсіресе пештен жаңа шыққан печенье бөлімінде аяқтан тік тұрып жұмыс істейсің. Оның үстіне сен бір бөлімге қабылдансаң да, ауысып әр бөлімде кезек-кезек жұмыс жасай бересің. Аз уақытта сенен нағыз кәсіби қызметкер жасап шығарады. Әрине, осындай жұмыс барысына шыдасаң, көнсең...
Мен үйреніп кеттім, қасымдағы қыздарға да бауыр басып кеттім. Ендіше, күні бойы бірге отырсаң, әңгімең де жарасса, бір-бірімізге бауыр басып, туыстардай болып кеттік. Әр түрлі тағдыр иелері, әр түрлі мінезді қыз-келіншектер – бәрімізді табыстырған еңбек орнымыз- «Хамле» фабрикасы. Екі мастеріміз бар – Мадина, Сара. Мен Мадинадамын. Білмеймін, нені бөлісе алмайтындарын, ауысым кезінде айғай-шу, ұрсысып жатады. Бүгін де, міне, таңертең ауысымға келгеніміз сол, басталды ұрсыстары. Негізі жұмыс күні қалай басталса, солай өтеді деген сөз бар ғой. Шыдамадым: «сендердің айғайларыңнан шаршадық, қазір барып бастыққа айтам, жұмыстан шығарып жерсін сендерді»- дедім де, тұрып шығып кеттім. Менен мұндай әрекетті күтпесе керек, артымнан жүгіре шыққан Мадина: «вы что, тате, я хочу работать, не надо жаловаться на меня, больше такое не повторится» - деп орта жолдан қайтарды. Осы оқиғаны кейін аттас болған соң, оның үстіне ауысымнан кейін жуынатын бөлмеден шықпайтын біздің біреуімізді «ақбалық», екіншімізді «қарабалық» деп ат қойып алған, оны шығарып жүрген сол тетя Катямыз, қарабалық Гүлмира: «мастеріміздің екі аяғын бір етікке тықтың ғой, жарайсың» -деп ішегі қатып күліп жүрді. Мадина өзі түрік келіншек, жұмысын да жақсы біледі, бірақ бізді де сыйлау керек қой, қалай болса солай бажылдамай. Дегенмен, Мадина кекшіл екен, кейін маған кек сақтап, «ол базарда той-тойдың қорапшаларын сатып жүр»- деп мен істемеген нәрсені айтып, қыздарға сыртымнан өсектепті. Сол кезде шыныменен, әсіресе түнгі ауысымда қорапшалардың саны жетпей, ұрлық орын алған еді. Оны кімнің істегені де белгілі болып, өзім көзбен көріп, ол ұсталғасын, сол күні жұмыс істеген ауысымдағылардың бәрінен түсінік алған соң, кім алғанын айтуға тура келді. Ол үшін ол маған ренжімес деп ойлаймын. «Әр нәрсенің қайыры бар» дейді ғой, кім біледі оның жұмыстан шыққаны да дұрыс болған шығар сол кезде.
12 сағат бір апта күндіз, 12 сағат бір апта түнгі ауысымда жұмыс істегенде шаршағаның соншалықты, үйге келе ұйықтайсың, үлкен қызым Айгерімге рахмет, үстіме киетін жұмыс формасын жуып, үтіктеп, дайындап қояды. Інісі мен сіңлісінің сабақтарын қадағалау, тамақтарын беру өзінің мойнында – бір жағыма шығып, қолқанат болды. Қазір айтады ғой, «жоғары оқу орнын бітірген дипломмен, қалайша сондай ауыр, адам төзбейтін жұмыс істедіңіз?» - деп. Білмеймін, маған да сол кезде сондай жұмыс істеу керек болған шығар, кім біледі? «Хамледе» еңбек тоқтаусыз жүріп жатты. Ресейдің түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсіп, фабриканың өнімдері тиелген ауыр жүк машиналары толассыз жолға шығып жатты. Әсіресе, жаңа жылдың алдында біздің кішкентай бүлдіршіндерге арналған «той-той» өнімдері үлкен сұраныста. Жұмысқа біз де төсіліп алғанбыз, «автомат» болып алдық. Түнгі ауысымдарда ұйықтап, қалғып кетпес үшін радиодан айтқан өлеңді місе тұтпай, өлеңдерді өзіміз айтатын болдық... Көңілді, әй, қазақтың қайтпас, қайсар қыз-келіншектері-ай десеңші!!! Қаскелеңнің Мәдениет үйінде қойған коцертімізді айтсайшы! Жұмысымызға байланысты әзіл-сықақ тақпақтар жазып, өлең айтып, би билегеніміз өз алдына бір әңгіме!
«Қаскелеңде бір фирма бар,
аты оның – Хамле!
«Хамледе жұмыс істеу –
Бәрімізге – мәртебе!
У -ох – деп келетін частушка түріндегі өлеңдерімізді залда көрермен болып отырған өз балаларымыз көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Фабрикада әрқайсымыз осы қойылымнан кейін жаңа жылға сыйлықтар алып, үйдегі балаларымызды бір қуантқанымыз бар! Жыл сайын мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтта фабрика басшылығы екі-үш қорапшадан печеньелерді тегін үлестіретін. Жаз айында өзі жалдаған автобустармен бүкіл фабрика ұжымы Қаскелеңнің жоғарғы жағындағы демалыс орнына бала-шағаларымызбен барып сейіл құрып, командаға бөлініп, әртүрлі жарыстар ұйымдастырып, фабриканың аспаздары дайындап апарған тәтті тағамдар жеп, көңілді демалып қайтатынбыз. Бұл шара туралы мен аудандық газетке жазып, «Хамле» басшылығынан алғыс та алдым.
Сол жұмыста жақсы достар да таптым, осы уақытқа дейін Ардақпен, өзіміз тетя Катя деп кеткен Қанткүл тәтемен әлі уақытқа дейін араласып тұрамыз. Ән айтқандағы тетя Катяның даусы қандай! « Жаным-ау менің, жағама таққан тұмарсың. Жалғанда жалғыз жабығып жүрген шығарсың. Ұнарсың талай бір көрген жанға, ұнарсың. Өмірде бірақ өзіме ғана сыңарсың...». Ардақтың қалжың, анекдоттары ше! «Балабақшадан келген кішкене баласының «музыкайф, музыкайф» деген сөзді айта беретінін байқаған анасы бұл не сөз екенін түсінбей, бір күні келіп, тыңдамақ болған ғой. Түскі тамақтарын беріп, балаларды ұйқыға жатқызар алдында тәрбиеші терезенің алдына барып керіліп, ерігіп «мужика бы» деп айтқан ғой. Баласы сол сөзді өз тілімен «музыкайф» деп айтып келеді екен...». Естігенде шаршап, ұйқымыз келіп, маужырап отырған біз қыран-топан күлеміз ғой. Шаршасақ та, жұмыстан кейін туған күндерімізді атап өту үшін жиналып кафеге, немесе шақырған қыздардың үйіне барып, тойлап жүрген уақыт сол жұмыста табысқан әрқайсымыздың бір-бірімізге деген бауырмалдық, бірлігіміз екен ғой, қазір ойласам. Бала-шағаларымызбен Қапшағайға барып шомылған күндер ше! Иә, осылай «Хамледе» жұмыс істеген 4 жылым зу өтіп өте шыққандай болды. Әлі де жұмыс жасай берер ма едік кім біледі, сол жол апаты болмаса...
Қазір есіме алсам, қараша айы болатын, 12 сағаттық ауысымнан қатты шаршап шыққанымызды білем, кешкі сағат 20:30-да фабрикадан шығып, жолдың арғы бетіне өтпекші болып, Ардақ екеуміз көліктердің өтуін күтіп тұрғанбыз. Арғы жағы есімде жоқ... «Гүлмира, Гүлмира» -деген Ардақтың даусы еміс-еміс құлағыма келіп, көзімді ашқанда, Ардақты екі адам екі жағынан сүйемелдеп, бір жаққа апара жатыр, бет-аузы қан аралас топырақ. Менің денем қозғалмайтындай, тек көзіммен жан-жағыма ақырын қараймын. Бір орыс келіншек «да что вы смотрите, у кого есть платочек, надо остановить кровь, что вы ждете, надо их отвезти в больницу» -деп, біреу ұсынған кішкене орамалды шекеме қатты басып, «можете встать?»- деп орнымнан тұруыма көмектесіп, бізді ауруханаға апаруға келіскен жүргізушінің көлігіне ақырындап сүйемелдеп апарып отырғызды. Ауруханаға қарай көлік жүйткіп келеді. Шекеме басқан орамалдан қан өтіп кеткен, тоқтайтын емес. Денеме жан кірді ме, білмеймін, әлде аққан қанның әсері ме, жүргізушілерге сөйлеп келем «неге сонша жәй айдап келесіз, мына тұрған аурухана еді ғой, қашан жетеміз»-деп. Жеттік, Ардақ қабылдау бөлме-сінде қалды қатты қиналып, мені бірден ота жасайтын бөлмеге кіргізді. Хирург, жас орыс жігіт столға жатқызып, бірден инемен тыныштандыратын дәрі жіберіп, менімен сөйлесіп жатыр:
- Волосы на виске немного надо побрить, вам придется чуток потерпеть.
- Ой, без побритья нельзя, как я потом буду ходить, как долго будут расти?
- Не волнуйтесь, быстро отрастут. Несколько дней полежите у нас – дегені сол еді мен:
- Вы что, доктор, давайте быстрее сделайте операцию. Мне надо домой идти, дети ждут – деймін.
- Не хотите лежать несколько дней?..
- Нет.
Сөйлесіп жатып, оның үстіне тыныштандыратын дәрінің әсерінен ба, отаның жасалынып біткенін байқамадым, мені арбаға салып дәлізге шығарды. Денем тоңып, иегім иегіме тимей сақылдап, дірілдеп отырмын, салған дәрінің күші бітті. Ардақтың әпкесі Ғалия келді, үйлеріңнен кімді шақырайын деп. Қаладағы әпкем Шолпанның телефонын бердім. «Хамледен» қыздар келіпті мастермен бірге. Мені Ардақтың жездесі, өзі де осы ауруханада жұмыс істейді, коляскамен лифтқа әкеліп, екінші қабатқа шығарып, палатаға кіргізіп, медбикелерге тапсырды.
- Қазір Ардақ келеді, екеуміз бір палатаға жатамыз – деп қоям.
Шекем солқылдап, тіккен жері енді ауыра бастады, басымды ақ дәкемен таңып тастаған, төсекте жатырмын. Сәлден кейін Ардақ келді, сол жақ қабырғасын қолымен басып, қинала. Екеуміздің де сөйлеуге шамамыз жоқ, үнсіз жатырмыз. Түнгі он бірлер шамасында әпкем Шолпан мен жездем келіп, жағдайымды сұрағанда, солқылдап жылағанымды білем, шамасы, «бағана хирургке үйге баруым керек, балаларым күтіп қалды» - деп батырсынып жатқан өзімнің халімнің соншалықты жақсы жағдайда емес екенін түсінгендіктен болар, шарасыз кейпіме ыза болсам керек, іштегі шерімді сөйтіп тарқаттым. Жолдың шетінде тұрған екеумізді қаққан жүргізушінің де туыстары келіп, іс полицияға бармай-ақ қойсын, ортақ шешімге келейік, көмектесеміз деп, біздің қал-жағдайымызды сұрап, дәрігермен де сөйлесіп, жандары қалмай жалпылдап жүр...
Не керек, әйтеуір, Ардақтың екі-үш қабырғасы шытынаған, менің миым шайқалған – аяқ астынан төсек тартып Қаскелеңнің ауруханасынан бір-ақ шықтық. Кінәлі жақ бізге өтемақы төлеп, ортақ шешімге келіп, істі сол түні жауып, біз еріктен тыс демалысқа шығып, жаттық біраз күн ауруханада. Кейін жол апатының қалай болғанын Ардақтан естимін ғой. Қай бұрыштан шыққаны белгісіз, жарық шамы да жоқ «пирожковоз» деп аталатын көлік бізді қаққан, Ардақ жақтан қаққан, ол тоқтаған сол көліктің астына түскен, құлаған мені екінші көлік іліп алып, біраз жерге сүйреп кеткен. «Көмектесің-дер» деп шақырған Ардаққа тұруына көмектесіп, қимылсыз жатқан мені «өліп қалды» деп ойлап, жедел жәрдемді күткен жиналып қалған адамдар. Орыс әйелге рахмет, қасыма келіп, шекемнің қанын тоқтату үшін орамал басып, көтеріп тұрғызып, көлікпен Ардақ екеуміздің ауруханаға дер кезінде жетуімізге көмектескен. Алланың ризашылығы болсын ол адамға! Мүгедек болмай төрт мүшеміз сау, аман сау қалғанымызға Аллаға мың да бір рахмет! Балаларымыздың көз-жасына аман-сау қалғанбыз ғой! Ертесінде халімізді сұрап келген менің әке-шешемді көріп, Ардақтың жылағаны есімде, сондағы апайының айтқаны ғой: «туған апаң маған жыламай, Гүлмираның ата-анасына жылағаның» - деп. Қайтсін-ай, өз әке-шешесін көргендей болған ғой Ардақ.
Сөйтіп, жол апаты болмағанда кім біледі «Хамледе» ардагер болып жүрер ме едік осы уақытқа дейін? «Хамлемен де» өстіп, қош айтысуға тура келді. Ол да бір өміріміздің өткеліндей, есте қаларлықтай жылдар болып қалды. Қаскелеңге барған сайын, «Хамленің» жанынан өтеміз, компания әлі істеп жатыр, дами берсін. Бір кездегі өзіміз секілді талай жан компанияның игілігіне жұмыс жасап жатыр, компанияға да, онда жұмыс жасап жатқан жандарға да тек сәттілік тілеймін!
Бірге жұмыс істеген қыз-келіншектерге өмірдегі бар жақсылықты тілеймін, отбастарында тек қуаныш болсын!!!
Бөлісу: